Сәрсенбі, 22 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4895 0 пікір 15 Желтоқсан, 2010 сағат 12:48

Бақытжан Ертаев: «Батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды»

Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант  Бақытжан Ертаев (суретте) төмендегі сұхбатында Ауған соғысына қатысқан жылдарынан тағылымды естеліктер айтып отыр. Ол «біз қазақ батыр, рухты елеміз» дейді. Қан майданда  қазақ сарбаздарының «Әруақ!» деп ерен ерліктер жасағанын тебірене әңгімелей келіп, бүгінгі оқалы ұлықтардың кей қылығы көңіліне жақпайтынын да ашық айтады. Соғыста ауған жұртының дінін, дәстүрін силау қажеттігін қол астынадығы жауынгерлеріне үйретуге ұмытылған әрекеті де оқырманымызды  бей-жай қалдырмайтынына бек сенеміз.

- Сіз, Кеңес Өкіметінің Ауған халқына «интернационалдық» көмек көрсету мақсатындағы «қысқа мерзімдік шарасының» соңы, тоғыз жылға созылған соғыс қимылдарына қатыстыңыз. Оқ пен оттың арасында жүргенде, сенім күшті болды ма, әлде батылдық па?

- Біріншіден, Отанымызды, елімізді келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Біздің Тәуелсіз ел атанғанымызға 19 жыл болды.  Осы жылдар ішінде көп нәрсе өзгерді, қазақ елінің кім екенін бүкіл дүние білді.

Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант  Бақытжан Ертаев (суретте) төмендегі сұхбатында Ауған соғысына қатысқан жылдарынан тағылымды естеліктер айтып отыр. Ол «біз қазақ батыр, рухты елеміз» дейді. Қан майданда  қазақ сарбаздарының «Әруақ!» деп ерен ерліктер жасағанын тебірене әңгімелей келіп, бүгінгі оқалы ұлықтардың кей қылығы көңіліне жақпайтынын да ашық айтады. Соғыста ауған жұртының дінін, дәстүрін силау қажеттігін қол астынадығы жауынгерлеріне үйретуге ұмытылған әрекеті де оқырманымызды  бей-жай қалдырмайтынына бек сенеміз.

- Сіз, Кеңес Өкіметінің Ауған халқына «интернационалдық» көмек көрсету мақсатындағы «қысқа мерзімдік шарасының» соңы, тоғыз жылға созылған соғыс қимылдарына қатыстыңыз. Оқ пен оттың арасында жүргенде, сенім күшті болды ма, әлде батылдық па?

- Біріншіден, Отанымызды, елімізді келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Біздің Тәуелсіз ел атанғанымызға 19 жыл болды.  Осы жылдар ішінде көп нәрсе өзгерді, қазақ елінің кім екенін бүкіл дүние білді.

Ауған соғысына келсек, бұл соғыстың  ақиқаты әлі ашылып біткен жоқ. Бірақ, біздің сарбаз жазушымыз, Бақыт Смағұлдың арқасында,  біраз кітаптар шықты. Өзіме келсем әрине, Ауған соғысында қолданылған тактика, стратегия туралы жазып жатырмын. Бұйыртса болашаққа, өсіп келе жатқан офицерлерге, сарбаздарға үлгі болсын деп, қолдансын деп, өзімнің білгенімді, Ауған соғысының практикасын қағазға түсіріп жүрмін.

Мен Академияда оқып жүргенде, «Комсомолькая правда» деген газетке бір мақала шықты. «Біздің комбат» деген. Сонда менің бөлімшеме барған тілші, Снегирев жазыпты, менің атым берілген «Бақтияр» деген тоғайды атапты, сондағы тұрғындармен сөйлескен. Жалпы, менің батальоным, өзге бөлімшелерден алыс, Нуристан деген жерде жеке  тұрды. Пәкістанмен шекараның арасын Онар деген өзен ғана бөлетін. Нуристан бұрын Кәфристан деп аталған екен. Өйткені ол жерде өзге дінді ұстанатындар мекендеген. 78 жыл бойы ауғандар олармен соғысып, мұсылман дініне кіргізген соң, бұл жердің атауын Нуристан деп өзгерткен. Осы жерде Барканбай деген тоғай бар, оған бұрын ағылшындардың 18 дивизиясы барып, біреуі тірі шықпаған. Біздің батальон осы жерде болды.  Сол «Комсомолькая правда» газеті жазады біздің батальон мешіт салды, деп. Бірақ біз мешіт салған жоқпыз, біздің танкіміз соғысып жүріп, байқаусызда мешітті бұзып кеткен еді, соны жөндеп бердік. Жергілікті тұрғындардың барлығы бізге қарсы шығып, бәріміз көтерілеміз, сендерді тірі шығармаймыз дегенде, мен олардың әкімдерімен жолықтым. Ауғандар әкімді «Алла Қадыр» дейді. «Алланың Қадірімен сайланған», деген мағынаны білдіреді.

Алла Қадірмен, молдалармен сөйлескенде, мен айттым: «Анау танкте отырған, мен сияқты қара көздер, бұлар соғысты тілеп келген жоқ, бұлар антын орындап жатыр, әскери борышын орындап жатыр. Ал, егерде сендер атсаңдар, біз қарап тұрмаймыз. Бірақ, соның кесірінен кінәсі жоқ бүлдіршіндер қайтыс болады ғой. Әкімді Алла Қадір дейді екен, олай болса сен елдің жағдайын ойлауың керек қой, аманшылықты ойлауың керек. Сен бізді қырамыз деп тұрсың, сен қандай  әкім болдың» деп.

Сонда қасымызда тұрған молда, «ал енді сен мұсылман болсаң, мұсылманша не білесің?», деді. Есіме түссе қазірге дейін күлем, ауылдағы ақсақалдарға рахмет айту керек, есімде: «Бисиммилахи рахман-ир-рахим, лә иләха-илла-алла, әшкадан-алла, Мұхаммаду расул-аллах», деген сөз қалыпты. Оның ар жағын білмеймін ғой енді. Соны айтып едім, «біледі екенсің қай жақтан келдің деп?», сұрай бастады. Сол күні 21 сәуір болатын. Ал Кеңес өкіметінде бұл күні Бүкілодақтық сенбілік қой. Ертесінде, 7 қазақ жігітін жаныма ертіп, дәрет алып, мешітке барып, қабырғасын жөндедік, ел жиналып, көше сыпырып, көшеге су сеуіп, бұрын-соңды болмаған іс атқардық.  Жабық дүкендер ашылды.  Сосын, бабаларымыздан қалған дәстүр ғой, сол жердегі барлық ақсақал, шалдарды жинадым.  Сөйтіп, ақсақалдармен әңгімелескенде, олар мен жоғарыда айтып кеткен тарихты әңгімелеп берді.   Олардың Отанын сүйетінін, бостандықты сүйетінін,  басқа елді кіргізбегенін, сондай жағдайларды айтты. Әрине, біздің тарапымызға қатты сөздер де айтылды. Бірақ, біз өзіміздің не үшін келгенімізді, яғни тыныштық орнатуға келгенімізді түсіндіріп, саяси кеңес үйреткен сөздерді айттық, әрине.  Сонымен, мен бірінші сарбаздарыма сол елдің тарихын сыйлауды үйреттім. Екінші, дінін силатып үйреттім. Себебі, біздің сарбаздар жартылай жалаңаш жүреді, жуынады.  Ал, біз тұратын жерден жергілікті тұрғындар су алады,  суға қыз балалар пәранжымен келеді, көйлексіз жүрген бөтен ер адамдарды көрген соң, келе алмайды, соны тоқтаттым.  Сөйтіп жергілікті тұрғындардың дінін, тарихын сыйлағанымызды білген соң, елдің де бізге көзқарасы өзгеше болды.

Сосын, ел араладым.  Сүлеймен  Лайық деген олардың жазушысы бар, осы жақында интернетпен байланысқа шығып, Қазақстанға келемін деп жатыр, сонымен бірге жүрдім.  Ол кісіні ауған халқы қадір тұтып, жақсы көреді.  Ел аралап, бұрын өзім бармаған, көрмеген жерлерде болдық.  Соның дәлелі, мына бір оқиға. Смағұлдың кітабында  жазылған.

Жалалабадтағы бригадада Смирнов деген командир болды.  Менің батальоныммен арасы 200 шақырым еді. Ол жерден өткенде, біздің сарбаздар, дұшпандармен соғыспай өтпейтін. Мен айттым, «осы күніге соғысып өтетін, 200 шақырымға мен жалғыз бара аламын», деп.  Смирнов болса, «жоқ, келмейсің, бұл ісің үшін жауап бересің» деп, ашуланды.  Бірақ мен 200 шақырымға көлікпен бардым. Ешкім атқан да жоқ, өлтірген де жоқ. Мені көздеп жүргенін байқадым, көрдім, бірақ атқан жоқ.  Бригадаға жеті шақырым қалғанда, атты, бірақ тимеді.  Сонда мен бригада командиріне айттым: «көрдіңіз бе, мұнда үлкен бригада тұр, сонда 7-ақ шақырымнан атты.  200 шақырым бойы маған ешкім оқ атқан жоқ, себебі,  біз тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқан адамдарды атып жатырмыз.  Осылай біздің дұрыс емес әрекетіміздің салдарынан,  бейбітшілікте жүрген жандардың өзі, таудағы бізге қарсы соғысқандарға барып қосылып жатыр, біз дұшпандарды көбейтіп жатырмыз».  Әрине менің бұл сөзім, бригада командиріне ұнамады, «сен мұсылмансың» деген секілді мені жазғырды, соған қарамастан, бұл өзі бір бетке айтылған сөз болды.

Маған мысалы, жергілікті тұрғындардың біреуі келіп айтатын, «пәлен жерге дұшпандар мина қойды, ана жақтан келе жатыр», -  деп.  Мен сондай адамдардың арқасында қауіпті жерлерді  барлаушылардан жақсы біліп отыратынмын.

Ал біздің қазақ жігіттері сол жерде қалай соғысты дегенге келейік. Олар  батырлық қанымызда  бар екенін көрсетті. Біз намысқой халықпыз. Біз батыр, қаһарман халықпыз. Біздің рухты елміз. Көп жігіттердің шабуылға «Иә, аруақ» деп  шықаннын да көзім көрді. Кей жігіттерге менің, комбаттың, қазақ болғаным қиындау тиді. Ал олардың қазақ болғаны маған қиын болды. Ойпырм-ау, ертең олардың әке-шешесіне мен жауап берем, оларға не айтам деп уайымдадым.

Былтыр Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік университетіне кездесуге шақырды. Сол кездесуде, жүргізуші жігіт сөз арасында, менің бір қайтыс болған сарбазым туралы айтып, оның суретін көрсетті. Түркістанның жігіті екен. «Осы залда, сол кісінің анасы отыр» деді. Мен тұрып ол кісінің қасына барып, тізерлеп отырып, қолын сүйдім. «Ана, білемін, сіздің жүрегіңіздегі сызатты, қайғыңызға ортақпын, мені кінәламаңыз, ол балаңыз ғой. Бірақ, мені балаңыздай көріңіз, осындай болды, бұл соғыс қой»,-деп едім, «Бақытжан, сенің маған жазған хатыңды әлі сақтап жүрмін, сені кінәламаймын»,-деп жылап бетімнен сүйіп, аналық сөзін айтты. Бұл соғыс оңайға түскен жоқ . Сол себептен, бұл соғыста көп психологиялық-моральдық қиын болды.

Бізді дайындағанда саяси жағынан, яғни ол ел қандай, халықтық болмысы қандай, сол жағы туралы аз мәлімет берді.  Екіншіден, алғашқы кезде әрине, соғысып жатырмыз деп ешкімге хат жазбайтынбыз. Онда награда болмайтын, кейін-кейін жасыра алмады.  Себебі, марқұмдарды жібере бастады ғой.  Қаза болғандар көп болды, қалай жасырады. Кейіннен біз кеткеннен соң, награда болды. Көп сарбаздар, біздің қазақтар наградасыз қайтты Ауған соғысынан. Қазірге дейін ойлаймын, сонда менің батальонымның сарбаздарының көбісі қаһарман ғой.  Тіпті мен батальонда отырғанда Амосов деген лейтенантым Жалалабадтан келіп, «комбат, сіздің  наградаға жіберген қағаздарыңыз, кадр бөлімінде, қағаз жинайтын шелекте жатыр» деді. Сонда мен ашуланып,  тікұшақпен бардым,  ұшу жарты-ақ сағат. Барып, кадр бөліміне кірсем, сол қағаз шелекте жатыр, онда бізде компьютер деген жоқ қой, оларда болған.  Сонда мен ойлаймын, ал Отан Соғысында қандай әділетсіздіктер болды екен, деп. Біздің қаракөздер Ауған жеріндегі соғыста көп болды. Бірақ оларды көп наградаға ұсынбады. Оны ашық айту керек. Біздің сарбаздар, Акишов деген сержант өзінің бөлімшесімен қоршауда қалғанда (бөлімшеде 10 адам болады), пулеметті қолына алып, жараланғандарды құтқарған. Сөйтіп жүріп қайтыс болып кетті. Қаһармандық па, қаһармандық. Әрбір эпизодты ала берсек, біздің көп жігіттер өздерінің қаһармандығын көрсетті.

-    Партия қатарындағы адамсыз, атеистер заманында мешіт жөндегеніңіз үшін сөгіс естіген жоқсыз ба?

- Бетке айтқандар болды, «мынауың не, мешіт жөндеп, мұсылман, дұшпан болып кетпексің бе?» дегендер болды.  Бірақ, түсінетін адамдар, «ол дұрыс істеп жатыр», деп қолдады. Краснодар обкомның хатшысы Шел Олег Евгеньевич, Ауғанстанда біздің провинцияда кеңесші болатын. Сол кісі мені жақтап өте жақсы сөздер айтты. «Бақытжан дұрыс істеп жатыр. Мешітті жөндеуі арқылы, халық  дінді жоюға келмегенімізді түсінді, ол біздің  үлкендерді силайтынымызды көрсетті»,- деп араға түсіп, партиядан шығарылмай қалдым. Әйтпегенде, партия билетімді алу туралы айқай-шу болған.  Бірақ, ол кезде мен  қаһармандық алайын немесе награда алайын деп ойлаған жоқпын, шығынның аз болуын ойладым. Әскери адам болған соң, шығынсыз бұйрықты орындау, басты міндетім болды. Менің батальонымда маршал Соколов,  Бас штабтың бастығы маршал Ахремеев болған. Сонда маршал Соколов, соғысты тоқтатып қойып, Кабулға бүкіл батальон командирлерін шақырып, мені комбаттардың алдына шығарып, қалай соғысу керек екені туралы баяндама жасатқан. Сонда Соколов, «міне, мен аға лейтенантқа батальон бердім, соғысқанына көп уақыт болса да, шығыны кем, сол өзінің тактикасын сендердің алдарыңда айтып береді» деп мені шығарды.  Сонда елді силау, тарихты силау, тауда қалай соғысу керек соны айтып бергем.

Кейде мен біздің өзге бөлімдердің  тактикасына түсінбейтінмін. Тауға шығамыз қан төгеміз, ертеңі таудан түсеміз. Мен айтамын, «ең алдымен тауға жібермеу керек, ал жіберген соң, таудан түсірмеу керек», деп. Бұл жерде басқа қандай тактика керек. Мен мұнда дұшпандардың тактикасын қолдандым. Біріншіден өзен маған шекара, одан әрі өткізбеймін. Екіншіден, өзім тосқауыл қойып, әр жерге екі-үш адамнан қарауыл қоямын. Сонда олардың өзі бізге келіп ұрынатын, біз оларға шабуыл жасаған жоқпыз.

Мен сізге осы соғыста болған тағы бір оқиғаны айтып берейін. Батальонымда Сергей деген орыс жігіті болған. Бүр күні түсінде, марқұм әкесі мүрдеге тартып түсіргенін көреді. Сол  түсін, қасындағы қазақ жігіттерге айтады. Ал, біздің қазақтар кішкене ырымшыл, түске сенгіш емес пе, сол түсті маған айтып, оны ұрысқа жібермеуімді сұрады. Енді, оны соғысқа жібермесем, орыс жігіті қорықты деп сарбаздар айтады ғой. Ертесінде, сапта тұрғанда «Сергей кезекші, осында қалсын»,- деп бұйырдым. Батальон орналасқан жерге күніне бір мина түсетін. Бірақ ешкім жарақат алған емес. Дәл сол күні, мина, палаткада отырған жаңағы  Сергейді тауып алады. Міне ажал деген.

Өзім де талай түс көргем. Бір түсімде, Лениннің киімін киіп алған менің ағам: «Бақытжан, мен қазір шығам, артымнан шықпа»,- деді де, есікті тарс жауып шығып кетті. Ертеңінде, бригадада маршал Ахремеев кеңес өткізуі тиіс еді. Соған мен әскери колоннаны бастап бармақ болғам, енді комбат бастап бармаса болмайды ғой. Сөйтіп, БМП-ға (әскери көлік) отырғаным сол еді, маған, «бригадаға тез арада тікұшақпен жетсін»- деген хабар келді, кеңес таңғы 11-де өтетін болыпты. «Жоқ, мен колоннамен барам, кетіп қалды деп айтыңыз»,-деймін хабаршыға. Ол, «болмайды, тез жетсін деп, радиомен бұйрық берілді»,- дейді. Содан, тікұшақпен ұшып кеттім, ал, мен отырған БМП -ға мина түсіп, отқа оранды.  Жалпы, соғыс кезінде адам баласы қандай батыр болсын,  жүрек бар ғой әркімде, біраз қобалжиды екен. Мен кей кездері таң қалам, оқ жан-жағымда ұшып жатты, маған неге тимеді? Ал, кейбір жандар қанша қорғанса да, оққа ұшып жатты. Кейбіреулер тастың қалқасына тығылды, бірақ соның өзінде оны дұшпан тауып алып ататын.

Ауған соғысында «Алға, коммунистер!» деген ұран мүлде болған жоқ, оны ұмытып та кеттік. Ол жерде тек бұйрықты, тапсырманы ғана орындауың керек. Қалай оны орындау, қалай шығынсыз орындау, қалай аман қалу, ең бастысы -сол. Менде саяси кеңесшісі Оголев деген майор болды. Өзін силата білдірді. Ол «жасасын партия» деген жоқ, өзімізбен бірге соғысқа қатысты.  Қолында газет емес, патрон болды.  Кейін, Литвинов деген саяси кеңесші келді, ол алғашқы кезде партия, анау-мынау деп еді. Ол сөздер оған жеңіс алып бермеді, ол сөздер соғыстағы шығынды азайтпайтынына оның да көзі жетті.

- Балалық шағыңыз туралы не айтар едіңіз. Жалпы сізді батырлыққа тәрбиелеген не нәрсе болды деп ойлайсыз?

- Мен алақандай ғана, Кеңес деген ауылда өстім (Жамбыл облысы, Жуалы ауданы.-  Р.И.).  Әкемді көрген жоқпын, менің он айлығымда қайтыс болып кетіпті. Елдің арқасында әкемнің жоқтығын сезбей, қиыншылық көрмей өстім.  Қой да бақтық, шөп те шаптық. Бірақ ауылда бізге, үлкенді силауды үйретті.  Тіпті ол кездерде, 1952-54 жылдары мешіт болатын.  Кейін 56 жылдары жоқ болды. Қай жерде болса да, құран оқылатын. Соған қарап біз де «Әумин» дейтінбіз. Шалдарымыз, ақсақалдарымыз дінді ұмытпайтын.  Ауылдың бар баласы, жұма сайын мешітке, үлкендердің қолына су құйып беруге жүгіретінбіз. «Қаншалықты көп адамның қолына су құйып, батасын алсаң, өмірің соншалықты жақсы болады»- дейтін, соған таласатынбыз.

Адам баласының мінезіне туып өскен табиғаты да әсер етеді. Мысалы, біз таудың етегінде өстік. Атқа ертоқыммен мінсек, «ей, бала, немене атты ертоқыммен мініп жүрсің?»,- деп шалдар күлетін. Түнде тауға шығу батырлыққа үйрететін. Ауа райы қатал, қыста қар қалың.  Тіпті ол кезде комсомол билетін алу үшін, бұрынғы Бурный, қазіргі Бауыржан Момышұлы атындағы ауылға қыста Кеңестен жаяу барғанбыз. Біз, Күйік және Шақпақ деген екі қасиетті тоғайдың ортасында тудық. Табиғаты өте суық, өте қатал. Міне, Баукеңнің  мінезі қандай қатал болған. Әрине мінез қанмен беріледі, бірақ ел мен табиғат  адамның мінезіне үлкен әсер етеді. Түріңіз қатал болса, жүрегіңіз жылы болады.  Адам баласы соның бәрін үйлестіре білсе, меніңше ол адам Отанды сүюді біледі.  Елін де, жұртын да сүйеді.

- Бүгінгі өміріңізге көңіліңіз тол ма?

-  Орыстар айтады ғой «зачеркнуть бы всю жизнь и начать бы снова» деп. Яғни бүкіл өміріңді сызып тастап, қайта бастар ма еді деп. Мен де кейде өзіме осындай сұрақ қоям. Кейде өмірімді мақұл көрем, кейде жек көріп кетем. Себебі, өтірікші қасымда жиі болды, шындық алыстап кетті.  Ол кезде қиыншылықты көп көрдім. Бірақ мен шындығымды ешуақытта бүгіп қалған емеспін. Жолым жаман болды деп, жаман жолға түскен емеспін, шындық туатынына бәрібір сенетінмін. Кей кезде, жүрек ауырып сыздағанда, бір газеттерде айттым: «Батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды» деп. Біз, ер бала Отан үшін туылғанбыз. Отан үшін кірпік қақпай жан беруге туылғанбыз. Соның ішінде, әркімнің өзінің қалаған мамандығы бар. Менің қалаған мамандығым осы болды. Баукеңдей батыр болсақ деп өстік. Намыс. Біз қазақ халқы, намысқой халықпыз. Мақтанғаным емес, мен Германияда Потсдам қаласында болдым. Сол жерде полк командирлерінің арасында бір қазақ болған жоқ. Мен полк командирі болдым. Қазақстанда бас штабтың бастығы болдым. Көп-көп қызметтер атқардым, төменге де түстім, жоғары да көтерілдім. Кейбіреулер айтады, өсе берсем, өсе берсем деп. Анау жастар қалай, оларды үйрету керек қой.  Мысалы, 93 жылдары кадр деген проблема болды. Мен сонда келіп, осы Сарыөзектегі дивизияны басқардым.  Үлкен- үлкен жұмыстарды өкімет  бізге сеніп тапсырды. Ал біз сол алған тәжірибемізді болашақ генералдарға беруіміз керек.  Олар да өсіп өнуі керек. Оларды қалай тәрбиелеу керек? Кейбір кезде күрсінем, қазіргілер генерал киімін киеді де, «генерал болдым» деп кеуде кереді. Бірақ, профессионалдық жағы қайда? Сен генерал болдың, сен енді генералдық киіміңе, айнаға қарай берме, сен анау шәкірттеріңе қара. Анау өсіп келе жатқан сарбаздарға, біліміңе қара. Білмесең ұялма, біл, оқы, полигонда жиі бол, сарбаздармен жиі сырлас.

Командирді қай уақытта сарбаз жақсы көреді? Егерде сарбазды өзіңнің балаңдай силасаң, тәрбиелесең, сарбаз сені әкесіндей сүйеді. Кейбір командирлер сарбаздармен айқайласып ұрсысады да, «мен қаталмын» дейді. Әрине, командир қатал  болуы керек, бірақ шындық, әділет одан    да қатал болуы керек. Құры айқайлай беретін командир- командир емес.

Есіме бір оқиға түсіп отыр.  Ол жігіт қазір Қапшағайда тұрады. Ауғанстанда, соғыстың алғашқы күндері сол жігітке оқ тиіп, құлап түсті. Қарасам жараланып қалыпты, қан ағып жатыр. Қазір дұшпан оны тағы бір оқпен өлтіруі мүмкін екенін біліп, оның үстіне жатып, оқтан қалқаладым. Денеммен қорғаштап, өзім де дұшпандарға оқ ата жүріп, оны БМП-нің астына жатқыздым. «Қай жерденсің?» десем, «Қазақстаннан, Қапшағайданмын ғой, аға»,- дейді, «тірі қаласың, бауырым!» дедім. Содан бері қаншама жылдар өтті. Осы былтыр жұмыс бабымен Қапшағайға барсам, қаланың әкімі: «қазір сізге бір тосын сый жасаймыз»,- дейді. Көп жылдар өтті, мен енді әлгі жігіттің түрін танымаймын.  Бір кісі келіп құшақтап бетімнен сүйіп, «есіңізде ме  аға, мені аман алып қалып едіңіз, мен міне тірі қалдым»,- дейді.

Мұны неге айтып отырмын. Командир үлгі болуы керек. Бұрын осы жерде мен ротаның бастығы болғанда, «маған ұқсап жаса», яғни, «делай как я»,- деп өзіміз бірінші болып нысанаға ататынбыз.  Сарбаз, басқа да командирлер, үлкен командирлерді қай уақытта силайды? Егер сол басшылар, өздерін силаса, оларды үйрете білсе, олардың білмегені үшін ұялтпай, көптің көзінше сұрап, бірге үйретсе, сол дұрыс.  Тіпті кейде, «сен менен жақсы атады екенсің, мені,  мына командиріңді үйрет», десе, одан жаман болмайды.

- Ал дінге көзқарасыңыз қалай?

- Мен Құдай жоқ деген адамды түсінбеймін. Адам баласы, қандай болсын бір нәрсеге сенуі керек. Ұлтым қазақ болса, дінім- ислам, мен ислам діні туралы білуім керек. Кейбіреулер, сақалын белуарына дейін түсіріп, «мен  мұсылманмын» деп кеуде қағады.  Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз айтқан: «сақалың болса, таза ұста» деп. Мұсылмандық, өсірген сақал, таққан орамалмен өлшенбейді. Мұсылмандық - жүректе. Дінді, Алланы, шын сүйе білсе, міне сонда. Дінмен ойнамау керек. Дінді шын сүю керек. Кейбіреулер қорыққанда, «ойбай, ертеңгі күні, емтиханнан өтейін», болмаса, «жолымды ашып беріңіз» деп, тәуіпке барады. Жол жүретін, емтихан тапсыратын адамның өзі емес пе. Сондықтан, ақ ниетімен сиынса, онда бір Алланың өзі жар болып, қолдайды. Әруақтарды да ұмытпау керек. Менің екі балам қайтыс болып кетті. Әрине, уақытым болғанда, олардың басына барып құран оқимын, ол біздің мұсылмандық парызымыз.

Кейбір молдалар бар, мен олармен ашық сөйлесем,  айқайлап, жас балалардың басын тасқа соғып өздерінше дін үйретіп жатыр.  Дін олай емес. Дін Отанын сүйдіре білуде. Дінді саясатпен араластырмау керек, оны таза ұстау керек.

Кейбіреулер әскер сабында намаз оқу керек деп жатыр. Ол сонда Отан қорғай ма, әлде бес уақыт намаз оқи ма? Олардың бірінші борышы - Отан қорғау.  Сондықтан дінді әскер сабында дұрыс енгізе білу керек. Діндегі жақсылықтар, таза жүру, үлкенді силау, өтірік айтпау, сондай артықшылықтарын сарбаздарға үйретуіміз керек.

Үйдегі жеңгең, жеті жыл болды намаз оқиды. Ол кісінің намаз оқыған себебі, менің анам марқұм, біраз ауырып, аяғынан жүре алмай қалған кезінде, оны шақырып алып, «сен менің тұңғыш келінімсің, мен намаз оқи алмай қалдым, саған осы жүгімді ұсынамын»,- деді. Содан бастап, генералдың әйелі болса да, жеті жылдан бері бес уақыт намазын оқиды.

- Ауған соғысы сіздің өмірге деген көзқарасыңызды өзгертті ме?

- Ауған соғысы, әскери-профессионалдық пікірімді өзгертті. Моральдық тұрғыдан, адам баласына қалай қарауды үйретті. Ауған соғысында өмірді таза парақтай көріппіз. Ол жерде ғұмыр мәңгілік емес екені, әр сәт сайын есіңе түседі. Бәрін тоқтатуға болғанмен, уақытты тоқтата алмайсың. Әрбір секундты бағалайсың. Сосын, өз қателіктерің есіңе көп түседі. Ертеңгі күні мына өмірден өтесең, кімге не жақсылық істедің, нені істемедің? Сонда түсінгенім, бірінші, адам баласын силау керек. Соғыс соны үйретті. Екінші, өмірден абыроймен өтуді ойлайсың. Адам баласы қандай батыр болса да, өмір сүргісі келеді. Бірақ батыр адам, қайтыс болып кетсе де, көп өмір сүреді. Себебі, батырлық - үлкен жол. Сол себепті, ол жерде менің алған тәрбием - ештеңеден қорықпау. Бәрібір мәңгілік емеспін, бірақ, ел силайтындай мәңгілік іс қалдырайын. Бір жағы мен батальон командирі болдым ғой, ал командир қорықса, кім оның артынан ереді? Кім силайды? Батырлық ол тек орден алуда ғана емес екен. Ол - шындықты айту, кінәңді мойындау, жылтыр сөзден аулақ болу. Осының бәрін пайымдасақ, батырлықтың жолы қиын.

Мен қаһарман боламын деп ойлаған жоқпын.  Алғысым шексіз, алайда,  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдына барып  маған қаһармандық беріңіз деп сұраған жоқпын. Ал, қаһармандық атақты алғанда: «Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл қаһармандық белгісі тек маған ғана берілген жоқ. Бұл- Ауған соғысына қатысқан сарбаздар мен  Тәуелсіз еліміздің бүгінгі Отан қорғаушы сарбаздарына берілген даңық!»,-деп  екі-ақ ауыз сөз айттым.

Сұхбаттасқан Риза Исаева

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2250
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2605
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2586
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1691