Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2923 0 пікір 5 Маусым, 2009 сағат 12:21

Сәкен КӨКЕНОВ. Мемлекеттік рәміздеріміз неге ала-құла?

Мемлекеттік рәміздер қоғамның саяси мәдениетінің бөлігі ретінде рухани мәдениетті дамытуға және еліміздің Тәуелсіздік идеяларын орнықтыруға ықпал етеді. Жер бетінде қанша мемлекет бар болса, соның әрбірінде өз рәміздері бар. Бүгін 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыдан 17 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Жалауы туралы», «Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдар күшіне енген болатын.
Туымыздың түсін неге әртүрлі құбылтамыз?

Мемлекеттік рәміздер қоғамның саяси мәдениетінің бөлігі ретінде рухани мәдениетті дамытуға және еліміздің Тәуелсіздік идеяларын орнықтыруға ықпал етеді. Жер бетінде қанша мемлекет бар болса, соның әрбірінде өз рәміздері бар. Бүгін 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыдан 17 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Жалауы туралы», «Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдар күшіне енген болатын.
Туымыздың түсін неге әртүрлі құбылтамыз?
Теледидар алдында Қазақстан саясаткерлерінің шетелдегі отырыстарын бақылап отыратын болсаңыз, еліміздің көк түсті Туымыздың шынайы көгілдірлігіне күмән келтіруге мәжбүр боласыз. Олай дейтін себебіміз, шетелдегі үлкен-үлкен саммиттерде де Қазақстан Туы бірде тым көк, енді бірде тым ашық түспен беріліп жатады. Осындай өрескел қателікті шетелдіктер қасақана жібереді деуге келмейді. Себебі шетелдіктер тұрмақ, тудың түсін өзіміз де ажырата алмайды екенбіз. Қарапайым ғана мысал, ғаламторды аша қойыңыз да, терезеден «Қазақстан Туы» деп жазып, суретін іздесеңіз, жүз құбылған түрлі-түсті «Қазақстан Туларын» көресіз. Көбісі жасыл реңк береді. Мәселен, «www.akorda.kz», «www.ukojust.kz», «www.akim-kurchatov.kz», «www.janakorgan-akimat.kz», «gosnadzor.memst.kz» тағы бірер мекемелердің сайтында Қазақстан Туының түсі көк аспаннан гөрі жердегі жасыл шөпке көбірек ұқсайды.
Көптеген мекемелердің электронды сайттары Қазақстан Туының түсін жасыл түспен беретін болыпты. Ал Қостанай әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сайтындағы Мемлекеттік Тудың түсі тіпті қоп-қою көк. Несін айтасыз, тізе берсе, дальтонизм ауруына шалдыққан ресми сайттар әп-әдемі туымызды қор қылды. Оның үстіне, бұл «ауру» жұқпалы келеді екен. Сайтты құраушылар бірі жіберген қате бейнені көшіріп, екіншісіне сол күйінде қоя салады. Егер жуырда ғана интернеттің БАҚ қатарына енгізілгенін ескерсек, бұл – қылмыс. Өйткені Қазақстан Республикасының заңнамасында «Ту – көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Бiрыңғай көк түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде «көк» сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс – түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, Мемлекеттік Тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Ал ғаламтордағы Қазақстанның жасыл тулары көк түріктің қарашаңырағын иеленген қазақтың емес, араб туын еске түсіреді.
Әрине, бұл құбылысты тек ғаламтордың ішінен ғана емес, мекемелердің маңдайшасынан да байқап жүрміз. Үкілеген туымыздың түсінің ресми мекемелер үстінде құбылып тұруының екі себебі ғана болуы мүмкін. Біріншіден, мемлекеттік рәміздерді жасап шығаратын өндіріс орындары белгіленген стандарттарды сақтамайды. Екіншіден, күн астында алты ай жаз, алты ай қыс тұра берген соң түсі оңып, тозып бітеді. Тозығы жеткен тудың желбіреп емес, далақтап тұрғаны осы күнге дейін талай сөз болған. Айта кететін ұсыныс, «мекемелердің маңдайшасында тағылған туды белгілі мерзім сайын ауыстырып отыру керек» деп заңнамаға өзгеріс енгізу қажет шығар. Баяғыда жаугершілік заманда Байғозы батырдың тұла бойына ондаған жебе қадалғанына қарамастан, ақ туды қисайтпай, жауға қасқайып тұрыпты. Сарбаздар ұрыс біткен соң батырдың жанына барып қараса, Байғозы батыр туды тік ұстаған қалпында әлдеқашан өліп кеткен екен. Баһадүр бабалардың бүгінгі ұрпағы қасиетті туды қорлап жүргенін өздері де білмейді. Былтыр Тараз қаласы маңайында жастардың Қазақстанның Туымен еш қысылмастан қоқыс тасып жүргенін бір журналист әріптесіміздің суретке түсіріп, жұрттың назарын аударғанын күйінішпен ұмыта алар емеспіз.

 

 

Елдің намысы мен рухы – Мемлекеттік Ту
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен азаматтардың бойында мемлекеттік нышандарға деген құрмет сезімін қалыптастыру жағынан Қазақстанға әлемдегі өркениетті елдердегідей тәжірибе жағы жетіспейді. Мәселен, АҚШ десе кез келген адамның көз алдына қызыл ала жолақ ту елестейді. Әуежайдан түскеннен бастап, айнала әрбір мекемеде, вокзал, сауда орталықтары, стадиондардағы тулар бейсаналы түрде адам жадысына сіңіп, азаматтардың бойына рух құяды. Тұрмыстық тауарларға дейін жапсырылған АҚШ тулары елдің символы әрі озық бренд дәрежесін атқарып тұр. Сол сияқты басынан сөз асырмайтын қызуқанды Түркияда да көшеледің әр бұрышындағы тулардан көз сүрінеді. Өкінішке қарай, мұны Қазақстанның тек қос қаласынан болмаса, қаладан тысқары елді мекендерден емге таппайсыз. Тек жаңадан қабылданған «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңжобасында жазылғандай, «Мемлекеттік Ту ресми мекемелерден басқа да ғимараттарда олардың иелерінің еркі бойынша көтерілуі мүмкін» деген сөйлемді қанағат тұтуға мәжбүрміз. Олай болса, заң рұқсат беріп тұр. Бұл жерде рұқсат беріп қана емес, жауапкершілікпен міндеттеу дұрыс болар еді. Рұқсат берді екен деп, қасиетті рәміздерді тұрмыстық заттарға жөнді-жөнсіз жапсырып қорлауға тағы болмайды. Мәселен, тәттіге құмар халық жиі сатып алатын «Рахат» кондитерлік фабрикасының «Казахстанский» шоколадының тысында еліміздің туы бейнеленген. Қанша жерден патриот болса да, шоколадты жеп болған адам қабығын қоқысқа тастауға мәжбүр. Осылайша, төбемізде тұтуға тиіс қасиетті Туымыздың бейнесі көрінгеннің аяғының астында тапталып жатады. Рәміздерге құрмет көрсетпеу заңға қайшы екендігін ескерсек, қылмыскерлердің санын есептей алмай қалар едік. Сондықтан рәміздерді қорлатпаудың оңай жолы кәсіпкерлеріміздің ойына келген «тың идеяны» басқамен ауыстыру қажет. Біздіңше, әрбір қазақстандық ұлтжандылығын көрсетіп, көк Туды үйінің төріне қастерлеп іліп қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл күнде ел санасында «Ту, Елтаңба және Елбасы портреті бастықтардың жұмыс кабинетінде ғана ілініп тұратын көркемдеуіш құрал» деген жалаң стереотип қалыптасып қалған. Өкінішке қарай, үйдің төріне ту іліп қоятын азаматтар ел арасында ілуде біреу. Күн көсем Лениннің портретіне табынған кездеріміз болған жоқ па еді?
Рәміздер қатарындағы Елтаңбаның мүшкіл халі де сүйекке таңба салғандай. Мемлекеттік органдардан шыққан әртүрлі ресми құжаттарда бейнеленген елтаңбалар түпнұсқадағы елтаңбадан алшақ кетіп жатады. Тәжірибелі баспагер Әбден Сыздықов мұндай құжаттардың жүзден астамын жинаған. Құжаттарға басылған елтаңбалардың сапасыздығы да көзге жиі ұшырайды. Бұған себеп – мемлекеттік стандарттардың әлі де болса нақтыланбауынан болып отыр. Онда Елтаңбамызды көлемді не графикалық үлгіде шығаруға болатыны ғана көрсетілген. Ал графиканың түсіне шектеу қойылмайды. Таңбаның өзінде негізінен көгілдер немесе алтын рең болуы қажет. Рәміз кескініндегі элементтердің саны – 36. Алайда кейбір бөлшектердің, мәселен, уықтардың қанша болу керектігі нақты көрсетілмеген. Сондықтан баспагерлерге Президент резиденциясында сақтаулы тұрған Елтаңба авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың нұсқасын басшылыққа алуды аманат еткеннен басқа шара жоқ. Алдағы уақытта баспаханалар мұны қаперіне алса дейміз.

 

 

Шәкен Ниязбеков, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы, суретші:
– Алдымен Мемлекеттік Тудың авторы ретінде барша қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтағым келеді. Қазақ үшін «көк тәңірі», «аспан» деген ұғым өте киелі. Халқымыздың сенімімен астасып жатыр. Бір жағынан, Тәңірін ұмытпаған қазақ дегенді астарлайды. Аспан түстес көк туды қалаған себебіміз де – сол. Қазір туды салып жүрген әрбір суретші оған әртүрлі рең беріп жүргені рас. Дегенмен көк түстің ішінде де түрлісі бар, оның да бір жүйесі болу керек.
Амангелді Айталы, қоғам қайраткері:
– Біз секілді жас мемлекеттерде мемлекеттік рәміздерге көп көңіл бөлінуi керек. Әсіресе, мектеп бағдарламасы мен жоғары оқу орындарына мемлекеттік рәміздер жөнінде арнайы сабақ енгізсе де болар еді. Бұл рәміздердің артында қандай тарих жатыр, қандай наным-сенім, қандай мән барын қамтуға болды. Күнде таңертең Әнұранды бір қайталағаннан жастар соны бар болмысымен түйсініп отыр деп айта алмаймын. Жастарды былай қойғанда, жалпы елімізде де рәміздерді құрмет тұту мәдениеті жоғары емес. Швеция көшелерінде келе жатсаң, кейбір үйлердің терезесінде ту ілініп тұрады. Демек, бұл үйде мейрам болып жатыр. Олар өзінің қуанышын халқымен солай бөліседі. Құрметтесе, осылай құрметтесін.

 

 

Нұрлан Өнербай, Мәжіліс депутаты:
«Сүйінбай бабамыздың: «Бөрілі басым ұраным, Бөрілі менің байрағым!
Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып та кетер қайдағым», – деген өлең жолдары еріксіз еске оралып, қайдағыны емес, намысты қозғап отыр.
Өйткені «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңның 5-бабында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс. Қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың тулары Қазақстан Республикасының Туымен бірдей болмауға тиіс» делінген. Алайда осы заң талабы орындалмай отыр».

 

 

Ой-тұжырым
«Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді қазақ. Кез келген халықтың мәдениеті мен мемлекетшілдігін ұлттық рәмізін сыйлау деңгейіне қарап бағалап жатады. Былтырлары Парламент қабырғасында мағынасы күмістей жеңіл «нышан» деген сөзді әрең дегенде «рәміз» деп өзгерткен едік. Бұдан былай мемлекеттік рәміздерімізді қадірлей білсек, дос-дұшпан алдында мәртебеміз асқақтары анық-дүр.

 

 

«Алаш айнасы» газеті, 05.06.2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458