Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына әкім болды
Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына әкім болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың "Твиттер" желісіндегі парақшасында мәлім болды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Исабекұлы Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды", - делінген хабарламада.
Осыған дейін Жамбыл облысын Кәрім Көкірекбаев басқарып келген. Атап айтсақ, Кәрім Насбекұлы өз жұмысын 2013 жылдың желтоқсан айынан бастаған болатын. Облыс тізгінін тұп-тура 4 жылдан астам уақыт ұстады.
Ал, өткен жылдың желтоқсанынан бері жұмыссыз жүрген экс-вице-премьер Асқар Исабекұлы ҚР премьер-министрінің орынбасары және Ауыл шаруашылығы министрі қызметінен босатылғалы бері оның жаңа тағайындалуына байланысты түрлі болжамдар айтылды.
Айта кетейік, 2016 жылдың мамырында Асқар Мырзахметов Мемлекет басшысының бұйрығымен Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған болатын.
Асқар Мырзахметов бұған дейін "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2009-2015 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды.
2007-2009 жылдары "Оңтүстік" Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация" Ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарды.
Сонымен қатар, әр жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі болды, 2005-2006 жылдары ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды.
Асқар Исабекұлын ең соңғы қызметінен Өмірзақ Шөкеев алмастырған еді.
Abai.kz