Қазақтың рухани болмысын қайтсек қалпына келтіреміз?
«Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасының басшылығы ауысып, қазақтың дәстүрлі дінінен хабары бар Серікбай Ораз сынды тұлғаның басшылыққа келуі қазақтың діни санасына оң ықпалын тигізері анық. Біз оны Мүфти Хазіреттің алғашқы қадамын Түркістанға келіп, Әзірет Сұлтанға зиярат жасап, конференция өткізгенінен-ақ байқағанбыз. Енді Маңғыстау жеріне барып, Бекет Атаны және т.б. әулиелерді зиарат жасауы да өте құптарлық қадам. Мен бұларды тізбектегенде мүфтиді құр мақтап жақсы көрінгім келіп отырған жоқ. Дінбасының әулиелі жерлерге барып, құрмет көрсетуін жақсылыққа балап отырмын. Өйткені, соңғы жылдары елімізде мешіттер мен намаз оқушылардың саны еселеп артқанымен, халықтың ар-иманы түзелмей-ақ қойды. Керісінше, соңғы он-он бес жыл төңрегінде қазақтың діни танымы, салт-санасы өзгерді. Мешітке барып, имандылыққа бет бұрдық деген жастар арасынан әулие десе, әруақ десе, шоршып түсетіндер көбейді. Мешітке бармайтындары тіпті сорақы. Тек, діни танымы ғана емес, санасынан да, адамгершілік қасиеттерден жұрдай болған жастар санының күн сайын артуы адам шошырлық деңгейге жеткенін жасыра алмайтын болдық. Осыдан бір-екі жыл бұрын «суидцид» деп шулап едік, енді келіп жастардың өз анасын, жақындарын өлтіріп, қолдарын қанға малып жатқандығына куә болып отырмыз. Соңғы бір-екі аптаның айналасында Талдықорғанда, Шымкентте, Түркістанда болған қанды оқиғалар тізбегі бұл өзі заңдылыққа айналып бара жатқан жоқ па?-деген сұрақты қоюға мәжбүр етіп отыр. Бұл мешіттерде қазіргі күні айтылып жақан уағыздардың адам санасын, ар-иманын түзеуге қауқарсыз екендігін көрсетеді. Солай болуы заңды да. Қожа Ахмет Йасауи бабамыз өзінің «Мират ал-Қулуб» атты еңбегінде «Шариғат сырт ағзалармен амал ету болса, тариқат – «қалб-жүрекпен», яғни көңілмен амал ету деген сөз, ал хақиқат дегеніңіз – сырмен (жүректің түбіндегі субстанция, көңіл) амал ету болып табылады, - дейді.[1] Қазіргі күні мешіттерде айтылып жатқан уағыздарда тек шариғат бар. Демек, жүрекке жетпеген уағыздан адамның рухани болмысына пайда жоқ. Бұл қазіргі мешіттер саны көбейгенімен халықтың рухани өзегін қалыптастыруға, рухани өзегінен айныған қоғамды сауықтыруға қауқарсыз екендігін көрсетеді. Мүфти Хазіреттің әулиелі жерлерге барып зиарат етуін осы үзілген жіпті жалғауға, руханиатты қайта қалпына келтіруге деген әрекеті деп түсініп, тілеуін тілеп отырмын. Алайда, Дінбасының бір өзінің әулиелерге зиарат жасап, құрмет көрсетуі аздық етеді. Ол үшін жылдам қимылдап, имамдарды қайта дайындықтан өткізіп, халықты қазақтың дәстүрлі діни танымына қарай мойынбұрғызуды қолға алу тиіс. Сонда ғана мешіттер шын мәніндегі руханиат орталығына айналады. Олай етпейінше, қазіргі мешіттер өз қызметін толық атқара алмақ емес. Өкінішке орай, көптеген мешіттер кезінде жиналған қауымды қазақ руханиатына қарсы қойғаны өтірік емес. Шет жерлерге барып, соғысып, қан кешіп жүрген адасқан бауырларымыздың көпшілгі осы мешіттерден кетті. Осы қасірет қайта қайталанбас үшін мешіттерді рухани ошақтарға айналдыру қазіргі күннің ең өзекті мәселесі десек қателеспейміз. Кезінде атақты Қашаған жырау мешіттің қызметі туралы өзінің жырларында былай деген болатын:
«Аллалаған пір өткен,
Туына жұрттытүнеткен.
Таспих, зікір жария,
Мешіттің үшін гүл еткен.» Міне, мешіттер осындай руханиат орталықтарына айналуы тиіс. Ол үшін мешіттер қазақтың дәстүрлі дініне қарай толығымен бет бұруы керек. Мешіттердің ролінің қандай болғанын кезінде орыс зерттеушілері де жазған болатын. Мысалы, Түркістанда, Әзірет Сұлтан мешітіндегі намаздан соң халықтың жиылып, жария зікір салғанын жазып та, суретін салып та, соңдарына қалдырған. Осыларды қайтадан қалпына келтірсек қана халықтың рухани болмысын қайтадан қалпына келтіре аламыз. Олай болмаса, халықтың рухани болмысы мен тұтастығын қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Уланған сананы қалпына келтіру оңай шаруа емес. «Батпандап кірген кесел мысқалдап шығады»- дейді қазақ атамыз. Мүфти ауысыпты, енді соның соңынан ерейік деп ешкім де айтпайды. Мешіт қызметкерлерінің өзін, имамдарды да қайта дайындықтан өткізу керек дейтініміз де сондықтан. Өйткені, ол имамдардың көпшілгі араб дәстүршілдігі негізінде тәрбиеленгені, әлі ол бағыттан бас тарта қоймағаны да жасырын емес. Міне, осы мәселелердің барлығы жаңа мүфтидің иығына үлкен салмақ болып артылғаны шындық. Сондықтан бұл мәселені жалпы халық болып қолға алу қажеттігі туындап отыр. Олай етпесек, мына заман шалқақтап, жайбасарлыққа салынуды күтпейді. Мен оны күні кеше Түркістанға зиаратқа келген бір жігіттің әңгімесінен байқадым. Жастар жағы «әулие десең, Аллаға серік қосу»- деп шапшып тұр дейді. Демек, бұл діни ахуал жағдайы сырттай қалыпқа түскендей болғанымен, әлі сырттан келген уаххабилік-салафилік уытының қайтпағанынан хабар береді. Осыған орай мен өз тарапымнан мына бір ұсынысты айтқым келіп отыр. Ол – қазақтың жыршылық, жыраулық өнеріне қолдау көрсетіп, оларды халықтың алдына шығарып, діни танымдық жырларды халықтың санасына қайта жеткізу. Осы жыршы, жырауларымыздың өзі халықтың санасын қайта қалпына келтіруге көп жәрдем берген болар еді. Өйткені, ақын, жыршы, жыраулар XVII-ХХ ғасыр аралығында мешітттердің қазақтың дәстүрлі дініне қарсы әрекетіне қарсы тұрған, қазақ халқының рухани-мәдени тұтастығын сақтап қалған құдіретті күш болғантын. Сол дәстүрді қайта жаңғыртып, солардың өнерін пайдаланып халықтың руханиатын қалпына келтіруге жұмылдыруға болады. Құдайға шүкір әзірге осы киелі өнерге иелік етіп отырған таланттарымыз бар. Мүмкін менің бұл айтқандарыма күдіктенетін кісілер табылар. Бірақ тарихи деректен ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Ендігі кезекте назарларыңызға сол ақын, жыршы, жыраулардың тарихтағы роліне қатысты аз-кем мәлімет бергім келіп отыр. Ол үшін алдымен қазақ даласында орын алған соңғы үш ғасырлық тарихына қысқаша шолу жасау қажеттігі туындайды.
XVII ғасыр соңында Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңын қабылдап, қазақ даласындағы діни-рухани қызметтің тізгінін ұстаған Йасауи жолы өкілдері билік жүйесінен шеттетілген соң, олардың бар қызметі қазақ даласындағы ақын, жыраулардың иығына түсті. Йасауийа тариқаты өкілдерінің қызметін солар атқарды, қазақ халқының рухани тұтастығын сақтап қалу жолындағы күресті сол ақын-жыраулар жүргізді.
Қазақ халқы жоңғар шапқыншыларымен арпалысып жатқанда Ресей империясы қазақ даласын игерудің жолдарын қарастырып жатты. Ұзақ жылдарға созылған зерттеу жұмыстары арқасында, отаршылдар, қазақ қоғамының рухани тұтастығын ыдыратпай тұрып, оны толығымен саяси тұрғыдан игеру мүмкін еместінгін айқын сезінді. Орыс зерттеушілері ол кезеңде қазақ даласын шарлап, оның әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, жалпы рухани, мәдени болмысын бүге-шігесіне дейін зерттеуде болды. Бұл Ресей империясының Қазақ хандығы тарихтан кетпей тұрып, қазақ даласын діни-иделогиялық тұрғыдан игеруге бағытталған әрекетке кірісуіне мүмкіндік берді. Ол әрекет Уфа және Симбирск наместнигі О.А. Ингельстромның ұсынысына сәйкес ІІ Екатеринаның жарлығы бойынша Уфа қаласында мұсылман діни басқармасының 1789 жылы ашылуынан басталды. Сөйтіп, алғаш рет қазақ даласын діни-рухани тұрғыдан игеруге бағытталған Ресей империясының саясаты іске қосылды. Ол діни басқарма Орынбор муфтилігі деп аталды. Мақсаты – қазақ даласын діни, рухани тұрғыдан ыдырату, мұсылмандардың діни негізде бас көтерулерінің алдын алу еді. Ол үшін арнайы осы мақсатқа дайындалған молдалар қазақ халқының дәстүрлі дініне қайшы келетін уағыздар жүргізуге тиіс болды. Олар қазақ арасына кіріп, қазақтың дәстүрлі діни танымынан ажырату, таным негіздерін өзгертуге күш салды. Ол молдаларды қазақ арасында «заказной молдалар» деп атады. Өйткені, әрбір қазақ аулы оларды оқыған қаражаты мен өзге шығындарын төлеп, сатып алатын. Орынбор муфтилігі қазақ арасында өзінің мұндай рухани ыдыратушылық бағытындағы әректінің ауқымын мына цифрлардан-ақ көруімізге болады. XVIII ғасыр соңында қазақ арасында Ресей империясының саясатын жүргізетін 28 ахун, 969 молда, 114 мешіт, 1921 мударрис болды. Олардың қазақ халқының дәстүрлі діни танымына қарсы әрекетін қазақ зиялылары көрмей қалған жоқ. Марал ишан бастаған діндарлар дін қызметкерлерін Бұхарада дайындауды қолғат алса, ақын-жыраулар халық арасында өлең-жырымен күресті. Осы «заказной молдалардың» зиянды әрекетіне Маңғыстау халқы да қарсы күрескенін, ең бастысы орыс патшалығының сойылын соғатын «заказной молдаларға» халықтың көзқарасын Есмағамбет Мекеұлы өзінің «Жұт Қоян» толғауында былай баяндайды:
Жер-жерден мешіт салдырып
Ғұлама-ишан ахунға,
Жақсыларым тұрған пірленіп
Ішімізден Бекет Пір шығып
Дұшпанға намыс бермедік.
Кешегі өткен ғасырда
Патшалы жұртпен ұрысып
Көпке дейін көнбедік.
Көнсек тағы қасарып,
Мал мен басты бермедік…
Кіші жүздің баласы
Бәс етпеген бізбен тең келіп…
Дінбұзар дүмше көбейіп
Солардан болды елге жік.
Уфа мен Қазан татары
Көбейіп күнде қатары
Дін емес, кетті жем қорып.
Естияр сопы, ишанның
Жолына айтқан сенбедік,
Сыпсыңдап сыртта айтылған
Бұралқы сөзді жөн көрдік…
Ғұламалардың сөзіне
Қанша айтса да көнбедік.
Санасын шайтан иектеп
Жүргенді қалай жөн делік
Жеріңді тартып алғасын,
Шәріңді кәпір салғасын
Қалды ма, қазақ, сенде ерік? – деп толғайды.
Ақын-жыраулар тек, орыстарға ғана қарсы күрескен жоқ. Қазақтың рухани болмысына қарсы барлық діни ағым өкілдеріне де қарсы күресті. Оған мысал ретінде Базар жыраудың шариғат өкілі Қалжан ахунға арнаған мына өлеңінен келтіруімізге болады:
Жаны ардақты жақсының,
Күнде бірі өлсін дер.
«Жаназасын оқы» -деп-
Шақырушы келсін!-дер.
«Сқат, Құран шығарып,
Мал мен мүлкін бөлсін!» дер.
Сол бөлінген олжадан,
«Өзгелерден көбірек,
Сыбағама берсін!» дер.
Бұл молдалар тілегі.
Ал, Қашаған жыраудың «Есқали сопыға айтқанынан» жыраулардың Йасауи жолынан өзге тариқаттардың өзін сын тезіне алғанын көреміз. Қашаған жыраудың домбырасын жақтырмай, Есқали сопының айтқан әңгімесі үшін сазайын береді. Ол былай дейді:
Бұл сұпының мен білдім
Дінінің тұтқан мүкісін.
Жақсы болсаң, сұпеке,
Ислам діннің құтысың.
Жаман болсаң, сұпеке,
Ислам діннің жұтысың!
Мұсылманшылық қалыпқа
Ұқсамай отыр бітісің –
Өзің – Құдайдың жолын күткен сұпысың,- деп бастайды да, ары қарай былай жалғастырады:
Расулы Пайғамбар
«Қонақпын» деп келгенде
Түйесімен арқалап
Құрмет еткен жоқ па еді
Атасы басқа кәпірді?
Келе сала, сұпы-еке,
Домбырамды менің боқтадың,
Домбырам – менің жолдасым,
Домбырамды боқтасаң
Өзімді басқа соққаның.
****
Атамыз Адам Пайғамбар
Жеті сазбен жерге кеп
Күй шертіпті деген бар.
Ол күндегі ол да саз,
Бұл күндегі бұл да саз,
Сазды «күнә» деп жүрген,
Молда-еке, сенің ақылың аз,- деп тұқыртады. Бұл мысалдан өзге тариқатты қабылдаған Есқали сопының қазақтың киелі өнерін қабылдай алмаған теріс әрекетін көріп отырмыз. Осындай қазақтың киелі өнеріне күні кеше біздің уаххабилік-салфилік ағымды қабылдаған өнерпаздарымыз да қарсы болып, домбыра, қобыз сияқты киелі аспаптарды тарту күнә, деп қарсы шыққанына өзіміз куә болдық. Ал, Арман Қуанышбаев сияқты уағызшылар Балқы Базарға жын жетектетіп, қазақ санасынан мүлде өшіруге әрекет жасады. Сондағы олардың бар күнәсі қазақ руханиатын қорғауы болатын. Олар тек қана қорғап қоймай, қазақтың рухани тұтастығын сақтау жолында күресті. Алтай мен Атырау арасындағы ұлан ғайыр даланы мекендеген халықтың рухани тұтастығын сақтау оңай емес болатын. Олар халық санасына дінінің Ислам, Пайғамбарының Мұхаммед, жүрер жолы Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жол екенін, киелі мекенінің әуелгісі Мекке, екіншісі қазақтың бар жақсысы мәңгілік сапарға аттанған басын қосқан Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесі екендігін қазақ ешқашан есінен шығарған емес. Бұл киелі мекенді жыршы-жыраулары жырына арқау етті. Сонау Маңғыстаудағы Сәттіғұл жырау өз шығармасында былай дейді:
Әнбиалардың ақыры,
Хақ Расулы Мұхаммед
Абзалы асыл нұр өткен.
Артынан келіп көп имам
Шариғат жолын күзеткен.
Пірадар пірдің басшысы
Қожа Ахмет Йасауи
Түркістанда бұ да өткен.
Туына жұртты түнеткен,
Кереметін асрып,
Жеті өлікті тірілтіп,
Мұсылманға қайыр дұға еткен.
Ал, сол маңғыстаулық Ақтан Керейұлы болса,
«Әулие Бекет пірімнің
Оғыландыда ошағы –
Жалыны шалқып шақырған.
Дін-исламның жолында
Баспаған қадам ғафылдан.
Мүриті қойдай маңырап,
Соңынан еріп қапылған.
Зікірмен зарлап ерте-кеш,
Аллаға жылап аһ ұрған.
Дәріс айтқан ұстазы
Үргеніште Бақыржан.
Ұстанған үлгі жолы бар
Құл Қожа Ахмет тақсырдан.
Алласы қалап әуелде
Уәлилерге бас қылған.
Миғражда нұрын көргесін
Хақ Расулі паш қылған.
Арыстан баптай досына
Аманат-құрма тапсырған.
Солардың үлгі жолымен
Бекетім шықты дін түзеп,
Көкірек көзін аштырған»,- дейді.
Ал, Арқаның қазағы Балмағамбет Балқыбайұлы болса,
«Зікір таһлил көп айтқан
Қашар шайтан халықтан.
Қашқандай шабақ шашырап,
Шортан атты балықтан...
... Зікірші һақтың досы деп
Айтқанына нанайық.
Хақ жолына ғашық боп,
Тірідей күйіп, жанайық»,-дейді.
Егерде осы мысалдарға ойлап қарайтын болсақ, қазақтың ақын-жыраулары қазақ даласының рухани қазығы қайда екенін, оның ерекшеліктерін халық санасына құя отырып, оны шетжерлік ықпалдан сақтап қалу жолында қолдан келгенінің бәрін жасаған екен. Міне, осы ақын, жыршы, жыраулардың соңында қалған рухани мұрасын қайтадан халық санасына құю арқылы, халықтың генетикалық кодын оятып, қайтадан қазақтың рухани тұтастығын қалпына келтіруге болады. Құдайға шүкір, қазақ өзінің бұл киелі өнерінен әзірге ажырай қойған жоқ. Оны көздің қарашығындай сақтап отырған өнерпаздарымыз бар. Өкінішке орай, олардың өнерін қазіргі күні қазақ қоғамы қажетсініп отырған жоқ. Қазіргі күнгі қазақ қоғамында туындап отырған рухани азғындық пен шарасыздықтың туындауына ықпал етіп отырған хикмет пен тәрбиеге толы киелі өнердің халық санасынан ығыстырлуы екендігін түсіне алмай келеміз. Олардың орнын даңғаза музыка мен жеңіл күлкі басты. Адам ойланудан, өмірдің мәнінен, мазмұнынан ажырап қалды. Адам тек материалдық құндылықтар тұтқынына айналды. Адам мәңгілік трансцендентті өмірден бас тартып, өзін жануарлар деңгейіне түсірді. Нәтижесінде өмірінен мән мен мазмұн таба алмаған жастардың бір бөлігі өз-өзіне қол салып, құрбан болып жатса, екінші біреулері өздерінің хайуани қажеттігін іске асыру үшін ата-анасын, жақын туыстарын құрбандыққа шалып жатыр. Осының астарында қазақ қоғамының өзінің дәстүрлі діні мен діни танымынан, сол киелі таным негізінде қалыптасқан сол танымның бейнелі көрінісі болып табылатын киелі өнерінен ажырап қалуы жатқанын әлі сезінгеніміз жоқ. Бұл жағынан келгенде қазіргі қазақ қоғамы ауру. Бірақ біз соны әлі мойындағымыз келмейді. Сол кеселдің қазақ санасына қаншалықты дендеп кеткенін көрсететін бір мысал келтірейін. Жақында университетіміздің жастары санасына қазақтың дәстүрлі өнері арқылы хикмет ілімін сіңіру мақсатында белгілі сазгер, жыршы, ақын Жәкен Омаров інімізді лекция-концерт өткізіп беруін өтініп, қонаққа шақырдым. Жәкен ініміз қуана келісті. Екі апта бұрын жарнамасын жасап, жастардың толық қамтылуы үшін әрекет жасадық. Қалалық оқу бөлімімен келсіп, мұғалімдерді де шақырдық. Концертке келген жастардың саны залдың жартысын толтыруға де жетпеді. Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Концерке келіп, мән беріп, тыңдаған жандарың көздерінен жас көрдім. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетті. Ал менің ішім ашыды. Өйткені, осыдан екі жылдай бұрын сол залға сырттан келген діни ағымның бір өкілі келіп, уағыз айтқанда жастар сол залға сыймай кетіп еді. Сол жастар ішінен қазақтың киелі өнерін тыңдап, ғибрат алатын жандардың аз болуы менің жанымды ауыртты. Мен бұдан қазақ қоғамындағы рухани кеселдің деңгейін байқадым. Егерде бұл кеселдің алдын алмасақ, ертеңгі күні қазақтың рухани, мәдени болмысынан толық ажырап қалуға айналыппыз. Мүфтиіміздің Бекет Атаға барып, зиаратқа барғанына қуанып, елден сүйінші сұрап отырғаным да сондықтан. Мүфти дәстүрлі дінге бет бұрса, мешіттер бет бұрса, ертеңгі күні Тәңір Тағала бұйыртса, қайтадан қазақ деген халықтың руханиатын, мәдениетін қайта қалпына келтірерміз деген ілгергі үміт. Мешітттер естерін жиып, қазақ руханиатына толығымен бет бұрғанын күтпей-ақ, күні бүгін қазақтың киелі өнері иелерін халық алдына шығарып, қазақ санасын қайта оятуды бастау керек. Меніңше, оған киелі өнер иелері де дайын. Бұл ұсынысымды мен білетін Алмас Алматов, Амандық Көмеков, Айгүл Елшібаева сияқты т.б. киелі өнер иелері қолдайды деген үміттемін. Тек, қаржы тауып, оларды халық алдына шығара білсек болды. Бұл өнердің қаншалықты құдіретті екенін көзімен көрген жайым бар. Жаңылмасам, 2004 жылы Павлодар қаласының қазақ драма театрында «Йассауи» тобы концерт қойды. Сол концертті көріп отырған орыс кемпірлердің жылап отырғанын көзім көрді. Тілін түсінбесе де, құр әуеннің өзі қарт кісілердің жүрегіне жетті. Сол киелі өнердің бүгін де қазақ рухын қайта оята алатындай қауқары бар. Тек, қолдау керек. Ел-жұрт болып жұмылайық, ағайын. Өйткені, бұл қазақтың ертеңі!
[1] Кенжетай Д. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. 239 б.
Зікірия Жандарбек
Abai.kz