Қырғызстан президенті жемқорлықпен күресті күшейтуді талап етті
Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің Бішкекте 8 ақпанда өткен отырысында президент Сооронбай Жээнбеков жемқорлықпен күресуі тиіс органдардың барлығын сынға алды.
Құқыққорғау, қадағалау органдары және соттардың өздері жемқорлыққа батқан, деп мәлімдеді президент. Ол күресті күшейтіп, мекемелерді жемқор қызметкерлерден тазартуды талап етті. Сарапшылар мемлекет басшысының жемқорлықты жеңу туралы уәделерін түрліше бағалап отыр.
Сооронбай Жээнбеков Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жемқорлыққа қарсы қызметінің жұмысын сапасыз деп атады. Соған байланысты ол жұмыс форматын өзгертуді, әрбір қызметкерді жұмысын қаншалықты дұрыс атқарып отырғанын тексеруді тапсырды. Президент сотқа, құқыққорғау және құзырлы органдарға түсетін әрбір салмақты арызды бақылауға алатынын атап өтті.
Жээнбековтің мәлімдеуінше, "ұйымдасқан қылмыспен күрестің сәтсіз болуының негізгі себебі - жемқорлық".
Ресми мәліметтерге қарағанда, соңғы екі жылда құқыққорғау органдары 76 мыңнан астам қылмыстық іс қозғаған. Бірақ солардың жарымына жуығы жабылған немесе күдікті табылмауына байланысты тоқтатылған. Қылмыстық істердің 30 пайызы ғана сотқа жетсе, солардың 10 пайызында айыптау үкімі шығарылған.
Abai.kz