Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 7841 4 пікір 7 Желтоқсан, 2017 сағат 20:41

Байыбына бармай жатып, байбалам салмайық!

Abai.kz ақпараттық порталының электронды почтасына белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омар Қыйқымның мақаласы келіп түсті. Актер ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты соңғы күндерде БАҚ пен әлеуметтік желілерде айтылып жатқан жел сөздерге байыппен қарау керектігін, осы уақытқа дейін атқарылған ұшан-теңіз шаруаларды болмашы мысқыл сөздермен жойып жіберуге болмайтынын ескертеді. Біз аталған мақаланы толығымен оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз. 

Abai.kz ақпараттық порталы

Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғырудағы» барлық бағдарламалардың басым бөлігінің салмағы Мәдениет және спорт министрлігіне түсіп тұрғанын бәріміз дұрыс сезіне білуіміз керек. Бұл  саланы басқаратын адам білікті, білімді, жан-жақты және рухани бай, шынайы өнер жанашыры болатынына ешкім шек келтірмесе керек. Президентіміз  ел тізгінін ұстайды-ау деген азаматтарды осындай қасиеттеріне, қарым-қабілетіне қарай лауазымды қызметке тағайындайтыны анық. Осы тұрғыда  Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының  біліктілігі, өз ісінің шебері екені  атқарған қызметтерінің нәтижесінен көрініп тұр.

Өзі жетекшілік ететін саланың жан-жақты дамуына, Елбасының сындарлы саясатының жүзеге асуына, ұлт көшбасшысы айқындап берген «Рухани жаңғыру» аясындағы ауқымды жұмыстардың атқарылуына тікелей қолдау білдіріп, Халықаралық іс-шаралардың ұйымдастырылуын басты назарда ұстап отыр.  Мәселен, ел тарихында қалған ауқымды жоба «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіндегі мәдени шаралар, «Рухани жаңғыру» аясында атқарылып жатқан жұмыстар, қазақ өнерінің әлем сахналарынан көрінуі, осы жылдың қазан айында Лондонда өткен Қазақстан өнерінің фестивалі, қараша айында Лос-Анджелесте өткен кино апталық және т.б.

Қазақ өнерінің қарашаңырағы –  Әуезов театрының Жапонияда өтетін гастрольдік  сапары да ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Тек Әуезов театры  ғана емес, республикамыздың әр аймағындағы облыстық театрлар да бұл күндері әлемнің алпауыт мемлекеттерінде өтетін фестивальдер мен түрлі бәйгелерде өнер көрсетіп, жүлдегер атанып жүр. Бұл да болса «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында атқарылып жатқан игі шаралар. Мұның барлығы Елбасының қолдауымен, министрліктің жұмыла жұмыс істеуімен жүзеге асатыны баршамызға мәлім.

Өнер саласына қызмет етіп жүрген жандарды шынайы жанашырлықпен қолдап, олардың одан әрі талмай талпынуына мүмкіндік жасап жүрген А.Мұхамедиұлының Парламентте сөйлеген сөзі – оның осы саланың дамып, әрі қарай өркендеуіне, қазақ өнерінің әлем сахналарында салтанат құрып, таланттарымыздың қарыштап самғауына барынша қамқор болып жүргенін көрсетті.  Ал, осындай қыруар шаруаны атқарып, ел қалаулыларының алдында есеп берген министрдің сөзін  бұрмаламай, дұрыс ақпарды жеткізу БАҚ өкілдерінің қолында тұрған дүние. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ кейбір журналистердің ақпаратты бұрмалап жеткізуі, сөз астарын дұрыс түсінбеулерінен болды ма екен деп ойлаймын. Қазақ халқы қашан да сөзге тоқтаған. Ата-бабаларымыз, жыраулар, билер мен шешендер тарихта болған түрлі қақтығыстарды, руаралық тартыстарды бір ауыз сөзбен шешкен. Мәселен, «Мен өзімді бай актермін» деп сұхбат берсем, материалдық жағынан бай емес,өз рөлдеріммен, өз шығармашылық еңбегіммен бай екенімді айтқаным деп түсінген дұрыс шығар.

Осы тұрғыда, журналистер қауымы ұлтқа қызмет жасап жүрген азаматтар мен халық арасындағы алтын көпір екенін ұмытпаса екен. Ұлт руханиятына еңбек етіп жүрген азаматтар мен азаматшалардың айтылған әр сөзін жан-жаққа ала қашпай,  оның астарына, мәніне, тереңіне үңіліп, халыққа дұрыс жетуін басты назарда ұстаса...

«Өнер деген – адам бойындағы ізгі қасиеттердің жиынтығы» десек, бұл қасиетті өнердің киесі, қадірі болатыны тағы бар. Қасиетті өнерге қызмет жасап жүрген біз, өз еңбегімізді келеке-мазақ етуге жол бере алмаймыз. Сондықтан, министрдің айтқан сөзін сан-саққа жүгіртіп,  «ее, бұлар аш болған сайын керемет өнер жасайды екен...» деген сияқты мысал сөзді мысқыл қылмай, жанған оттан ұшқын қумай, ушықтырмай, келеңсіз әңгімеге тартып, дабыра қылып, даурықтырып, оған мағына беріп, рең берудің қажеті шамалы.

Қазақ халқы талай оқиғаны бастан кешірді. Бірақ, ұлт ретінде өзін сақтап қалды. Өнер саласында да түрлі материалдық қиындықтар болуы мүмкін, бірақ, біз, бұл салаға адал қызмет жасауды әрі қарай жалғастыра береміз...

Сондықтан, байыбына бармай, байбалам салмай, әр нәрсенің парқына қарап, парасатпен пайымдағанымыз жөн-ау...

Омар Қыйқымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373