Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 7678 28 пікір 20 Қазан, 2017 сағат 12:21

Дархан Кәлетаев, сенат депутаты: Үшінші жаңғыру – болашақ таңдауы

– Құрметті Дархан Аманұлы, биылғы жыл өзгерістерге толы болды. Соның ішінде еліміздегі саяси-реформа, билік тармақтарындағы міндет бөлінісі заң шығарушы органға да жаңа міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеп отырғаны анық. Әңгімемізді осыдан, яғни, Сенат­тың жаңа маусымдағы қызметі мен жоспарларынан бастасақ…

– Дұрыс айтасыз, биылғы жыл еліміз үшін ауқымды саяси-экономикалық, рухани өзгерістер жылы болды. Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы аясындағы билік тармақтарының міндет бөлінісі, экономиканы цифрландыру мен ырықтандыру, «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы – Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл кешенді реформалар жақын болашақта мемлекет пен қоғам дамуының кепіліне айналатын болады.
Осы тұрғыда ел Парламентіне де Ата заңымызға сәйкес қосымша өкілеттіктер берілгенін білесіздер. Біз бұл өкілет­тіктерді артықшылық ретінде емес, қосымша жауапкершілік пен міндеттер ретінде қабылдап отырмыз.
Парламенттің VI шақырылымының үшінші сессиясын ашқанда Мемлекет басшысы Ұлт жоспары мен Жолдау ая­сындағы барлық бекітілген бағ­дарламаларды табысты жүзеге асырудың маңыздылығын атап өткен болатын. Ол үшін билік тармақтарының, соның ішінде Парламент пен Үкіметтің, қо­ғамның ауызбіршілігі, өзара бірлескен іс-әрекеті қажет. Бұл орайда Сенатта да кешенді, жүйелі әрі тыңғылықты заң шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Нақты атқарылып жатқан жұ­мыстар жөнінде таратып айтып өтсеңіз артық болмас еді.

– Сенаттың қызметі, сенаторлардың жұмысы халықтың көз алдында ғой. Таратып айтсақ, биылғы жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті қараймыз. Осы уа­қытқа дейінгі заңнамада жер қойнауын пайдаланушылар үшін бірқатар кедер­гілер болғаны мәлім. Жаңа редакция бойынша жер қойнауын пайдалану­шылар үшін де, инвесторлар үшін де процедуралар мейлінше жеңілдетілетін болады.

Cалық режимін оңтайландыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл ретте кейбір тиімсіз салық жеңілдіктерін ал­дырып тастауды көздеп отырмыз.
Тағы бір маңызды заңнамалық құжат әскерилерге қатысты. Әскер мен арна­йы құрылымдар – мемле­кеттің аумақтық, ұлттық қауіпсіздігінің кепілі. «Өз әскерін жабдықтай алмаған ел өзгенің әскерін тойғызады» деген сөз бар екенін білесіз. Қазақстан Тәуел­сіздігін алған күннен бастап, Қарулы Күштеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан әскері, күш­тік құрылымдары пост­кеңестік мем­лекеттердің ішінде алдыңғы қатарда, бәсекеге қабілетті, дайындығы жоғары.

Алайда біз жауынгерлердің рухы, тәртібі, әскери дайындығымен қоса, олардың отбасыларының әлеуметтік жағдайына назар аударуымыз керек. Жаңа заңнамада әскери қызметшілерді, Ішкі істер, прокуратура, ұлттық қауіп­сіздік қызметкерлерін тұрғын үймен қамту мәселесі пысықталып жатыр.
Сонымен қатар Парламентте 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланып жатыр. Бұл жобаның маңыздылығы айтпаса да түсінікті шығар. Алдағы үш жыл мерзім­дегі мемлекеттің, халықтың күнкөрісі мен табысы, өмір сүру деңгейі осы бюджетке тікелей байланысты.

Халықаралық келісімдерді ратифи­кациялауға байланысты заңдардың өзі – бір шоғыр. Қазақстан алыс-жақын көршілермен, шет мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста. Оның аясында әлеуметтік, экономикалық, халық­аралық көлік қатынасы, құқықтық көмек, экология сияқты сан алуан мәселелерді өзара іс-қимыл шеңберінде шешуіміз қажет.

Сондай-ақ 2018 жылға көлік, ойын бизнесі, тұрғын үй коммуналдық ша­руашылығы, банкроттық туралы заң­намаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған.

Әкімшілік процессуалдық кодекс жобасы қаралады. Бұған да ерекше назар аударылып отыр.

Бизнестік ортадағы ахуалды жақ­сарту мақсатында заңнамалық база жасап, бизнесті бақылауды азайту, өзге де кедергілерді жою көзделген.

Жоғарыда айтып өткенімдей, мемлекеттік басқару деңгейлеріндегі өкілеттіктерді бөлу жұмысы да жалғасын табатын болады.

Келесі жылы елімізде алғаш рет «Кинематография туралы» заңды зер­делеп, қабылдау жоспарда бар. Мұның өзі отандық кино өндірісінің жаңа тынысын ашуға, жаңа сапаға көтерілуіне оң ықпалын тигізеді деген үміттеміз.

Мемлекет пен дін арасындағы қа­рым-қатынас та заңнамалық тұрғыда мейлінше жетілдірілетін болады.

Бір сөзбен айтқанда, біздің алды­мызда өте ауқымды әрі кешенді жұ­мыстар тұр. Жоғарыда аталған заңна­малық өзгерістер мемлекеттің, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына жоғары серпін беретіні анық.
Жоғарыдағы заңдарды жан-жақты талқылап, зерделеп, қабылдау мақса­тында сенаторлар Үкіметпен, сарап­шылармен, қоғаммен, сайлаушылармен тығыз жұмыс істеуге әрдайым дайын.

– Сіз жақында Елбасының сенім білдіруімен қайтара сенат депутаты боп тағайындалдыңыз. Сонымен қоса, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшы­сысыз. Аталған комитет қызметі мемлекеттің ең маңызды, стратегиялық саласына қатысты ғой. Соңғы уақытта комитет жұмысы жанданып келеді десе де болады. Маусым басталмай жатып бір­неше жиындар, кездесулер өткіздіңіздер.

– Иә, Мемлекет басшысы маған сенім артып, қайтара Сенат депутат­тығына тағайындады.

Елбасының қамқорлығын, қолдауын үнемі сезініп отыру – біздің жеке басы­мыз үшін де, қызметіміз үшін де үлкен абырой. Өз басым мұндай абырой мен сенімнің артында зор жауапкершілік тұрғанын бір сәт те естен шығарған емеспін.

Сіз айтып отырған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қызметі – мемлекеттің стратегиялық негіздерімен, ұстаным­дарымен тікелей байланысты, күрделі әрі нәзік сала.

Сессия басталғаннан бері заңна­малық тұрғыда да, қоғамдық белсенділік тұрғысынан да біраз шаруаларды қолға алып жатырмыз.

Осы екі айдың ішінде бірқатар ха­лықаралық келісімдерді қысқа мер­зімде ратификацияладық. Мысалы, күні кеше ғана қару саудасын реттеу тетіктерін жетілдіру бойынша заңды талқыдан өткіздік. Бұл да – өзекті мәселе. Қару түрлері, соның ішінде қарапайым қару-жарақты сату, тарату, тасымалдау ісі заң тұрғысынан ретке келтіріліп жатыр.

Біз елдің ішкі, сыртқы жағдайына мұқият көңіл бөліп отырмыз. Өткенде Комитет өзінің Алматы облысындағы көшпелі отырысын өткізіп келді. Сол іс-шаралар шеңберінде Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтында, Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті Шекара қызметі академиясында болдық. Көшпелі отырыс барысында курсанттармен, оқытушылармен, жұртшылықпен кездесулер өткізілді. Осы мекемелердегі оқыту әдістемесімен, материалдық базасымен таныстық. Әскери клиникалық емхана мен Әскери және әдістемелік дайындық орталық­тарын көрдік.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан әскерилердің кәсіби дайындығы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Әрине, бұл да аздық етеді. Әлем елдерінің озық Қарулы Күштерімен терезесі тең болуы үшін жауынгердің қаруы сай, қарны тоқ, қуаты, ерік-жігері жоғары болуы қажет. Жоғарыда аталған, Парламент қабырғасында жатқан заң жобалары осы мәселелердің түйінін шешеді деп ойлаймын.

Күні кеше Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның жетекшілігімен Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің қызметі бо­йынша көшпелі отырыс өткізілді.
Қазақстанның батыс өңірінің стра­тегиялық қауіпсіздік тұрғысында маңызы орасан екені белгілі. Оның үстіне, біздің Әскери-теңіз күштері бі­рыңғай осы аймақта шоғырлан­дырылған. Отырыс барысында шекаралық қызметті күшейтіп, елдің әуе қорғанысын нығайту мақсатында үш жылдық бағдарлама қабылдау жайы көтерілді. Браконьерлік, отандық кеме жасау, әскерилердің әлеуметтік ахуалы талқыланды. Бұл жұмыстар Комитет қызметінің бір бөлігі ғана.

Сенат еліміздің ішкі, сыртқы сая­сатындағы бұдан да өзге маңызды шараларға белсене ат салысып келеді. Мысалы, келесі жылдың күзінде VI әлемдік және дәстүрлі діндер лидерле­рінің съезі өткізіледі. Мемлекет бас­шысының бастамасымен өткізілетін Діндер съезі хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еке­нін білесіздер. Съезге дайындық қазірдің өзінде басталып кетті.

– Жалпы, еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанымы лайықты бағасын алып отыр ғой. Мұны бәрі растайды. Кеше ғана АҚШ-тың Мемлекеттік хат­шысы Рекс Тиллерсон да Қазақстанның жаһандық бастамаларына жоғары баға берді.

– Дұрыс айтасыз, Қазақстанның тәуелсіздік алған уақыттан бергі ұс­танған көпвекторлық саясаты өз жемісін беріп отыр. Қазақстан – бүгінде Орта Азиядағы елеусіз ғана мемлекет емес, әлемдік саяси сахнада беделді, салиқалы, кім-кімге де өз сөзін тыңдата білетін, өткізе алатын мемлекет. Әлем­дік қауымдастық біздің елімізді ядролық қаруды таратпау қозға­лысының көш­басшысы, сенімді серіктес, іргелі эко­номикалық, әскери қуаты бар мемлекет ретінде таниды.

Біз сыртқы саясатта көптеген іргелі істер атқардық. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымыздың өзі көп жайтты аңғартса керек.

Астанадағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық, Шанхай ынты­мақтастық ұйымдарының, Ислам конференциясы ұйымының, МАГАТЭ-нің басқосулары, ядролық қарусыздану бастамасы әлемде үлкен қолдауға ие болып отырғанын атап айтуға тиіспіз.

Бүгінде Астананың Сирия шиеле­нісін шешудегі орасан ролін ешкім жоққа шығара алмайды. Елордада неше қайтара өткен күрделі де ауыр келіс­сөздердің арқасында исламның бесігі саналатын өлкедегі қантөгіске тосқауыл қойылып жатыр.

Осының бәрі Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлік тұлғасына тікелей байланысты.

Жақында ғана Астана «Жаңа ядро­лық қатерлерге қарсы тұру» атты Пагуош конференциясын өткізді. Өздеріңізге белгілі, Пагуош конферен­циясы – әлемдегі ең ықпалды, беделді жиындардың бірі. Оны кезінде Альберт Эйнштейн бастаған, адамзаттың ақыл-ойы дерлік ұлы ғалымдар құрған. Мұн­дай жиынның Сарыарқа төрінде, қазақ жерінде өтуі – біздің бейбітсүйгіш халқымызға көрсетілген тағы бір құрмет.

– Конференцияға қатысқан ғалымдар да қазақ халқының көрген бейнеті мен бейбітсүйгіштігі туралы айтып жатты ғой…

– Жалпы, біздің еліміз соңғы жүз жылдықтың өзінде қаншама зобалаң­дарды бастан кешірді.

Отаршылдық, революциялар, аштық, репрессиялар, ядролық сынақ­тар және т.т. Меніңше, соның бәрі біздің тарихымыз бен тұрмысымызға ғана емес, генетикалық, ұлттық коды­мызға өшпестей таңба салып кетті.

Біз ежелден кеңпейіл, ақжүрек халықпыз әрі мұндай қасіреттердің басқа халықтың басында қайталануын да қаламаймыз. Өз үйімізде тұрақтылық пен ынтымақты сақтай отырып, өзгелерге де соны үлгі еткіміз келеді. Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы да – осы. Сондықтан сіз айтқандай, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы болсын, өзге мемлекет пен халықаралық ұйымдар жетекшілері болсын, Қазақстанға қарата айтылған мақтаулар орынды және шынайы деп ойлаймын.

– Алайда Қазақстанның сыртқы сая­саттағы белсенділігі, беделі кейбі­реулерге ұнамайтын сияқты. Тіпті бауырлас, көрші мемлекеттер басшыларының өзі кейде түсініксіз позиция ұстанатындай көрінбей ме? Мысалы, Атамбаев…

– Кез келген мемлекеттің өз мақсат-мүдделері болады. Бұл – табиғи нәрсе. Бірақ сайлаушыларды, қоғамдық пікірді саясаткерлер жеке басының мүддесіне пайдалана бастаған сәттен мемлекеттің мүддесі аяқталады. Оның орнын нау­қандық, болашағы бұлыңғыр, мемлекет ұстанымымен мүлде қабыспайтын саяси мақсаттар басады. Ең қауіптісі, мұн­дай бассыздықтар мен жауапсыз­дықтар мемлекеттер мен халықтардың арасына сына қағуға итермелейді. Осыдан абай болғанымыз жөн.

Сайлауда халықтың емес, қарақан басының мүддесін күйттеп кеткен Атамбаев секілділердің жөнсіз айып­таулары мен желөкпе мінезін осы қалыпта қарастыру керек болар.

Бір қуантатыны, біздің билік те, қоғам да бұл жағдайда жоғары парасат­тылық пен саяси ұстамдылық танытты.

– Сіз әрқашан ойыңызды осылай ашық айтасыз. Бірақ халықтың арасында «Сенаторлар жалпыхалықтық, әлеумет­тік мәселелерге үн қоса бермейді. Мәжіліс депутаттары оларға қарағанда анағұрлым белсенді, ашық» дегенге саятын пікірлер бар. Бұған қалай қарайсыз?

– Келіспеймін, әрине. Сенат қабыр­ғасында өмірлік тәжірибесі толысқан, жоғары білікті, кәсіби әріптестерім жетерлік. Олар кез келген мәселе бойынша өз ой-пікірлермен бөлісіп отырады.

Бұл жерде мынаған назар аударғым келеді: заң шығарушы органның басты міндеті – елдің бүгіні мен болашағын сауатты, әділетті заңнамамен қамта­масыз ету. Арзан популизммен, сай­лаушылардың алдында тегін ұпай жинаумен айналысу емес. Біз де, біздің қоғам да ондай «балаң санадан» әлде­қашан арылған, өтіп кеткен деп ойлаймын.

– Енді ішкі саясатқа оралсақ. Елбасының жыл басында жария еткен Үшінші жаңғыру идеясы, саяси-эконо­микалық, рухани реформалар бастамасы дер кезінде қабылданған шешім екені анық. Осы жайындағы ойыңыз қандай?

– Жаңарып, жаңғырусыз мемлекет те, қоғам да алға жылжымайды. Тәуел­сіз­дік жылдарындағы Қазақстан да­муына көз жүгіртсеңіз, біз үнемі эволю­циялық, прагматикалық жол мен ұстанымда болғанымызды көруге болады. Соның арқасында ширек ға­сырдың ауқымында екі бірдей жаңғы­руды бастан кештік. Оның бірі – егемен мемлекеттің алғашқы алғышарттарын негіздеп берсе, екіншісі – тоқсаныншы жылдары қолға алынған реформалар мен мақсаттарды толыққанды жүзеге асыруға, табыспен аяқтауға мүмкіндік туғызды.

Қазақстанның Үшінші жаңғыруы­ның табиғаты мүлде бөлек. Бұл – ая­ғынан жаңа тұрған немесе ауыт­қымалы реформалар жетегіндегі елдің бастамасы емес, саяси құрылымы мығым, эко­номикасы тұрақты мемлекеттің бола­шақ бағдары.

Жалпы, әлемдегі дамыған, бәсекеге қабілетті елдердің барлығының да өз жаңғыру жолы болғанын білеміз. АҚШ-тағы түбегейлі жаңғыру – жаппай индустрияландыру үдерісі президент Рузвельттің кезінде жүргізілді. Соның арқасында олар адам сенгісіз тех­нологиялық, мәдени революцияларды бастарынан өткеріп, бүгінде дүние жүзіндегі ең алпауыт елге айналды.
Соғыстан кейінгі Германия мен Жапонияның мысалы да осыған саяды. Немістер де, жапондықтар да санада, саясатта, экономикада жүргізілген орасан реформалардың арқасында үйінді астындағы елдерін аз ғана уақыттың ішінде көшбасшылыққа алып шықты.

Мұстафа Кемальдің кезіндегі Түркия, Ли Куан Юдың тұсындағы Син­гапур немесе Махатхир Мухаммад­тың Малаизия елдері өз дамуында үлкен өзгерістер жасады. Осының барлығы прог­рестің, болашақтың кілті жаңғы­руда екенін көрсетеді.

Қазақстан әлем елдерінің осынша­лықты бай тәжірибесін ескере отырып, өзіндік жаңғыру жолын таңдап алды. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидасы мемлекеттік құрылым мен шаруашылық басқаруды өзгертіп, жаңартып қана қойған жоқ, қоғамдық, әлеуметтік қатынастарды, рухани құн­дылықтарды жаңғыртты. Н.Назарбаев өзінің де, халықтың да күш-жігерін әр кез елді жаңартып-жаңғыртуға бағыттады, енді ол өз жемісін беріп отыр.

Бүгінгі Қазақстанның саяси, эко­номикалық, рухани жаңғыруы өткен мен бүгіннің, болашақтың тарихи, табиғи үндестігіне, дамуына бағыш­талған. Ол үндестік өзге елдердегідей революциялық тәсілмен емес, эволюциялық қалыппен дамуға бет алды деп айтуға толық негіз бар.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың, қоғамның жаппай қолдауына ие болып жатыр. Мұны немен түсіндірер едіңіз?

– Расында да, биылғы жылдың сәуірінде жария етілген Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы сакралды құжатқа айналып үлгерді.

Ширек ғасыр бойына өзгерістерге түскен, сұрыпталған, пісіп-жетілген қо­ғамдық санаға осындай бір концеп­туалды құжат, қозғаушы күш қажет болатын.

Өзіңіз қараңыз, осы уақыт ішінде тәуелсіздіктің тұтас бір буыны дүниеге келіп, тәрбиеленіп шықты. Олардың бойында кеңестік кезеңнен қалған кембағалдық комплекстері де, қатып-семген стереотиптер де жоқ. Олар – еркін, білімді, жаһандық жаңалықтар мен құндылықтарды жатсынбай қабылдай алатын естияр ұрпақ. Мұндай қоғамда ерте ме, кеш пе тың идеоло­гиялық, жаңашыл серпілістерге сұраныс туатыны ақиқат. Міне, осындай сәтте, дер кезінде Президент «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын ұсынды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көтерілген алты мәселе – бәсекелік қа­білет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эво­люциялық даму мен сананың ашықтығы бүгінгі қазақ қоғамының алдындағы темірқазық іспеттес.

Бұл қасиеттер мен құндылықтар қай-қай қоғамға да аса қажет және ХІХ ғасыр адамының бейнесін түзеді. Халықтың, жастардың рухани жаңғы­руды жаппай қуана қабылдағанын, қолдағанын осы себептермен түсіндіруге болады.

Н.Назарбаев рухани жаңғыру идеясын манифест түрінде ұсынып отырған жоқ, бағдарлама мақсаттарынан туындайтын нақты міндеттерді қоса белгілеп берді. Қазірдің өзінде бағдар­лама аясында «Туған жер», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Жаңа әліпбиге көшу» жобаларының қызу қолға алынып жатқанын көріп отырмыз.

Ең бастысы, Бағдарламаның нақты да терең концептуалдық негізі жасалған. Мұның өзі мемлекеттің ішкі саясаттағы, идеологиялық бағыттағы жұмыс ауқымын, мүмкіндіктерін көрсетеді.

Жалпы, белгілі саясаткер, Елбасы­ның сенімді серігі Марат Мұханбет­қазыұлы Тәжин ішкі саясат тізгінін ұстағаннан бері бұл салада үлкен өзге­рістер мен игілікті істердің атқарылып жатқанын атап өту керек.

Бағдарлама жарияланғаннан бері жарты жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде біз де ел арасында жиі болдық. Сонда байқағаным, халықтың, әсіресе, жастардың өз тамыр-тарихына, туған елі мен жеріне, тілі мен дініне, мәдениетіне деген көзқарасы, қы­зығушылығы еселеп арта түскендей көрінді. Отаншылдықты, патриотизмді жалаң ұранмен емес, нақты үлгі-өнегемен, іспен насихаттау осындай болса керек.

– Сіз айтып отырған бастамалардың ішінде латынға көшу мәселесі – ең қызу талқыға түскен тақырыптардың бірі. Жаңа әліпби нұсқасы алғаш Парламент­те таныстырылды ғой. Бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?

– Иә, қазақ тілінің латын гра­фикасындағы жаңа әліпби нұсқасы алғаш Парламентте таныстырылды. Мұның да символдық мәні бар деп ойлай­мын. Мемлекетіміздің, ұлтымыз­дың бола­шағына тікелей қатысы бар, аса маңызды, өзекті мәселелердің бәрі де Парламент қабырғасында ашық та белсенді түрде талқылануы тиіс. Тіл мә­се­лесі, әліпби мәселесі – ұлттың рухы­ның, жанының, болашағының мәселесі.

Қазақ тілі әліпбиінің латын гра­фикасындағы бірыңғай нұсқасын бекіту көпшіліктің қолдауына ие болып отырғаны – дау туғызбайтын нәрсе. Ендігі мәселе – осы нұсқаның ең оңтай­лы, ең жеңіл үлгісін қабылдау.

Бұған дейін де айтып жүрміз, тағы да қайталайық: қазіргі таңда «Латынға көшеміз бе?» деген сұрақ күн тәртібінде жоқ. Күн тәртібінде «Латынға көшудің қандай тиімді жолын таңдаймыз?» деген мәселе ғана тұр. Сондықтан латынға көшу бастамасын бұдан әрі сан саққа жүгіртіп, саясиландырып, күрделен­дірудің қажеті шамалы деп санаймын.

Президент айтқандай, бұл тұрғыда ешқандай асығыстыққа жол берілмейді. Жаңа нұсқа екі жыл апробациядан өткізіледі. Ішінара өзгерістер болуы да мүмкін. Меніңше, ендігі жұмысты тіл мамандары мен ғалымдардың еншісіне қалдыруымыз керек. Ең бастысы, жоғары деңгейде қабылданған саяси шешімді бір ауыздан қолдап, заң жүзінде бекіту қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Н.НАРЖАН

Aйқын газеті

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383