Өзінің де сөзінің де мінезі - рух еді...
Бүгін қазақ әдебиеті ғана емес, күллі қазақ халқы ауыр қайғыға душар болды. Қазақтың қайсар қаламгері, дарынды драматургы Рахымжан Отарбаев ақпанның 17-іне қараған түні 61 жасында Атырау қаласында дүниеден өтті.
Рахымжан Отарбаев 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген.
1977 жылы Орал педагогика институтын тәмамдаған. Әр жылдарда «Орал өңірі» газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі, Қырғызстанда Қазақстан елшілігінің атташесі, Маңғыстау облыстық радиотелевидение компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі қызметтерінде болған.
2009 жылдың мамырында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Бас директоры болды. Жазушының әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары жарық көрген. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылған.
«Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған. Махамбет сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық Айтматов академиясының академигі.
Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына редакция атынан көңіл айтамыз!
Өзінің де сөзінің де мінезі - рух еді...
Рахымжан аға – тарпаңдардан қалған бір өзі еді.
Бір өзі – бар қазақтың мінезі еді.
Онсыз да момын халықтың
Мінезі өлді !..
Өлген сайын жүректі мұң езеді.
...Қасқа боп тұрып ем,
Патша боп жүріп ем,
Мен енді, басқа боп тірілем – деп,
кетті-ау, ағасы?!
Алғыс-қарғысы қатар жүретін қазағына
Шарт ете қалды-ау, шамасы.
Онсыз да ортасынан омырылып,
Арыстарымның азайған кезде қарасы,
«Бұл кеткені – не еткені?!..»
- Жоқ, кетпеді!
Қайта келсем, қадірімді білсін - деп,
Рухы нұрға беттеді.
Өлімін де өнеге еткен өмірге
Менің асыл ағаларым-ай,
Уай, не деген текті еді!..
Тән ауырлап, топыраққа көшкен күн,
Жан жалындап, жалп-жалп етіп өшкен күн,
Ұлтың, жұртың ұлықтайтын ұрпағың
Аға, Мәңгілігіңе қош келдің!!!
Бақыт Беделхан, ақын
Abai.kz