Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 6702 3 пікір 30 Наурыз, 2018 сағат 10:02

Мыңжыл­дық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап отырмыз

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы біздің қоғамға қозғау салып, санамызға тың серпін берді. Халқымыздың материалдық және рухани әлемі – атамекен, жер-су, әдебиет, өнер мен мәдениет саласын жандан­дыру­да шамшырақ тәрізді қалың жұртшылықтың қызығушы­лығын, ерекше ықыласын тудырды. Елдік ұлы дәстүрді сақ­тай отырып, ұлттық модернизация жасау қоғамды дамыта, көркейте түсері даусыз. Ұлттық мұрат жолында жүзеге асыратын игі істердің бастауын Елбасы: «Замана сынынан сүрін­бей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп нақты айқындап берді.

Елбасы аталған бағыттардың ішінде Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын дәлдеп айтты. Мынау толассыз шиыршық атқан үдемелі-соқтықпалы жаһандану заманын­да біртекті қоғам орнату процесі басып кету қаупінен жекелеген ұлттар өзіндік бет-бедерін, елдік асыл қасиетін, рухани текті­лігін сақтау арқылы ғана аман қаларына ешбір күмән болмауы тиіс. Мемлекет басшысы жаһандану үрдісінде көштен қалмай, өркениетті, мейлінше нығайып алған бөгделерге жұтылмай, жер бетінде бәсекеге қабілетті, білім-ғылымы дамыған, экономикасы тұрақты дербес халық болып өмір сүру үшін оң жағына өзгере білудің қажеттігін баса айтты.

Біз үшін Отанымыздың әр сүйем жері қасиетті болып саналады. Азуын айға білеген жыраулардың жалынды толғаула­рында, жаугершілік замандарда үріккен елдің басына түскен зауалда «Елім-айла­ған» азалы жырларда, басына күн туып, ел іргесі сөгілген қаралы көштерде туған, кіндік кескен жерімен қоштасу өлеңде­рінде, қазақтың қара өлеңінде және ақын-жазушылардың елдік рухты өлтірмейтін үздік туындыларында біздің киелі атамекеніміз әсем де терең суреттелген. Расында халық қартаймайды, қара жер қартаймайды. Халқымыз қашанда «Ел іші – алтын бесік» деп сүйініш білдірген. Ол үшін ұлттық мұратқа сай биік іс қылу керек. Арғы ата-бабаларының аруағын сыйлап, шежірелік деректерді шын қастер тұтатын біздің халқымыз әрбір тау-тасын, жазық даласын, үңгірін, өзен-көлін қасиет­ті, киелі деп санайды. Көшпелі өркениет топырақ пен судың қадірін біліп, жер түгін тоздырмау үшін көшіп-қонып отырған. Олардың туған жерге, жаратылыс құбылыс­тарына, табиғатқа деген дүниетанымдық көзқарасы, ықыласы таңғажайып көркем. Айнала қоршаған табиғатты тірі деп қабылдау, өз ұрпағын оған қиянат жаса­мауға тәрбиелеу қазақ халқының ырым мен тыйымдары туралы ұлттық түсінігінде тұнып тұр.

Малмен күнелткен бабаларымыз шаруа­шылығын табиғатпен үйлестіріп жүргізіп отырған. Осыдан барып туған жерге тағзым ету деген дәстүр қалыптас­қан. Сонау бағзы заманнан ата-бабалары­мыз киелі жерлерге тағзым етіп келді. Түркі, сақ дәуірлерінен жеткен аңыз-әфсаналар, тіпті тасқа қашап кеткен таңбалар да осы озық дәстүрді айғақтайды.

Елбасымыздың жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын халық санасына сіңірудің  ерекше маңыздылығын нықтап айтуы заңды құбылыс. Ел мен Жер – рухани құндылықтардың арқауы.  «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез- келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан мыңжыл­дық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» дей отырып,  Президент: «Жер­гілікті нысандар мен елді мекендерге бағыт­талған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыз­дырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құнды­лықтары» немесе «Қа­зақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасы керек», – деп атап көрсетті.

Осыған байланысты Елбасы тапсыр­масы негізінде, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қазақ халқы­ның тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның қасиетті орындарын анық­тап, оның тізімін жасау қолға алынды. Ғылыми-сараптамалық кеңес ашылып, бұл іске бұрыннан бері осы сала бойынша жұмыс істеп, зерттеумен айналысып жүр­ген ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушы­лар, этнографтар  тартылып,  ғылыми жүйе құрылды. Зерттеушілер басшылыққа алатын нұсқаулықтар жасалып, ол барлық өңірлерге жолданды.   Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті тарихи орын­дарды анықтап, оларды ұлттық ұстаным деңгейіне көтеру.

Қазақ халқының ұлттық санасының ерекшелігі – туып-өскен жері, өнген орта­сын кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалауымен құнды. Аталарымыз «туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп бекер айтпаған. Туған жер мен елдің халық санасына сіңген рухани құндылығының ұлттың қалыптасуында, дамуында айрық­ша рөлі бар. Елбасы тапсырған дүниелер бұған дейін қасиетті нысан ретінде ғылыми сарап­талып, жүйеленбеген-тін. Біз осы шаруаны реттеп, жалпыхалықтық құнды­лық ретінде қарастыруды қолға алып жатыр­мыз. Бұл жұмыстың рухани маңы­зына тоқталар болсақ, біріншіден, киелі, қасиетті нысандар біздің ұлтты рухани жұтаңдықтан сақтай­тын символдық қалқанымыз және ұлттық мақтанышы­мыздың қайнар бұлағы деп түсінген дұрыс.

«Қазақстанның қасиетті орындары» ретінде ерекше қастерленетін табиғи-мәдени мұра, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ Қазақ­стан халқының жадында өшпес із қал­дырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар ұғынылады. Сонымен қатар, Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын, ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретінде көрінетін нысандар кірді.

Сараптамалық кеңестің шешімімен қасиетті орындар жалпыұлттық деңгейлі және жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар болып бөлінді. Қазіргі кезде жалпыұлттық деңгейлі 186 нысан мен кешендер тізімге енді.

Еліміздегі барлық қасиетті нысандар бес топқа жіктелді:

  1. Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлекет қарауында тұрған табиғат құбылыс­тары­ның нәтижесінде пайда болған орындар.
  2. Археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петро­глифтер, қорымдар, халқымыздың қалып­тасуында ерекше рөл атқарған, Қазақ мем­ле­кетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған орта ғасырлық қалалар кіреді.
  3. Діни және ғибадат орындары болып табы­латын орындар. Бұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыс­тыруға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға айналған, көне түркі дәуірі және ортағасырлардағы, соны­мен бірге, XІX ғасырдың аяғы – XX ғасыр­дың басына дейінгі тарихи тұлғаларды қамтиды.
  4. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін қазақ елінің бостан­дығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, елдік маңызды мәсе­лелерді шешкен хандар, қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен  қазақтың батыр­лары, ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері, қолбасшылар, ғылым мен білімге, мәдениетке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, ғалымдар, ағартушылар  туралы мәні зор орындар алынып отыр.
  5. Саяси, тарихи оқиғаларға байла­нысты қасиетті орындар. Қазақ даласында қазақ халқының бірлігі үшін болған шай­қастарды, ерлікті, батырлықты, қайсарлық­ты насихаттайтын, елдің бірлігін білдіретін ескерткіштер мен ел жадында өшпес із қал­дырған қасіретті орындар мен қоғам­ның, мемлекеттің тарихында ерекше орны бар мемлекетіміздің жаңа нышандары еніп отыр.

Осылайша, қасиетті жерлер мен нысандарды анықтап, өңірлерде жүргізіліп жатқан ғылыми-сараптамалық жұмыстар­дың бағыт-бағдарын, дәйектемесін жасау жұмыстары алға қойылды. Территориялық жағынан әлемдегі ондыққа енген жас мемлекет болған соң бағзы бабалардан мұра­ға қалған ел мен жерді көздің қара­шы­ғындай мұқият сақтау – ұрпақтық асыл парызымыз. Бүгінгі жаңа заман ұрпағы, туған жер, елін сүйер жас буынды ұлтжан­дылыққа, елжандылыққа тәрбиелеу, туған өлке тарихын, табиғатын танытуды мұна­ралы мұратымыз деп санадық.

Халқымыздың сан жылдық тарих қойнауынан атадан балаға, ғасырдан ғасырға мұра болып жеткен өшпес асыл қазынасы:  әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері,  мәдениеті рухани құндылығымыз,  баға жетпес асыл қазынамыз  болып табылады. Ата-бабаларының дәстүрін сыйлап, шежірелік деректерді шын қастер тұтатын рухы биік біздің халқымыз әрбір тау-тасын, жазық даласын, үңгірін, өзен-көлін қасиет­ті, киелі санайды. Туған жерге, жаратылыс құбылыстарына, табиғатқа деген дүние­танымдық көзқарасы, ықыласы таңға­жайып көркем. Айнала қоршаған табиғат­ты тірі деп қабылдау, өз ұрпағын оған қиянат жасамауға тәрбиелеу қазақ халқы­ның ырым мен тыйымдары туралы түсінігінде тұнып тұр.

Ұлттық байырғы құндылықтарымызды осы киелі нысандар арқылы қайта түлету, нақтырақ айтқанда, рухты жаңғыртып, халықты рухтандыратын жоба бұл. Мысалы, қазақ батырларын алайық, бұлар­дың ерлік істері ұлт рухын жаңғыртудың бірден-бір тетігі. Өйткені, біздің бүгінгі таңда жоғалтып отырғанымыздың өзі осы батырлық. Оның орнына қауымды көнбіс­тік, жалтақтық, бодандық сана-сезім ден­деп барады. Осыған қарсы шипа – батырлық рух.

Бұл жобаның қоғамға елшілдік, мемле­кетшілдік көзқарасты қалыптас­тыратын дүние – қазақ тарихындағы хандар мен билердің рөлі болса, жастарды азаттық үшін күрес жолына тәрбиелейтін дүние – ұлт-азаттық күрескерлердің әрекеті. Қазіргі таңда қазақ қоғамына біздің дәстүрімізді жоққа шығаратын түсініктер еніп кетіп жатыр. Әсіресе ислам атын жамылып халық арасын іріту үрдісі белең алуда. Екіншіден, қазіргі жастар өзінің тарихын тек әлеуметтік желіде таратылған жеңіл-желпі ақпар арқылы танып, білуде. Бұдан нені аңғара­мыз? Күн өткен сайын жастардың тарихи санасына тұсау салатын қауіп күшейіп келеді. Осыған қалқан болатын дүние – жоғарыдағы жоба болуы тиіс. Яғни болашақ ұрпақ жалпыұлттық қасиетті нысандарды тану арқылы ұлттық бірегей­лікті ұғынып, қазақ халқының сонау тас дәуі­рінен бері бір ел, бір халық ретінде қалып­тасқан ел екенін санасына сіңіре алады. Осы арқылы тұтас тарихи сана қалыптасады.

«Қасиетті Қазақстан» жобасы 2017—2021 жылдарды қамтып отыр. Осы аралықта әр жыл сайын бір-бір томнан барлығы бес томдық үлкен еңбек «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» жасалуы тиіс. Аталмыш жобаның тағы бір тиімді тұсы – ішкі рухани-туризмді дамы­туға зор үлес қосады деп күтілуде. Яғни бұл туризмнің ерекшелігі – адамдар табиғатты тамашалап, ел-жер көріп, көңіл көтеру емес, тәлімдік-тәрбиелік мәні, әрі туған жер тарихымен танысуына бағытта­луымен құнды болмақ. Сонымен қатар, орта мектеп оқушыларына арналған оқулықтар, фильм­дер, роликтер, туризм және интерактивтік карта жасау жоспарда бар.

Тізімге алынған қасиетті нысандардың мәртебесі жайлы айтар болсақ, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау туралы заңға өзгерістер енгізу жайы қарасты­рылуда. Яғни мемлекеттік тұрғыдан қорға­луға тиіс нысандар қатарына «Қасиетті нысандар» дейтін бап енгізілу қажеттігі туындап отыр. Заң қабылданған соң онда­ғы талап бойынша іріктелген нысандарды мемлекеттік тіркеуге қойып, қорғауға алу жайы нақтыланады. Яғни қасиетті сана­лып, заңмен қорғалған нысандардың әрбі­ріне паспорт жасалады. Ол үшін нысан­ның тарихы, аңызы, әфсанасы, уақыты, ғасыры, әлеуметтік сипаты, тағы басқасы жан-жақты зерттеледі.

Берік Әбдіғалиұлы, саясаттанушы

Дереккөзі: Алматы ақшамы гәзеті

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5271