Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 4125 0 пікір 20 Желтоқсан, 2017 сағат 08:47

Тәуелсіз – тәуетер жалғыз кием...

 

Отан... Атамекен... Атажұрт... Тарих... Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды...                                                                                                                                   Ормансыз – бұлбұл, Отансыз – адам болмайды. Адам адам болып жаралғаннан бері ұлан- асыр даму көшінің өн бойында жер үшін, ел үшін сан қилы дүрбелеңдер көп болған. Әдетте, осындай дүрбелеңдерден, яғни үлкен аумақтарды қамтыған қанқұйлы соғыстардан соң ғана, әлем картасы аталатын ала қағаз бетіне  түзетулер түсетін, ал жиырмасыншы ғасырдың соңында әлем келбеті ешқандай дүрбелеңдерсіз-ақ өзгеріп шыға келді. Оған жер жаһанның алтыдан бір бөлігіне иелік етіп, қаһарымен алыс-жақын жұрттардың бәрін ықтырып келген алып империяның ың-шыңсыз ыдырай бастауы себеп болды. Ыдыраған империяның орнына он бес тәуелсіз мемлекет өсіп шықты. Солардың бірі Орталық Еуразия алабындағы ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар – Қазақстан Республикасы еді.

Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Бұл жерді мекен еткен көшпелілер мен отырықшылардың бір-бірмен шендес әлемі ғасырлар қойнауында талай-талай ұластар мен ұлағаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, әйгілі күре жолдардың үстінде саудасы қызып, Шығыс пен Батыс арасы тұтастанып жататын болған. Біздің еліміздің жерінен Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияға көктей өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолының» керуендері тоғысқан кіндік  Азияны басып өтетін Қазақстандық телімі болған.

Қазақстанның табиғаты таңғажайып: мұнда аспан мен тілдескен биік шыңдар, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдері, ақ жал толқындары асау арғымақтардай көкке шалқыған шалқар теңізді, күні от шашқан шөлейтті, арналы өзен, ну ормандарын көруге болады. Қазақстан картасы – қазына картасы. Даласы – дарын, топырағы – қасиетті, қойнауы – қазыналы. Қазынаның барлығы да қазақ жерінің топырағында тұнып жатқан екінің бірі айтпай-ақ біледі.

Дала төсінде жаңа өмір тірішіліктің тоқтаусыз соғып жатқан жүрегіндей. Еңбеккері мыңдай терін тамшылата төгіп жатса, сыршыл ақын:

Боз жорға, боз інгенді, боз торғайлы,                                                                     Боз дала, ием саған, боз басымды!

деп жүрек лүпілімен ақ қанатты жырына қосады. Ғылым адамзатқа қанат бітірді, ғаламат істерге бастады, ғажайып жаңалықтар ашты. Соның куәсі – адам көк заңғар ғарышқа қадам басты, айға қонды, жұмыр жерді айналып ұшты, ал ғарышқа жол – Байқоңырдан от алғанын мақтан етпейтін кім бар!

Ғарышқа қадам жасаған елдер қатарында біздің еліміздің де еңсесі биік, жалауы жоғары. Ғарышқа елдің намысын мәртебелеп мерейін асырған Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев егеменді елдің ғарышкерлері. Сондықтан ғой қай елдің адамы болсын, өз Отанын дүниедегі ең қымбатты, ең қасиеттісі, ең аяулысы болатыны.

«Отан – оттан ыстық», «Ер ел үшін өледі» деп түйген халықтың қаһарманы Бауыржан батыр: «Отаның үшін отқа түс күймейсің» дейді. Қазақ елінің есімі аңызға айналып, дастандарға арқау болған батыр ұл-қыздары толып жатыр. Олар атамекенін, туған елін жан аямай қорғап, ата-бабаларының ерлік дәстүрін сақтау арқылы өздерінің өшпес даңқын шығарғандар.

Қазақ – батыр халық, ержүрек халық, намысшыл халық. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда ерлері намыс отын жағып, туған топырағын қасық қаны қалғанша қорғанына өткен тарих куә, кешегі сұрапыл заман куә.

Байтақ ел, күн сәулетті дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауыз бірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды, талқылауда және шешуде әлем саясаткерлері ықылас қоятын елге айналды.

Қазіргі таңда Қазақстан өркениетті, дамыған елдер қатарында келеді. Еліміз – тәуелсіз ел, дербес мемлекет болып жиырма бірінші ғасыр табалдырығын сенімді аттады. Ел өз қалауымен президентті сайлап, Ата Заңымыз бен мемлекеттік рәмізді қабылдадық. Ана тіліміз – қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Қазақстанның астанасы – Астана қаласы күннен күнге жаңарып, жаңа  белестерге көтерілуде.

Қазақстан, сен заңар биіксің, кеңсін. Менің  жаным өзіңе деген мақтанышқа  бөленген. Туған жер!

Нұржанат Абылайхан

Abai.kz

 

0 пікір