Бәрі күйреп кеткен жоқ
Қара судан да лай, қара түннен де ай көруге болады. Кей адамдар "қазір қоғам бұзылды, қазір жастар бұзылды, бұл уақытта адал адам жоқ" деп жатады ғой... Негізі, солай көрінгенмен, бәрі күйреп кеткен жоқ. Жамандықтың жарнамасы жарқын, жақсылардың ісі жарқырап көрінбей жатады ғой. Әйтпесе, көңіл қуантарлық оқиға төңірегімізде толып жатыр...
Оған тағы көзім жетті.
3-4 күн бұрын, Астанаға ұшарда аэропортта дәм бұйырған тағамдану орындарының бірінде бір-екі кесе шай ішкен едім. Ұшаққа отырғызу басталып, асығыста берген ақшамның қайтарымын алмай кетіппін. Осыны байқаған сол мекеменің даяшылары инстаграмдағы директіме хабарласып, Астанадан қайтқанда алдымнан шығып, сол қаржыны қайтарайын деп отырғанын жеткізді...
Мені қуантқаны - қаржымның қайта табылғаны емес, қазақылық қайырымның жоғалмағаны. Әлеуметтік желіні жақсылыққа пайдалана алатын, әлі де әр нәрсеге Алланың аманаты деп қарайтын адал адамдардың баршылық екендігі көңілімді көтеріп, жүрегімді жылытты. Сендер аман болыңдар жақсы адамдар! Дүние ақ ниетті адал адамдардың дұға, мінажатымен бүтін тұр. Алла адал пенделердің абыройын арттыра бергей!
Мұхамеджан Тазабек
Facebook-тегі парақшасынан