"Топыли" хикаясы
Алғаш сахнаға шығатын жылы аз ақшама тәуір "топыли" алмақ болып дүкеннен-дүкен қоймай араладым. Жақсысы қымбат, ақшама лайығы сұрықсыз. Мына қымбат дүкендегі көздің жауын алып тізіліп тұрғандар Италиядан әкелінген десе, қарсы дүкен түріктің былғарысын ұсынды. Киіп көріп, айнаға қарап әрі-бері теңселумен өткен бір сағат. Сатушы қыз да құлықсыз, қуана құрақ ұшпады.
Содан саспай Тастақ базарына тарттым. Мұндағы бағалар дүкендегідей емес, сатушылар да кішіпейіл. Әуел мұндағы аяқ киім де сапалы деп ойлағаныммен, бірте-бірте "дүкендегі жақсы еді-ау" деген ой жеңді. Қысқасы, сол жерден сатып алдым. Бір-екі концертке кидім ұмытпасам... Кейін дүкеннен алғаным сахналық болды, ал мына былғары былтырдан бері күнделікті киіске көшкен.
Тәуір дегенім күнара кисем де бір жыл шыдас бермей, етікшіге апаратын болдым. Бұрыннан таныс егде етікші басқа жерге көшіп кетіпті. Кешкісін үйдің маңынан жаңа ашылған аяқ киім жөндейтін жаңа шеберхана көзіме түсті. Бардым. Көрсеттім. Көк түтінге көміліп отырған жас жігіт екен. "Дауасы – жаңа табан" деді. Келістім. "Аға, мен енді келіп едім, табан алуға ақшам аз, ақша тастап кетіңіз"... Бәрібір төлеймін ғой, бердім. Екі күннен кейін алатын болдым.
Есігі төрт күннен кейін ашылды етікшінің. Қуанып бара қалдым. Орнында отыр. Көк түтін.
"Аға, төрлет", деді. Көп іздеп табанды әзер тапқанын, оны ауыстыру оңай болмағанын, арнайы үзілмейтін мықты жіппен тіккенін айтып берді. Әрі қарап, бері қарап еш ұқсата алмаймын. Жалпайып кеткен бе, әлде, созылған... жоқ, ұзарған-ау.
"Мынау менің аяқ киімім бе?" деймін.
"Енді, менікі дейсіз бе, аға? Солай, мен тіккен аяқ киімді танымай жатады жұрт. Қайта әкелген емес ешкім" деді.
"Кәне, киіп көрейін. Әрине! Мынауың кең ғой, інім, менікі шақ болатын".
"Аға, тарылады, әлі-ақ орнына келеді" дейді.
"Інім, кең болғанда, өлшемі үлкен сияқты ғой?
"Былай сырттай қарағанда білінбейді, аға... сосын ше, табан сондай сапалы, өкшесі де желіне қоймайды. Ал, тігісін қарамайсыз ба, анау-мынау су өте қоймайды!"
"Тұра тұр, қалқам, мынауың 42 ғой, мен 41 киемін. Бәсе-ау деймін, қолп-қолп етеді".
"Аға, 42 емес пе еді, қап, ескі табанды тастап жіберіп едім"...
"Қайдағы 42, менікі 41 болған! Не ғой, аға... қазір жұрттың көбі күн жылынғанға мәз болып, жеңіл нәски киіп, шетінен ауырып жатыр. Әлі қалың нәскиді шешуге ерте, сізге де қалыңын кию керек. Сонда үлкендігі білінбейді, аяқта нық тұрады".
"Тоқта, мына табаның жаздық емес!"
"Әдейі алдым, аға, күзде-көктемде киесіз деп".
"Ал күн жылынса қайтемін?"
"Сізде басқасы жоқ па сонда, ауыстырып кимесеңіз, жалғыз аяқ киімді тоздырасыз ғой!"
"Қай атаңнан көрдің қыстық табанға жаздық аяқ киім отырғызғанын, а?"
"Үсті былғары, табан сапалы, аға. Үйлесіп-ақ тұр ғой, қызық екенсіз, былай қасына жақын келіп ешкім үңілмейтін шығар енді?"
"Еее, қатырдың, інім!"
"Інілеріңіз жоқ па еді, аға..."
"Енді сөйлесең бар ғой, мына табанды... түсіндің бе! Қандай адамсың! Қай жеріңмен ойладың, есің дұрыс па өзі?"
"Аға, шынымды айтайын, ренжи көрмеңізші? Мен енді ғана бастадым осы кәсіпті. Өз бетімше кіріскен тірлігім еді. Осы табанды іздеп үш күн табанымнан таусылдым. Бары осы екен, басқасы жоқ. Тек 42! Қайтейін енді? Ең бірінші келген тапсырыс болғасын... Сізді қайтарсам, өмірі жолым болмайтындай көрінді. Барымды-ақ салғаным. Бірақ, бәрібір өз өлшемі болмаса, болмайды екен. Оны түсіндім. Алғашқы жұмысыма жаман сөз айтпаңызшы? Мына істі енді қайталамаймын, аға. Жақсы тілек деген... Сізге сөз беремін, жақсы етікші боламын".
"Жақсы, болар іс болды. Бірден солай деп айтпаймысың? Бірбеткейлігің де бар екен, жақсы етікші болсаң – боларсың. Сау бол. Мен кеттім".
"Аға, сізге рахмет. Түсінгеніңіз қандай жақсы болды! Міне, пакетке сүртіп салып қойдым. Ала кетіңіз. Сосын, әлгі... нені ше, қалған жарты ақшасын..."
"Немене?"
"Әй, жәй айтам, аға. Қалжың ғой, қалжың!"
Қарасам, риза кейіпте қолын бұлғап, жымиып тұр екен. Жарадың, жігіт!
...Кейін сол маңнан көлікпен әрі-бері өткенде көк түтінге көміліп, көңілді отырған сұлбаға көзім түсіп, күліп аламын.
Мүсілім Әмзе
Facebook-тегі парақшасынан