Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 8179 16 пікір 25 Желтоқсан, 2017 сағат 09:27

Алаш-орда тарихы - рухани жаңғырудың даңғылы

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы сегіз айдан бері жұртшылық назарынан түскен жоқ. Оның мән-жайын Президенттің өзі Халық ассамблеясында сөйлеген сөзінде кеңейтіп түсіндіріп бергені белгілі. Мақала қалың халықтың көңілінен шықты.  Бағдарламалық сипат алды. Өйткені онда көңілімізді  көптен күпті еткен  жәйттер қолмен қойғандай жіктеліп, жіліктеліп, өте түсінікті түрде алға тартылған еді.

Мақалада  санамыздың ісімізден озық жүруінің маңыздылығы атап көрсетілгені мәлім. Ал бұл үшін сана жаңару керек. Қоғамдық сананы жаңарту, модернизациялау мәселесін Президент Халық ассамблеясында сөйлеген сөзінде таратып әңгімелеген-ді, сонда, жалпы, осынау бағдарламалық мақаласын кеңейтіп түсіндіргені баршамызға аян.

Президент белгілеп берген сананы жаңарту жұмыстарының тұғырына халықты тарихпен тәрбиелеуді, қазақтың совет өкіметі тұсында жабық болған  қаралы  тарихы арқылы  тәрбиелеуді көздейтін іс-шаралар кешені қойылуға тиіс деп ойлаймын. Қазақ халқының және қазақ ұлттық мемлекеттілігінің тарихын білу арқылы жаңарған сана елімізде қоян-қолтық өмір сүріп жатқан барша ұлт өкілдерінің мемлекет құрушы халқымызбен бірлігін іс жүзінде нығайта түсетін болады. Осы мәселеге терең мән бергендіктен де, Президент Білім және ғылым министрлігіне  Халық  ассамблеясымен  бірлесіп  орындауы  үшін  көп функциялы мультимедиалық портал ашуды және «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды.

Бұл интерактивті картаның терең де жан-жақты ойластырылып, ғылыми негізде жасалуы тиіс екені түсінікті. Солай істелген жағдайда ол портал мен карта қазақ халқының мемлекет құрушылық мәртебесін асқақтатып, тәуелсіз елдің бекем негізі, айбынды тұғыры ретіндегі айрықша рөлін айшықтайтын болады.

Осы ерекше электронды карта ежелгі қазақ жерінде бірін бірі алмастырған мемлекеттер түрлерінің тарих сахнасына 15-ші ғасырда тұңғыш рет этностық атымен дербес қазақ мемлекеті ретінде шығу белестерін көрнекі бейнелеп, қазақ елінің 19-шы ғасырда тәуелсіздіктен айрылу, одан жер-суының отарланып, қилы демографиялық күйзелістерге ұшырау кезеңдерін жүйелі де танымды, әсерлі етіп көрсетіп бере алады.

Осы карта арқылы әуелде патшалықтың, сосын кеңес өкіметінің қилы тәсілмен жүргізген отаршылық және орыстандыру саясатын, алфавитті араб графикасынан латынға, одан кирилге ауыстырудың астарын, түпкі  мақсатын ашып, қазақ жерінде тоғысқан сан түрлі ұлт өкілдерінің тәуелсіздік дәуіріндегі ұйысу процесін толық және көрнекі түрде өте түсінікті әрі әсерлі етіп әңгімелеуге болады.

Осы карта арқылы халыққа қазақтың жойылған мемлекеттігін қайта жаңғыртуға жол ашқан Алаш-Орда жайында тағылымды мағлұмат ұсыну қажеттігі өз-өзінен сұранып тұр. Енді үш күннен кейін Алаш автономиясы мен үкіметінің – «Алаш-Орда» Халық кеңесінің – құрылғанына 100 жыл толады. Советтік дәуірде тек теріс мағынада, сыни тұрғыда ғана аталған бұл белес шындығы қазіргі таңда  тәп-тәуір жаңғыртылды. Сол шын тарихты жаппай білу бағытын ұстану, сөз жоқ, сананы жаппай жаңарту амалы болып шығар еді.    Қоғамдық сананы жаңарту бағдарламасын іске асыру жөнінде арнайы Ұлттық комиссия құрылғаны, оның жұмысқа бағдарламалық мақала жарық көрісімен іле-шала кірісіп кеткені баршамызға баспасөзден мәлім. Бірақ бұл Комиссияның  қаншалықты Алаш идеясымен қаруланғаны бізге беймәлім, сондықтан, бәлкім кәделеріне асып қалар деген оймен, сол орайдағы  пайымымызды тарқата бермекпіз.

Президент Назарбаев аталмыш бағдарламалық мақаласында ұлттық сананың кемелденуіне атсалысу үшін қай-қайсымыздың да «ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанымызды» қалайтынын айтты.

Мұның алғашқысы – ұлттық код, оны  сақтай білу қажеттігін Президент жаңа тұрпатты ұлттық жаңғырудың ең басты шарты ретінде ескертті. Рухани кодтың басты тіні, ұлттық мәдениеттің алтын өзегі – ұлттың күллі қастерлі ұғымдарын, қасиеттерін бойына жиған ұлттық тіл болып табылатыны дау тудырмайды. Егер ұлттық тіл сақталмаса, нақтырақ айтқанда, мемлекеттік мәртебесі бар ұлттық тіл өз міндетін тиісті дәрежеде атқармаса, онда  ешқандай да ұлттық жаңғыру болмайтыны айдай анық. Бүгінде, қоғамдық сананы жаңартуға бағытталған нақты шаралардың бірі есебінде жасалып жатқан жаңа әліпбиге көшу ісі сәтті болу үшін,  мемлекеттік тілді мәртебесіне сай деңгейге көтеру, яғни қоғамдық-саяси функциясын күрт арттырып, қолданыс аясын мейлінше кеңейту қажет. Мұның амалдарын ойластырып, батыл жүзеге асыру қажеттігін Ұлттық комиссия басты назарда ұстап отырған болар деп ойлаймыз.

Ал екінші ереже – «ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту» керектігі жайында. Президент ерекшелеп тұжырымдаған кертартпа тұстар мен олардан арылу ережесіне қатысты мен өз пікірімді айтқым келеді.

Менің ойымша, өткеннің кертартпа тұстары советтік заманда қанға сіңірілген ұғымдар тұтқынынан әлі де толық шыға алмауымызда жатыр. Мәселен, большевизмнің таптық мүддені жалаулатқан солақай саясаты ұлт бірлігін ту еткен Алаш-Орданы еңбекші халықтың жауы деп ұғындырды, қазақ халқының үш дүркін ашаршылықты бастан кешіп, айтып жеткізгісіз ұлттық апатқа ұшырауын алашордашылар рухтандырған тап жауларының дұшпандығы салдарынан деп түсіндірді. Босап қалған кеңістіктегі көшпенділер сүйегі үстіне қоныстанғандар іс жүзінде қазақ жер-суын жаңаша отарлаудың, қазақтың ұлттық мүддесін жан-жақты шектеудің ұтымды құралына айналдырылды.

Қазақ халқы өз елінде ұлттық азшылық деңгейіне түсірілді, орыстандыру процесі патшалық тұсындағыдан да кең қанат жайды. Бұл үдерістің идеологиялық тұрғыдан қамсыздандырылып, сәтті жүргізілгені соншалық, тың көтеруші Никита Хрущев патшалықтың ғасырлар бойы жасай алмағанына коммунистердің екі-үш жылда-ақ қол жеткізгенін мақтанышпен жария етті және коммунизмге бір ғана орыс тілімен баруға үндейтін ұран көтерді. Содан бері ана тілін ұмытқан және сонысын мақтаныш көретін қазақтың үлкен бөлігі тұтас бір халыққа айналды деуге болады.

Олардың  көбі тіпті тәуелсіздік дәуірінде де ана тіліне қайрыла қоймады, ең бастысы, олар әдемі ұран жамылған орыстандыру саясатының құрбаны болғандарын әлі күнге дейін мойындаған емес.  Қазіргі түрі қазақ, тілі мен ділі орыс, бірерінің тілі сақталғанмен, жаны  орыс боп кеткендер, өкінішке қарай, ұлттық мүддемізге қарсы тұрушылар жағында.

Еріксіз еске түседі: нөмірі бірінші большевик Владимир Ленин орыстанған өзге тұқымдының орыстан өткен шовинист болатынын ескертіп, ұлттар теңдігін күйттеушілерді сақтандырған еді. Жасыратын не бар, бүгіндері ұлттық құндылықтарға жирене қарайтын, елімізде жалпыадамзаттық делінетіндерге қилы ескерткіш қойып,  орынсыз дәріптеуге оң иығын беріп тұрған – сондайлар. Олар ұлттық мүддеміздің тәуелсіздік дәуірінде де толығымен қорғалмауына, ұлт мәселесінің іс жүзінде жаңаша қордалануына түрлі қарсы әрекеттерімен себеп болып келеді.

Бұл жағдайды түзету үшін тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің қажеттігін еліміздің барша азаматтары мойындауы ләзім. Бұған сананы жаңарту арқылы қол жеткізуге болады.  Ал сананы жаңарту, яғни модернизациялау, жоғарыда айтқанымыздай, Алаш-Орданың мемлекетіміздің тарихында алатын орнын анық біліп, дәл бағалай білуге де байланысты дамымақ.

ХХ ғасырдың басынан, бірінші орыс революциясынан басталған қазақтың азаттық қозғалысы Ақпан революциясы нәтижесінде ашылған саяси мүмкіндіктер арқасында, ХІХ ғасырда жойылған ұлттық мемлекеттілігін жаңғыртты. Жаңа тұрпатты ұлт-азаттық қозғалыс 1917 жылғы 25 желтоқсанда Алаш автономиясын құрып, алаштың ордасын, яғни үкіметін сайлау арқылы жеңісті шыңына жетті.  Алаш автономиясының Халық Кеңесі екі-ақ жыл өмір сүрді, бірақ ол, совет платформасына ауысқан қайраткерлерінің Алаш елдік идеясын ұстанған қызметтері арқылы, 1920 жылы Қазақ республикасы болып жалғасты.

Содан соң, екі өлкені біріктірген Үлкен Қазақстанды 1925 жылы Алаш ұранды қайраткерлер Ұлттық Республика құрылды деп жариялады.  Яғни, тапшыл өкіметті ғана жақтайтын большевизм ұлттық бірлікті ту еткен Алаш-Орданы жойғанмен, совет туы астында халқына Алаш идеясы жетегімен қызмет көрсетуді көксеген қазақ коммунистерінің жанқиярлық күресі нәтижесінде шаңырақ көтерген  таптық негіздегі ұлттық автономияны жоққа шығара алмады.

Бірақ, Мұстафа Шоқай тұжырымдаған «большевиктердің аштық саясаты» салдарынан,  ұлттық автономияның халқы алапат ашаршылықтан қырылды. Большевизм қазақ жерін жаңаша ұранмен отарлауға өзіне осылай жол ашты. Ал қазақ халқына қарсы жасалған мемлекеттік қылмысын  автономияға сталиндік конституциямен одақтық мәртебе беру арқылы бүркемеледі.

Биыл Қазақ республикасының советтік тәуелсіз мемлекет ретінде рәсімделіп, Республикалар Одағы құрылтайшыларының біріне айналғанына 80 жыл толып отыр. Осы бір аса маңызды белестің арқасында біз шын мәніндегі тәуелсіз ел болдық. Демек, еліміздің одақтық тәж киюі жолында жанын берген миллиондаған  аштық құрбандарына бүгінгі ұрпақтың мәңгі қарыздар екенін  бағдарламалық мақалада айтылған мультимедиялық портал мен интерактивті карта  көрнекі түрде еске салып тұруға тиіс.

Биыл бір ғасырлық мерейлі датасына орай жаңаша қарастырылып жатқан Алаш-Орда мемлекеттік бірлігінің тарихы тәуелсіз еліміздің айбынын асқақтата түседі. Халқымызды рухани жаңғырудың жасампаз даңғылына бастайды. Сөйтіп, жүз жыл ілгеріде құрылған ұлттық автономияның дүниеге келген күнін бүгінгі ұлттық мемлекетіміздің іргесі қаланған күн ретінде мойындайтын шақты тақалта түседі.

Президент Ассамблеяда совет өкіметі жасаған саяси қуғын-сүргіндер жайын және мыңдаған жазықсыз жандар қатарында Алашорда қайраткерлерінің де атылып кеткенін аян еткен болатын. Енді ондай жағдай ешқашан қайталанбау үшін, қасіретті кезеңді ешқашан ұмытпау үшін әр жылғы 31 мамыр арнайы еске алу күні ретінде белгіленгенін айтқан. Азаматтарды тарихтың қайғылы, қасіретті беттерімен де бауырластыра отырып тәрбиелеудің маңыздылығына бағдарламалық мақаласында көп көңіл бөлген. Адамдардың санасын жаңартып, рухани тұрғыда жаңғыртуға үлес қосатын шаралардың бірі ретінде аталмыш электронды  карта жасауды тапсырған. Цифрлық технологияның соңғы жетістіктерін пайдалана отырып жасалуға жататын осынау интерактивті тарихи картаның  тұсауы келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай кесілуге тиіс.

Президенттің бұл тапсырмасын халыққа шын мәнінде пайдалы болатындай етіп, ойдағыдай, табысты орындау, менің ойымша, өте жауапты да маңызды міндет. Қалың елге Алаш-Орда тарихын осы тапсырма негізінде жеткізу – баршамызды рухани жаңғыру даңғылына бастайды. Мұның барша жұртты қазақ төңірегіне тығыз топтастырып, қазақ мүддесін жалпыұлттық мүдде ретінде қорғауға жұмылдыратын, тиісінше ел бірлігін арттыра түсетін аса маңызды шараны жүзеге асырғандық болары күмәнсіз.

22 желтоқсан 2017 жыл

Бейбіт Қойшыбаев, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377