Сенбі, 23 Қараша 2024
Бірлігіміз жарасқан 9661 27 пікір 15 Қараша, 2017 сағат 08:10

15 қараша - теңге төрге шыққан күн

Бүгін – Ұлттық валюта – теңге күні. Осыдан тура жиырма бір жыл бұрын дәл осы күні төл теңгеміз айналысқа түскен. Бұл күн мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыз асқақтап, өзгенің емес, өз ұлттық ақшамызды қолға ұстап, қазақы дүниеміздің қатары қосылып қуанғанбыз. Содан бері бұл күннің мерейі үстем – мереке. Осындай айтулы мерекеде төл теңгеміздің тарихына көз жүгіртіп, жылжи өткен жиырма бір жылдағы жаңалықтарын түгелдей түгендей алмасақ та, там-тұмдап сыр шертіп, ақшамыздың айрықша артықшылықтарын, түр-түсін әңгімелеп, теңге әлеміне саяхаттап қайтқанымыз орынды шығар…

Теңге өз тарихында екі түрлі дизайнда болды. Біріншісі 1993 жылы айналысқа енсе, екіншісі 2006 жылы жарыққа шықты. «Не нәрсенің де алғашқысы ыстық көрінеді» ғой, мүмкін көптен күткен төл дүниеміз болған соң да шығар, тұңғыш теңгенің түрі, қазіргі тілмен айтқанда дизайны кім-кімнің де жадында жақсы сақталғаны рас. Ұлттың бүкіл болмысы, нағыз нақы­шы, қазақы келбетін бейнелеген төл теңгенің жөні бөлек, әрине. Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандарды арамызға қайта оралтқандай болған ол теңгелер тарихқа таңба­ланған тамаша тарту десек те артық айтқандық болмас. Ал бүгінде теңгенің түр-түсі, келбеті өзгерді. Себебі, заман озды. Уақыт соны талап етті. Технология дамыды. Ал технологияны меңгергендер ақ­шаны заңды жасаушылар ғана емес, жалған ақша жасаушылар да қазіргі заманғы құралдармен жарақтанғанын жадыдан шығаруға болмайтын еді.

Заман озады, технология тозады

Негізінен алғашқы теңгені шы­ғарған кезден-ақ дизайнерлер олардың 10-15 жыл қызмет ететінін тұспалдаған екен. Өйткені, банкноталардың сол кездегі «өмір сүру» заңдылығы осыны шамалады. Бірақ осы уақыттар аралығында тек жаңа технологиялар, жаңа машиналар пайда болып қана қоймай, сонымен бірге банкнота әлемінің жаңа стандарттары қалыптасты. Тіпті, қазір жаңа дизайнның қолданылу мерзімі – төрт-бес жылға дейін қысқарған. Себебі, қолдан ақша жасаудың бірден-бір тосқауылы, оның құпия бейнелерін өзгертіп отыру болса керек-ті. Сөйтіп, заман ағымына сай теңгенің де дизайнын ауыстыру қажеттігі туындады. Нәтижесінде жаңа банкноттар полиграфиялық және ком­пьютерлік технологиялардың дамуы және Ұлттық Банктің жа­ңа қорғаныш, машинамен оқу элементтерін ендіру бойынша жос­парлы жұмысын жүзеге асырды. Қазақстан Ұлттық Банкі әлемдегі қандай көркемдік, технологиялық үрдістер басым, әлемдік валюталық сала қай бағытта қозғалыста деген ізденістердің легімен 2006 жылы айналымға жаңа дизайнды банкноттар дайындап шығарды. Мұндағы шаралар банкнотадағы адам бейнесінің болмауын және олардың қорғаныс қабілетінің жоғары болуын көздеді. Осылайша жаңа банкноталардың бет жағында, орталық бөлігінде «Астана-Бәй­терек» монументі бейнеленді. Банкнотаның ортасында көк, қоңыр және жасыл жолақтарда Қазақстан Республикасы мемлекеттік әнұраны ноталарының фрагменттері ақ түспен бейнеленген, осы жерге номиналдың сандық белгісінің контуры ақ сызықтармен жүргізілген. «Бәйтерек» монументінің сол жа­­ғында еліміздің мемлекеттік ел­таңбасы, жоғарғы оң жақ бөлігінде Қазақстан Республикасының мем­лекеттік туы бейнеленген. Банкно­таның төменгі жағында ашық ала­қан бейнеленген. Мемлекеттік әнұран ноталары астында эмитент банктің атауы мемлекеттік тілде «Қазақстан Ұлттық банкі» деген жазу жазылған, оның астында жалған ақша жасау жауапкершілігін ескертетін «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген мемлекеттік тілдегі жазу орна­ласқан. Ал банкнотаның сыртқы жағында негізгі бейне Қазақстан картасының контуры, содан соң түрлі номиналдарға орай әртүрлі суреттер бар. Мәселен, Астанада Есіл өзені арқылы өтетін көпірде орнатылған қанатты барыстың біреуі, Қорғаныс министрлігінің ғимараты және жайлау, Астана қаласы әкімдігінің үйі және теңіз үстіндегі шағала, Президент мәдени орталығының үйі және тау­лар, Алматы қаласындағы Абай атындағы опера театры және тау өзені, Алматы қаласында орналасқан Тәуелсіздік монументі, «Қазақстан» қонақ үйі және Іле Алатауының таулары, Ақорда резиденциясы және артқы жағында каньондар. Бұл банкноттар 200 теңгеден 10000 теңгеге дейінгі номиналдардан тұрады. Бұған дейін ақша айналысында 10000, 5000, 2000, 1000, 500, 200, 100, 50, 20, 10, 5, 3 және 1 теңгелік банктік бан­­­кноттар, 20, 10, 5, 3 және 1 теңгелік металл монеталар, 50, 20, 10, 5, 2 және 1 тиындар болған еді. Бірақ бүгінгі күні 1 теңгеге дейінгі тиын монеталар айналыстан алынды. Сондай-ақ, 100 теңгеге дейінгі номиналдағы банкноталар, яғни, қағаз түріндегілер айналыста жүрмейді, олардың орнында металдан жасалған монеталар қолданыста жүр. Ескі үлгідегі және 2006 жылғы үлгідегі ақша белгілерінің айналыста қатар жүру кезеңі 1 жылға ұласты.

Негізінде жаңа дизайнды жасау және алғашқы таралымды басып шығару көп уақытты талап ететіні белгілі. Оған бір себеп жо­ғарыда айтып өткеніміздей, қазіргідей технологияның дамыған заманында талаптар үдесінен шығу оңай емес. Әрине, заман «сұрайды екен» деп ақша дизайнын жиі-жиі ауыстыруға да болмайтыны тағы бар. Оның бәріне экономикалық заңдылықтарға сүйене отырып кірісу жөн. Сондықтан, көптеген елдердің орталық банктері айыр­бастауға қатысты жағдайды ушық­тырмай, шартты жағдайларда, ел­дің экономикалық ахуалына және ұлттық валютаға қойылатын талап­тарға байланысты оңтайлы нұсқаларды таңдайды.

Үш мәрте «жылдың ең үздік банкноты»

Бұрын ақшаны ауыстыру себептері де басқа болған екен. Айталық, тарих беттерін ақтарсақ, көбіне қандай да болсын саяси және тарихи оқиғаларға, мәселен, монархтың ауысуы, төңкерістер, бірігулер, апаттар, басып алулар басты себеп болған. Одан кейін айналымдағы жалған ақшаның дағдарысқа әкелетіндей көлемінің пайда болуына байланысты да мәселелер туындаған. Ал кейінгі кездерде техниканың талаптары басымдыққа ие бола бастады. Өздеріңіз білетіндей, қазір ақшаны қабылдайтын техника көп, оған күнделікті қолданыстағы түрлі терминалдарды, банкоматтарды мысалға келтіруге болады. Ақшада санау машинасы, сондай-ақ автоматтардан тауар сатып алғанда ақы төлеу кезінде оқылатын элементтер де кейіннен пайда болды. Бұл бүкіл әлемде өзекті мәселе. Қазір кәсіпқойлар қорғаныш эле­менттерін көркемдік құнына үңіліп, бағалайды, микроәлемнен бастап ұлан-ғайыр ғарышқа дейінгі идея­ны ғаламдануға түзете отырып байқайды. Оны дизайндегі жаңа сөз немесе әлемді таңғалдыратын әрекет екенін түсінуге талпыныс жасай отырып, осы ақшалардың артықшылығы мен кемшілігін талдайды. Ал осы ретте біздің төл теңгеміз әлемдік сарапшылар сұрыптауынан жақсы баға алып жүргенін атап өтпеске болмас. Қазақ теңгесінің кейбір үлгілері өзінің дизайны мен қорғаныштық қабілеті жағынан әлемдегі ең сәтті жасалған купюра болып есептеледі. Оған бір дәлел – ҚР Ұлттық Банкінің номиналдары Халықаралық банкнот қоғамдастығының бағалауымен үш мәрте «жылдың ең үздік банкноты» атанды. Мәселен, биыл мамырда Халықаралық банкнот қоғамдастығы (International Bank Note Society) Ұлттық банктің түркі жазба ескерткішіне арнаған, номиналы 1000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотын «2013 жылғы ең үздік банкнот» деп таныды. Ал былтырғы жылы бұл дәрежені «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5000 теңгелік банкнотымыз иеленген. Сондай-ақ, Халықаралық банкнот қоғамдастығы «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Ал биылғы Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші ең үздік банкнот атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болып табылады. Себебі, осы кезге дейін бірде-бір елдің ұлттық валютасы үш жыл қатарынан марапат алып көрген емес. Сыйлықты алуға 12 елдің банкноты, айталық АҚШ-тың 100 доллары, 5 еуро банкноты, Ресейдің Сочи олимпиадасына арналған ескерткіш 100 рубльдік банкноты үміткер болған еді.

Бүкіл әлемнің банкнот коллек­ционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайды. Бұл коммерциялық емес ұйымның негізі 1961 жылы қаланған және бүгінгі күні оның әлемнің 90 елінен екі мыңнан астам мүшесі бар.

Өнер мен техниканы түйістірді

Сонымен, біздің банкноттардың дизайнына қайта оралсақ. Банкнота бір-бірінен айырмашылығы бар түрлі реңмен пайдаланылған. Бұл біріншіден, басқа номиналдармен шатастырып алуға мүмкіндік бермейді. Тағы да бір ерекшелігі – қағаздың өзі, құрамы және сипаттамасы бойынша алдыңғысынан айырмашылығы бар. Ол жақсар­тылған беріктік сипаттамалары бар, барынша төзімді және айналыста ұзақ уақыт болатын беріктігімен ерекше. Әлемнің барлық банкноталары біріктіретін бір мақсат ол – ақшаның төлем құралдары қызметі. Сондықтан банкноталар барынша қорғалған болуы тиіс. Әрбір елдің өзіне тән ақшаны басып шығарудың өзіндік құны болады, ол экономикалық мүмкіндіктерден туындайтыны түсінікті. Жалған ақша жасаушылардың іс-әрекетінен болған әлеуетті шығын, тіпті аса бай емес елдің өзін қазіргі заманғы жоғары және қымбат технология­ларды пайдалануға және жақсы қорғалған ақша басып шығаруға мәжбүр етеді. Орташа алғанда барлық номиналдағы банкноталарда 15-ке дейін қорғаныш элементтері бар. Олардың бір бөлігі басу тәсіліне байланысты. Бірақ әрбір ел үшін эксклюзивтік элементтер бар. Қорғаныш элементтерін таңдау купюраның нақтылы құнына да байланысты. Мәселен, 200 теңгеге жоғары және орта банкноталарға тән аса қымбат элементті қоюдың жөні жоқ. Қорғаныш номиналдың өсуіне қарай ұлғаяды. Бұл – жалпы үрдіс, бірақ суретшінің технология­ны және қорғаныш элементтерін қалай пайдалануы мен ендіруінің де маңызы бар. Қағаз ақшаның қызмет ету мерзімі әртүрлі. Ұсақ номиналды теңгелер 6-9 ай, орташа номиналды купюралар – 3 жылға дейін, жоғары номиналдар 5 жылға дейін айналыста жүреді. Бұл ретте, банкнот әзірленетін материал да ескеріледі. Арнайы қағаз аса жоғары сапалы және төзімді болуы тиіс. Сондықтан ақша жасалатын қағазға мақта немесе зығыр талшығын қосады. Соңғы кезде кейбір елдер пластик ақша шығара бастаған. Тез тозбайтын оларды пайдалану мерзімі 3-4 есе ұзақ. Пластик ақшаны Австралия, Сингапур, Канада және басқа елдер пайдаланады. Бірақ бұл банкноттардың бір кемшілігі – олардың қорғаныштық деңгейі төмен деседі.

Ақша басып шығарудың да өз құны болады, және ол соншалықты арзан емес. Банкнотты шығару құны қағаздың сапасы мен банкноттың қорғаныш дәрежесіне қарай бел­гіленеді. Қазіргі кезде ақша шығару қымбаттап бара жатқаны байқалады. Мысалы, 1999 жылы АҚШ-та 1 долларлық купюраны шығару 4 цент, 2000 жылы – 5 цент, 2005 жылы – 6 цент тұрса, өткен жылы 14 цент болыпты.

Дизайнерлер өнер мен техноло­гияның түйіскен жерінде жұмыс істейді. Көбіне купюраның төлем жасауға қабілеттілігі және кө­рер көзге тартымдылығы басым түседі. Сондықтан көркемдік тұрғыдағы тартымдылық пен үрдістер бірыңғай технологиялармен және полиграфиямен түзетілсе де, жалпы алғанда әртүрлі елдегі айырмашылығы әрқалай. Мысалы, көптеген мұсылман елдерінің банкноталарында портрет жоқ. «Бұл ішінара алғанда исламның дәстүрін көрсетсе керек. Ұлыбританияның бұрынғы отар елдері үшін ортақ нәрсе – ағылшын тіліндегі мәтіннің сақталуы болса, бұрынғы кеңестік валюталарда кеңестік ондықтар немесе жүз рубльдіктерге жақын композициялар сезіліп қалады. Және де жаңа мемлекеттердің көпшілігі өзінің ерекшелігін, ұлттық идеясын, менталитетін және олар үшін негізгі болатын елдің өзіндік бірегейлігін көрсетуге тырысады. Жалпы алғанда ақша басып шығарушылар үшін мөлшері бойынша айырмашылығы бар әртүрлі номиналдағы купюраларды шығару маңызды. Не мөлшерлес үйлесіммен дизайны ұқсас болған кезде, яғни, бірдей портреттің, бірдей түс гаммасының ортақ қорғаныш элементтерін, бірдей көрінетін детальдарды пайдалану жалған ақша жасаушылардың жұмысын жеңілдетеді» дейді дизайнерлер.

Негізінде ақша жасалатын қағаздың өзі және бояу да қор­­­ғаныш болып табылады. Олар­ды небәрі бірнеше компания шығарады. Осы фирмалар ғана қағазды, бояуды, жабдықты тек қана орталық банктердің меншігіндегі құрылымдарға ғана сата алады. Қағаздың бірде-бір қиындысы бө­тен адамға сатылмайды екен. Сонымен қатар, көрсетілмеуі тиіс. Шығарылған қағаздың әрбір мил­лиметрі есептелген, барлық көлемі қатаң түрде бақыланады, ал артығы жойылады. Әрбір елге арналған қағаз әртүрлі. Сондықтан барлық қорғаныш элементтері, айталық сутамғы белгілер, талшықтар, жіптер қағазды өндіру кезінде, бастапқыда салынады. Және олар әрбір орталық банк үшін жеке өзіне арналған. Осы ретте ұлттық валютаны қорғау шикізатты өндіру кезеңінен басталады деуге әбден негіз бар.

Abai.kz 

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394