Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 8606 16 пікір 20 Сәуір, 2018 сағат 10:54

Иманәлі араша сұрайды

Осыдан тұп-тура 3 күн бұрын Президент көші-қон процесстерін реттеуді жеңілдету туралы заңға қол қойды деп қуандық. Расында Президент сөйтті.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның мәтіні әлі жария болған жоқ.

Қазір дүниежүзі ақпараты Қытайдың этникалық аз ұлттарға, соның ішінде қазақ пен ұйғырға жасап жатқан саяси қысымы жайлы жазып жатыр.

Қытай билігін қолына қысып ұстаған Ши төрағаның билікке 2013 жылы келіп еді. Содан бері міне, 6 жыл уақыт өтті. Ши Жиңпиң  ҚХР Компартиясының төрағасы. Былтыр Ши өз билігін «мәңгілік» етпек болып, Конституциясын өзгертті. Биліктегі оның жақтастары әм бас ал десе шаш алатын шабармандары елдегі аз ұлттарға ашық репрессия жасауды сол кезде бастады. Әсіресе, Шыңжаңдағы мұсылман ұлттар – қазақ пен ұйғыр төрағаның тақты өлгенге дейін тақымдау құқығына ие болу жолында талай тепкіні көрді. Таяқты әбден жеді.

Ши шабармандарының шатағы әлі күнге дейін басылмай келеді. Шыңжаңда сол сүргіннің салқыны бар. Иә, әуелде Ши өз билігін авторитарлау жолында жасалып жатқан науқандық шарасы деп топшылаған едік. Олай болмай шықты. Бұл жоспарлы саяси шешім екен.

Қытай үкіметі қазақты террорист, экстремистердің сапына қосты. Құжаттарын тартып алып, Қазақстанға келіп-кеткен әр қазақты түрмеге жапты. Үйінде Құран ұстаған, діни оқулықты ұстаған, ескі кітаптарды сақтағандар сақшылардың жетегіне түсті. Жәбірін көрді. Қазақ жазушыларының кітаптарын оқығандар оқу-тәрбиелеу лагерлеріне айдалды. Себепсіз тергеліп, нақақ таяқ жеді. Тіпті, молда-қожалардың кейбірі түрмеде қайтыс болды деген ақпар да тарады. Қолыңнан келсе шауып ал деген бұл арандатушылықты, әпербақандықты, әлімжеттікті Ши тұтқасын ұстап отырған Қытай билігі күні бүгінге дейін жасап келеді.

Қазір Қытайда ресми санақ бойынша 1,5 миллион қазақ бар. Шыңжаң өлкесінен келетіндердің қатары сұйылып барады. Көш басы бүтін тоқтады деуге әбден болады. Енді шекара сызығынан өтіп үлгерген қазақты аман сақтап қалудың қамы жасалуы тиіс еді ғой. Біз, Ши саясатының сүргінінен сытылып шығып, шерменде боп жеткен қазақты – құжат реттеу үшін қайта Қытайға жібереміз.

Парадокс. Жо-жоқ, біз зайырлы мемлекетпіз ғой. Бәрі заң жүзінде болуы тиіс! Кім білсін, Мәжілістің вице-спикері болып төрде отырған ныспысы бөлек Божко айтпақшы, олардың ішінде арам пиғылды азаматтар бар шығар. Кім біледі, бәлкім іштерінде экстремист, террористері бар шығар. Бақылауды күшейту керек. Күлеміз бе, жылаймыз ба?!..

Әлеуметтік желіде Қытайдан келген қазақ баласының бейнежазбасы жария болды. Қазақстанға келген екен. Оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен. Онысының өктеніне 1 жыл болған. Енді ол Қытайға барып, тіркеуден шығып келуі керек. Ал Қытай шекарасын аттасымен көретіні – кісен, тұрақжайы – түрме болмақ. Осылайша, қараптан қарап тұрып 1 қазақ баласының білегіне Қытай кісенін сап беріп отырмыз.

Біз Қазақстан билігінен араша әм көмек сұраған бұл азаматты таптық. Істің мән-жайын өзінен сұрап білдік.

Ныспысы – Иманәлі. Сойы – Батыл. 1990 жылы қарашаның 8-күні ҚХР, ШҰАР, Құлжа ауданы, Қаратөбел қыстағында туған.

Қазақстанға  2011 жылы мамыр айында келген. Содан бері Қазақстанда тұрып жатыр. Қытайда ешбір туысы жоқ. 2011 жылы өзі және 3 ағасы көшіп келген. 3 ағасы ҚР Азаматтығын алған. Әке-шешесі Қытайда қайтыс болыпты.

2015 жылы тұрақты тіркеуге тұрып, Ықтиярхат алған. Ықтиярхат – 2011 жылдың 2-тамызында берілген. Жарамдылық мерзімі – 2019 жылдың 16-маусымы аяқталады.

2016 жылдың 7-көкегінде Оралман куәлігін алыпты. Оның жарамдылық мерзімі 2017 жылдың 7 көкегінде аяқталған.

Тұрақты тіркеуі Астана қаласында. Жалдамалы пәтерде тұрады. Отбасын құрған. 1 қызы бар. Қызы 2 жасқа толмаған. Әйелі Қазақстан Республикасының азаматшасы.

«Мен осыдан 15 күн бұрын Астана қаласы, Иманова көшесі, 31 үйде орналасқан Көші-қон полициясына барған едім. Олар маған: Қытайға барып тұрақты тіркеуден шығып кел деді. Мен алғаш көшіп келген жылдары 5 жыл тұрақты тіркеуде тұру керек деген талап болды ғой. Содан 5 жылды күттік. Кейін отбасын құрдым. Сөйтіп жүргенде Оралман куәлігімнің уақытын өткізіп алдым. Міне, 1 жыл болды өткеніне. Енді, соны реттеу үшін шабылып жүрмін. Еш нәтиже болмай тұр. Көші-қон полициясы мені Қытайға жіберіп жатыр. Ол жақтан тұрақты тіркеуден шығуым керек екен», - дейді Иманәлі.

Өткенде, Мәжіліске келіп, депутат Тілеуханның тергеуіне түсіп, біраз терлеп-тепшіп қайтқан Сыртқы істер министрлігінің вице-министрі Тілеуберді Мұхтар айтты.

«Қытайдан келген қазақтар жеңілдікпен азаматтық алатын болды, одан кейін олар Қытай елшілігіне барып, төлқұжаттарын тапсыратын. Ал енді Үрімші жаққа қайтып барған кезде олар тұрақты тіркеуден шықпағанына байланысты қамалып отыр. Өйткені олар тұрақты тіркеуден шықпағаннан кейін қосымша әлеуметтік төлемдерді алып отыр екен. Осыны себеп қылып жергілікті үкімет тыйым салып жатыр. Осындай мәселелер туындауда», — деп сөйледі. Бұл вице-министр Мұхтар Тілеудердінің өз сөзі. Өзгерткеніміз жоқ.

Расында солай ма? Иманәлі де Қытай ақшасын алу үшін ол жақтың тіркеуінен шықпай отырған жоқ па? Оны да сұрадық.

«Менің әке-шешем Қытайда қайтыс болған. Өзіміз 4 ағайынды едік. 3 бауырым және мен. 2011 жылы елге біржола көшіп келдік. Ол жақта ешбір туысым жоқ. Тіпті, ертең мені елден қуып шығып, Қытайға жіберетін болса да, ол жақта барып тұратын үйім жоқ. Қытайдан 1 тиын да алмаймын. Мен де, бауырларым да ол жақтан әлеуметтік көмек алған емес. Астанадағы көші-қон полициясы маған Қытайға барып, тіркеуден шығып кел деп жатыр. Ол жақтағы жағдайды білесіздер. Менің ол жақта барар жер басар тауым жоқ. Туыстарым да жоқ. Шекарадан өткенімде-ақ, мені тұтқындайды ғой. Оқу-үйрету лагеріне жібереді. Немесе түрмеге жабуы мүмкін. Ол жаққа барғым келмейді. Ол жаққа барсам ұсталамын ғой. Қамаламын. Менің мұнда әйелім бар. Қызым 2 жасқа да толған жоқ. Не істерімді білмеймін, енді. Қамалғым келмейді. Көмектесіңіздерші», - дейді Иманәлі.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің әм ҚР Ішкі істер министрлігінің назарына! Алдағы уақта «Abai.kz» ақпараттық порталына хат жазып, хабарласып, құжат рәсімдеуде қиындықтарға тап болып жатқан азаматтардың жағдайын рет-ретімен, лег-легімен жазамын. Иманәлі Батыл тепсе темір үзетін, қазақтың қарадомалақ баласы. Ныспысы қазақ. Отбасы Қазақстанда тұрады. Олар Қазақстан Республиксының толыққанды азаматтары.

Иманәлі Батылды Қытайға жібердік делік. Шекарадан ары өткен Иманәліні Қытай полициясы қамап қоймасына кім кепіл? Қараптан-қарап соқталдай азаматымызды айдауға жіберіп қойып отырмақпыз ба? Біздің жалқы сұрақ осы.

;feature=youtu.be

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1442
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5192