Сенбі, 23 Қараша 2024
Бәсе... 3742 3 пікір 23 Сәуір, 2018 сағат 05:15

Жерді сауда мен саясаттың құралына айналдырмауымыз керек

Жер мәселесіне қатысты 2015 жылдың  2 қарашасында Парламент қабырғасында қабылданған «Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы» қоғамның ең бір қызу талқысына түскен заңдардың бірі болды.

2016 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енуге тиісті  бұл Заң  тіпті  қоғам тарапынан наразылық туғызғанын да жақсы білеміз. Қоғамдық пікірлер толық ескерілмей, сараптаулар өз дәрежесінде жүргізілмей дайындалған бұл Заң үшін Үкімет те, оны қабылдаған біздер, Парламент мүшелері де жауапты екенімізді мойындауымыз керек.

Елбасының: «Халыққа ұнамаған заңның бізге де керегі жоқ» дегені де есімізде. Сөйтіп, Үкімет пен Парламентке осы заңды жетілдіруге уақыт беріліп, заңның талас тудырып отырған баптарына мораторий да  жарияланған еді. Біраз уақыт аралығында құрамында Парламент депутаттары, орталық уәкілетті органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділері бар арнайы комиссия құрылып, олар  барлық өңірлерді аралап, жергілікті халықпен кездесіп, солардың   қатысуымен жер реформасы жөнінде халықтың ұсыныстары мен сын-ескертпелерін сараптап, соларды  бүгінгі қабылданғалы отырған осы  заңға енгізіп отыр.

Бүгінгі  талқыланып отырған  заң жобасына енгізілген ережелер жерімізді тиімді әрі сапалы пайдалануға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Сол себепті заң жобасын тұжырымдамалық негізде қолдап, әріптестерімді де қолдауға шақырамын.

Жер реформасын жетілдіру жөнінде құрылған комиссия үлкен жұмыстар атқарды. Сондықтан да комиссия мүшелеріне, әсіресе осы комиссияның басынан- аяғына дейін ауқымды жұмыс жасауына мұрындық болған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мырзаға рахмет айтқым келеді.

Сонымен қатар, алдағы уақытта жерге қатысты мына мәселелерге де  назар аударылса деймін. Тәжірибе көрсеткеніндей, әлемнің барлық елдерінде жерді жалға беру, не сату көкейкесті мәселе болып табылады. Өйткені жер – кез-келген мемлекеттің негізі. Қазақ халқының да бүкіл тұтас тарихындағы ең үлкен олжасының бірі де  ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдырып келе жатқан  Ұлы  мұрасы да  қасиетті осы жері! Сонау VII-VIII ғасырлардағы Түркі халықтарының алғашқы жазба ескерткіштерінің бірі саналатын Орхон-Енисей жазбаларында, одан қалды тасқа қашалған   Күлтегін жазбаларында да  «Жеріңді жат баспағай», «Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма» деген сөздері қалған. Демек, қазақтың жері – халықтың демі мен жаны, тіршілігі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Жер - ұлтаралық татулықтың негізі.

Бірнеше ғасырлар бойы отарлау саясатының зардабын тартқан қазақ халқы шет елдіктерге жерді жалға беруді қабылдай бермейтіндіктеріне көзіміз анық жеткендей болды. Осы бір көңіл ауаны ескеріліп, жерді сауда мен саясаттың құралына айналдырмауымыз керек. Жер тағдырына халық алаңдап отыр. Жер халықтың ортақ байлығы, ол жекешеленбейді, сатылмауы керек деген ой-пікірлер бұрын да, қазір де айтылып келеді. Біздер мұны ескеруіміз керек.

Сондықтан да болашақта жерді  пайдаланудың осы кезге дейін қолданып келе жатқан жалға беру түрін ғана негіз етіп алуымыз дұрыс болады деп есептеймін.  Осы жалға беру институтының тетіктерін жетілдіруіміз қажет. Өйткені, жер біздің ұлтымыз үшін табыс табудың көзі ғана емес, рухани құндылық, яғни тал бесігі, алтын ұясы, Атамекен екенін үнемі есте ұстауымыз керек.

Мұрат Бақтиярұлы, сенатор

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377