Жұма, 22 Қараша 2024
Тарих 8283 20 пікір 29 Қаңтар, 2018 сағат 13:23

Басқыншылардың  естеліктеріндегі сандырақтар

Жетпіс жыл бойы кеңес заманындағы және патша заманы кезіндегі бұрмаланған тарихымызды іздеп тауып, енді ғана аз-аздап қалыпқа келтіріп жатырмыз. Жазба тарихымыздың көпшілігі шетел көздерінде, әжептәуір көпшілігі Ресей мұрағаттарында. Орыс генералдары мен офицерлері, зерттеушілері мен саяхатшыларының, бір сөзбен айтар болсақ,  орыстың басқыншы офицерлерінің біз білмейтін қазақ даласы жайлы еңбектерінің шеттері енді ғана ашылып жатыр. Олардың көпшілігін сол замандағы ресейлік саясат, кейін кеңес заманының  идеологтары жарыққа шығармай «тек қызметтік мақсатта пайдалану үшін» деп өздері ғана пайдаланып, тағы біраз бөлігін «құпия» деген грифпен  арнайы сандықта сақтап тығып келгені енді ғана олардың құпиялығы ашылған соң  аян болып отыр.

Енді шеті ашылып жатқан бұл жазбалардың табылғанына шүкір деп бір жағынан көңіліміз толса, екінші жағынан сол жазбаларды оқи отырып намысымыз бен дәрменсіз реніш көңілімізді жабырқататын, жүрегімізді өксітетін жерлері де аз емес екен. Себебі, орыстың қазақ даласын отарлаушы офицерлерінің естеліктері мен жазбаларын көріп, тарихымыздың бұрмаланғанын ғана  емес, сол жазбалардың бәріндегі қазақ атаулының, қазақ деген халықтың, оның тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрінің кемсітілгені, қорланғаны, мазақ етілгенін айқын көруге болады. Қазақ даласына келген, өздерін «жоғары мәдениеттің» өкілдеріміз деп санаушылар қазақтар жайлы ойына келгендерін жазғанына куә болып отырмыз. Отаршылардың жазбаларында қазақты «қырғыздар», «қайсақтар», «жыртқыштар», «жабайылар», «қанішерлер» деп теңеуден басқа сөз кездестірмейсің. Қолдарында нақты деректер бола тұра, қазақтар жайлы еш қисынға келмейтін жалған өсектер мен аңызға ұқсаған сандырақтарды жаза берген.

«Қазақтардың ішінде бірде-бір сауатты адамды таба алмайсың, жаппай сауатсыздық жайлаған» деген отаршылардың сөздеріне құлағымыз да, көзіміз де үйреніп қалған. Мұндай жазбаларға жарайды, мән бергіміз жоқ. «Қазақтар ешуақытта жуынбайды» деп жазыпты орыстың И. Пашино деген полковнигі 1866 жылы Қазалы мен Түркістан арасындағы жол сапары жайлы 1868 жылы Санкт-Петербургтен шыққан «Түркістан өлкесі. 1866 жыл. Жол жазбалар» атты кітабында. Осылай деп бастаған полковниктің қазақтар нағыз моральсыз халық екен дегенін оқығанда қаның бірден тасып кетеді. Қазақтың тұрмысындағы ер мен әйелдің қатынасының арасында еркіндік жайлаған, еш тыйым жоқ, қалаған адамымен бәрі ашық жасалына береді деп көсіліпті.

«-Кетші әрі, мезі болмай, тағы да жабысып қалмадың ғой! Мыстан қатын! – деп казак оны қуады. Оған не керек екен деген сұраққа: Жоғары мәртебелім, дәрі сұрайды, бала туғызатын дәрі. Жұрттың бәріне жабысып қалмайды; Құдай бермесе оған ешбір дәрінің көмегі болмайды. Білемін оған қандай емнің қажет екенін: көктем, күйеулері табында жылқы бағымында, іштері қайнап пысып жүр. Сіз оған көңіл аудармаңыз – ол жұрттың бәріне солай... қазақтарда бұл мәселе... оп-оңай.. – казак қолын бір сілтеді.

Қазақтың қыздары мен әйелдері өткен-кеткен жүргіншілерге оп-оңай беріле салады, орыс солдаттары жүрген жерінде ұрпақтарын қалдырып кетті деп көсілген полковник «мен мұндай моральсыздықты еш жерде кездестірген емеспін» деп те сілтеп жіберген.

«...егер біздің әскерлер өткен аймақтағы қазақ әйелінің қолында шашы сары бала көрсеңіз оның таңданары жоқ. Мен мұндай бейжайлықты, осындай аңқау да аңғал формадағы бейжайлықты, қазақтардың  арасындағы моральсыздықты еш жерде кездестірген емеспін.

 Бір жолы осы тақырып  төңірегінде он алты жастағы қазақ атқосшымен әңгімелестім; ол мені өзінің ой талғамдарымен, қисынды пікірлерімен, тәуір софизмдерімен таң қалдырды. Әңгімеміздің өн бойын түгел келтірмей-ақ қояйын, ең соңындағы сөз байласқанымызды айтайын. Сөз соңында ауылдағы бірінші сұлу болып саналатын апасымен мені таныстыруды ұсынды. Егер қаласаң, екі гривенник ақша берсең болды, стансаға әкеп беремін деді».  (ТҮРКІСТАН      ӨЛКЕСІ, 1866    жыл.  «ЖОЛ    ЖАЗБАЛАР»  П. И. ПАШИНО  15 бет).  

П. И. Пашиноның бұл сандырағын Н. И. Добросмыслов  өзінің 1912 жылы Ташкентте шыққан «Сырдария облысының қалалары» деген кітабында одан да «тереңдете» түсіпті. Оның айтуынша сифилис және басқа жыныстық аурулардың көзі қазақ даласының әйелдері болған...

«...№1 форттағы жартылай госпитальдың жұмыс істеген кезінде стационарлық аурулардың саны жылына 600-ге жетті, олардың 30 пайызы сифилиспен және жыныстық аурулармен науқастар еді. Коменданттың айтуынша, төменгі шенділер далалыққа шаруашылық жұмыстарымен жиі іссапарларға шығып сол ауруларды қазақтың әйелдерінен жұқтырып келеді екен.»

Келімсек басқыншы офицерлердің қайсысы болмасын,  қазақтың ежелгі тарихы мен  мәдениеті жайлы, салт-дәстүрлері жайлы түк білмесе де еш қымсынбай, қиналмай ойына  келген өз пікірін нағыз ақиқаттың шыңы деп соғып жаза берген.   «... Тек қана ертегілерді жақсы көретіндіктен, қазақтар ата-бабаларына соншалықты бейжай қарайды, арғы аталарының аттарын дұрыс атай алатындары көп емес. Бұл кемшілік бүгінгі елінің тағдырына ерекше ықпалы бар фамилияның иелеріне де қатысты» деп сандырақтаған 19 ғасырдың 40-шы жылдары қазақ даласында болған Петр Услар деген офицер «Қазақ даласындағы төрт ай» деген естелік жазбаларында. Бұл жабайы да, сорлы қараңғы халықты қалай кемсітіп жазсақ та бола береді деп ойлаған болса керек.

«...Бірақ, қазақтардың ән айтуымен еш келісетін жайым жоқ. Олар өздерінің музыкасына үлгі етіп, ашуланған түйелердің құлақ жарып өкіретін дауысын алғанға ұқсайды. Еліктеуші көп жағдайда  түпнұсқадан жақсы бола  алмайды емес пе, сол сияқты қазақтар да музыкалық жағынан қос өркешті маэстро ұстаздарынан көп кейін қалып қойыпты. Әндерінің көпшілігі суырып салып айтуға саяды, мақамы өзгермейді, біреу ғана. Жарысқа екі әнші түседі. Әуелі біреуі бірнеше өлеңді айқайлап айтады, ең бастысы - ұйқасқа маңыз береді, мағынасы – екінші, үшінші нәрсе. Сосын екіншісі оған жауап береді, дұрыстап айтқанда, ол да оған өлеңмен жауап қайтарады. Қайтарған жауабы неғұрлым күтпеген тұрғыда болса, яғни  неғұрлым далбаса мағынада жауап берсе, соғұрлым тыңдаушылар дауыстап, күліп қолдайды. Осыдан- ақ, екі-үш сағатқа созылатын бұл далбасаның қандай ақымақсыздыққа апарарын  біле беріңіздер»,- дейді   П. Услар.

Дәл осыған ұқсас пікірді орыстың мақтаулы академигі, орыстың «Толковый словарінің» авторы Даль де жазыпты. Ол 1839 жылғы Перовскийдің қысқы Хиуа жорығы кезінде жорықта бірге болып күнделік жазып отырған:  «... Бұл қайсақтарда өте сирек кездесетін жағдай; олардың ауыз әдебиетінде аңыз естеліктер кездеспейді, жыр айтушылар өздерінің төрт шумақ өлеңдерін қосып, ойланбай, көпшілігін жатқа соғып айта береді».

Сыр бойына аты шулы генерал В. Перовский жайлы орыс тарихшылары мен зерттеушілері тек қана сыпыра мақтап керемет қолбасшы ету жағынан ғана жазбалар қалдырған тарихта.  Соңғы ашылған естеліктер бойынша генерал Перовскийдің қазақтарға аяусыз қатал болғаны жайлы деректерді орыс тарихшылары барынша көрсетпеуге тырысып жасырып келгені анықталып отыр. Атақты орыс жазушысы Лев Толстой Перовский жайлы, оның 1839 жылғы Хиуаға қысқы жорығы жайлы роман жазбақшы болыпты. «Оқиға орны Орынбор өлкесі болуы тиіс» деген жазба қалдырып кетіпті жазушы. И. Н. Захарьин-Якунин өзінің естеліктерінде Лев Николаевичпен болған мынадай әңгімесін еске алады:  «…Мені осы жорық  (1839 жылғы Хиуа жорығы – А. П.) өте қызықтырады... рас па, жоқ па білмеймін, айтшы, Перовский осы жорық кезінде жас қазақтың жол көрсетушілерін әкелерінің көзінше тірідей жерге көмгені рас па?» деп сұрапты. Сірә, Лев Николаевичті  шенеуніктер әскери  ведомствоның мұрағаттарының табалдырығына жақындатпаған болар деп ойлаймын.

В.Перовскийдің 1839 жылғы Хиуаға жорық кезінде генерал Балкашинге жазған хатында мынадай жолдар бар:

– Жақында қазақтар бұзықтық жасамақ болды, алға  жүрмейміз деп батыл бас тартты, осы жерде бәріміз өлеміз, мұндай аязда басымызды Хиуада тастағанша бәріміз түгел осы жерде өлеміз деді; сөзбен жасаған үгіт көмектеспеді, тек екі адамды атқаннан кейін ғана, басқаларын да сондай тағдыр күтіп тұрғанын көріп жандарын сақтауды жалынып сұрай бастады, айтқандарыңнын бәрін істейміз деді».  

Естелік жазған орыс басқыншаларының барлығы да қазақтардың қонақжайлылығын, қай уақытта болсын келген  жүргінші қонақтарға үйінің бұрышынан орын тауып беріп, өзі жартылай аш отырса да, балаларынан жырып, тамақтарымен бөлісетіндерін жазған. Бірақ олардың бұл тамаша қасиетіне мақтау, ризашылық айту орыстардың еш қаперінде болмаған. Қазақтар бізді солай қабылдауға тиіс!

... Кейбір стансаларда жиналған көп атқосшылардан, поштабайлардан немесе олардың сенімді өкілдері, приказшіктерінен тұратын  қазақтарды кездестіресің, кейде үлкен көпжанды қазақтың отбасысына тап боласың. Олар өткінші жүргіндердің көптігіне еш қысылмайды, оларды да қысылдырмайды, тіпті еш назар аудармайды, күнделікті жұмыстарын атқара береді. (ТҮРКІСТАН      ӨЛКЕСІ, 1866    жыл.  «ЖОЛ    ЖАЗБАЛАР»  П. И. ПАШИНО)

Жоғарыда аталған полковник Пашино бір қазақ әйелінің тарыдан қалай ботқа дайындағанын тәптіштеп жазыпты. Балалары ашқұрсақ отырғанына қарамастан, әйел полковникке және оның қасындағы бірнеше серіктеріне де тамақ (ботқа) ұсынған. Пашинодан басқалардың барлығы ботқадан ауыз тиген, полковник  болса тамақты жеуге жиіркенгенін ашық жазыпты. Аш отырған қазақтардың отбасына тоқтаған орыстың офицерлері мен солдаттары қазақтардың отбасының аш жағдайына көздеріне де ілмейтін болған. Жоғарыда аталған полковник нансыз отырған бір қазақтың үйіне кіреді. Бейшара қазақтар зыр жүгіріп шәй қойып барын алдына қойыпты. Орыстар өздерінің қазақтарға нан ұсынғанын керемет жақсылық еткендей етіп жазыпты. Ал үйдің әйелдері осындай «қайырымдылығымызға» жамандықпен жауап берді, дорбамыздан нанымызды ұрлап кетті», «ұрлық жасау қазақтардың арасында жаппай орын алған жағдай» деп жазыпты полковник.

Әрине, мұндай басқыншыдан қандай рахым, қандай ризашылық! Мысалы, генерал И. Бларамберг естелігінде (бұл генерал 1852 жылы Ақмешіт қамалына шабуыл жасап ала алмаған) отрядын Арал маңындағы құмдарда сусыз шөлден құдық тауып ажалдан аман алып қалған қазақтың жолбасшысы жайлы жазыпты:  «...Күн қайнап тұр, термометр көлеңкеде 30 градусты көрсетеді. Жолбасшылардан жақын жерде құдық бар ма деп сұрадым. Осы жерден жарты шақырымдай жерде біреуі бар, ол бірақ өте терең және  көміліп қалған деген жауап алдым. Дереу қасыма күрек пен шелектері бар 20 казакты ертіп құмды қыраттармен айтылған аңғарға бастап жүріп кеттім.  Жан жағымызды биік жал құмдар қоршаған. Кең алқапты аңғарды жел айдап үйірген толқын  құм төбелер басқан. Жан-жағымызда қылаудай өсімдік жоқ. Құдық та көрінбейді. Міне осы жерде қазақ жолбасшыларымның жер танудағы ерекше қабілетіне тағы да куә болдым. Қазақтың біреуі ойпатпен 40 қадамдай жүрді де жан-жағына зер салып қарап тұрды; сосын оңға қарай тағы екі қадам жасады, тағы да жан-жағына қарады; тағы да бірнеше қадам жасап, тағы да жан-жағына қарады да жерге қамшысымен көрсетіп «мына жер» деді. Казактарды шақырдым: «Жұмысқа кірісіңдер, жігіттер!». Адамдар тез қаза бастады. Жарты аршын қазғаннан кейін ылғал құм, сосын сулы құм, тағы бір аршыннан кейін – құдықтың өзі көрінді. Құдықтың қабырғасы құламасын деп сексеуілдің бұтақтарымен өрілген екен. Әп сәтте оралдық казактарым құдықты құмынан тазартты, таза су құдыққа тола бастады. Колоннаға бұрылып су бар деп белгі бердім, олар «ура!» деген дауыспен жауап берді.» И. Ф. Бларамберг, «Естеліктер».  Өзін жоғары мәдениетті санайтын генерал (тегі неміс) осы жерде 700 адамнан тұратын отрядты ажалдан құтқарған қазақтың ең болмаса атын да сұрамаған, оған бір ауыз да жылы сөзін арнамапты.  Қазақтар орыс офицерлері  үшін отрядтарына жол көрсету үшін ғана керек, жүк көтеретін түйелердің тілін білетіндігі үшін ғана қажет. Күнделіктерінде, жазбаларында генерал аттары мен түйесінің зорығып өлген санын  жазып отырған, өліп жатқан қазақтар жайлы бір ауыз да жазбаған, себебі  қазақтың өлгеніне олар еш жаны ауырмаған, келесі ауылдан басқа қазақты жалдап алады..

Аталған естелікте  бұл генерал да Кенесары хан жайлы еш қисынға соқпайтын, аңызға ұқсас мынадай сандырақты соғып жіберген.

«Бір күні Кенесары жаңа линиядан алыс емес жерде балық аулап жүрген бірнеше казакты ұстап алыпты. Олар өздеріне  қандай қауіп төніп тұрғанын білмеген: тек біреуі ғана құтылыпты, қалың қамыстың арасына жасырынып үлгерген. Кенесары бейшаралардың терілерін тірідей жонуға бұйрық беріпті. Қамыстың арасына тығылған, өлердей қорыққан   байғұс казак жолдастарының жан шошытар дауысын естуге мәжбүр болған».

Жалпы алғанда, қазақтарды бір жағынан қанқұмар әрі жауыз, екінші жағынан  сондай бейшара қорқақ етіп көрсету, қазақтар осы кезге дейін айналасындағылардың бәрінен зорлық-зомбылық көріп келгендіктен біз оларды қорғауға келдік деген желеу Ресейдің жаулап алу саясатына сайма-сай келіп тұрған болса керек.

Петр Услар қазақтың «қанқұмарлығын» мынадай мысалмен «дәлелдеп» жазыпты. «Қалай ойлайсыз, Петербургте оған (қазаққа, С.Ж.) ненің ұнағанын білесіз бе? Дұрыс, ешуақытта таба алмайсыз. Петербургте зиялы деп саналатын сұлтанға – қасапхана ұнапты! Қасапхананың сәулеттілігін айтып отырған жоқ, білесіз бе! Тоқтаусыз тәртіппен малды сойып жатқан көріністен ләззат алыпты.... Бәрі жақсы, бірақ оның ойынша, қасапханада ол көрген көріктілікпен ештеңені салыстыруға болмайды.»

П. Пашино да басқа орыс авторлары сияқты қазақтарды сужүрек қорқақ деп суреттеуге шеберлік танытқан: «... бір офицер конвойсыз келе жатыпты; кенеттен күтпеген жерден, қайдан шыққаны белгісіз жиырма шақты қазақтар шыға келіп қиқулап соңынан қуа жөнеледі. Офицердің қолында дүрбі түтігінен басқа ештеңе жоқ. Офицер атын қамшылап көреді, бірақ одан ештеңе шықпайды, болмаған соң офицер қазақтарға дүрбісін бағыттаған екен, дәйіс қазақтар оны зеңбірек екен деп ойлап тым-тырақай жан-жаққа қашып тығылыпты; офицер ештеңе болмағандай шауып кете беріпті».

Осы орайда тарихшы Мұрат Әбдіровтың «Завоевание Казахстана Царской Россией» атты кітабында мынадай құжатта сақталған деректі келтіргеніміз жөн болар: «Бір күні орыстың үш казагы бір қазаққа шабуылдапты. Артынан келе жатқан қуғынды көрген қазақ тоқтап оларды күтуге дайындалады. Бірінші казактың қылышын қазақ айбалтасымен  шауып түсіреді, екінші казактың да найзасын айбалтасымен сабын шауып жібереді, үшіншісін қылышпен турап тастай жаздайды.   Жекпе-жекте қазақты жеңе алмаған казактар мылтықтарымен атып қазақты ішінен жаралайды. Сосын үшеуі үш жағынан  бірі найзамен шаншып, екіншісі қылышпен кесіп азаппен өлсін деп өлтірмей далаға қалдырып кетеді. Олар кері қайтып келе жатқанда қазақ әлі тірі екен, «мені өлтіріп кетіңдер» деп сұрайды. Казактар оның етігін, түлкі тонын сыпырып алып жалаңаш қарға тастап кетіпті».  

Әрине өткен ғасырлардағы орыс зерттеушілерінің арасында дала қазақтары жайлы салиқалы жақсы пікір жазғандар да болған. Бірақ ондайлар өте сирек.  Сондайлардың бірі - орыстың натуралисі, орыс зоогеографиясының негізін салушы және саяхатшы, Орта Азияны зерттеуші Н. А. Северцов (1827-1883). Ол - қазақтың жері мен табиғаты, адамдары жайлы өте жақсы көзқараспен жазған адам. Н. Северцовтың «Қоқан тұтқынындағы бір ай» атты жазбалары (Оқиға Ақмешіт өңірінде болған) осы сөздерімізге дәлел бола алады. Сыр бойының сұлу табиғаты жайлы келесі сөздерді жазған Северцовтың хикаясын оқыған адам автордың  бұл жердің табиғаты ғана емес,   оның адамдарына деген де ерекше ілтипатты, махаббатты өз бойында жинаған адам екенін аңғара алады.

«Жалғыз құстар ғана емес! Бұл жердің аң-жануарларының өздерін біздегілермен салыстыруға болмайды.  Сұлу да айбатты, қарулы да жылдам, ұстатпайтын шалт қимылды, шығыстың батыр жігіті сияқты. Сырдарияның қалың ну тоғайларында ебедейсіз  жабайы шошқаны торып, тал шыбықтай сұлу да сүйкімді араб шайырлары өлеңдеріне қосып жырлаған елікті аңдыған жолбарыс өмір сүреді».

Сағат  Жүсіп

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5266