Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қайраткер 14363 11 пікір 29 Желтоқсан, 2017 сағат 11:40

Ұлт қайраткері - Нұртас Оңдасынов туралы ғылыми еңбек жарық көрді

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

2017 жылдың 20 желтоқсан күні Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы туралы «НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ» атты монографиялық еңбектің тұсаукесері өтті.  Оның авторы ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов 10 шақты мұрағат қорларымен жұмыс жасап, 400 беттік ғылыми еңбекті жарыққа шығарғандығына өте қуаныштымыз. Бұл тұлғаның ғұмырбаянына арналған ғылыми-зерттеу еңбегі Мемлекет тарихы институтының «Ұлы Дала тұлғары» сериясымен жарық көріп келе жатқан кітаптардың жалғасы.

Қазақ халқының біртуар дарынды тұлғасы Нұртас Дәндібайұлы 1904 жылы 26 қазанда Түркістан жерінде дүниеге келген. Балалық шағында ауыл молдасы Керімқұлдан арабша төте жазудан дәріс алып, «Батырлар жыры», «Қисса» және «Дастандарды» оқып ұлттық рухта тәрбиелене бастаған. Жастық шағы 1917 жылғы қос төңкеріс, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысының аласапран уақытына тап келген. Жастай әкесі мен шесесінен айырылып, 1920 жылы Ташкенттегі №14 мектеп-интернатында 1922 жылға дейін тәрбиелеуге қамқорлыққа алынған. Онда Алаш зиялысы Сәдуақас Оспанов басшылық жасаған. Орыс тілінен Ғани Мұратбаев, араб тілінен Әмин Жүсіпов (Мәшһүр Жүсіптің ұлы) дәріс берген. Алаш қайраткері Сәдуақас Оспанов жастардың мықты және рухты болып өсуі үшін Нұртас Оңдасынов, Бейсембай Кенжебаев және Өтеубай Тұрманжанов сияқты талантты жастарды тәрбиелеген.

Нұртас Дәндібайұлы  1922-1927 жылдары Ташкент Орман шаруашылығы техникумында оқыған. Онда Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінен дәріс беріп, «Ел болам десең, бесіңіңді түзе» және «Білімді ел, биік ел» деген сөздерді ылғида айтып, олардың рухани зердесіне нұр қылып құйған ғой. Үлкен ұстаз осылайша қазақ жастарының өмір жолына бағыт көрсеткен.

Қайраткер тұлға жас кезінен көшбасшылық қабілеттерін байқатқан. Оған дәлел Ғани Мұратбаевтың қасында жүріп, ұйымдастыру шараларына қатысқандығы. Еңбек жолын 1927-1928 жылдары Қызылорда Су шаруашылығында статист болып бастаған. 1928 жылы Талас-Ассы су көздерін іздестіру мекемесінің, 1928-1930 жылдары Шымкент Су шаруашылығында техник маман ретінде қызмет атқарған.

1930-1934 жылдары Ташкент қаласындағы Ирригациялық институтының студенті болған. 1934-1938 жылдары Қазақ Орман шаруашылығы басқармасында басшылық қызметте болды.

1938 жылы ақпан-маусым айларының аралығында Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып, осы аталған жылдың ортасында Совнарком (Үкімет) төрағасы болып тағайындалған. 1938-1951 жылдар аралығында Қазақстан Үкіметін басқарып, елдің дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. Мәселен, 1944 жылы Консерватория, ЖенПИ, Педучилищені ашу туралы Үкімет қаулысын шығарған. 1942-1944 жылдары «Самарқан» деген белгісіз атаумен салынаған металлургтер қалашығына «Теміртау» деп ат қойғанда Н.Д. Оңдасынов еді. Соғыс жылдарында майдан тылындағы жұмыстарды ұйымдастырудың басшылығында жүрді. Қазақстанға депортацияланған және эвакуацияланған халқты қабылдап, оларды орналастыруда қаншама қамқорлық жасады. Осы соғыс жылдарында «Қазақфильмнің» негізін қалауға тікелей ықпал еткен. Елдегі мәдениет пен өнердің дамуын өзі қадағалаған. Мысалы, 1943 жылы майдан даласынан Н.Д. Оңдасыновқа Бауыржан Момышұлы хат жолдап, елдің рухын көтеру үшін ақындар айтысын өткізіп, ұлттық ойындар мен дәстүрді жаңғырту керек дейді. Осыны назарында ұстаған Нұртас Дәндібайұлы осы аталған жылдың 11 желтоқсанда республикалық ақындар айтысын өткізіп, халықтың рухын көтерген. Оған сол кезде Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев және Нартай Бекежанов сияқты ақындар қатысып, жүлделер алған.

Ал, 1943 жылы Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданына іссапарға барған Үкімет төрағасы Н.Д. Оңдасынов 16 жасар Хакімжан Наурызбаевтың талантын байқап, оны Алматыға оқуға шақыртып, мүсінші Ольга Кудрявцеваға тапсырып, Украина мен Ресейге оқуға жіберткен. Кейін Хакімжан Наурызбаев қазақ халқының атақты мүсіншісі болды. Ол өзінің естелігінде: «Қайраткер Н.Д. Оңдасынов болмаса, мүсінші Х. Наурызбаев болмас еді» деп жазған екен.

1945 жылы Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойын өткізуге Үкімет қаулысын шығарып, оның басынан аяғына дейін өзі қадағалап, Абай еліне барған.

1945-1946 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының іргесін қаласуға қатысып, Қ.И. Сәтбаевты қолдап, КСРО Ғылым академиясының Президенті В.Л. Комаровқа таныстырып, ғылымды ұйымдаструға басшылық қызметке әкелген. Ғылым академиясының тағанын қаларда «Қазақстан ғылымы күмістей сыңғырлаған таза болсын» деп ырымдап, бір уыс теңге шашқан. 1947-1950 жылдары оңтүстік пен солтүстікті қосатын Мойынты-Шу темір жолын салуға бастама көтеріп, ұсыныс жасауда Л. Берияға өз сөзін өткізіп, Кеңес Одағын орталығынан қаражат мәселесін шешкен. Сөйтіп, бұрынғы 7-8 тәуліктік жолдың қысқартып, 1 тәулікте Ақмоладан Алматыға жететін жағдай жасаған.

Қайраткер тұлға 1951-1953 жылдары Мәскеу қаласындағы Жоғары Партия мектебіне оқуға жіберілген. Одан келгеннен кейін 1954-1955 жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарып, елдің дамуына оң өзгерістер әкелетін заңдарды шығарып, оған өз қолын қойған.

1955-1962 жылдары Гурьев облысында басшылық қызмет атқарып, мұнайлы өлкенің дамуына зор үлес қосқан. Қазіргі Атырау мен Маңғыстау жеріндегі мұнайлы өндіріс ошақтарын ашуға жағдай жасап, мұнайшыларға қамқор болған. Сол уақытта Қаражамбас, Жетібай, Жаңаөзен және тағы басқа мұнай өндіріс орындарының ашылуына ерекше еңбек сіңірген. 1957 жылы Гурьевте өнерпаздарды жинап, олардың ішінен 500 домбырашыны отырғызып қойып, Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындатып, ұлттың рухын көтерген. 1959 жылы Гурьев қаласында Одақтық конференция өткізіп, оған Қ.И. Сәтбаев және танымал ғалымдар қатысып, мұнай өндірісін дамыту мәселесін талқылаған. Ол туралы мұнайшы ардагерлер – С. Өтебаев, Х. Өзбекқалиев және тағы басқа мұнайшылар өз естеліктерінде жақсы лебіз білдірген. 1959 жылы Гурьевте өткен алқалы мәжілісте бұрынғы Бор поселкесінің атауын «Ақтау» қаласы деп атау туралы шешім шығарған да Н.Д. Оңдасынов еді.

Өкінішке орай, 1962 жылы Н.Д. Оңдасыновты Гурьев облысы басшылығынан 58 жасында кетіруге құпия тапсырма берген Н.С. Хрущев болған. Өйткені, екеуі үш мәселеде келіспей қалған. Ұлт қайраткері бірінші, Тың игеруге, екінші, Оңтүстік Қазақстан аудандарын Өзбекстанға беруге және үшінші, Маңыстау мұнайын игереміз деген де,  Н.С. Хрущев Сібір мұнайын игереміз, Маңғыстау мұнайының қажеті жоқ деп айтысып қалған. Кеңестік қызыл иперия басшысына пікірін ашық айтып, қарсы шыққаны үшін оның қырына іліккен. Бірақ, одан тайсақтап, кешірім сұрап иілмеген. Ұлттық мүддені қорғай білген азамат. Сол себепті, оны ертерек зейнеткерлікке шығартуға астыртын әрекет жасалған.

Нұртас Дәндібайұлы 1962-1989 жылдары Мәскеуде тұрып, зейнеткерлік жасында шығармашылықпен айналысып, 6 кітап жазған. Оның 3 томы «Қазақ-араб» және «Қазақ-парсы» сөздіктері. Біруі «Араб текті қазақ есімдері», «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері» және түрік сатиригі Мехмед Теуфиктің «Бұ адам» кітабын қазақшаға тәржімалаған.

Жалпы, қайраткер Нұртас Оңдасынов 27 жыл зейнеткерлік жасында Мәскеуде тұрып, шығармашылықпен айналысып, Қазақстандағы зиялы қауыммен тығыз араласып отырған. Мақалалар жазған, хаттар жолдаған. Мәселен, Манаш Қозыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Рахманқұл Бердібаев және тағы басқалармен араласқан.

1989 жылы Мәскеу қаласында қазан айының соңында өмірден озып, сүйегін туған жері Түркістанға әкеліп жерлеген. Қайраткер мүрдесін Қазақстанға жеткізуге атсалысқандар – Серікболсын Әбділдин, Өзбекәлі Жәнібеков және Сағидолла Құбашевтар еді.

Ұлт қайраткерінің соңында шығармашылық еңбегінен басқа ұлағатты сөздер де қалған. Мысалы, Нұртас Дәндібайұлының «Үш тазалық дана» сөзі:

«Біріншіден, қаншама жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – Қолым таза!

Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни, ешкімнің қаны мойынымда жоқ – Арым таза!

Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген де, тіптен ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін – Жүзім таза!».

*****

«Тағдыр маған ел басқаруды, халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі ел, халық мүддесін жоғары қою керек. Ел басқару білгенге – мехнат, білмегенге қанағат».

Міне, осы жоғарыда аталған тарихи оқиғалардың барлығы Қанат Еңсеновтің «НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде баяндалған.

Ғани Қарасаев

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының

бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036