Бақытгүл Сәрмекова. "Ақындардан жеріну"
(әңгіме)
- Арқалы ақын… Ақыраған ақын… Сонааау Атыраудан келген арда ақынымыз Итбай! - деп сампылдап тұрған асаба жігіттің сөзін аяқтатпастан қолындағы микрофонын жұлып алған күйі Ақын шықты ортаға арқаланып. Айналасын шөп басқан айдын көлге ұқсайды екен басы… Шаш атаулыдан ада болған төбе мейрамхана шамдарына шағылысады. Жұдырықты түйіп алып, жерді теуіп тұрып ұзын сонар дастан оқыды. Тойға жиналған қауым жалыға бастады. Шетте отырған Елтай қалғып кетіп, кері оянып еді, Итбай әлі сөйлеп тұр. Әйелдер жағы өзара әңгімеге көшкен. Музыкант жігіт құлаққабын киіп алып, өз рахатын өзі сезініп отыр. Арақты сүйетін ақжүрек бажалар өздері кішігірім орта құрып алған. Шетте жалғыз мөлиіп Орынгүл ғана тыңдап отыр ақынды. «Өлең түсінбейтін бейшаралар!» деп сөкті іштей өзгелерді. Бірақ өзі де нақты нені түсінгенін білмейді. Ақын ақыраған сайын бойын діріл билеп, көзі жасаурап, қолының, сирақтарының балапан түктері үрпиіп барып басылады (қолтығын қысып отыр).
Өзінің ойынша Орынгүл өлең үшін жаралған. Бала кезінен апасынан бастап, көрші-көлем, ұстаз, ағайын туысқан, ең ақырғысы тауық қорада жаңа туылған жұмыртқаға да өлең шығарған. Жұмыртқаға арнап шығарған өлеңі «Өмір» деп аталады:
"Ей, тас жұмыртқа, сенде де өмір бар.
Өмірді казірден бастап көріп ал.
Қазір-ақ таспен жарып тастасам біттің ғой,
Мына өмірді көрместен блинчик болып кеттің ғой…" деп басталатын өлеңі өзінің ойынша шедевр.
Көзін ақыннан алмады. Ортаға шығып бұл да бір-екі өлеңін оқығысы келді де, алайда ішіп отырған ағасынан ығысты.
Сонымен не керек, қандай жолмен тіл табысқаны белгісіз, ақынмен танысып та үлгерді. Тері шыпшып сыртына шыққан шыт көйлегінің қалтасынан Итбай визиткасын алып, Орынгүлге ұстатты. Визиткасы дымқылданып қалған екен, Орынгүл бетіне басты.
Қаланың асфальтіне табаны тиісімен Итбай ақынды іздеді. Он бір ойланып, тоқсан тоғыз рет толғанып отырып хабарласты ақыры. Итбай жетіп келді. Кредитке алған қара «14» машинасына Орынгүлді отырғызып алып, селкілдетіп Жайықтың жағасына алып келді.
- Өлең оқы, ақын қыз! - деді.
Орынгүл телефонынан «Көңіл толқыны» әуенін жіберді де, аса бір қайғылы кейіппен «Өмір» атты өлеңін оқыды.
Итбай ойланып отырып:
- Өлең жаман емес. Бастысы сенде жүрек бар. Өлеңнің не екенін білесің. Қара борбай халық оны да түсінбейді. Біз адамдардың ең жоғары сатысымыз! - дегенде Орынгүл елжіреп, көзіне жас келді. Жылауға батпады, көзіне жағылған сүрмесі ағып кетіп, албасты түрімнен Итбай шошып кетер деді.
- Мына ағаң тегін адам емес. Сенде батылдық бар, жүрек бар, ең бастысы ақынсың! Мен сені әлемге әйгілі етем. Газетке берем, бүкіл ел мойындайтын ақын боласың! - дегенде Орынгүл ақыры шыдай алмады, көздің жасына ерік берді. Итбай телефонын шұқылап отырып:
- Мына ғалым ағаңды танисың ба? Іііі… Мына жазушыны ше? Теледидардан көретін мына ақынды ше? - деп бүкіл аты мәшһүр тұлғалардың телефон нөмірі сақталған тізімнен көрсетіп шықты.
- Іііі… танысаң сол. Мен бәрімен хабарласып тұрамын. Жолыңды ашамын. Менің бір ауыз сөзім. Бізде жүрек бар. Сүйе аламыз. Ғашық бола аламыз… Ал, өзге қараборбай халық… Иә, қойшы соларды…
Орынгүлдің көз алдынан өзінің теледидардан сұхбат беріп отырған сәті жылт етіп елестеп кетті. Атақты болғанда былай деп сұхбат берем деп бұрыннан іштей дайындалушы еді. «Ақындық жолға түсірген, осы жолға баулыған ардақты адамдарыңыз бар ма?» деген сұраққа бастауыш сыныптағы мұғалімін айтамын деп ойлаушы еді. Ол ойынан айнып қалды. Дәл алдында асқар таудай болып Итбай отыр емес пе?
- Ертең газетке өлеңіңді береміз! Сағат үште дайын бол! - деп қоштаса бере: - аузыңнан сүйейінші, - деді. Ерін деген жоқ, аузыңнан деді! Ақындардың өжеттілігі осы шығар деп ойлады Орынгүл. Кеудесінен кері итеретін дәрмен жоқ, Ақынға бәрі жарасатындай көрінді. Ең бастысы оларда жүрек бар, сезім бар. Көзін жұмды. Бетіне тақала бере Итбайдың басындағы бас киімінің күнқағары бұның маңдайын тіреп қалып, ығысып кетті де, айнадай жылтыр таз басынан жиналып қалған қайызғақ тектес қаспақтар бетіне шыбын қонғандай әсер қалдырып, жауып жатты. Ақынға бәрі жарасады.
Ертеңгі сағат үште кездесті. Итбайдың артынан ілескен иттей болып зәулім ғимаратқа келді. Ішке кіріп кетіп біреулермен сөйлесіп болғасын мұны шақырды:
- Бұлақтың көзін ашайық! Таланттардың самғауына жәрдемдесейік, - деп газет редакторына аса тебіренсіпен сөзін жеткізді Итбай. Редактор адам көңілін қалдырмайтын ақкөңіл жан екен, өлеңді оқып алып, аздап жымиды да:
- Келтіреміз ғой жайлап, - деп басын шұлғып келіскендей болды.
Ғимараттан шыға салысымен Итбайда бұрын байқалмаған маңғаздық, көкірек пайда болды:
- Ағаң тегін емес дедім бе, дедім. Өлеңіңді өткіземін дедім бе, дедім. Енді сен де менің айтқанымды орындасаң, ертең теледидардағы бағдарламаға шақырту жіберткіземін. Асыл тастың су түбінде жатпайтынын дәлелдейміз, -деді.
Аспан өртеніп жерге түсердей аптап ыстықта өртенердей болып тұрған қара машинаға мінген екеу көпқабатты үйдің алдына тоқтады. Міңгірлеп отырып Итбай сезімін білдірді. Орынгүлдің түріне емес ең алдымен талантына бас игенін, ұнатып қалғанын, қазір бейшара күйге түскенін жеткізді. Сөздерінің арасына Мұқағалидың өлеңдері де Итбайға телініп, шарасыз күйде кетіп жатты.
Екеуі үйге кірді. Темекінің иісі әбден сіңген үйдің төсегі көптен жуылмаса керек, гүлді түрі көзге белгісіз түске боялыпты. Түгі жыпырайған кір-кір кілемнің үстінде 42 өлшемді крассовканың ізі жатыр. Асығыс біреу кіріп кетсе керек, шамасы.
Жан-жағын барлап үлгермей жатып Итбайдың құшағында кете барды. Бір кезде көзін ашса аса ауыр салмақтағы Итбайдың астында ақ бөлкедей иленіп жатыр екен. Аюдай ақыраған Итбайда ес жоқ. Екі көзі тарс жұмық, өн бойын тер басқан. Бір кезде ғана барып сылқ етіп аунап түсті. Мұрынына қолаңсаның ашқылтым иісі келіп, есін жиғызды, Орынгүлдің. Төбеге қарап еді, бір жағы сынған люстраның сымдары шығып, үзілейін деп тұр екен. «Осыны ілмесе де ренжімес едік» деп ойлады іштей.
Газетке басылған өлеңін көріп, іштей күліп алды. «Өмір» деген тақырыбы ғана бар, бірақ мүлде өзге өлең, бірақ авторы Орынгүл деп жазылған. Ақкөңіл редактор бұлардың көңілін жықпай, өлеңді өңдеген екен. «Ақыны да, өлеңі де құрысын!» деді. Ақын деген сөзді естісе көз алдына сынық люстра елестеп, мұрынына қолаңсаның иісі келетін болды.
ТҮЙЕБАЙ
(әңгіме)
– Былай ғой…? - деді ұртындағы етті екі азуына кезек-кезек алмастыра отырып шайнаңдаған күйі. Шанышқыны ұстап, тәрекелкедегі қиярды аса өшпенділікпен қадап алды да, аузына асығыс лақтырып жібере қырш еткізіп бір тістеп, асқазанға қарай жөнелтіп жіберді.
– Былай ғой… Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе… Жаныңнан әлгі жырпылдаған қатындар да шықпайды, оңашада қалай кезіктірем деп жүр едім.
– Қатын емес, жап-жас қыздар ғой әлі жиырмаға толмаған.
– Қатын болмаса да болады да ертең-ақ… Ыыхыхыхых…
Селкілдей күлді. Аскөктің бір күлте жапырағы екі күрек тістің ортасынан орын тауыпты.
Айбике теріс айналды. Жүрегінің айнығанын басайын деп салқын су ішті. Стаканның жиегіне тиіп қалған далаптың ізіне Түйебай жұтынып қараған күйі сөзін қайта жалғады:
– Әлгі сенің жаныңдағы қатындарды айтам да… Сенен әдемі емес ешқайсысы.
«Жағымпаздануын-ай шіркіннің!»
– Тамағың суып қалатын болды ғой, жемесең әкелші бері. Сендер адал тамақтың қадірін де білмейсіңдер осы. Қатындар сол ғой.
Тауықтың борбайын қашып кетердей бес саусағымен бүре ұстап алған күйі аузына апарды:
– Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе. Ұнатамын сені. Алдында сыйлығымды алған шығарсың?
Айбике еріксіз жымиды. Бір жұп түйе жүнінен тоқылған шұлық қырық екінші өлшемді аяқ киім киетін адамға арналып тоқылғаны көрініп тұр. Шамасы апасы Түйебайдың өзіне тоқып берсе керек.
– Алдым.
– Киіп ал. Аяғыңнан сыз өтеді.
Етсіз қалған тауықтық борбай сүйегін шаруаң бітті, енді не керегің бар дегендей салдырлатып тәрелкеге лақтырып жіберді:
– Үйленеміз! – деді сосын әй-шәй жоқ.
«Мәссаған, мынауың пысық қой!»
Айбике не айтарын білмей үнсіз қалып қойды. Үнсіздік келісім белгісі деп ұққандай Түйебайдың жүзі жадырап сала берді.
-Іштей маған ерекше қарайтыныңды сезіп жүрмін. Қыз бала ғой (қыз деген нәзік сөзді Түйебайдың аузынан бірінші рет естуі), сезімін жеткізуге бата алмай жүрген шығар деп өзім бастап отырған жайым бар.
Салмақты адамның кейпіне еніп, ойланып қалды. Тісін тазалап отырған шұқығышын мұрынына апарды да, тыжырынды. Тіс шұқығышын шертіп жіберді сосын. Көрші үстелдерге қарай бет алып тіс шұқығыш ұшып бара жатты.
Түйебай телефонын алып біраз әуреленді. Баданадай бармақтары екі-үш батырманы қатарынан басып кетіп, әлдекімнің нөмірін тере алмай ұзақ отырды.
- Иә, болды. Жарты сағаттан кейін,- телефонмен қысқа-нұсқа қайырып шаруасын да шешті.
Беті желге әбден тотығып, әжімдерінің ортасына ғана күн тимей ақ сызықтар орын алыпты. Әңгімесін тағы жалғады:
- Бала кезден бірге өстік. Ағаң жоқ болса да, бар тентектен өзім қорғадым сені.
Айбике айтарға сөз таба алмады, айтып отырған шаруасының тіптен үйлеспейтінін, күйеуге тиетін, соның ішінде Түйебайдың өзіне тиетін ойы мүлдем жоқ екенін қалай жеткізерін білмей әбден састы. «Жарты сағат шыдайын, осыдан кеткесін сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!».
«Апаң сәлем айтып жатыр, апаң ет беріп жіберіп еді, апаң қызымның жағдайы қалай деп сұрап жатыр» деп жатақхананы жағалап жүрген Түйебаймен оңаша кешкі ас ішуге қалғанда, мынадай ғаламдық маңызы бар әңгіме естимін деп ойлап па бұл Айбике?
- Түйебай аға, ұзақ отырдық қой. Мен қайтайын.
- Қызымды қараңғыда жалғыз жіберіп қойдың деп апаң ұрсып жүрер. Жатақханаңа зу еткізіп жеткізіп тастайын. Жиен машинасымен күтіп тұр сыртта.
Тез құтылудың қамын ойлап Айбике басын изеді. «Енді сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!» деді сыбырлап. Түйебай жалғанды жалпағынан басып, талтаңдап сыртқа шығып бара жатыр. «Есеп айырыспайсыз ба, аға?» деп дызақтаған даяшы қыздың қолына бес мыңдықты ұстатып жатып:
- Артығы керек емес. Сендер де бір тойыныңдар менің тойымда, - деп ырқылдай күлді. «Тойымда» деген сөзді ерекше әндете айтты. Машинаға отыра салысымен:
-Ал, жиенбай, бас жатақханаға!- деді де тағы да себепсіз күлді.
Жаңбыр сіркірей бастаған жалтыр асфальтті қақ жарып, машина зулай жөнелді. Айналма көшемен бірден қаланың сыртына қарай бұрылды. Өз ауылынан қатынайтын көк автобустың жолына түскенде Айбике бажылдады, еңіреді, өкірді. Түйебайдың қарулы қолы оның нәп-нәзік иығын қаусыра құшақтап, тыпырлатпады.
- Тентек болма, болды,- деп ырқылдай күлді тағы. Алдағы қарсы келе жатқан машинаның жарығы шағылысқан Түйебайдың жүзіне көзі түсті. Әлі аскөк жапырағы қыстырулы тұрған тістерін көрсетіп ырсылдай күліп келе жатыр екен.
Abai.kz