Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 5934 9 пікір 25 Наурыз, 2018 сағат 12:18

«Марста Алматының апорты гүлдеп тұр»

Қазақ шенеуніктерінің бәрі әдебиетке «өте жақын» жандар ма екен деп ойлаймын. Әсіресе, ертегі мен аңыз жанрларын аса терең әрі кәсіби шеберлікпен меңгерген...

...Таяуда туған анасының тілін біліңкірмейтін (Дәлірегі, Мәскеуде бес жыл жұмыс істеймін деп, кенет мүлдем ұмытып қалған...) қазақтың қазіргі Ұлттық экономика министрі Темір (Тимур) Сүлейменов бір топ шетел депутаттарының құлақтарына арзанқол қытай кеспесін аямай ілді-ау:

Темкең не демеді дейсің: «Қазір барлық экономика салаларын технологиялық қайта қаруландыру жөнінде 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар әзірленіп жатыр», «Экономиканы цифрландыру мен инновациялауды үйлестіру үшін мемлекеттік қолдаудың көмегімен жаңа жағдайда жұмыс істей алатын мамандар даярлау басталып кетті...» – деп, дігідіктеп, шапқылап барып әзер атының басын тартып еді, Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртанов эстафетаны іліп әкетіп, бүгінде қазақ елінде басталған технологиялық дамудың тасқынды жарып өту қуатына таң қалып (Түпнұсқада берілді. Қ.Ғ.): «Это возможность – от старой диспансеризации отказаться, когда мы ищем этих больных, куда они запропастились, почему они не приходят, с ними можно при помощи мобильных устройств держать контакт. Приходят оповещения, что у вас визит, у вас прием лекарств. Сегодня эту возможность мы уже даем...» – деп, «шалқасынан» түсті...

Міне, сөйтіп, біздің ертегі айтқыш министрлеріміз жалпы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының не үшін, нендей мақсатпен бекітілгенінен тек атүсті құлағдар сияқты.

БІР СҰРАҚ БАР: Қазақстанның әлемдегі жоғарғы технологиялар өнімін ұсыну нарығындағы үлесі қандай?

БІР ЖАУАП БАР: 0,3 пайыздан аздау ғана...

Бірақ, «Цифрлық жаңғыру» вирусы жұққан қазақ шенеуніктерін ештеңе тоқтата алар емес. Алматы қаласының шенеуніктері мегаполистегі қайта жөнделген «Панфилов көшесіне әлемдегі Төртінші өнеркәсіп революциясының кез-келген өкілі қызыға да, қызғана да қарар еді» – дейді.

Дегенмен менің түсінбейтінім қарапайым ғана мәселе: егер біз осы бағытта бәйге алып, алға арындап кетсек, неге әрбір көктем келген сайын тау суын тоқтата да, ағыза да алмай отырмыз?!.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының артықшылығы – полиция мен олардың қызметтік көліктеріне бейне-бақылау-тіркеу қондырғылары мен GPS орнату ғана ма? Әлде, жылу пеші де орнатылмаған (Мысалы, Ақтөбедегі қайғылы оқиға) қоғамдық көліктерді бейнекамералар арқылы анықтап-ұстап, айыппұлдар салу ма?

«Цифрлық экономика» дамып кетсе, неге жол апаттарынан азаматтарымыз қырылып жатыр? Неге қалалардағы ыстық, суық су және жылу мен қоқыс құбырлары іріп-шіріп жатыр?..

Қазір «тренд аясында болу» деген жалаң бір сән шықты. Сөйтсек, қазіргі үкіметбасы Бақытжан Сағынтаев та трендте екендігін көрсетті (Түпнұсқада берілді. Қ.Ғ.): «Вовлеченность населения в «цифру», получение государственных услуг должно быть модным, бумажный вид – отсталый. Мы со школы готовим математиков, программистов, во всех университетах перенаправляем курсы, чтобы готовить достаточное число специалистов».

Немесе: «Цифрлық экономика» «дамып кетті», ал, Астанада көгілдір отын (газ) жоқ; еліміз мұнай шығарады, оны өңдейтін зауыттар жоқ немесе тұрып қала береді...

...Адамзат тарихында атақты ертегішілер аз емес. Алдымен ауызға ілінетіні – дат ұлтының ақыны әрі прозашысы Ханс Кристиан Андерсен. Орысша атаулары «Гадкий утёнок», «Новое платье короля», «Дюймовочка», «Стойкий оловянный солдатик», «Принцесса на горошине», «Оле Лукойе», «Снежная королева» т.б. тамаша ертегілер жазған дат қаламгері тіріліп келсе, қазақ шенеуніктерінің ертегісін тыңдап, аузын ашып, жолда қалар еді. Бәлкім, ертегі жазуды мүлдем тастап та кетер ме еді...

...Кешегі көкезу кеңес билігінің идеологсымақтары «Біз Марс планетасын бағындырып, бас игіземіз...» – деп бөсетін еді...

Ал, бүгінгі қазақтың ертегіші шенеуніктері «Марста Алматының апорты уже гүлдеп тұр» – деп шапқылап жүр...

Қажымұқан Ғабдолла 

Abai,kz

 

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052