Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5538 0 пікір 30 Қараша, 2010 сағат 07:20

Серікбол Хасан. Қазақ қаламгерлерінің балалары «мәңгүрт» деген не сөз?

Көп бола қойған жоқ, осыдан біраз уақыт бұрын Ұлттық кітапханада ана тіліміз жайында тағылымды басқосу өткен-ді. Басқосуда ұлт мүддесі үшін күресіп жүрген бір ардақты ақынымыз ел білетін тағы бір қаламдасына тиісе сөйлеп, «ақын-жазушылардың балалары - өздері мәңгүрт» деп қалды. Эмоциямен айтылған әлгі сөз шынымен-ақ көкейде сайрап қалған еді сол кезде. Себебі, осындай бір күдік-күмәні сейілмеген бір сөз бұдан бұрын да талай алдан шыққан еді.

 

Қазақ қаламгерлерінің балалары шынымен «мәңгүрт» пе? Биліктегі Кемелдің Қасымжомартын, Нематтың Қайратын, Сағаттың Мәуленін мәңгүрт деуге қалай ауыз барады? Біздің бүгінгі айтпағымыз - осы жайдың төңірегінде.

Кемелұлының кемелі биік

Қай қазақтан сұрасаң да Қасымжомарт Тоқаевты жазбай таниды. Бірақ әкесі Кемел Тоқаев деген жазушыны білетіндер - ілуде біреу ғана. Танымалдылық жағынан алып қарасақ, Қасымжомарттың атағы аспандап тұр қазір. Ел білетін тәжірибелі қайраткер. Қайраткерлігі сол, «қазақстандық ұлт» саясатына әуелгіде екі өлшеп, бір пішіп қарау керектігін ашық айта алды. Уағында: «Ұлтты «шала қазақ» және «нағыз қазақ» деп те бөлуге қақымыз жоқ», - деп Кемелұлының кемелділік танытқанын да ұмытқамыз жоқ.

Көп бола қойған жоқ, осыдан біраз уақыт бұрын Ұлттық кітапханада ана тіліміз жайында тағылымды басқосу өткен-ді. Басқосуда ұлт мүддесі үшін күресіп жүрген бір ардақты ақынымыз ел білетін тағы бір қаламдасына тиісе сөйлеп, «ақын-жазушылардың балалары - өздері мәңгүрт» деп қалды. Эмоциямен айтылған әлгі сөз шынымен-ақ көкейде сайрап қалған еді сол кезде. Себебі, осындай бір күдік-күмәні сейілмеген бір сөз бұдан бұрын да талай алдан шыққан еді.

 

Қазақ қаламгерлерінің балалары шынымен «мәңгүрт» пе? Биліктегі Кемелдің Қасымжомартын, Нематтың Қайратын, Сағаттың Мәуленін мәңгүрт деуге қалай ауыз барады? Біздің бүгінгі айтпағымыз - осы жайдың төңірегінде.

Кемелұлының кемелі биік

Қай қазақтан сұрасаң да Қасымжомарт Тоқаевты жазбай таниды. Бірақ әкесі Кемел Тоқаев деген жазушыны білетіндер - ілуде біреу ғана. Танымалдылық жағынан алып қарасақ, Қасымжомарттың атағы аспандап тұр қазір. Ел білетін тәжірибелі қайраткер. Қайраткерлігі сол, «қазақстандық ұлт» саясатына әуелгіде екі өлшеп, бір пішіп қарау керектігін ашық айта алды. Уағында: «Ұлтты «шала қазақ» және «нағыз қазақ» деп те бөлуге қақымыз жоқ», - деп Кемелұлының кемелділік танытқанын да ұмытқамыз жоқ.

Қасымжомарттың әкесі Кемел Тоқаев - өмiр қиындығын көріп, соғыс ауыртпалығын белшеден тартқан тұлға еді. Ағайындарынан ерте айырылып, қашан да қайғы-қасіреттің ортасында жүргендіктен шығар, қолына қалам алып ақиқат пен адалдықты насихаттады. Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын жандандырды. Осындай әкенің тағылымын алған Қасымжомарттың ұлтына өгей болып кетпегені түсінікті, әрине. Бұл - Тоқаевтың сәтті тұсы.

Сәтсіз тұсы - Кемелұлының «Караван» газетінде: «Некоторые казахстанцы даже перешли в католичество. Эта религия становится популярной среди казахской молодежи», - деп қалғаны. Әйтсе де, Қасекеңнің біз мойындайтын бір жағымды жағы бар. Ол - кешегі Ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев сияқты қазақшаны қағазға қарап емес, өздігінен сөйлеуді үйренуі. Тілге деген құрмет - осындай болар, бәлкім!

Естеріңізге сала кетейік, Қасымжомарт Кемелұлы 1953 жылы 17 мамырда Алматыда дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінің, Бейжің лингвистикалық институтының және Ресей СІМ-нің Дипломатиялық академиясының түлегі. Саясаттану ғылымының докторы. 1994 жылы ҚР Сыртқы Істер министрі, 1999 жылы ҚР-ның Премьер-министрі тағы да басқа биік лауазымды қызметтер атқарған. 2007 жылдың 11 қаңтарынан ҚР Сенатының Төрағасы.

Қазақстанның №1 қазынашысы

ҚазҰПУ-дың қабырғасында білім алып жүрген кезім. «Үміт үзгім келмейді» шығармасының авторы, белгілі қазақ жазушысы, түрколог-ғалым, академик Немат Келімбетовтің кеші өтті. Атамызды құрметтеп төрге отырғыздық. Жазушының жанына ҚазҰПУ-ды 20 жыл басқарған университетіміздің сол кездегі ректоры (қаламгердің құдасы) Тоқмұхамед Садықов жайғасты. Ал жазушының ұлы Кайрат Келімбетов болса әкесі мен қайынатасын құрметтеп ел қатарлы залдың бір бұрышына қонжия кетті. Ол кезде Қайрат министр еді. Министрдің қасында отырғасын ба, осы бір қарапайымдылықтың көрінісі менің есімде жақсы сақталып қалыпты. Ол аз десеңіз Қайрат Нематұлын жұма намазынан көріпті біраз жұрт. Жанында өзі аттас Қайрат Сатыбалды болыпты дейді. Қуанасың, әрине.

Біз білетін Қайрекең қарапайымдылығы мен имандылығына қоса, білімді жан. Қазақ, орыс оқу орындарынан алған білімін азсынып «Болашақтың» бастамасымен Жоржтаун (Ақш) университетінің экономикасын бітіріп келіп, елеулі еңбек етті. Еңбегінің еленгендігі шығар, жоғарғы қызметтер Нематұлын магнитше тартты өзіне. Қазақтың қаржы саласында қайратты жұмыс жасаған Қайрекең, бастапқыда жай ғана «Қазына», бертінде оған «Самұрық» деген тіркесі қосылған білдей компанияның басшысы атанып үлгерді. Қазақтың қазынасына «қожалық» етіп отырған Қайрат Нематұлы сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамдарының директорлар кеңесінің төрағасы.

Бір кездері «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысының бел ортасында жүрген, кейіннен «Ақ жол» демократиялық партиясында бой көрсеткен Қайрекең қазір саясаттан гөрі біржолата экономиканың пұшпағын илеуге көшкен сыңайлы. Сондай-ақ, ҚР велоспорт федерациясының тізгінін ұстап, Армстронгтың астына мол ақшаны басып бергенін де білеміз.

Армстронг - велоспорттың чемпионы болса, Қайрат - Қазақ қаржысының чемпионы, №1 қазынашы. Мойындайықшы...

Айтпақшы, Қайрат Нематұлы 1969 жылдың 28 қаңтарында Алматыда дүниеге келген. 1993 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. 1999-2001 ж.ж. - ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, 2001-2002 ж.ж. - Қаржы министрінің бірінші орынбасары, 2002-2006 ж.ж. - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, 2006 жылы «Нұр-Отан» партиясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2008 жылдан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы. Ағылшын, француз тілдерін жетік біледі.

Дәулеттің де дәурені жүріп тұр

63 пайыз бөлігі Қайрат Келімбетов басқаратын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы жайлы естіп пе едіңіз? Естімесеңіз, осы мекемеде 1998 жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның Халық жазушысы» деген құрметті атаққа ие болған Қабдеш Жұмәділовтің ұлы істейді...

Бір кездері Қабдеш ағамыз: «Шетелде екi ұлым тұрады. Бiреуi - Лондонда. Журналист. Екiншi ұлым - Венада. Америкада докторантураны бiтiрдi. Қазiр Бiрiккен Ұлттар Ұйымында iстейдi. Солардың арқасында былтыр ешбiр делегациясыз бүкiл Еуропаны аралап қайттым», - деп мақтанып еді баспасөз бетінде.

Журналисі - сол Дәулет. Бұған дейін бір өзінде бір жарым мың ан қызмет істеп, әлемнің әр түкпіріне 45 тілде хабар тарататын Ұлыбританияның Би-Би-Си радиосының 1996 жылы ашылған Орталық Азия бөліміне қарайтын қазақ бюросында тілшілік һәм басшылық қызмет атқарды Қабдешұлы. Азды-көпті ұлт жоғын жоқтаған ащы хабарларын әлем халқы ұйып тыңдаған еді. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, қаламгер Қабдештің баласы да өміріне қаламын серік еткен ан-ды.

Жақында Дәулет Жұмәділдің «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамында қоғаммен қатынас департаментінің директоры болып қызмет істейтінін естіп, қуанып қалдық. Журналист бола жүріп, ан бағудың жаңа жөніне көшкен Дәулет мырзаға «Жарайсың!» деуден басқа айтарымыз жоқ.

Мәулен десе, сағат еске түседі

Сағат (Сағатхан) Әшімбаевті көпшілік рухани тұлға ретінде таниды. Ұлттық арнаның басшылығы қызметінде жүріп өзі ұйымдастырып, өзі жүргізген «Қарыз бен парыз» бағдарламасы әлі көз алдымыздан кетпесі анық.Қазақ руханиятына қосылған құнды кітаптарын әлі күнге шейін іздеп жүріп оқиды жұрт.

Еңбек жолын «Жас Алаштан» бастап, кейін әдебиет әлемінде өзіндік сара жол салған, теледидарда «Жүректен қозғайық» және «Парыз бен қарыз» бағдарламаларын жүргізген Сағаттың ұлы - қазір білдей басшы, қоғам қайраткері. Ол - 1971 жылы дүние есігін ашып, 1993 жылы ҚазҰУ-дың философия-экономика факультетін тәмамдаған Мәулен Сағатханұлы.

Мәулен де еңбек жолын әкесі сияқты жазу-сызудан бастады. Сол уақтағы ҚР Ақпарат және баспа министрлігіне қарасты Баспа қорының қарапайым маманынан, директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Кейін Жоғарғы палата депутатының көмекшісі, ҚР Қауіпсіздік қызметі аппаратының кеңесшісі, ҚР Президенті әкімшілігінің талдау және стратегиялық бағдарламалар орталығы жетекшісінің орынбасары болып істеді. 1999 жылдан бастап ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің аналитикалық орталығы жетекшісі және ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры болды. Әйтеуір қайда жүрсе де, әке үмітін жалғап, қайсарлы Қазақ елінің шашбауын көтеріп жүрген Мәулен мырза қазір ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінде.

Елдің шашбауын көтереді деуіміздің бір себебі осыдан бірнеше уақыт бұрын «қазақстандық ұлтқа» қарсы болған Мұхтар Шахановқа жоғарғы жақтан арнайы басу айтқан осы Мәулен еді. Қайда жүрсе де, қай биікке шықса да, кезінде Қазағым деп шырылдаған әке алдындағы парызы мен қарызы ұмытылмаса дейміз Мәуленге! Қазақ елінің азаттық алғанын көре алмай кеткен Сағат әкенің арманын, азаттықтан кейінгі ел тағдырына ықпал етіп отырған Мәулен бала іске асырса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Ардаққа «Ойлан, балам!» дегіміз келеді

Бір кездері «Жан тәттісімен» иісі қазақ қауымына, қазақ деппін-ау, бүкіл мұсылман қауымына күйе жағып, Айша анамыздың абыройын қорлаған жазушы, мемсыйлықтың иегері Дүкенбай Досжанды білмейтін адам кемде-кем шығар, сірә! Айтпақшы, бұл кісі жас балаша: «енді бұлай істемеймін», - деп жұрт алдында кешірім сұрауын сұрағанымен әлі миығынан күліп жүрген тәрізді көрінеді. Кім біледі, бәлкім ол кісіні біз түсінбей жүрген шығармыз.

Жазушының ұлы Ардақ - қазір ҚР Әділет министрлігіне қарасты Дін комитетінің бастығы. Біраз жұрт білетін болуы керек, қайбір жылы Дүкенбай баласы бір ағаттық жіберіп алды, ол туралы уағында жазылды да. Ардақ мырза мұсылмандардың һәм әлемнің жарық нұры - Құран Кәрімнің бірнеше аяттарын экстремистік бағыттағы жазбалар қатарына жатқызып жібере жаздады. Абиыр болғанда, қателігін тез түсініп, айыбын жуып-шайып, арнаны басқа жаққа бұрып жіберді.

Айтпақшы, Ардақтың әкесі - Кітап палатасының «Қазақстандағы оқырманы қисапсыз жазушы» атағын алған «авторитетный» қаламгер. Осы уақытқа шейін 11 роман, 23 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме жазып тастау, әй, ешкімнің қолынан келмейді-ау, келмейді! Бір жағы Президенттің мәдени орталығынан шығатын «Мәдени мұра» журналын басқарып, бір жағы күн құрғатпай көл-көсір шығарма жазу - Дүкенбай мырзаның ғана басына бұйырылған бақыт екенін мойындамасқа лаж жоқ.  Әке еңбегіне тәнті бола отырып Ардаққа: «Ойлан, балам!» дегіміз келеді.

Әкесі мұсылман еді, баласы...

Бұл ұлға әкесі кезінде Баяны үшін дүниенің бақытынан баз кешкен Қозыкөрпештің атын беріпті. Әкесі деп отырғанымыз - қазақтың көрнекті жазушысы - Ілияс Есенберлин, баласы - Қозыкөрпеш Есенберлин.

Заманында соғыстың тауқыметін тартып, қазақ әдебиетінде «Алмас қылыш», «Жанталас», «Көшпенділер», «Ғашықтар» сынды қайталанбас романдарды әкелген заманының заңғары еді Ілияс Есенберлин. Өкініштісі, жазушының «Көшпенділерін» бөлек-салақ қылып, быт-шытын шығарып кино түсірдік. Фильмнің арты дау болып, қазақ қаржысын суша шашып барып, әзер дегенде жай таптық. Бәрінен де Есенберлиннің әруағын сыйламадық-ау! Әруақ сыйлау дегеннен шығады, бүгінде жазушының ұлы Қозыкөрпеш жайлы тиіп-қашты әңгіме көп. «Иегова куәгері» болыпты да ме? «Иса мәсіхші» атаныпты да ме? Әйтеуір мұсылмандық жолдан адасып жүрген көрінеді. Бұл жайлы «Қазақстан - ZAMAN» газеті Қозыкөрпештің миссионерлердің конгресінде бас болып, христиандардың інжілін тәбәрікке алып, әкесінің кітаптарын аяққа таптап жүр деп жазды да. Бұл ақпаратты жоғарыда атын атап өткен Діни секталармен күресуші Ардақ Досжан мырзаның есіне салып қоюдың артықтығы бола қоймас.

Бұған дейін «Геосистема» ғылыми-өндірісін, ҚР Мемлекеттік комитетінің мемлекеттік тауарлар бөлімін, «Азия-лизинг» АҚ-ын басқарған Қозыкөрпеш Ілиясұлы - Берлин Иришевтен («Әлембанк» басшысы) кейін, яғни 1992-1994 жылдары «Әлем-систем» корпорациясын билеген дам. Естуімізше, 1993 жылы «Әлем-систем» корпорациясы Германияның «Байеррише Ферайнсбанк АГ» банкінен 5.706.192 доллар көлімінде несие алып, қайтара алмай қалғанға ұқсайды. 1996 жылы немістер қарызын Қазақстаннан өтеп беруді сұраған. Бірақ сол уақтағы Қажыгелдин үкіметі мемлекеттің бұл іске жауап бермейтінін айтып, бас тартыпты. Бірақ, олар «Әлем-системге» қарыз алып беруге көмектескен сол кездегі Үкімет басшысы Сергей Терещенконың қолы қойылған құжатты көрсетіп, үкімет қазынасынан тиесілі ақшаны алып, тайып тұрған. Білуімізше, бұл «Әлем-систем» қаржы-инвестициялық корпорациясы бір кездердегі «Бутя» фирмасы құсап біраз жұрттың қалтасын тесіп кеткенге ұқсайды.

«Қазпоштаның» Дәурені қайда қазір?

Қазақ поэзиясын сыршыл лирикаларымен толықтырған Тұманбай Молдағалиевты қазір көпшілік бес саусағындай таниды. 1989 жылдан бері «Балдырған» журналын басқаратын Тұманбай атамыз 75 жасқа толды жақында. Әңгіме ақынның туған күні емес, сүйікті ұлы Дәурен жайлы болып тұр. Бұрындары ақын атамыз жанына осы жас Дәуренін ертіп алып, «Қайрат» командасына жанкүйер болып баратынын біраз жұрт әлі күнге дейін біледі екен.

Бір кездері Тұманбай ақын Дәуренге арнап мынадай өлең жазып еді:

Көңілім менің - жолыңа шашу,

Тағдырмен біз де таласа келдік.

Ертеңін ойлап ұйқыдан безу -

Еркекке ғана жарасар ерлік.

Қияда ұшсын қаршыға - үміт,

Ақырын күтсін аяулы үй-іш.

Өз атын өзі қамшылап жігіт,

Жететін жерге жетуге тиіс.

Сол Дәурені жарады, жететін жеріне жетті. Мәскеудің экономика факультетін тәмамдады, экономика ғылымының кандидаты болды. Елге келіп «Хлеб-инвест», «Казагропромбанк», «Лариба-банк», «АТФБанк» сияқты құрметті орындарда жетекшілік қызметтер атқарды. Әкесі сияқты ақын болмаса да, қаржыға жақын Дәурен Тұманбайұлы 2006 жылдан бастап 21 мыңға жуық қызметкері бар «Қазпошта» АҚ-ның Басқарма төрағасы болып бір-ақ көтерілген еді. Бізге белгісіз бір себептермен ол жердегі орнын босатыпты. Жақында біреулер Дәурен мырзаның ел білетін бір баспаханаға басшылық қызметке орналасқалы жатқанын айтып қалды. Анық-қанығын Алла білер, әйтеуір ел сыйлаған Тұмекеңнің ұлын да халқы қара жаяу қалдырмасы анық.

Едіге нағыз ер екен

«Жармақ» дегенде-ақ, бұл адамның кім екенін жазбай танисыз... Әрине, Мұхтар Мағауин. Мұхаңның өмірбаянын, шығармашылығын айтып таныстырудың өзі артық. Мағауинді білмейтін қазақ жоқ шығар?! Әйтсе де, «Алдаспан» мен «Аласапыранның» авторы Қазақстаннан неге кеткенін көпшілік біле бермейді. Біраз жылдың жүзі болды Мұхтар Мағауин Прагада тұрады, ұлы Едігенің жанында деп еститінбіз. Кейін «Жармақты» жазды сонда отырып. Кітапты қолына түсіре алу бақыты бұйырған бірқатар оқырман «Жармақты» да тауысып тастады. Енді не жазар екен деп тағатсыздана күтіп отыр.

Бүгінде жазушының Едіге, Мағ­жан, Мадияр атты ұлдары мен Бату, Айшешек сынды немерелері бар. Мұхаңның әкесінен айнымай қалған, жазушы болмаса да журналистиканың майын ішкен Едігесі - қазір интернет журналистикасына елеулі үлес қосып жүрген жан. Ол осыдан 2 жыл бұрын ғана қазақ медиа кеңістігіне арнап «Azattyq.org» (бұрынғы «Азаттық» радиосы) мульти-медиялық бұқаралық ақпарат құралын (портал) ашты. Ә, дегеннен-ақ, оқырман жедел әрі нақты ақпараттарды осы порталдан ала бастады. Ашылғанына аз уақыт өткеніне қарамай «Azattyq.org» АҚШ-тағы интернет журналистикасының биік белесі «On-line journalism Award» сый­лығының жеңімпазы атанды.

Қазір Едіге Мағауин «Азаттық» радиосының қазақ қызметінің директоры. Журналистикада жүрумен қатар есіміне ұқсастырып «Едіге жырының тарихилығы және көркемдік ерекшелігі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған адам.

Әкесінен айнымаған

Заманында сын, сатира, эпиграмма, қойшы әйтеуір, әдебиеттің барлық жанрында (проза, драматургия т.б) бірдей қалам сілтеген Әбдіраштың Жарасқаны жайлы әңгіме көп. Әсіресе жұрт Жарасқанның Ғафекеңе (Ғафу Қайырбеков) жазған эпиграммасын жатқа соғады.

Көзі тірісінде 30-ға жуық кітап жазған ақын өзінің ұлы Рүстемнің туған күні дүниеден озыпты. Қалай таңғалмайсың? Сол Рүстемі қазір әке ізін жалғастырып келе жатқан жалғыз жан. Әкесі сияқты әдебиеттің адамы болмаса да, кино десе ішкен асын жерге қоятын ұл осыдан алты жыл бұрын Жарасқанның балалық шағы мен алғашқы махаббаты жайлы «Қаладан келген қыз» атты фильм түсірді. Тіпті бұл фильм бірнеше байқаулардың жеңімпазы атанды. Ал оның «Сталинге сыйлық» фильмі Францияда өткен халықаралық фестивальдің Бас жүлдесін жеңіп алды. Мұндайда, әке мұраларын жоқтатпай, қазақ өнерін әлемге паш етіп жүрген Рүстемнің шеберлігіне тәнті боласың.

Әкең жетпеген биікке, сен жет, Рүстем!

Ел білетін Ерлан

Туғанына биыл 80 жыл толған қазақтың белгілі жазушысы, публицист-ғалым Сапар Байжановты бірқатар ел білетін болуы керек. Білмейтіндер үшін айта кетейік, 50-жылдарда алғаш еңбек жолын «Лениншіл жастан» бастаған Сапар Байжанов «Мәдениет және тұрмыс» журналы мен «Социалистік Қазақстан» газетін басқарды. Бұдан кейін Қазақстан Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері, Министрлер кеңесі жанындағы Мұрағат Бас басқармасының бастығы болды. 40 жыл өмірін шығармашылыққа арнаған қаламгер көзі тірісінде артына 22 кітап (роман, повесть, пьеса, аударма т.б) қалдырды.

Бүгінде Сапар атамыздың ел білетін Ерлан деген ұлы бар. 1962 жылдың тумасы. Мәскеу университетінің журналистикасын, аспирантурасын тәмамдаған. Ерлан да еңбек жолын әкесі сияқты журналистикадан бастады. Университет бітірген бойда ҚазТАГ-тың редакторы болды. 1989-1990 жылдары «Советы Казахстан» газетінің бөлім редакторы, кейін 1996 жылдан бастап ҚР Сыртқы Істер министрлігі баспасөз қызметінің хатшылығынан ҚР Президенті Баспасөз қызметі және ҚР Президент Әкімшілігі Баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасарлығына дейін өсті.

Ал 2005 жылы Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің орынбасары, 2006 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің ақпараттық-аналитикалық орталығының жетекшісі, 2007 жылы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, 2008 жылы «Арна-Медиа» мемлекеттік холдингінің басқарма төрағасы болып, Сапар атамыз салған сара жолды ұзарта түсті.

Қаламгер Сапар Байжанов өз еңбегінің бірінде: «Адам болып өмірге келдің бе - адамға лайық ісің болсын. Ата-анаңның, ел-жұртыңның үкілі үмітін ақта. Туыстарыңа, достарыңа, таныстарыңа, өзіңе ісі түскен адамға қолғабыс жаса, еліңе адал қызмет ет - әйтеуір дүниеге бекер келіп, бекер кетпе, ішіп-жеу үшін ғана жасама. Артыңда жақсы із қалсын, кейінгі ұрпақ, жұрағатың айта жүрер іс қалсын», - депті.

Ендеше, қаламгердің ұлы Ерлан Байжановтың бұл өсиетті аяқасты етпесіне кәміл сенеміз.

P.S. Осы ретпен жазушылардың балаларын тізе берсек, жүрдек қаламның тоқтар түрі жоқ. Атақты жазушылар Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов, Сейітжан Омаровтың ұлы Жанай Омаров, Сафуан Шаймерденовтың ұлы Сайын Есмағи, сондай-ақ атақты ақындар Қалижан Бекхожиннің ұлы Ерлан Бекхожин, Хамит Ерғалиевтің қызы Гүлжан Ерғалиева, Кеңшілік Мырзабековтың ұлы Амангелді Кеңшілікұлы... Аттарын атар болсақ толып жатыр. Бұл мақаланы дайындаудағы біздің мақсатымыз - ардақты ақын айтқандай қаламгерлердің ұрпақтарының мәңгүрт еместігін көрсетіп, керісінше, елге елеулі ісін, жеткен жетістіктерін айтып, ел білмейтін қырын ашу еді. Меніңше, Тұманбайдың Дәурені, Қабдештің Дәулеті, Мұхтардың Едігесі сынды ұлдар барда оларды «мәңгүрт» деп кінәлау орынсыз сияқты. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Серікбол Хасан.

«Ақ желкен» журналы», 10-15-беттер, №11, 2010

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5564