Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Арылу 6443 6 пікір 11 Қазан, 2017 сағат 09:54

Жастардың рухани әлемі жұтаңдап барады

Күнделікті өмірде сыртқы келбеті ересек адамға ұқсайтын жастарды жиі кездестіруге болады. Себебі, мектеп жасындағы ұлдар кітапхананың емес, тренажерлік залдардың табалдырығын тоздырады. Бұлшық етті жасанды түрде өсіретін «протеин» деп аталатын препаратты қабылдап, өздерінің тілінде «спортик» болғысы келеді...
Сонда, оның денсаулыққа зиян екенін және ағзаның жас ерекшелігіне қарай дамитынын биология пәнінің мұғалімдері мен психологтар түсіндірмей ме? Ал, шынашақтай қыздарымыз болса, кәмелеттік жасқа толмай боянып, табиғи сұлулығына балта шабуда. Қиылған қасы мен кірпігін жұлып, орнына жасандысын жапсырады. Олардың тәрбиесіне ұстаздан бұрын жауапты анасы қайда қарап отыр?
Екінші мәселе, жастардың рухани әлемі жұтаңдап барады. Мұны олардың қоғамдық жұмыстарға араласпауынан анық көруге болады. Нарық заманында өмір сүрген соң ба, бүгінде ешкім тегін жақсылық жасағысы келмейді. Бір мысал келтірейін, Америкада бір әжейдің ауыр жүктерін көтеріспек болып көмектескісі келген «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан ауыл қазағының басы дауға қалған деседі. Әлгі мұны ұры деп ойлап, полиция бөлімшесіне шағым түсіріпті. Өйткені, ол жақтағылар қазақтың қанына сіңген адамгершілік қасиеттерден жұрдай екен.
Тәрбиеге тірелгенде, тағы бір мәселенің шеті шығады. Қазір технология дамыған заманда телекөрсетілім аясы едәуір кеңейді. Шетелдік болсын, өзіміздің отандық телеарналарда кино мен хабарларды былай қоғанда, бағдарламалар мен ток-шоулардың неше түрі көбеюде.
Олардың ішінде тәрбиелік мән-маңызы жоғы да бар. Бүгін бар, ертең ел есінде қалмайтын бір күндік бағдарламалар да кездеседі. Бірақ, бүгінгі қоғам олардың аражігін ажырата алады. Себебі, теледидар алдында отырған көрермен өте талғампаз. Егер телекөрсетілім қызықтырмаған жағдайда, керегіңді ғаламтор желісінен тауып алуыңа болады. Сондықтан, телеарна редакторлары жұртшылықтың назарын аудару үшін түрлі амал-айлаға барып жатады. Соның бір көрінісі – қазақ тіліне аударылған түрік, үнді, тай елдерінің телехикаялары.
Осы орайда бір ойландыратыны, өзге халықтың әдет-ғұрпын насихаттаған киноны көріп өскен ұрпақтан ертең қандай азамат шығады?! Өзіміздің ұлттық кодымызды танытатын телехикаялар неге түсірілмейді? Мәселен, жақында «Nur.kz» сайты үндістандық жоралғымен той өткізген қазақстандық жұп жөнінде хабарлаған болатын. Міне, бұл – сөзіміздің айқын дәлелі. Ендеше, теледидарға телмірген халық өзіне керегін, соның ішінде болашағына қажетін ғана алса деген тілегім бар.
Біле білсеңіз, өз заманында Мағжан Жұмабаевтың айбатты арыстан, қайратты жолбарыс пен қанатты қыранға теңеген жастарымыздың бүгінгі сиқы қандай? Олар ертең артылған сенімнен шыға ала ма? Кемел келешек пен баянды болашақтың жарқын үлгісі бола ала ма? Жас буын өкілі болған соң, осы сауалдармен өзімді де күнделікті қамшылап отырамын. Өйтпегенде ше? Елбасы жүктеген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыратын – басқа емес, біздер. Сондықтан, уақытты тиімді өткізіп, қоғамның дамуына үлес қосу керек. Осы орайда, соңғы кезде жастар арасында қалыптасқан теріс үрдістерге де көз жұмып қарауға болмайды.
Міне, Елбасының өз мақаласында: «Ұлтымыздың өзіндік кодын сақтап қалу үшін ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап өтуі де сондықтан. Тағы бір мысал, БАҚ пен ғаламторда «ағаш отырғызып жатырмыз» деп жар салатын жастар сол егілген талдарға кейін күтім жасай ма? Әттең, оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Өндіріс орындарының зиянды қалдықтарына тұншыққан қала орталығын жасыл баққа айналдырғымыз келсе, сөзден іске көшіп, бұрынғы «Тимуршылар қозғалысын» қайта жандандыру керек сияқты.
Үшіншіден, жастар қара жұмысқа құлықсыз. Бұл мәселені де жырлай-жырлай жақ талды. Әсіресе, тұрғындары екі-үш мыңнан аспайтын ауылда балабақша, мектеп, емхана, дүкеннен басқа жұмыс орны да қалмады. Осыдан кейін, «урбандалу үрдісі жүріп жатыр» деп дабыл қағамыз. Естеріңізде болар, Тоқтар Серіковтің орындауындағы «Көршінің қызы» әні (сөзі Бекжан Әшірбаевтікі) бір кездері қазақ жастарының арасында хитке айналған еді ғой. Сонда «ауылдан біздің неге кетеді, ауа райы ма жақпаған?» деген жолдар бар. Бұл жолы жастарға ауа райы емес, әлеуметтік ахуал жақпай отыр.
Ал, санақ көрсеткіштерінде егіншілік секілді маусымдық кәсіппен шұғылданушылар есепке алынады. Бұлай «ауруды жасырғаннан» не ұтамыз? Көптеген оқу орындарында жастар сұранысқа ие емес мамандықтарды меңгеріп жатыр. Бүгінгі еңбек нарығы есепке алынбайды. Бұл – білім жүйесіндегі кемшілік. Осы орайда, жұмыссыздықты жоюмен айналысатын бір жауапты орган құру қажет сияқты.
Мөлдір БАЛТАБЕКҚЫЗЫ
Abai.kz
6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320