Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5594 21 пікір 24 Қазан, 2017 сағат 11:35

Үкіметтің ашып, қайта жапқан жобалары...

...Қарыз туралы сөз қозғағанды жөн көрдік. Өйткені қыруар қарызға белшесінен батқан қазақ үкіметі өткен жылы Қырғызстанды жарылқап, 100 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешімге келген.

Қырғыздың төртінші президенті Алмасбек Атамбаевтың Президент Назарбаев әм оның үкіметі жүргізіп отырған экономикалық саясат жайлы сын сөздерінен кейін екі елдің шекарасында шектеу пайда болды. Жүздеген көлік кептеліп жатты. Қараша халық шекарадағы шарбақта "шыжғырылып" тұрды. Тауар-блокадасы қырғыз саудагерлерін әбігерге салды.

Содан, қызды-қыздымен асыра сілтеп жіберген Атамбаев ақырында тілінен сүрінгенін мойындады. Дегенмен, дау әзірге басылмай тұр. Қырғызстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі мен Президент аппараты қазақтар беретін 100 миллион доллардан бас тартты.Бұған олар әбден құқылы.

Өз халқын жетістіріп алсын!

"Олардың сол 100 миллион долларды қалай беретінін білеміз ғой. Мен: "Беретін болсаңыздар берсеңіздерші" дегенді бірнеше рет айттым. Тіпті, сол ақша бізге керек те емес. Алдымен өз халқын жетістіріп  алсын!".

Бұл - Атамбаевтың арқырап тұрғанда айтқан сөзі. "Қазақ билігі өз халқын жетістіріп алсын!"

Сыртқы қарызымыз 163,8 миллиард доллар

Енді факт. 2017 жылдың сәуіріндегі дерекке көз жүгіртсек, Қазақстанның өзге мемлекеттерге қарызы - 163,8 миллиард долларды құрапты.  Бұл - жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 26,1 пайызына тең. Сонда әрбір қазақстандық сыртқа 9 мың доллардан артық қарыз болып шығады. Бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемнің 201 елінің ішінде 35-орында тұр. Сорлағанда, бұл - басқа емес, Мемлекеттің монетарлы саясатын жүргізіп отырған Ұлттық банктың дерегі.

Әуелі, кез келген мемлекет бір-бірінен немесе халықаралық ұйымдардан қарыз алады. Алып та жатыр. Жалпы қалыпты жағдай. Мәселе қарыздың көлемінде емес, қарыз алушы мемлекеттің төлем қабілетінде. Мысалы, сыртқы қарызы көп елдердің тізімінде дамыған мемлекеттер көш бастап тұр. Яғни, сыртқы қарыз елдің кедей, не бай екендігін көрсетпейді. Көрші қырғыз, өзбектің бізбен салыстырғанда сыртқы қарызы аз, бірақ бұл олардың экономикасы мықты екендігін білдірмейді, сәйкесінше, біздің де жапондардан сыртқы қарызымыз аз, десе де экономикамыз олардан қуатты емес.

Дегенмен біз кімдерге қарызбыз? Дәлірек айтсақ, қазақ Үкіметі кімдерге қарыз?

Нидерландыға  – 47,3 миллиард доллар. Бұл сома жалпы қарыздың 30 пайызы (шамамен). Ұлыбританияға  – 24,6 миллиард доллар немесе жалпы қарыздың 16 пайызы (шамамен). Қытайға – 12,6 миллиард доллар немесе жалпы қарыздың 8 пайыздан астамы. Ал Францияға 11,7 миллиард доллар қарыз екенбіз.

Кейбір деректерде еліміз бақандай 114 елге қарыз делінеді. Олардың ішінде тіпті ұсақ-түйек аралдар да бар көрінеді. Иә, дәл солай. Мәселенки,  Джерси аралына 34 миллион, Сейшел аралдарына 335 миллион, Кайман аралдарына 447 миллион доллар берешек-мыс.

Міне, жағдай солай. Бұл Тәуелсіздіктің 27 жылында жеткен жетістігіміз. Анығында, Үкіметтің, биліктің жетістігі.

Үкімет демекші, мына бір деректерге де көз жүрігте кеткен абзал. Қазақ Үкіметі жоғарыдағы қыруар қаржыны қайда жұмсауы мүмкін? Әлгі 163 миллиардты жер жұтып кетпеген болар?

Желмен бірге жоқ болған миллиардтар

Ол қаражатқа заманауи зауыттар ашылған екен. Тек тұрақты түрде өнім шығара алмаған бұл зауыттар айналасы екі-үш жылда жабылып қалған. Сенбесеңіз, қараңыз:

Ашуын-ашып, бірақ түбі аяқсыз қалған жобалар:

1. «Тұлпар» автомобилі зауыты. Ашылуы: 1997 жыл. Жабылуы: 1998 жыл Жұмсалған қаржы: 1млн АҚШ доллары.

2. Балқаш мырыш зауыты. Ашылуы: 2003жыл. Жабылуы: 2009 жыл Жұмсалған қаржы: 120 млн АҚШ доллары.

3. «Ютекс» мақта өңдеу кешені. Ашылуы: 2004 жыл. Жабылуы: 2011 жыл Жұмсалған қаржы: 19,3 млн АҚШ доллары.

4. «ҚазСат» спутнигі. Ашылуы: 2006 жылы ұшырды. Жабылуы: 2008 жылы істен шықты. Жұмсалған қаржы: 65 млн АҚШ доллары.

5. «Биохим» зауыты. Ашылуы: 2006 жыл Жабылуы: 2012 жыл. Жұмсалған қаржы: 88,6 млн АҚШ доллары.

6. «Тасқала» цемент зауыты. Ашылуы: 2007 жыл. Жабылуы: 2010 жыл Жұмсалған қаржы: 210 млн АҚШ доллары.

7. «Ақтау-сити» қаласы. Ашылуы: 2007 жыл. Жабылуы:2013 жыл Жоспарлаған жоба.

8. SiliciumKazakhstan кремний зауыты. Ашылуы: 2008 жыл. Жабылуы: 2013 жыл. Жұмсалған қаржы: 420 млн АҚШ доллары.

9. «Азия Керемик» керамогранит зауыты. Ашылуы: 2010 жыл. Жабылуы: 2013 жыл. Жұмсалған қаржы: 35 млн АҚШ доллары.

10. Ауыл шаруашылығына арналған «фермер» ұшақ шығаратын зауыт. Ашылуы: 2011 жыл. Жабылуы: 2012 жыл. Жұмсалған қаржы: 1, 648 милиард теңге. Бірде-бір ұшақ шығармаған.

Жалпы жиынтықта бұл он жобаға бюджеттен  2 милиард 606 миллион доллар жұмсалған екен. Бірақ, өзін-өзі ақтамаған. Ақырында банкрот болған. Сонымен әлгі 2 миллиард доллардың сұрауы жоқ, жоқ болды.

Рас-ау, жерінің асты мен үсті кенге толы еліміздің етек-жеңі түзелгенше, түтерге жүн, күтерге күн қалмайтын уақытта терезенің сыртында тұрғандай, құдды.  Масқара болғанда, батыстық басылымдар Қазақстанның қазіргі әлеуметтік деңгейін Африканың Руандасы секілді елдерімен қатар қоя бастады. Өкімет өпелемек түгілі, өті жарылып кетсе де, бұл - факт. Қарызға батқан Қазақстанның қазіргі жағдай солай боп тұр.

Айтпақшы, Қырғызстан, біз беретін 100 миллион доллардан бас тартты.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349