Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 13495 0 пікір 7 Қараша, 2018 сағат 13:45

Болашақ аналарамызды зорлық-зомбылықтан қызғыштай қорғай білейік

Маргарита Өскенбеава

Осы кейде маған «Қоғамда зорлық-зомбылық неге күрт көбейіп кетті? Әсіресе, бұрын соңды кездеспейтін жас қыздарды зорлау деген сұмдықтан көз ашпайтын болғанымыз қалай?» деген сауалдар санама сансыз қадалып жүр. Баспасөзге көз салсаңыз, әу дегеннен ақ осы құбылысты  сүйінші сұрағандай етіп тәптіштеп жазып жатады? Факті іздеп әуре болмаңыз, газеттердің бетін ашып қалсаңыз алдыңыздан андыздап шыға келеді. Өзгесі-өзге «Қазақстандағы «ARASHFА» бірдей құқық пен бірдей мүмкіндік институты» қоғамдық қорының  президенті, психолог Маргарита Өскенбеава ханымның айтуына қорағанда жыл сайын елімізде 800-ден астам бала зорлыққа ұшырап жатқан көрінеді.

Қарап отырсаң, төбе шашың тік тұратындай сұмдық жағдай. Туған әкесі де  періштедей қызын зорлайды, ал өгей әкесі бейне бір дұшпандай ол тіпті зорлықты асқан ауандықпен істейді. Бұған біздің тіпті етіміз үйреніп, көнтерлі болып кеткен секілдіміз. Сонда маған жақында кең байтақ еліміздің шағын бір облысының,  шағындау бір  қаласында болған уақиға сай сүйегімді сырқыратты десем, артық айтқандық болмас. Әлия деген (аты-жөні мен тұрғын мекені өзгертіліп алынды. Мұның сырын мақалаңыздың соңында түсіндіре кетерміз) жас қызды алғаш рет бір ағасы екінші сыныпты жүргенде зорласа, екінші ағасы оны бесінші сыныпқа көшкенде осындай аюандық жасаған. Бұл сұмдық оның сегіз жасынан басталып, тоғызыншы сыныпқа көшкенге дейін үздіксіз жалғасып келген көрінеді. Бойжеткеннің айтуынша бұл зорлықтың басталуы өз әкесінің аяқ астынан қазаға ұшырап, туған анасының өзін тастап, басқа біреуге тұрмысқа шығып кетуінен басталған. Ал жап-жас бес жасар қызды әжесінің тәрбиесіне тастап, біржолата кетіп отырған. Содан бері қарасын да көрсетпеген, «қызымның жағдайы не болып жатыр екен?» деген аналық сезім де білдірмеген, қатыгездік танытқан. Міне, осындай қорғансыздық пен әлсіздікті сезе қойған тумаған шешесінің балалары қорқау қасқырдай тап бермей ме? Онысымен қоймай «мұны біреуге айтсаң, өлтіреміз» деп періштедей баланы қорқытуға дейін барған. Қорған болады ғой деп балалық үмітпен бұл сұмдықты әжесіне айтса, қайта өзін жерден алып, жерге салып ұрысып, өзін кінәлі етіп, зорлықшыларды қорғаштап баққан. Не деген қатігездік десеңізші? Қарлығаштай шырылдап қорғайтын шешесі жоқ, тұлдыр жетімнің көз жасына сенбеген мұндай безбүйректік қайдан шығады десеңізші?  Тіпті өгей шешесінің үлкен ұлы мұны зорлап жатқан кезінде үстінен түскеннің өзінде дұшпандықтан жаман қатыгездік танытып: «Мұның бәріне өзің кінәлісің. Сенің қаның бұзылған» деп өзіне тап берген, көкала қойдай етіп сабап тастаған.

Тоғызыншы сыныптан кейін Сәния анасы кеткен үлкен шаһарға барып, колледжге оқуға түседі де, шешесімен бірге тұра бастайды. Бар сұмдық дәл осы кезде ашылады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей осы кезде Сәнияның жыныстық жұқпалы ауру жұққандығы анықталады. Шешесі болса алдымен қызының сөзіне құлақ аспаған. Тіпті оның өзін кінәлап баққан. «Қалаға келер-келместен қызық қуып жүрген өзің шығар», - деп зіркілгенедігін қайтерсің. Ақыры, ақыл кірді ме, кім білсін,  ол Әлияны гинеколог-дәрігерге апарып, мұның өзі жыныстық қатынастан болғандығы анықталғанға ғана әзер сенген.

Содан мәселенің анық-қанығына жетейін деп арнайы әжесіне барса, көпті көрген, төрелгін айтып, жазасын береді ғой деген кәриямыздың не айтқанын естісеңіз, еш уақытта сенбес едіңіз. Әлгі кісіміз: «Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді екі баланы соттағанмен бұл қыздың пәктігі қайта қалпына келмейді. Бұл жайлы жұрт естісе бүкіл ағайын-жұрт масқара болмай ма?» деп бұл қорлықты жылы жауып тастауға шақырады. Сорақысы бұл ғана емес. Масқарасы, Әлияның шешесінің жеті бірдей ағасы мен апасы  бойжеткеннің тағдырына ара түсудің орнын кемпірдің сөзін жақтап шыға келеді.

Енді 19 жапсар бойжеткен әлгі азғындарды сотқа беріп, лайықты жазасын беруге бел буып отыр. Алайда бір өкініштісі, Әлияның әділдікке жетуі екіталай. Заңгерлердің айтуына қарағанда зорлық ұшыраған қыз бала бір жетінің ішінде арнайы сараптамадан өтіп, нақты тұжырымдама әкелмесе, уақыттың өтіп кетуіне байланысты мұндай істі сот қабылдамайды. Ал Әлияның зорлық көріп, көз жасын көлдетіп жүрген кезінен бері бір емес, бірнеше жыл өтіп кетті. Яғни, тағдыры талқыға түскен, болашағы бұлыңғыр, алда да талай қаңқу сөзді естісіп, талай мұңға бататын осынау періштедей жасқа қол ұшын беретін жан жоқ деген сөз бұл. Заңымыз осындай болса қайтеміз. Қоғамыз осындай қатыгез болса, қайда барып оңамыз, осы орайда мұндай зорлық үшін қанды кек қайтаратын шешендердің ісі асқан әділдік пе деп қаласың.

Міне, жоғарыда осы қорлық көрген қыз баланы аты-жөніні де, тұрған қаласын да жазбай отырғанымыз түсінікті болар. Сот болса қабылдамайды, Енді не қалды? Өсекшілер мен қаңқу сөзге әуес имансыздардың «Әне, көрдің бе? Өзі кінәлі көрінеді ғой», Сот босқа қабылдамай тастамайды ғой. Негізі бұзылған қыз. Бүкіл бір отбасын мазақ еткісі келген шығар» дейтін «сәуегейшілердің» жаласынан қорғауды көздеген едік. Уәжіміз осы ғана.

Енді бізде неге осындай қыз зорлау деген сұмдық кейінгі кезде тым көбейіп кетті деген қаны сорғалаған сауалға жауап іздеп көрелік. Біріншіден, оған арақ кінәлі деп азғындарды ақтап алғысы келетіндер де бар екендігін жоққа шығармалық. Бұл да толық шындық емес. Әлияны арақтың исін де сезбейтін жеткіншектер жылдар бойы зорлап келген. Демек, мәселе тек ақаңда емес. Ең, бастысы ата-аналар балаларына, әсіресе қыз балаға асқан жауапкершілікпен қарап, бақылап отырғаны жөн. Тіпті көзден таса етіуге де болмайды. Әлияның шешесінің ең болмаса бір болса да келіп, қызымен сырласуына не кедергі еді? Тек жаны ашымастық пен өз шаранасынан безушілік демеске лаж жоқ. Ал немересін азғындардың азаптауына беріп қойып, дым білмеген болып отырған, оны айтасыз жас баланың өзін бұзық етіп көрсеткісі келген қариядан не үміт, не қайыр. Оны тіпті басты қылмыскер десек те артық кете қоймаспыз. Жалпы, психологтардың тұжырымдауына қарағанда баласы бар әйел күйеуінен ажырасқанда жас баланы, әсіресе қыз баланы бұрынғы жұртына тастап кетпей, өзімен бірге ала кеткен дұрыс болады деп есептейді. Өйткені бүгінгі өмір көрсеткендей қорғансыз қалған балалар көбіне-көп зорлыққа ұшырайтын көрінеді. Оның дәлелін осы мақалада айқын байқап отырған боларсыздар. Сосын осы жас балаларды зорлауды егжей-тегжейлі зерттейтін, мұқият сараптама жасап, тұжырымдама беріп отыратын арнайы ұйым, дұрысы зерттеу институтын құрудың қажеттілігі әлдеқашан туған секілді. Мұндай мекемелер шетелдерде баяғыда бар. Ол институт бұл проблеманы әбден зерттеп, осы қаптап кеткен зорлық-зомбылықың түпкі сырын ашар еді. Мүмкін ол біреулерге жақпас, ал біреулер өре түрегелер. Ойына келгендерін істесін, бізге шындық қымбат. Шындық ашылған жерде ғана әділдік орнайды.

Ал қазір біздің қоғамда қыз зорланса алдымен сол құрбандықтың өзін кінәлайтын көзқарас үстемдік құрып тұр. «Өзі сүйкенген шығар, әйтпесе еркек бостан-босқа ондай жаман әдетке бармайды ғой» деп зорлықшыны ақтап алуға дайын тұрады. Баяғы «Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды» дейтін ешбір нақты дәлелсіз айтыла салған қаңқу сөздің синдромы. Тағы бір қауіп қазіргі зорлық-зомбылықты күндіз-түні насихаттап жатқан теледидардың әсерін де жоққа шығаруға болмас. Мені қашанда шетелдік, әсіресе америкалық кинолалардағы жігіт ұстап алып, қорқытып жатқандағы қыздың айтатын "Маған не істесең, оны істе тек өлтірме. Мен ешкімге айтпаймын» деген сөзі таң қалдырады. Меніңше, міне осы сөзді жас азғын  сол қалпында қабылдап, өмірде дәл осылай істесең, жазадан құтылып кетесің деген жалған пікірге мықтап сенеді. Теледидардың басты қауіптілігі міне осында.

Теледидар демекші, кейінгі кездері «әйелдерді ұруға болады» деген кері кеткен насихаттың өршіп тұрғандығы да талай ойға жетелейді.  Енді көз алдыңызға елестетіп көріңіз, шешесін оңбай соққыға жығып, шыңғыртып сабап жатқан жас қыздың санасында не қалыптасады? Әрине «ер адамға қарсы келуге болмайды, не істесе де көнуге тиістісің»  деген көнбістік секілді жаман ой әбден бекиді. Сосын бұған ешбір мағынасыз айтыла салған «Үлкен адамға қарсы келме, қарсы сөз айтпа» деген қағиданың де қауіптілігі бар. Үлкеннің бәрі әулие емес. Үлкеннің бәрі мәдениетті, ақылды, парасатты емес. Олардың ішінде аузынан арақ сасыған, дөрекі, қол көтеруге дайын тұратын қызба мінезді үлкенсымақтар бар. Осылардың барлығын сыйлай беруіміз, осылардың барлығының алдына келмей, айтқанын істей беруіміз керек пе? Мүмкін, қыздарымыздың осындай тым жұмсақ, шынын айтқан қорқақ етіп тастаған мінезін жақсы білетін адамдар шығар зорлық жасауға дайын тұратын. Бұл мәселені де зерттеген ешкім жоқ. Мүмкін, біреулерге ұнамас.

Бұл зорлықтың бір ұшы сонау көшпелі заманда жатыр деп ойлаймын. Ол уақытта бай мен билерден гөрі батырларды қатты сыйлаған, басына көтерген. Ал шындығында қандай да батыр алдымен барымташылдығымен, яғни бұзақылығымен аты шыққан. Мінекей, үлгі алатын геройымыз осы. Оның арғы жағына зорлық-зомбылықтың құлағының ұшы қылтияды. Бұған енді «Ойбай мұндай дүниелерді ешкімге айтпайық. Ел-жұртттан ұят болады. Өмір-бақи масқара боламыз» деп жас баланың емес, жалған, ешкімге абырой әпермейтін «ұят» дегеннің қасиетті ұғымды арамдықпен былғап бітеді. Осыдан кейін өзі қайсар, зорлыққа көнбейтін, амалсыз көнгеннің өзінде ізін суытпай сотқа жүгіне алатын қыз баланы қайдан тәрбиелеп шығарамыз? Ал біздің ер азаматтарымыз болса бар кінәні сорлы қыз баланың өзіне артып, өзін періштедей кінәсіз сезіледі. Бірде бір газеттен екі бірдей баласы бар бір әйелдің өзін күйеуіне он жасында зорланғанын айтып қалғаннан бері таяқтан көз ашпайтындығын айтып, көз жасын көлдеткендігін оқып, жанымыздың түршіккені бар.

Жалпы, психолог Маргарита Өскенбеаваның айтуына қарағанда мұндай сұмдықтар негізінен  отбасында көбірек кездесетін көрінеді. Балалардың басым көпшілігі зорлықты жақын туыстарынан  көретін көрінеді. Яғни зорлықшылар сырттан келген жоқ, өз ішімізде. «Мына Әлия секілді қаншама қыздардың өзіне-өзіне қол жұмсағандығын білесіз бе? — дейді ол. — Мен, мысалы, әкесі тоғыз жыл бойы зорлаған қызды жақсы білемін. Қазір ол қызтеке болып кетті. Өйткені ер адам десе, төбе шашы тік тұрады. Неге бұлай? Өйткені қажет кезінде ол періштені қорғайтын жан болмады. Сондықтан мұндай құрбандықтың жан жарасы еш уақытта жазылмайды. Өмір бойы сырқырап, жанына батып өтеді».

Мінекей, қоғамның қазіргі ең ауыр қасіретінің бір осындай. Осыны ашық айтып, одан сақтанудың жөн-жобасын көрсететін бір ұйым табылмай отыр. Оның орнына «Қол сынса, жең ішінде, бас сынса, бөрік ішінде» деген қайғы үстіне, қайғы жамайтын мақалды ұстанып отырған жайымыз бар. Ал «Ауруын жасырған өледі» деген қазақтың аса мәнді мақалын мүлдем естен шығарып алдық.

Осындай қағидамен қайда барып оңар екенбіз? Бұл мәселені өтірік соқыр болып, көз жұма қарағанша, қоғамда бәріміз жиылып ашық талқылаудың кезі әлдеқашан келген секілді. Әйтпесе күні ертең зорлықшыл елге айналып кетсек, таң қалмаңыз.

Қолымызды кеш сермемейік, ағайын. Болашақ аналарамызды қызғыштай қорғай білейік.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5197