Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Өмірдің өзі 5701 2 пікір 28 Желтоқсан, 2017 сағат 14:10

Тобырдың қолшапалағы

(Новелла)

Жазушы өзін элиталы топтың адамындай көрсетеді. Көшеге шықса,  бар әдемі киімін киіп, тозығы жеткен қара етігін майлап шығады. Үстіне сонау кеңес заманынан қалған сұр плащын іліп, аяғын алшаң басып көше басынан қарасы көріне сала бұл көшенің тұрғындары (қолы бос әйелдерден басқасы) жым-жырт бола қалатын. Тіпті, бір-бірімен ағаштан ойып жасалған ойыншық үшін таласып, шыр-пыр болған мұрынбоқ балалар да шуылын баса қоятын.

Бірақ, неге осы кісі алыстан көріне бере адамдар момақан бола қалатынын өздері де түсінбейтін. Бар білетіндері, жазушының бір ауыз сөз айтып, кез келгенінің жүрек түкпірін тілгілеп, шалқасынан түсіретін құдіреттілігі бар екендігін сезетін.

Өмірде тым көп сөйлемейді. Отырыстарда адамдар екеуара күрбің күрбің сөйлесе қалса, жазушы бәрін сырттай бақылап, ешкіммен шаруасы жоқ адамдай отырады да қояды. Барша жанға көз қиығымен қарап, мырс етеді де жөніне кете береді. Ұнамайтын әлдебіреу алдынан кесе көлденең шықса, сөз таластыруға өзін ғана емес, сөзін де, жүйкесін де аяйды.

Көпшілік жиналып, әрнәрсені сөз қылуға көшкенде, кітапхананың соңғы сөресінен тауып алған жырым-жырым кітабын бетіне жауып, ештеңе естімеген, ұйқысырап отырған жандай селсоқ күй танытады. Дарақы күлкіге басқан тобырдың жағымсыз, әрі жиіркенішті үнінен денесі бір сәтке тітіркене қалады да,  бойын тез жиып ала қояды.

Әне, сол жазушы ұзын көше бойымен барша көршілерін артынан қаратып, қолына кітап салған кенеп қабын арқалап, бәзбіреулерге белгісіз жаққа асығып барады. Оның күнде осы қалпымен таң атқаннан кеш батқанша қайда барып келетінін ешкім білмейді. Талай жан сырт көзге  құпия көрінетін жазушыны аңдып да, түні бойы шам жарығымен пәтерін торуылдап та көрген. Бірақ, басқаларға қауіпті, селк еткізер жағдайды байқамаған соң баяғыша жайбарақат күйге көшкен.

Бір кездері оның сыртынан «ол құпия барлау ұйымының мүшесі екен, қызметі қатал, қиын, аса көп тексеруді, қауіпсіздікті қажет ететін болғандықтан туыстарымен, отбасымен араласпай кетіпті» деген әңгімені де көршілері таратқан.

Салқынқандылық пен ұстамдылық бойын әбден билеп алғандығы соншалық, жұрт жапатармағай кінәлап, балағаттап жатса, да тоқмейілсумен өзін басатын.  Себебі, тобырдың жеңіл сөзге, жалпақ ұранға әуес екендігін жақсы білетін. Кезінде өзі де сол тобырларша ойлап, соларша өмір кешкендігін есіне алса тұла бойы жиіркеніш сезіміне тола бастайды. Сәл кітап оқып, қара қаламмен қағаз бетіне әлденені шимайлай бастағанда көңілі жайланатын.

Жаз келсе сасық иістен басы айналатын ескі үйдің тұрғындары көше басындағы шағын көлемді бірнеше үстелдерді жағалай  кешқұрым жиналып отыратын. Таңға дейін ыстығы басыла қоймайтын бұл аумақтың ауа-райына еттері үйренген олар, бастары қосыла қалса жазушы шалдың жайын сөз етеді.

– Байғұс кеше түні бойы көз ілмей шықты. Ана ескі кенеп қабына салып әкелген кітаптарын әрі-бері ақтарумен болды. Соларды қарағаннан бірдеңе табатындай несіне оқи береді екен?! – деді үйі жазушы пәтеріне қарсы тұратын жас келіншек.

– Иә, қыз-ау, шынымен кітап ақтарып, ескі қолжазбаларды ақтарғаннан біреу бірдеңе береді дейді ме екен? Бала-шағасының ортасында немерелерінің қызығына тоймай жүретін шағында ескі жазбалардың бетіне шұқшиып отырады да қояды,  – деді тағы бір әйел

– Осы шал неменесіне жетісіп кердиіп жүреді екен? Үйінің жөндеу көрмегеніне неше жыл болды, қабырғалары сарғайып, түсқағаздары түртсең бетіңе жалп ететін түрі бар. Онымен қоймай, жұртқа ақыл айтқанда бәледей. Ақылды болса неге бай емес? – деп бірінен соң бірі дабырласа жөнелді.

Бұл сәтте жандарынан  өтіп бара жатқан жазушы шалды сөзқұмар келіншектер байқап қалды. Сыртынан айқайлап:  «Әй, шал көшеде не бар саған, оданда пәлсафалық кітаптарыңды оқысаңшы», – деген.

Жазушы мойнын сәл артқа бұрып: «Көп оқыған зиян, ілім ұрып кетуі мүмкін. Сол сияқты қатты пысық болған да зиян, көз өтіп кетуі мүмкін»,  – деді де шаруасымен кете барды.

Дәл сол сәтте жазушы ұзақ жылдар бойы тыраштанған еңбегі бағаланып, соның марапаттауына асығып бара жатқан еді. Ертесіне ол тұратын бүкіл шағын ауданның тұрғындары қолдарына оның суреті басылған жылтырақ әдеби журналды алып, тамасана, әрі мақсатынышпен қарап отырған.  Сөз арасында «бұл біздің құдай көршіміз, өте тату-тәтті тұрдық, тіпті, алыстағы айғайынымыздан жақын сыйлас, сырлас болдық» деп айтып қояды.

Бірі «осы жерде бізбен көрші тұрғанда-ақ өзін басқалардан ерекше ұстайтын еді. Мұрнын шүйіргенде, неменеге жетісіп бойын асқақ ұстайды екен деп қарайтын едік. Сөйтсек, бұл шал атақ мен марапат алатынын сезіп жүрген екен ғой. Кім біледі алдын-ала жоғары жақтан бір дөкейді сайлап қойған шығар. Әйтпесе, айдалада жазушылар ортасынан тыс жүрген бейбақты кім елеп, ескере қойсын?! Тамыр-таныстық қолұшын созғаны анық», –  деп күңкілдеп қояды.

Бүгін елге белгілі отандық арнадан жазушының шығармашылық кеші көрсетіледі. Оны бұрынғы көршілері көруге бір үйге жиналып отыр. Межелі уақыт болған. Жазушы кешінде әдебиет саласының небір үздіктері сөз сөйледі. Қазақстан жазушылары оның қаламының ұшқырлығын сөз етті. Экранның бергі жағынан қарап отырған бұрынғы көршілері де қолшапалақтап:  «Жарадың, жазушы, Еркексің», – деп қояды өзі құралпы азаматтар.

***

Жазушы 10 жыл ғұмырын марапат алған шығармасын жазу үшін Алматыдан шағын қалаға қоныс аударған. Шағын қаланың көзге түсе бермейтін ауданынан ескі пәтерді жалға алып, 10 жыл бойы шығармашылықпен айналысқан болатын. Қазір сонша жыл бойы жалғыздығымен қарапайым өмірін қымбат құрылыс заттарынан салынған зәулім үйдегі бақытты шағына алмастырған. Көшеге шықса ешкім сыртынан «байғұс шал, сенің жазғандарың өзіңнен басқа кімге керек»,  – деп ғайбаттамайды. Бәрі таниды. Өз жолымен өтіп бара жатқан таксистер де барар жеріне тегін жеткізіп тастайды. Немерелеріне ертегі айтады. Қазақ батырларының жырларын жатқа соғады.

Бірақ, бұрынғы өмірінен сарқыншақ қалған. Ол – сұр плащы. Бұл киімді тастау – жазушы үшін азап. Ескі сұр кебіне оған шабыт беретіндей. Қайда барса да оны үстінен тастамайтын қарияны оқырман қауым «Сұр плащтағы жазушы» деп атап кеткен.

Шапағат Сердәліқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048