Сенбі, 23 Қараша 2024
Осы ғой енді... 5858 11 пікір 16 Қараша, 2017 сағат 11:33

Қостанай Нью-Йоркке айналды

Бұл күндері Қостанай шенеуніктерінің тайлы-таяғы қалмай бөркін аспанға атып қуанып жүр. Бейне бір әкелері тіріліп келгендей шаттық құшағында. Өйтпегенде қайтсын. Олар өздерінше шаһар халқына дүниежүзінің халқы аузын ашып, көзін жұмып таң тамаша болатындай ғажайып аялдама салып беретін көрінеді. Онысы аз да емес, бақандай - 45. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, олар аялдама құрылысын бастап та кетіпті.

Қазір басым көпшілігі салынып та бітті. Жылдамдығы мен ширақтығында мін жоқ. Осы қалпынан таймаса көп ұзамай бәріміз де сол адам естіп, көз көрмеген аялдамаға барып рахаттана демалатын шығармыз. Тек бір әттегені-ай, осы креативті аялдаманы кезінде Астанада өткен ЭКСПО жетістіктерінің бірі ретінде жарнамалай алмағандығы. Әйтпесе бәрі қатып кеткен дегенді жиі айтады оның авторлары.

Мен ЭКСПО дегенді босқа, қалжың ретінде айтып отырғаным жоқ. Жоба авторларының пікірлерінше мұндай аялдаманы ешбір елден таба алмайсың. Егер ол осыншама керемет болса, неге халықаралық көрмеге қатыспай, көптің назарынан тыс қалады деген жанашырлық қой біздікі. Өтірік айтты демес үшін біз алдымен осындай елден ерекше жоба жасап, оны жеңіп алған «Алма-Тау Инжиниринг» (бізде фирма атауы осылай күлді-бадам жазыла беретіндегіне көзіміз үйренген. Қайран қазақ тілі) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Зульфикор Бектаевтың байқамай болса да мақтана айтқан сөзі көптеген жайты ашып салды.

Әлгі бизнесіміз: «Біз бұл аялдаманың негізін Американың Нью-Йорк қаласындағы Бесінші көшесінен алдық. Сол қалпымен емес, алайда өте ұқсас. Мұның ең артықшылығы - олардың тек әйнектен жасалатындығы», - деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Жараған екенбіз, халқымызға жанашыр мырза қарық қылған екен. Сонда әлгі ізденгіш, тапқыр бизнесіміз тек қалқиған әйнектен ғана салынған аялдаманың біздің алтай қыс болатын, сол мезгілде бет қаратпайтын қақаған қара суығы мен өкпек желі бір басылмайтын өлкеде жұп-жұқа шыны кімге сеп болады, кімді суық пен желден қорғайды деп ойлайды екен? Аяздан қырау әбден басып қалған аялдамадан анадайдан келе жатқан автобусты қайдан көресің. Сірә, біздің бизнесмен Американың май тоңбайтын жылы табиғатын арқаның қара суығымен шатастырып алған болар.

Жарайды, географиядан мүлдем хабары жоқ бизнесменді қоя тұралық, (ондайлар бізде жетіп артылады) ал осы обьектіні қабылдап алған қала басшылығының мамандары қайда қараған? Әлде олар жыл он екі ай мерзімін Нью-Йоркте өткізеді ме екен? Мүмкін, әлгі бизнесмен мен қала шенеунігі егер біздер ешкімге білдірмей аялдаманың эскизін шетелден жымқырып кетсек, жаңашыл атанып мүмкін көзге түсерміз деген қиялына ерік берген шығар. Олай болса бұл қиялы қала халқына аса ауыр тигелі тұр. Біздің есептеуіміз бойынша шаһарда салынатын 45 аялдамаға бюджеттен тура 45 миллион теңге бөлініпті. Не деген мырзалық? Төрт қабырғасына төрт-ақ әйнек кететін бұл аялдама-сымаққа аттай бір миллион теңге бере салу қандай жомарттыққа жатады? Мұның өзі есебін тауып екі жеп, бюджеттің ақшасын білдірмей жымқыру емес пе деген ой келеді. Мүмкін мұны тиісті жемқорлыққа қары күрес ұйымдары назарға алар.

Аялдаманың тағы бір осал жағы бар. Қала жастарының көбісі түнде ермек іздеп көшеде сандалып жүреді. Сондайда анау әйнегі жарқырап тұрған, қасында ешбір жан жоқ жылтырақ дүние қызықтыратындығы сөзсіз. Содан соң әрине ойларына неше түрлі бұзақы дүниелер кіреді. Бұл ойымызды Зульфикор Бектаевтың өзі де мойындайды.

- Жақында су жаңа павильон салдық. Ал арада екі-ақ күн өтпестен әйнектерін іске алғысыз етіп быт-шыт қылып кетіпті. Енді қайттік. Мүмкін оның жанына бір-бірден полиция қоярмыз.

Ия, енді қалғаны онсыз да шаруасы мойнынан асып жатқан полицияға тапсыру шығар мұны. Мүмкін, мәнсіз-мағынасыз қиялдан арылып, шыны-мыны дегенді қойып, мына Павлодар, Қызылжар, Көкшетау секілді қалаларда әдемі кірпіштен өріліп, адамдарға жайлы да пана боларлық сәнді де қолайлы аялдамаларға көз салмасқа. Сонда мүмкін халықтан алғыс аларсыз. Әйтпесе бәріміз бірдей Нью-Йоркка барып өмір сүре алмаймыз ғой.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5483