Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 7210 1 пікір 7 Ақпан, 2018 сағат 12:48

Қытайдың діни саясаты

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Қытайға католиктік миссионерлер  XVI-XVII  ғасырда  келген, алғашқы протестанттық миссионерлер Қытай  жеріне 1842 жылғы бірінші  апиын соғысынан  кейін келді. Қытай  қоғамының  модернизациялануы  және либералдық  ұстаным  жағдайында елде миссионерлер  саны артуда. Қазіргі  протестанттық  миссионерлер көбіне қалаларда шоғырланады. Католиктік миссионерлер ауылдық елді мекендерді назарға  алады. Қытайда  католиктік діни бірлестік жұмыс  жасайды. Билік тарапынан мойындалған 1951 жылы құрылған католиктік  патриоттық  қауымдастық  және1980  жылы  құрылған  католик  епископтарының  конференциясы.

1980  жылы  билік католик  шіркеулерінің  құлшылық  рәсіміне  папа  атын қосуға рұқсат берілді. 1989 жылы  Тяньаньмэнь  алаңында болған жағдайдан  соң  Ватиканмен байланыс  үзілген болатын. 1996 жылдан Қытай  және  Ватикан  қатынасы жақсара бастады. 1999 жылы Ватикан  тарапы ұсынған  үміткерлер  тізімі  негізінде  епископтарды  діни лауазымға тағайындауға  Қытай билігі  рұқсат берсе, Тайванмен дипломатиялық  қатынасын үзуге даяр екендігін мәлімдеді. 1990 жылдан  католиктік  мессаны қытай  тілінде жүргізуге  рұқсат  берілді. 1992 жылы  өткен  католик өкілдерінің ұлттық ассамблеясының  5  съезінде  ұлттық бірлестіктер құрамы мен  құрылымы  өзгертілді. Семинариялар  мен монастырларға  шет елдік  ұстаздарды қызметке алуға және монахтардың шет  елдік оқу  орындарында  білім  алуына  рұқсат берілді. Қытай  католиктік  ұлттық  ассамблеясын  Қытай  католиктік  патриоттық  қауымдастығы  және  Қытай католик  шіркеуі  епископтарының конференциясы  құрайтын  болды. Бұл  екі  ұйымды партия  өз бақылауына  алды. «Жаңа  жағдайда  католик шіркеуін қадағалауды  күшейту  туралы»  партия  қаулысы  Ватиканмен  қарым-қатынас бойынша  түйткілді мәселелерді  шешуге бағытталды.

Қытай  билігімен дипломатиялық қатынасын  жақсарту  үшін Ватикан  мынандай  шарттарды  басшылыққа  алуы  тиіс.

Біріншіден, Қытайдың ішкі  ісіне  араласпауы, Тайванмен  дипломатиялық  қатынасын  үзуі, бір ел  және екі жүйе  саясатын мойындауы, қасиеті  тақ  Қытай епископтарын қызметке тағайындауға  араласпауы тиіс. Католиктік  діни дәстүр  бойынша епископты  понтифик  тағайындауы тиіс. 2014  жылы  Қытаймен  қатынасын  жақсарту  мақсатында  Рим папасы  XIY Далай  Ламамен  ресми  кездесуден бас  тартты. 2015 жылы ҚХР  билігі Ватикан мақұлдаған үміткерлерді  епископ  лауазымына  тағайындады. Ватикан  азия-тынық  мұхит аймағында  өз ықпалы  мен беделін  арттыруды  қалайды. Соңғы  жылдары  Ватикан осы аймақта католиктік  қауымдармен  мәдени іс-шараларға ерекше мән  беруде. АСЕАН  ұйымы аймағында  Қытай  ықпалын тиімді  пайдалануды  қалайтын  Ватикан биресми дипломатиялық  шараларға  көңіл  аударуда. Қытай қоғамындағы модернизациялық процестер жағдайында өмірден өз орнын таба алмағандар діннен пана табуда. Әділетсіздіктен және жемқорлықтан жапа шеккендер рухани тіректі дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерден табады.

2012 жылы дін істері  бас басқармасы  буддалық  және  даолық ғибадатханаларды  басқару  туралы  қаулысында  діни  саланы  коммерциализациялауды  қарастырды. Ғибадатханалар  мен монастырлар үшін қор  нарығына  бағалы қағазын орналастыруға  тыйым салынды. Жергілікті  басқару  орындарына ғибадатханалар мен монастырларды  тексеруге, садақаның жиналуын және  ғимарат  құрлысын  реттеуге құқық берілді. 2017 жылы желтоқсанда Шэньси елді  мекеніндегі  католик  шіркеуі бұзылды. 2018 жылы қаңтарда  Линьфэнь елді  мекеніндегі  евангелшіл-христиандардың шіркеуі бұзылды. 2009 жылы салынған  шіркеу құрлысына 2,2 миллион евро жұмсалған  болатын. Деректерге сүйенсек, шіркеуге қарсы науқан аясында 1200 шіркеудің айшығы (крест)  алынған.

1993 жылы орыс  православ  шіркеуінің  сыртқы шіркеу  байланысы  бөлімінің басшысы ҚХР ресми сапарынан  соң  екі  елдің дінаралық қатынасы  жаңа қырынан  көріне  бастады. 2009 жылы Қытай  дін істері  бойынша  басқарма және РФ  президенті жанындағы  діни бірлестіктермен әріптестік бойынша кеңес  арасында  қатынас  орнатылды. 2011 жылдан  дінаралық  қатынас  және ынтымақтастық  бойынша  кеңес  тұрақты  жұмыс  жасайды. Екі  мемлекет  басшылары  кездесуінде  Қытай  автономды  православ  шіркеуіне  қатысты   сөз  қозғалады. 2008 жылы  Қытай ислам  қауымдастығы  және  Ресей  мүфтилер  кеңесі  өзара әріптестік  және  ынтымақтастық туралы  меморандумға қол  қойылды. 2013 жылы  ОПШ  басшысы  ҚХР  ресми  сапарында  қытайлық  православ  діндарлармен кездесті. 2013 жылы Пекинде  және 2015  жылы  Мәскеуде  ҚХР  төрағасы  және  ОПШ басшысының  ресми кездесуі  өтті.

ҚХР конституциясының 36 бабында сенім бостандығына кепіл берілетіндігі және діни ұйымдар мен дін ісі шет елдік ықпалдан тыс болуы керектігі айқындалған. Ешкім  дінді қоғамдық тәртіпті  бұзу және азамат деңсаулығына зиян  келтіру мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік білім беру жүйесіне қарсы қолданбауы тиіс  деп  көрсетілген. Ресми  билік ұстанымы  бойынша Қытай діндарлары шет елдік діни ұйымдардың бақылауында болмауы керек. 2005 жылы 1 наурызда ҚХР мемлекеттік  кеңесі «Дін істері бойынша Ереже»  қабылдады. Ережеге  сай діни  ғибадат  орны, діни қауым, сыртқы діни  қызмет, мүлікті басқару, діни оқу орны, діни ғұрыпты  атқару жолдарын заң аясында  реттеу  қарастырылды.

ҚХР дін саласындағы мемлекеттік  саясатының негізгі ұстанымы: барлық діндердің  және  мәртебесінің  бірдейлігің қамтамасыз  ету; конституция, заң және мемлекеттік  саясат аясындағы  барлық  діни  қызмет мемлекет қорғауында; азаматтардың ар-ұждан  бостандығын қамтамасыз ету; дін  мемлекеттің  ісіне, мемлекет дін ісіне араласпайды; дін конституция, заңдар мен мемлекеттік саясат аясында қызмет жасауы тиіс; коммунисттік партия  мүшесі  атеисттік қағидатты  сақтауы тиіс; дін атын  жамылып заңға қайшы, мемлекет пен қоғамға зиян келтіретін  әрекетке  тыйым  салынады. 2005 жылы желтоқсанда Қытай  діни ұйымдарының мәдени алмасу  қауымдастығы  құрылды. Қауымдастық  Тайван және  шет елдердегі  қытайлықтармен ынтымақтастық  мақсатында бағдарламалар мен  жобалар  аясында  қызмет  жасайды. Бір ел екі  жүйе  саясатын ұстанатын Қытай билігі Тайван және Гонконг, Макао, Шанхай  сынды  ірі  мегаполистердегі  батыстық  мәдени  құндылықтардың  қытай жастарының дүниетанымына    ықпал жасауына  тосқауыл қоюды іздестіруде.

1992 жылы Қытайда  буддизм, даосизм, конфуций және  халықтық ырымдардың  қосындысы  синкреттік ілім фалуньгун  пайда  болды. Діни топтың басшысы-Ли Хунчжи. Фалуньгун (Заң  шеңберінің рухани энергиясы) қытайдың дәстүрлі цигун  гимнастикасы  аясында қалыптасты. Фалуньгунның негізгі үш қағидаты: ақиқат, жанашырлық, шыдамдылық. Ресми деректер бойынша, сол  уақытта діни  ілімді  ұстанушылар саны-2  миллионнан асқан. 1999 жылы  шілдеде Қытай  ішкі істер министрлігі фалуньгун ұйымының  қызметіне бидғаттық  ілім  ретінде тыйым  салды. Діни  топтың  бірнеше басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрлі мерзімге бас  бостандықтарынан  айырылды. Діни  топтың басшысы - Ли Хунчжи  1997 жылы  АҚШ-қа  қоныс  аударды. Фалуньгун ілімі  АҚШ, Австралия, Грекия, Испания, Нидерланд, Корея, Канада елдеріне  миссионерлік жолмен таралды. Фалуньгун  дәстүрден тыс діни қозғалысы Батыс Еуропа  елдерінде ҚКП-на  қарсы үгіт-насихат жұмыстарын  жүргізеді.

2018 жылы қаңтарда АҚШ  мемлекеттік  департаменті Қытайды діни сенім бостандығы сақталмайтын  елдер тізіміне  қосты. Жаһандану заманында алпауыт елдер  діни сенім  бостандығы ұғымын мемлекеттің ішкі ісіне араласу құралы  ретінде пайдаланатыны  жасырын  емес. Қытай еліндегі  мемлекет және  дін қатынасы ҚКП ұстанған  саясат  тұрғысынан айқындалып, билік тарапынан  жіті қадағаланады. Қытай  билігі  коммунистік  идеологиямен  бәсекелестік тудыратын  діни  ілімдердің қоғам өмірінде  белсенді  рөл  атқаруына жол бермейді. 2017 жылы қазанда өткен  ҚКП  XIX  съезінде  қытай билігі 2020 жылға қарай елде орта таптың  саның арттыру  және кедейлікті  толық жою  арқылы 2020- 2035 жылға қарай  негізгі социалистік модернизациялық және инновациялық өзгерісті  іске  асыру жолымен әлемдік көшбасшы  елге  айналу жоспарын  жариялады. 2050 жылға  дейінгі ҚКП  жоспарында  қоғам өмірінің барлық  саласында партия  жетекшілігін қамтамасыз  ету  және  социализмнің  негізгі құндылықтарын  нақты іске асыру қажеттігі  айқындалды.   XIX съезде  партия  жарғысына  Си  Цзиньпиннің қытайлық социализмнің  жаңа  дәуірі идеясы еңгізілді. Қытай  коммунистік  партиясының  теориялық  ілімдер  жүйесін қазіргі Қытай  мемлекетінің  негізін  салушы Мао  Цзэдунның идеясы және Қытай қоғамын жаңғыртқан Дэн  Сяопин идеясы құрайды. Ішкі  саясатта Си  идеясы заң  негізінде социалистік құңдылықтар  жүйесін  нығайту және қытай мәдени  дәстүрінен ажырамау және  қоғам  тұрақтылығына  қауіп  төндіретін құбылыстардың алдын  алу, жемқорлық пен  қоғамның  рухани  азып-тозуына  жол  бермеу. Қытайдың  қуатты, дәулетті, өркениетті, модернизациялық  социалистік  мемлекет құру  арманы  батыстық  даму  моделін  көшіру емес, сан  ғасырлық Қытай  мәдениеті  мен адамзат  өркениетінің  озық жетістіктерін  үйлесімді үндестіру. Модернизациялық қайта құрулар ішкі  және сыртқы тұрақтылық,   бейбіт жағдайда  жүзеге  асатыны  белгілі. Сондықтан қытай билігі  әлемдік және  аймақтағы  тұрақтылық пен  келісім  мәдениетің сақтау  мен қолдауды  барынша  іске  асырады.

Сонымен қатар, елдің әскери  күш-қуатын  арттыруға ерекше  мән  берілді. 2017 жылы тамызда Қытайдың  шет  елдегі тұңғыш  әскери  базасы -Джибутида  ашылды. ҚХР  шет  елдердегі экономикалық  мүддесінің қауіпсіздігін  қорғау мақсатында  белсенді  іс-шараларды  қолға алуда. 2015 жылы Пәкістан үкіметі араб теңізіндегі  Гвадар  портының 152  гектарын Қытай  мемлекеттік  компаниясы  "china overseas ports  holding"  43  жылға  арендаға  берілді. Жібек жолы  және  бір  белдеу  мен  бір жол қытайлық  жаһандық  бастаманың  теңіз, құрылық, әуе жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету  Қытай билігінің  мақсаты  болып  отыр. Қытай  Азия және Африка  құрылығында түрлі  экономикалық жобаларды  іске асыруда. Қытайдың  Африка  елдерімен  сауда  айналымы 400 миллиард долларды құрайды. Осыған  орай, "chandong huawei  security және chinese security industrial  alliance"  жеке  меншік  әскери  компаниялары  Жібек жолы экономикалық  дәлізіне төнген  қатерлерден  қорғайды. Коммунистік  жүйе  қазіргі гибридтік жобалар мен идеологиялық ықпалдардан қоғамды  сақтандыру жолында әр қилы  кешенді жоспарларды тәжірибеден  өткізуде.

ҚХР  дін  саласындағы  мемлекеттік  саясаты-үгіт-насихат, ұйымдастырушылық, тәрбие-ағартушылық, тыйым салу, күштеп  мәжбүрлеу тұрғысынан  іске  асырылады. Коммунистік қытай билігінің  дін  саласын  реттеу  мен  қадағалау  жүйесінде партиялық-әкімшілдік  құралдармен  қатар, қазіргі  жаңа техникалар  мен технологиялар  тиімді  пайдаланылады. Қытай билігі  елдегі түрлі діни  ұйымдарды  қытайдың  ғаламдық жетекші  елге  айналу  мүддесіне  қызмет жасауына бағыттауға  мүдделі. Көрші  елдегі діни  ахуалды және  мемлекет-дін  қатынасындағы  жаңа үрдістерді  талдау мен зерделеу  бүгінгі  дінтану  үшін  өзекті.

Соңы.

Бағдат Бейсенов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  доценті

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379