Өзбекстан билігі "іздеуде жүргендерді" қудаламаймыз деп уәде берді
Самарқан облысы күш құрылымдарының жетекшілері іздеуде жүрген өзбекстандықтарды отанына шақырды. 12 наурызда облыс басшысы Туроб Жураев елге оралған азаматтар түрмеге түспейді деп уәде берді. Өзге облыс басшылары да дәл осындай мәлімдеме таратты.
Самарқан облысы Пастдаргам ауданының 62 жастағы тұрғыны Ойдин Рахматова ұлы Уткир Расуловты бес жыл бойы көрмегенін айтады. Енді облыс басшысының сөздерінен кейін, ұлын көремін бе деген үміті оянғанын жасырмайды.
"Жиналыс кезінде мен ұлымды елге қайтаруға көмектесулерін сұрадым. Олар егер ұлым елге келсе, түрмеге отырғызбаймыз деп уәде берді. Енді Наурыз мерекесіне дейін келіп қалады ма деп үміттеніп отырмын", - дейді Ойдин Рахматова. Оның ұлы Уткир Расуловты 2014 жылы Ресей депортациялағаннан кейін, Түркияға жұмыс іздеп кеткен екен. Қазір Стамбұлда жүр.
Расуловтың өзі Санкт-Петербургта жұмыс істеп жүрген кезінде достары діни себеппен сотталғаннан кейін, Өзбекстан оған іздеу жариялағанын айтады.
"Бүгінгі күнге дейін мені не үшін айыптағандарын түсінбеймін. Тек білетінім - маған іздеу жариялаған. Самарқан билігі мені ақтағанын айтады. Бірақ дәлел келтіретін құжатты мен әлі көрмедім", - дейді Уткир Расулов.
Еске сала кетейік, былтыр 15 маусымда діни қызметкерлермен кездескен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев күш құрылымдар "қара тізімге" енгізген намаз оқитын адамдардың ісін қайта қарауды тапсырған.
Abai.kz