Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7605 2 пікір 13 Желтоқсан, 2017 сағат 08:29

Гүлжан Талпақова туралы...

Биші, Қазақстанның Халық артисі, София қаласында өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты Гүлжан Талпақова туралы әйгілі ақын Фариза Оңғарсынованың мақаласынан

БИШІ БАҚЫТЫ

1968 жылғы 1-тамыз. Болгарияның астанасы – София қаласында жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік IX фестивалі өтіп жатыр, 80 мыңнан астам жас Балқан тауының баурайын шат-шадыман думанға бөлеуде. Әр жастың аузында бір-ақ сөз. Ол – достық.

Біз, Қазақстаннан келген бір топ жастар, Софияның Кремиковски комбинатының жұмысшы-жастарында қонақта болып, енді қала орталығына асыға басып келеміз. Келсек, клуб іші халыққа лық толы екен. Бір-бір шоқ гүлімізді құшақтаған күйімізбен әр жерге орналастық.

Сахнадан талай саңлақтар өтіп жатыр. Кенет, шымылдық ашылып, хабарлаушылардың:

– № 65. Сайысқа түсуші Гүлжан Талпақова. Профессионал. Қазақ Советтік Социалистік Республикасынан. Халық биі «Айжан қыз!» – дегенін естігенде, біздің жүрегіміз аузымыздан шығып кете жаздады. Себебі ,осында қатынасып отырған Қазақстан өкілдері Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртазаев, Сара Тыныштықұлова, Айгүл Қыдырбекова, тағы басқа көптеген азаматтар мынау дүние жүзі жастарының алдында бүгінгі өсіп-өркендеген қазақ халқының өнеріне сүйсініп, әрі шын ниетті жанкүйерлікпен толқып отырды. Қазақтың ұлт киімін киіп, құлпыра түскен Гүлжанның әдемі қимылы көрермендер көңіліне бірден жол тапқанын аңғару қиынға түспеді. Шынын айту керек, біз залдағылардың жүзіне ұрлана қарап қоямыз. Таңданғандық пен сүйсінгендікті көріп, қуана түсеміз. Көңілімізде жалғыз-ақ әттеген-ай отырды; «Айжан қыздың» ойнақы әуенін залдағылар ести алмады. Бұл әуенді ойнауға жіберілген квартет Москвада жюридің сынынан өтпей қалыпты. Енді өзбек жігітінің бубенде сүйемелдеуімен сахнаға шығуға тура келді. Би аяқталғанда жұрттың қол шапалақтауымен Гүлжан сахнаға қайта шықты.

Сахна сыртындағы есіктен бізге жолығуға шыққан Гүлжан журналистер мен фототілшілердің қоршауында қалып қойды. Әрқайсысы бірауыз сөзін естіп, бейнесін түсіріп алғанша асық. Қазақ сахарасының ерте көктемдегі қызғалдағындай көз тартады биші қыз. Біз құттықтауға, тіпті қолын қысып, бетінен сүюге мүмкіндігіміз болмаса да, сырттай мақтанып тұрмыз.
Ақыры үш күн өткенде сайыс қорытындысы да шықты-ау.

– Қазақ Советтік Социалистік Республикасының бишісі Гүлжан Талпақоваға халық биі «Айжан қызды» орындағаны үшін Жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік IX фестивалінің лауреаты атағы және күміс медаль қоса тапсырылады.

Жюри председателінің осы лебізін естігенде, біз қатты қуаныстық. Шет жерде жүргенде өз еліңе, Отаныңа деген сүйіспеншілігіңнің шексіз екенін сезіне түседі екенсің...

– Бұл атақ маған емес, – менің ұстаздарыма, қазақ халқының бүгінгі өнеріне берілген атақ. Бұл Шара, Гүлжаһан секілді апайларымның еңбегі, – деп қызара күлімсіреді Гүлжан.

Кейін екеуміз оңаша қалғанда ол өзінің туған жері Атырау өңірін, күміс толқынды Ақ Жайықты, туысқандарын еске алып отырды. Мен одан болашақтағы жоспарын айтуды өтіндім. Бұл менің белгілі журналистерге еліктеуімнен ғой деймін.

– Жоспар туралы ойлауға да мұрша болмай жатыр ғой, – деп күлді ол. – Қазір репертуарымда Қазақ поэмасы, «Мавритан биі», «Бұхар биі», «Былқылдақ», «Айжан қыз» – міне, осылар ғана. Африка, Араб, Үнді халықтарының билерін үйрену үстіндемін.

Гүлжан сөз арасында өзінің киноны да ұнататынын айтып отырды. Ертеңінде Болгария киностудиясы Гүлжанды белгілі совет киноактері Олег Табаковпен бірге киножурналға түсіруге алып кетті.

«Айжан қыз» әуеніндей сүйкімді, осынау қарапайым қазақ қызының сол бір әсем бейнесі менің көкірегімде ұялап қалыпты. Сол бейне көз алдыма келе қалса, ылғи да алыс қиялдарға, арман биіктеріне самғап бара жатқандай көрінеді маған.

Құлтілеу Мұқаш

Facebook-тегі парақшасынан

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409