Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 5232 14 пікір 6 Қазан, 2017 сағат 10:36

Ресейдің күлтөкпесі

 

Кедендес, экономикалық одақтас, «мәңгілік дос» тағы немене еді, Құдай-ау, қысқасы, Қазақстандағы шенді-шекпенділер қысқа күнде қырық рет ұлықтап отыратын Ресей үкіметі бізден қант сатып алудан бас тартып отыр. Бас тартуына себеп: қазақ қантының сапасыздығы емес көрінеді. Бұндағы бар кілтипан: қазақ қанты Ресей нарығын жауалап жатыр. Қаны қызу бәсекелестікке төзе алмаған Ресей билігі кедендестікті, экономикалық одақтастықты – бәрін, бәрін былай ысырып қойып, «Қазақстаннан қант сатып алмаймыз» дейді. Ал, Қазақстан тарапы әдеттегідей үнсіз. Осы арада аз-кем сөзбен тоқтала кеттейік, кейінгі 2-3 жылдың ауқымында Қазақстан құмшекермен өзін-өзі қамтамасыз ете бастады. Қызылша шаруашылығын Алматы облысы қолға алып еді, бірер жылда-ақ игілікті бастама өз нәтижесін берді. Бұған дейін Қазақстан қантты шетелдерден сатып алатын. Оған 2 млрд теңгенің үстінде қаржы жұмсайтын. Қазір бұл қыжалаттан ептеп шыға бастаған Қазақстан өзінен артылғанын Ресейге сатпақ болған ғой. Сондағы сауданың түрі – анау. Бұл сонда қандай экономикалық одақ? Қандай кедендік келісім? Неге біздің үкімет үнсіз? Түсіне алмадық.

Осындайда еске түседі, 2005-2006 жылдары біздің өкімет аяқ асты рулі оң жағында орналасқан жапондық автокөліктерден шошынып: «Бұндай көліктер біздің жол ережемізге сәйкеспейді» деп отырып алды. Сөйтіп, рулі оң жақтағы машиналарды елден айдап шықты. Автокөлік иелерінің қарсылығына қараған да жоқ. Ал сол автокөліктерді сатып алғандардың дені кедей кепшік еді. Кедей кепшіктің көз жасын біздің билік не қылсын: «Мына машинаңның көзін құрт» деді де айтқанын істеткізді.  Алайда бұл талаптың артында Ресей үкіметі тұрғаны көп өтпей-ақ белгілі болып шыға келді. Неге десеңіз, Медведев президент, Путин премьер болып тұрған кезде Ресейдің машина жасайтын зауыттары өкіртіп тұрып автокөліктерді «өндіріп» қойған ғой. Соның біріне Путин отырып көрген. Путиннің «презентациясын» сонда РФ-ның, шетелдердің телеарналары көрсетіп тұрды. Көрсеткенде не көрсетті дейсіз ғой: Путин тізгінін ұстаған жеңіл машина көтенінен көк түтінді бір бұрқ еткізді де, қақалып-шашалып оталмай қойды. Сонда Путин: «Мына машинамен картоп тасуға болады», - деп мысқылдаған болатын. Мысқылдады, бірақ, аса қынжыла қойған жоқ. Себебі оның «Қазақстан» дейтін қоқыс алаңы дайын тұрған еді. Не айтса, соған көнетін, не ұсынса, соны алатын – Қазақстан. Иә, аяғында солай болды, өзі автокөліктердің бөлшектерін құрастырып «машина шығардық» деп жүрген Қазақстан билігі Путиннің «картоп таситын» арбасын тегіс сатып алуға мәжбүр болды. Қазір екі қазақтың бірінің тақымында несиеге алған орыс машинасы: салдыр-гүлдір етеді. Оған қарап жатқан қазекең жоқ, барға – риза, барға – мәз.

Айта берсек, екі елдің арасында бұндай мысал көп. Міне, таяудан бері Қазақстан өзіндегі жанармайды жоқ қылып, Ресейден сатып алуға мәжбүр болып отыр. Жанармайдың бағасы ұшып барады. Жанар май сататын стансалар болса, шетінен бос тұр. «Үй өзімдікі демегін үй сыртында кісі бар» деп үндемейтін Қазақстан билігі өз халқын Ресей билігінің өктемдігіне осылайша кезекті рет жығып беріп, кіріптар етіп қойды. Ал, Ресей үкіметі болса, өз нарығын қамтамасыз ете алмай отырып, Қазақстаннан қант сатып алмауға бар. Мейлі, алмаса алмай-ақ қойсын. Қара шайды қантсыз да ішуге болады. Қоқысын лақтырып, күлтөкпесіне айналдырған елден Ресей билігі қант сатып алып қайтсін?..

Нұрлан Қалжан

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5416