Жалағаштағы жарқын істер жалғасын тауып жатыр
Қызылорда облысының Жалағаш ауданында «Серпін» индустриалды өндіріс аймағында орналасқан «Өркен Әлем» ЖШС-ның «Арнайы киім тігу шеберханасының» жалпы құны 38,2 млн теңгені құрайды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағыты бойынша 20 адам үш ай мерзімде тігінші мамандығын оқып, кәсіби даярлықтан өткен. Цех меңгерушісі Ақылхан Босшаеваның айтуынша, осы уақытқа дейін жұмыссыз отырған қыз-келіншектер жұмысқа белсене кірісіп кеткен көрінеді. Мемлекеттік тапсырыс арқылы әскери киімдер тігіп жатқан олардың шебер қолынан шыққан бұйымдар сапалы көрінеді. Еңбекақылары уақытылы. Сондай-ақ, жылы да жайлы шеберханада жұмыс жасауға барынша қолайлы жағдай жасалған. Келешекте кәсіп аясын кеңейтіп, жалпы 40 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Бұдан әрі аймақтық ақпарат құралдарының өкілдері Жаңаталап ауылындағы «Айзере» жүн түтетін цехының жұмысын көрді. Ауыл тұрғыны Мейрамкүл Романқұлова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 1 млн теңге жеңілдетілген несие, сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 600 мың теңге грант иеленіп, аталған жобаны жүзеге асырып отыр.
Жоба жетекшісі М.Романқұлованың айтуынша, осы уақытқа дейін ауылдағы уақ малдың жүні іске аспай, ысырап болып жататын. Енді ауыл тұрғындары мал жүнін осында әкеліп өткізеді. Одан әрі жүн жуылып, өңделіп, боялып, киіздер, текеметтер, көрпе-көрпешелер әзірленеді. Мұнда қазіргі таңда үш адам жұмыс жасайды. Жобаның басты мақсаты – киіз үй жабдықтарын дайындау болғандықтан, олар түрлі-түсті жіптер иіріп, киіз үйдің бауларын, белдеулерін тоқиды. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық нақыштағы бұйымдарды әзірлеу ісі жас ұрпақпен жалғасатыны ауылдың қарттарын да қуантады.
Ал Мәдениет ауылындағы «Жанайым» балабақшасы осы жылдың қазан айынан жұмысын бастаған болатын. Бүгінде балабақшада 3-5 жас аралығындағы 50 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Жалпы мұнда 11 адам жұмыс жасайды. Балабақша меңгерушісі Гүлжан Хайруллақызын әңгімеге тартқанымызда, ол жобаның құрылтайшысы жас кәсіпкер А.Әміреева балабақша ғимаратына қажетті үйді сатып алып, талапқа сай жабдықтаған. Балалар мұнда қазақ және орыс тілдерін үйреніп, жалпы білім беру бағдарламасының аясында тәрбиеленуде. Балабақшаның қызмет ақысы – 3000 теңге, оның ішінде көп балалы аналарға жеңілдіктер қарастырылған.
Аудандағы кәсіпкерлік жобалардың ішінде көпжылдық тәжірибесі бар «Сәйгүлік» шаруа қожалығының орны ерекше. Олай дейтін себебіміз, бұл отбасылық кәсіпкерлік құрылым осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2013 жылы жұмысын бастаған еді. Дәлірек айтсақ, сол жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен «Ауыл кредиттік серіктестігі» ЖШС-нан 5 млн теңге несие алып, ет бағытында мүйізді ірі қара малын өсіруді қолға алған болатын. Алғашқыда 35 бас малды күтімге алып, оны көбейту мақсатында көп жұмыстар жасады. Соның нәтижесінде, бүгінде шаруа қожалығында мүйізді ірі қара малының саны 150-ге жуықтады. Биылғы жылы жүз аналықтан 62 пайыз төл алынды.
«Сәйгүлік» шаруа қожалығының төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетовтың негізгі мамандығы – мал дәрігері, сондықтан ол бұл шаруаның қыр-сырын жетік біледі. Өзінің айтуынша, жылқы баптап, тазы ертіп, саят құратын қазақтың төл дәстүрін жанына жақын тұтады. Сондықтан балаларын жеті атасын біліп, жеті қазынасын түгендеп, ұлттық құндылықты ұғынып, ата кәсіпке бейім болуға баулыды. Шаңырақ шырайы, алты баланың анасы Бақыт апамыз ағарған өнімдерінен айран, құрт, май, ірімшігін дайындап, келіндерін де осыған үйретіп отырады. Еңбегі қайтып, екі ұлы мал шаруашылығына ден қойды. Ал осыған дейін әкесінің бастамасына қолғабыс етіп келген Әлімбек Нұрмағанбетов бүгінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өз алдына кәсіп ашып, жұмысын бастады. Қазіргі таңда «Сәйгүлік» шаруа қожалығында қысқы маусымға әзірлік жұмыстары аяқталып, қыстау басына электр жарығын жеткізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Жаңалыққа жаны құмар Қабылбек ағамыз мұнда күн көзінен қуат алатын қондырғы орнатуға арнайы мамандарға тапсырыс беріпті.
Ауыл-аймаққа қадірі мол азамат бүгінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтап, ауыл жастарының адал еңбек етуіне, жалпы қарапайым еңбекке деген құрметтің қалыптасуына көп көңіл бөледі. Өткен жылы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жүлдесін жеңіп алған бұл шаңырақта байыпты тәрбиенің берекелі үлгісі сақталған.
Берік Аманхан
Қызылорда
Abai.kz