Итке "пара" бергенім үшін сотталдым
- Айта беріңіз, - деді аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі кабинетіне шақырып алып, - айта беріңіз.
- Нені айтуым керек еді? - дедім мен.
- Көршіңіздің малын қалай ұрлағаныңызды.
- Астапыралла! Не деп тұрсыз? Құдай сақтасын, өмірімде ұрлық жасап көрген емеспін.
- Қысылмаңыз, ұялмаңыз, айта беріңіз, кеше түнде қайда болдыңыз?
- Қайда болушы ем, ұйықтап жаттым.
- Қайда ұйықтап жаттыңыз?
- Үйімде де.
- Үйіңізде кімнің қасында ұйықтап жаттыңыз?
- Ау, айналайын, тергеуші, кімнің қасында ұйықтап жатқанымның бұл ұрлыққа қатысы қанша?
- Қатысы бар ма, жоқ па, оны өзім білем. Сіз сұраққа дұрыс жауап беріңіз. Кімнің қасында жаттыңыз?
- Кімнің қасында жатайын, әйелімнің қасында жаттым.
- Рас па?
- Рас.
- Сонда әйеліңіздің оң жағында жаттыңыз ба, жоқ әлде сол жағында жаттыңыз ба?
- Ау, «көкесі», әйелімнің қай жағында жатсам да бәрібір емес пе? Оның ұрлыққа қандай қатысы бар?
- Жоқ, сіз сұраққа дұрыс жауап беріңіз. Мен еріккеннен сұрап отырған жоқпын ғой. Жұмыста отырған жоқпын ба?
- Ал жарайды, сол жағында жаттым дейін.
- Дейін емес, сіз точно жауап беріңіз. Бізге қылмысты анықтау үшін бұлтартпайтын нақты факті керек.
- Ал, точно жауап берейін. Сол жағында жаттым.
- Рас қой.
- Рас.
- Сонда әйеліңіз сізге бетімен қарап жатты ма, жоқ әлде теріс қарап жатты ма?
- Ау, інішек, ау, сары «бала», әйелімнің қай жағымен қарап жатқанының ұрлыққа қатысы қандай? Ондағы шаруаң қанша?
- Сіз «інішек», «сары бала» деуді қойыңыз.Сұраққа дұрыс жауап беріңіз. Біз инедей ұсақ-түйекке дейін түбегейлі зерттеуіміз керек. Бізді солай оқытқан. Сонымен әйеліңіз қай жағымен жатты?
- Теріс қарап жатты, ойбай, теріс қарап жатты.
- Ойбайламаңыз, немене, ойбайлайсыз? Маған «бірдеңе» беріп тастағандай ойбайлайсыз ғой. Мен еріккеннен сұрап отырған жоқпын ғой.
- Жарайды, қойдық. Сұрап болдың ба?
- Жоқ, ә. Әйеліңіз қатты ұйқыға кеткенде қорылдап жата ма, жоқ әлде жәй пысылдап жата ма?
- О, құдай! Тергеуші мырза, сен неге тікелей ұрлыққа қатысты нәрсені сұрамайсың?
- Мен тікелей ұрлыққа қатысты нәрсені сұрап тұрмын ғой. Сұраққа жауап беріңіз.
- Қорылдап жатады, ойбай, қорылдап жатады, қор, қор, қор етіп, маза бермейді.
- Міне, міне, қылмыс дегеніңіз ашылды. Яғни, сіз әйеліңіз қорылға басқанда оның ұйықтағанына анық көзіңіз жетіп, өзіңіздің байланысыңыз бар ұрыларға қорадағы малды шығарып беру үшін түн ішінде сыртқа шықтыңыз. Ух, әзер дегенде шындыққа жеттім-ау. Болды, ұрлық анықталды. Қалған сұрақтарға сотта жауап бересіз.
Бір жетіден кейін сот болды. Өзімнің жазықсыз екенімді білгендіктен әрі ақшам болмағандықтан өзімді өзім ақтайтын болып, адвокат жалдамадым. Айыптаушы прокурор да, сот та сұрақтың астына алды.
- Айыпталушы Қисық Түзелмесұлы, сіз ұрлық жасайтын түні неліктен әйеліңіздің қасына жаттыңыз? - деп сұрады прокурор. «О, құдай, мына әумесерге не деп жауап берсем екен»?
- Қиналсаңыз, жауап бермеуге де болады, - деді сот.
- Жо...жоқ, қиналып тұрған жоқпын, - дедім мен. Өте орынды сұрақ. Бірақ сол түні әйелімнің қасына неліктен жатқанымды өзім де білмеймін. Ұмытып қалыппын.
- Жауабыңызға сенемін, - деді прокурор. Үлкен адамсыз ғой, ұмытуға қақыңыз бар. Бірақ мынаны жақсылап түсіндіріңізші, неліктен әйеліңіздің сол жағына жаттыңыз? Әлде мұны да ұмытып қалдыңыз ба?
- Жоқ, мұны ұмытқан жоқпын, - дедім мен. – Сұрағыңыз көкейтесті екен. Өйткені, бөлмеден шығатын есік әйелімнің сол жағында. Төсектің оң жағы қабырғаға тіреліп тұр. Егер мен оң жағында жатсам, әйелімді «аттап» өтемін деп оятып алуым мүмкін ғой. Сондықтан сол жағында жаттым.
- Тамаша жауап, - деді прокурор. Яғни, сіз ұрлығымды әйелім біліп қалмасын деп, әдейі сол жағына жатқансыз ғой.
- Тап солай, прокурор мырза.
- Ал мына сұраққа не дейсіз? Түнде жатқанда әйеліңіз сіздің бетіңізге қарамай, неге теріс қарап жатты?
-?!
- Қиналсаңыз, жауап бермеуге де болады, - деді сот
- Жо...жоқ, жауап беремін. Мұны прокурор мырза текке сұрап отырған жоқ. Өйткені, әйелім маған қарап жататындай менде бет жоқ. Әйелім менің түнде ұрлыққа баратынымды сезіп, «бетсіз, қай бетіңмен ұрлыққа барасың?» деп, іштей ренжіп, теріс қарап жатқан ғой.
- Өте орынды жауап. Өзіңіз өтірік айтпайтын адал ұры екенсіз, - деді прокурор.
- Бәрі дұрыс-ақ. Бірақ әйеліңіз ұйықтаған кезінде неге қорылдайды? Себебі бар ма? - деді сот. «О, құдай! Адам тағдырын шешетін соттың сұрағының сиқын қараңыз. Не деп жауап берсем екен?».
- Қиналсаңыз, айтпай-ақ қойыңыз.
- Жо...жоқ, айтамын, - дедім мен. Сұрағыңыз өте өзекті екен. Әйелім әр түнде әртүрлі себептермен қорылдай береді. Сол түні ол: «Ақыры ұрлыққа барам деп шешкен екенсің, албасты басып, ұйықтап қалма, қақбас» - деп қорылдап жатты ғой деймін.
- Өзіңіз жауап беруге шебер екенсіз, - деді сот. Талантыңызға таңқалып отырмын. Шыныңызды айтыңызшы, көршіңіздің итіне пара бергеніңізді мойындайсыз ба?
- Оны кім айтты?
- Тергеуші солай деп көрсетіпті ғой. Қиналсаңыз...
- Жо...жоқ, қиналатын ештеңе жоқ. Иттің пара алғанын білгіңіз келіп тұр ғой. Бұл заманда параны кім кімге бермей жатыр. Көршінің иті «кімнен» кем. «Ол» да қораны күзетіп, біздің шенеуніктер сияқты «қызмет атқарып отыр». Ол да біздің шенеуніктер сияқты «көлденең» қызметі үшін «бірдеңе» дәметеді. Оны «айтпаса да», «көзқарасынан» түсінуге болады. Сондықтан түнге қарай иесінен жасырып, «үндемесін» деп, «ет асып бергенім рас».
- Мұныңыз барып тұрған сыбайлас жемқорлық қой, - деп айқай салды прокурор. Сіз ұялмай-қызармай, итке пара беріп тұрсыз ғой. Шенеуніктердің пара алғаны аздай, бетіңіз былш етпей, иттерді пара алуға тәрбиелеп жатсыз. Бүкіл ит біткен парақорға айналып кетсе қайтеміз? Еліміздің ертеңі не болмақ? Дамыған отыз елдің қатарына қалай қосыламыз? Сот мырза, бұл ұры ұрлықтан да үлкен қылмыс жасап тұр. Сондықтан айыпкерді ұрлығы үшін емес, итке пара бергені үшін онбес жылға «итжеккенге» айдауды сұраймын.
- Ескерілсін, - деді сот.
- Жо...жоқ, - деп айқай салдым мен. Бұл - әділетсіздік. Бұл барып тұрған сауатсыздық. Біздің заңымыз бойынша пара берген де, пара алған да сотталуы керек. Сіздер мені соттап, «пара алған» итті неге соттамайсыздар?
Сот та, прокурор да аңтарылып қалды. Залда отырғандар ду күлді. Сот нөкерлерімен ақылдасуға кетті. Қайтып оралған ол пара дегеннің не екенін түсінбейтіндіктен итті жауапқа тартуға болмайтындығын айтып, мені саналы түрде пара бергендіктен үш жылға бас бостандығымнан айырды. Бұған мүмкін сіздер сенбей отырған шығарсыздар. Оны өздеріңіз білерсіздер. Бірақ адам құқығын «керемет ойлайтын» біздің құқықтық қоғамымыздың құқық саласында не болмай жатыр?
Дамир Әбішев
Abai.kz