Жас зиялы бүлiкшi емес
Баяғыда шет ел өмiрiнен көрiп жататын хабарлардан бiр жай жадыға қатты тоқылып қалғанына әлi таңбыз. Бәлен елде жастар өз партиясын құруға ұмтылыпты, бiрақ оған өмiрдiң өткiншiлiгiн уәж ғып тосып, ертең олардың да қартаятынын дәлелдесе керек. Ұсыныс тынды ма, ары қарай не болғанын кiм бiлiптi. Кеңес Одағы кезiнде жастарға көңiл бөлiнiп жататындай көрiнетiн. Комсомол құрылымы сол жастардың мүддесiн қорғап, жақсы iстердiң ұйытқысы боп, өмiршең шараларды үздiксiз ұйымдастыратындай әсер беретiн. Ал, қазiр кейбiр көзi қарақты кiсiлер бiр шенеунiк туралы айтқанда: «Комсомолдың қызметкерiн еске салады» деп, жиренiш бiлдiретiнiн қайтерсiң.
Бүгiнгi жастар сол комсомолдың не екенiн бiле ме екен? Жалпы бүгiнгi жастар кiм өзi? Отызға келiп те жастық сезiмнен әлi арылмаған жеке адамдар турасында әңгiме өзiнше бөлек. «Мен жастарға сенемiн» деп, кезiнде жар салған қазақ ақынының үнi өмiр толқынында жоғалып барып, қайта жарқ етiп көрiндi. Бiрақ, оған селт ететiн жастар байқалмайды. Өткен ғасырдың 70-шi жылдарында жастар өнерге, поэзияға құмар болатын. Жатақханаларда Қадыр мен Тұманбайдың өлең кiтаптары жататын. Қазiр оның бiрi де жоқ. Адам болмысында тоқырау белгiсi көп. Не iстесек екен? «Мен жастарға сенемiн» деп, жұлқынып тұратындай қазақ өнер иесi бұл көкжиектен көрiнетiн түрi жоқ. Ауызды қу шөппен сүртудiң ескi әдетiне ұйғарсаңыз — мейлiңiз. Қараңғы тұйыққа қамалып қап, шьғатын жол таппай алақтаған жағдай тумаса да бүгiнгi жастар кешегiдей емес. Олардың басын бiрiктiрiп, жақсы iске ұйытқы болатын күш табылмай отыр. Осы жөнiнде бiр уақ ой бөлiскен терiс емес.
Бiзде «егделер мәселесi» емес, «жастар мәселесi» бар. Әсiресе, тәуелсiздiк алғаннан берi жағымыз бiр талмай «жастар бұзылды, жастар үйттi-бүйттi» дегендi жиi айтамыз. Себебi, түсiнiктi, салдарына үңiлiп көрейiкшi.
«Кеңес» атты казармадан босаған аға ұрпақ өзiндiк дәстүр мен қоғамдық нормаларды жас буынға табыстарда қатты қателескен сынды. Мүмкiн бұлайша жаза басуға сол қайшылықты жүйенiң де үлесi үлкен әсер еткен шығар. Батыстың «әнi мен сәнiнен» қанша қақпайлап ұстағанмен тордағы тоты құсыңыз темiр құрсаудан құтылған сәтте-ақ, басқаша сайрап шыға келдi. Нашақорыңыз да, жезөкшеңiз де, жұмыссызыңыз да т.б. жастар. Көбiсi «бұғаудан босағанмен» не iстерiн, қайда барарын бiлмей, аңырып тұрып қалды. Көздi жұмып, тұспалдап тартты сосын. Қайда барса да қиын, өте қиын едi. Қалаға барса оқу оңай емес, жұмыс табу одан да қиын дегендей...
Ғалымдардың айтуынша, саясаттану iлiмiнде бос кеңiстiк — «вакуум» болмайтын көрiнедi. Бұның теоремадан тұлдыр, анық аксиомаға айналған нәрсе екенiне бертiнгi кезде көз жете түстi. Ол халық үшiн де, жеке адам үшiн де жаңалық емес. Әрине, жаңалық iздеген адам рухани құндылықтар төңiрегiн маңайласа керек. Ғасыр басындағы алыптарымыз неге анда да, мында да басын соғып, балтыры сыздады? Отыра қалып математика пәнiнен оқулық жазды, сыры ашылмай шаң басқан тарихты түздi, одан қалса өлеңiн шығарып, әдебиетке үлесiн қосуға тырысты. Осының бәрi бекер ерiккендiк дейсiз бе? Әлгi үзiлiп-жұлынып тұрған бос кеңiстiктi әл-қадерiнше толтыруға тырысқандық едi. Сөйткен ұлт зиялыларының бұл iсiн көп көрген жүйе түгелдей атып-асып арманына жеткен. Ұлт жетiм қалды. Ұрандайтын ешкiм жоқ.
Зады, ел мен «элита» бiр-бiрiмен тонның iшкi бауындай қабысып бiрiкпей, ұлт болып ұю мүмкiн емес екен. Сол «элиталық» шоғыр шашырап кеткендiктен бе, бүгiнгi туалдардың иық тiрестiретiн жерi. Жуан бiлектiлердiң жөн бiлiсiп, артындағы елiне бағыт беретiн осы — орта.
Бүгiнде сиырмен көкпар тартып, қампиған қалтасын қайда қоярын бiлмей, ұрынарға басқа қара таппағандай рухани дүниенi ермек етiп жүргендер жетерлiк. Керiсiнше, бұл зиялы қауымның қай-қайсысын болсын қинап жүрген ар мен ақша мәселесiн алға көлденеңiнен тартады. Қазiр осы екi нәрсенiң де жас зиялының жауы болып алғаны рас. Арып-ашыған ары бiр қысса, нанын тауып жеуi және жанына батады. Ардың арықтап, нанды өлшеммен ғана өлместiкпен талғажу қылғызған өзеусiреген өмiрдiң, әсiресе, қалам ұстаған қауымды қомағайлана қармағалы қашан. Мұндайда қол ұшын берiп, қолтықтан демейтiн қайырымдылықты бетi қатқылдау, бедерi бөлек мына қоғамымыздан байқай қою неғайбыл. Оған күннен-күнге күрделенiп, керi кеткен тiршiлiк кепiл. Әйтеуiр, «жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлген» шағына жете қойған жоқпыз. Соған шүкiршiлiк етесiң. Санаға жанкештiлiкпен сары жамбастап жайғасқан «лайым содан сақтасын» деген ой ұялап жатыр.
Қалай десек те, қазiргi экономика әлемi мен рухани даму бiр-бiрiмен қабыспайтын және бiр-бiрiн қайталамайтын нәрселер. Жоғарыдағы жайсыз жағдаяттардың тiнiн тесiп шыққан дерт соның әзiрше сыпайы көрiнiсi.
Жас зиялымыз жаңа тұрпаттағы «элита» шоғырын түзуде көп кедергiге кезiге қоймас. Нақты кедергi — iсте. Елдi артынан ерте бiлуде. Өйткенi, ғасыр басындағыдай қазiр өнерде, ғылымда, әдебиетте құрық-шұрық бос кеңiстiк жоқтың қасы деуге болады. Осындай мүмкiндiктi дер уағында ұстана бiлiп, ұпай жинауға тырысу керек. Бiзге ешқандайда бүлiк (бунт) керек емес. Бәрiн уақыт өзi реттейдi. Мiндет сол, ғасыр басындағы алыптарымыздың iсiн жалғап, ұлттық құндылықтарды жандандыру.
Әйтпесе, бәрi бүгiнгi күндегiдей жалғасып келген бос кеңiстiк те, басқасы да әлдiнiң ермегi, таланттың жөргегi болып қала бермек.
Болатбек Төлепберген
Abai.kz