Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5353 0 пікір 1 Ақпан, 2011 сағат 08:52

Абылай хан: «Ешқандай Барабы татарларын естіген емеспін, білмеймін. Жер біздікі!»

Абылай хан - 300

Абылай дарынды хан, аса ірі қай­раткер, қолбасшы болды. Әбілмәмбет ханның тірі кезінде қазақ халқы оны өзінің қорғаушысы, көсемі санады. Ол патша өкіметінің губернаторларының ыңғайына жүрмеді. Елінің еркіндігін, бостандығын қорғай білді.

Әрине, бір мақаланың көлемінде Абылай ханның қазақ халқына сіңір­ген еңбегін толық қамту мүмкін емес. Дегенмен де нақты құжаттарға сүйене отырып, біраз өмір жолына шолу жасап көрелік.

Абылай сұлтан өзінің ақылды, са­бырлы мінезі мен адамгершілігінің арқасында тек бір орда емес, үш ор­даның сыйлы ханы атанды. Әрине, біраз тарихшылар, жазушылар Абылай сұлтанды Әбілмәмбеттің тірі кезінде хан болды дейді. Олай емес. Әбіл­мәмбет 1765 жылы қайтыс болды. Ол Түркістанның (Қалдан Серен­нің қол астында 1743 жылдан), әрі Орта Орданың ханы болып есептелді. Ол өлгеннен кейін оның ұлын сайлады. Шындығында басқару тізгінін Абы­лайға берді. Қытай жазба­ла­рында оны 1742 жылдан хан болды деуі осыдан. Олар ешқандай құжатқа сүйеніп хан болды деп жүрген жоқ. Халық ара­сындағы әңгімеге сүйенді.

Ресеймен одақтасудан кейін көп ке­шікпей Абылай елдің ішкі сыртқы жұмысынан екі жылдай қол үзді. Ол туралы Мәскеу мұрағатынан табылған (қор 122, тізім 1, іс 2) хатқа жүгінейік.

Абылай хан - 300

Абылай дарынды хан, аса ірі қай­раткер, қолбасшы болды. Әбілмәмбет ханның тірі кезінде қазақ халқы оны өзінің қорғаушысы, көсемі санады. Ол патша өкіметінің губернаторларының ыңғайына жүрмеді. Елінің еркіндігін, бостандығын қорғай білді.

Әрине, бір мақаланың көлемінде Абылай ханның қазақ халқына сіңір­ген еңбегін толық қамту мүмкін емес. Дегенмен де нақты құжаттарға сүйене отырып, біраз өмір жолына шолу жасап көрелік.

Абылай сұлтан өзінің ақылды, са­бырлы мінезі мен адамгершілігінің арқасында тек бір орда емес, үш ор­даның сыйлы ханы атанды. Әрине, біраз тарихшылар, жазушылар Абылай сұлтанды Әбілмәмбеттің тірі кезінде хан болды дейді. Олай емес. Әбіл­мәмбет 1765 жылы қайтыс болды. Ол Түркістанның (Қалдан Серен­нің қол астында 1743 жылдан), әрі Орта Орданың ханы болып есептелді. Ол өлгеннен кейін оның ұлын сайлады. Шындығында басқару тізгінін Абы­лайға берді. Қытай жазба­ла­рында оны 1742 жылдан хан болды деуі осыдан. Олар ешқандай құжатқа сүйеніп хан болды деп жүрген жоқ. Халық ара­сындағы әңгімеге сүйенді.

Ресеймен одақтасудан кейін көп ке­шікпей Абылай елдің ішкі сыртқы жұмысынан екі жылдай қол үзді. Ол туралы Мәскеу мұрағатынан табылған (қор 122, тізім 1, іс 2) хатқа жүгінейік.

Бұл хатта Абылай сұлтанның Қал­дан Сереннің тұтқынында екені жа­зылыпты. Бірақ қалай қолға түскені жазылмаған. Халықтың айтуы бойын­ша, жоңғарлардың қолына түсу себебін екі түрлі түсіндіреді. Біріншісі, Қал­дан Серен тұтқиылдан Абылайдың ауы­лына шабуыл жасап, батыр­ла­ры­мен қапылыста қолға түсірді десе, екіншісінде, Абылай сұлтан нөкерле­рімен аң аулап жүргенде тұтқындалды дейді.

Ал оның тұтқыннан шығуы туралы да екі түрлі жорамал айтады. Біріншісі, Ресейдің елшісі майор Мюллердің Қалдан Серенге апарып берген генерал-губернатор Неплюевтің хатынан кейін босатты десе, екіншілері қазақ­тың би-батырлары талап етіп боса­тып алды дейді.

Мен танысқан хаттарға сүйеніп, Абылай ханның тұтқыннан босап шы­ғуына үш түрлі себеп болды деймін. Ең бастысы, Абылайдың өзінің ақыл­дылығы, тапқырлығы, дипломаттығы. Оны халқының сыйлайтындығы Қал­дан Серенді ойландырды. Екінші себеп - шын мәнінде оған арашашы болған беделді би-старшындар. Үшін­шісі, Мюллердің де әкелген хаты әсер етті.

1742 жылы 18 мамырдағы Глады­шевтің хабарында былай делініпті:

«Қырғыз-қайсақтар әңгімелерінде Ақшораның жоңғарларға келгенін ай­тып отырды. Қырғыз-қайсақтың иесі Абылай сұлтанды жоңғарлардың қо­жасы Қалдан Серен тұтқында ұстап, оның аяқ-қолына кісен салыпты. Ақ­шора келген соң кісендерді алып, Ақшораның адамдарын кісендепті. Ақшора кеткеннен кейін Абылайдың аяқ қолындағы кісендерді алып тастап, Абылайдың інісін қырғыз-қайсақ еліне қайтарды. Ақшораны қалмақтың үш адамымен жіберді. Егер де 10 отбасын және Қарасақалды әкеліп берсе, сонда ғана жоңғарлықтар тұт­қындарды қайтарамыз» дейді. Ақ­шо­ра және үш қалмақ қырғыз-қай­сақтардан әлі қайтып келмеді».

1744 жылғы 23 қаңтардағы Кирил­ловтың хатында:

«...Абылай сұлтан Қалдан Серенде екі жылдай тұтқында болды. Онымен бірге Жолбарыс сұлтан отырды. Ол Қал­дан Серенмен тіл табысты. Осы жылғы күзде оларды (30 қыркүйекте) өз елдеріне жіберді. Тұтқында 35 адам болды. Барлығы да қайтарылды. Өз ұлыс­тарына аман-есен жетті. Олар тұт­қында болған кезде сол жазда қоң­тайшыларда көп адамдар шешек ау­руы­мен ауырып, қайтыс болды. Қал­дан Серен қайсақтармен бейбітшілікте».

Жоңғарлардың тұтқынынан келгеннен соң Абылайдың абыройы тіпті жоғары дәрежеге көтерілді. Енді үш орданың хандары, билері де онымен санасты. Ол Ресейден қол үзген жоқ. Бірақ губернаторларға бас иген емес. Оларды өзінен ара қашықтықта ұстады.

Абылай хан Орынборға 1740 жылы барғаннан кейін губернаторлардың оған өздеріне келіп кетуін сұраған бірнеше шақыруларын қабылдамады. Кей­­бір тарихшылар Абылайдың тұт­қын­нан келуі оны Ресейге байлады, оған міндетті болды дегендей ой білдіреді. Жоқ. Олай емес. Ресейге тәуелді болған жоқ.

Міне, осындай хаттың бірін 1745 жылы 16 сәуірде Орынбордан губернатор, құпия кеңесші Иван Неплюев Абылай сұлтанға жіберіпті:

«...Біз сізден көптен хабар ала алған жоқпыз, көп уақыт өткендігі себепті сізден өткен кездер туралы хабарларды естігеніміз дұрыс болар еді. Сіздің және қол астыңыз­да­ғы­лардың бір белгісі болсын. Егер мүм­кіндігіңіз болса, уақыт тауып, сіз ма­ған келсеңіз, маған ұнаған болар еді. Мен осы алдағы күзге дейін басқа жаққа баруыма байланысты орнымда бол­мауым мүмкін. Екеуміз кездесіп, бетпе-бет әңгімелесіп көп жағ­дай­ларға кеңескеніміз дұрыс болар еді.

...Сіздің қойған талабыңызға бай­ланысты Сібір жағында ұсталған адам­дарыңыз бен малдарыңыздың біра­зы қайтарылды. Басқасына ол генерал күш салып көмектесемін деп сенім білдірді», депті.

1745 жылы 7 мамырда жүзбасы Яков Ерофеев арқылы полковник Павлуцкийге Абылай хан мынадай хат жіберіпті:

«Сіздің маған жіберген хатыңыздан естіп отырмын: «Бізге денсаушылық тілей отырып, біздің қол астымызда жаулап алды деген жылқылар және тұт­қындар бар депсіз». Ондай жағдай бол­ған жоқ. Тұтқында ешкім жоқ. Егер ондай болса, онда қандай одақтастық болады. Өткен жылы сіздің адамдар 42 адамды тұтқынға алды. 24 адам, 1300 жылқыны, 13 байдың үй-мүлік­те­рінен 382 жылқыны бізге қайтарды. Енді 918-і сіздерде қалды».

Бұл хаттағы: «Онда қандай одақ­тас­тық болады», деген сөзге көңіл бөлу керек. Ол - Абылай Ресейге берген сертін одақтастық деп түсінетіні.

1760 жылы 16 сәуірде Орынбор гу­бер­ниясының кеңсесінен құпия экспе­ди­ция арқылы Орынбор гарнизонының жаяу әскер полкының поручигі, князь Иван Ораков, тілмаш Яков Гуляев Абылайды іздеп, бес күн жүріп стар­шын Байжігіттің ауылына келеді. Абы­лай осы жерден 3-4 шақырым жерде қоныстанған екен. Көкшетауға, Әулие Петр қамалына жазда бармақшы.

Ораков пен Гуляев әдептілік, сы­пайылық көрсетіп, Абылай сұлтанды тағы да Орынборға, тіпті болмаса Троицкіге келуді қиылып сұрайды. Оған Абылай: «Қашқария қырғыздары Ай­ход­жа және Күнходжа Жаркент қалала­рына шабуыл дайындап жатыр. Бұл жердегі халықтар Ташкент, Түркістан, Бұқараға көпестер және таможнялық­тармен еріп көшіп жатыр. Ол жерге көмек көрсетуіміз қажет. Сол себепті Орынборға баруға уақытым жоқ», деп жауап беріпті.

Абылай осылайша үш (Ресей, Жоң­ғар, Қытай) алып мемлекеттердің ор­тасында дипломатиялық шеберлікпен Қа­зақ елінің бостандығын сақтай білді.

Қазақ халқының аса көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев «Батыр Баянда» Абы­­лайдың саясаткерлігін былай суреттепті:

«Алыстан орыс, қытай - ауыр салмақ.

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Артында ор, алдында көр, жан-жағы жау

Сол кезде елге қорған болған  Абылай,

Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап».

1759 жылы (қор 122, «Қырғыз-қай­сақ ісі», тізім 1, іс 3) Орынбордың гу­бер­­на­торы, құпия кеңесші Давыдовқа жә­не генерал-майор Тевкелевке, Сібір гу­­бер­на­торындағы әскери қолбасшы Бре­­гадир Фрауендорфқа император ха­ным­ның канцлері граф Воронцовтың жолдаған хатында Абылай ханның өмі­рін­дегі та­ғы бір қырлар ашып беріліпті.

Онда Абылай ханның Ресейдің губернаторларына, тіпті ханымға, канцлерге де бас имейтіні хабарланған. Бірнеше рет өздеріне келіп жолығуын 1743 жылдан бері сұраса да бармағанын, оның үстіне олардың алдына өзінің та­лаптарын табанды түрде қойып, оның орындалуын міндеттегеніне көз жет­кіземіз.

Хаттың 74-бетінде былай депті:

«...Сіз биылғы жылғы 15 наурыз­дағы хабарламаңызда тағы да ұсыныс жазыпсыз. Онда Абылай сұлтанды жақ­сырақ өзімізге тарту мақсатымен еркелетуді және Орынборда көбірек мара­паттауды талап етіпсіз. Мұндай жалақы үшін ол одан әрі беріліп қызмет етуге міндетті. Оны жоғалтпас үшін, біздің жағымызды қолдауы үшін, тіпті болмаса ашық қарсы шықпаса да бүгінгі қы­тайлықтардың тырысып отырғанына беріліп кетпей, өз жағымызға шығару керек. Біздің жақтан да оны еркелетуіміз қажет. Онымен жеке хат жазысып тұрыңыздар. Ол өте пайдалы. Абылай сұлтанға император - ақ патша ханым­ның атынан биылғы 1759 жылдың басынан бастап жалақы төлеуі дұрыс. Орынбордың шет ел шығыны есебінен қырғыз-қайсақтардың Кіші Ордасының Нұралы ханының жалақысын азайтып, әрқайсысына 600 рубльден жалақы берілсін. Оларда реніш болмау үшін жы­лына 300 рубльден тағайындау керек. Оның үстіне 100 рубль басқа қырғыз­дарға берілмей, Абылай сұлтанның өзі­нің пайдалануына беріледі. Өйткені, бізге белгілі, ол өзінің 200 рублімен қыр­ғыз-қайсақтың салты бойынша жергілікті старшындарымен бөліседі. Екінші, Абылай сұлтанның басқа ұсыныс­тарын алсақ, ол Ресейдің шекаралық командирлеріне өкпелі, сондай-ақ баш­құрт­тарға және белгілі Ноян Шерендеге. Ол қырғыз-қайсақтардың жауы көп, жыл­қыларын алып кеткен. Сондай-ақ қа­сиетті шоқынуға барғандар туралы айтыпты, олардың басым көпшілігі өз еріктерімен шоқынуға барған жоқ.

...Абылай сұлтан қойған мәселелерді шешу және Ноян Шереннің ұстап отыр­ған адамдарын, жылқыларын да қай­тарып беру мүмкіндігіне сенемін. Абы­лай жанжал шығарады. Оның арызы бойынша Сібір командирлерін тыныш­тандыру керек.

Үшінші, Абылай сұлтан қойған мә­селелерін шешу үшін қабылданған жар­лықты нақты орындайық. Абылай сұл­тан кейбір жағдайға сенбеуі мүмкін. Оның талаптары толығымен орын­дал­ған жоқ».

Міне, көріп отырсыздар Санкт-Пе­тер­бургтен канцлер Воронцов Абылайдың талап­тарын орындау қажеттігіне қатты көңіл бөлген. Бұл Абылай сұлтанның беделі жоғары екенін, өзін Ресейге бағыныш­тымын деп мойындамайтынын дәлел­дейді.

Осы хаттың жалғасында және былай депті:

«...Абылай бүкіл Орта Ордада ең бас­ты қожасы болып есептеледі, оның үстіне ол басқалардан гөрі әлдеқайда зерек (тү­сін­гіш), әрі икем­ді (епті), оны нағыз хан жасау керек. Жер­гілік­ті ха­лық Орта Ор­да­ның Әбіл­мәм­бет хан­ның мы­са­лын­дай жар­­лық­сыз хан сай­ла­ма­сын. Оған қар­сы тұру өте қиын. Өйт­кені, ісіне қарап әр жерде бүгінде Абылайды хан деп атайды».

Өздеріңіз байқап отырғандай, Абы­лайды халық әдейілеп сайламаса да оны «хан» деп есептейтіні құзырет­тілерге де жеткен.

Абылай ханның ғажап дипломат екендігі қалмақтың ханы Қалдан Серен өлгеннен кейін ерекше белгілі болды.

Жоңғарлардың ханы Қалдан Серен өлген соң оның балалары таққа тала­сып, бірін-бірі өлтірді. Ең соңында күң­нен туған ұлы Лама Дорчжи қулық-сұмдық жолмен тақты басып алды. Оның Даваци, Амурсана атты інілері Абы­лай ханның ордасына қашып келді. Осы кезде Әбілмәмбет хан, атақты Малайсары билер Абылайға қысым жасап, ол екеуі Лама Дорчжиге қайтарып бе­руді талап етті. Бұл Абылай ханның ел басқарып жүргендегі өте ауыр кезеңі еді.

Ауыр сыннан шығу кезіндегі Абы­лай­дың табандылығын, тапқырлығын, жігерлілігін көрсететін деректерді Санкт-Петербургтің орталық кітапха­на­сынан алған В.­В.Вельями­нов-Зер­нов­тың: «Тарихи хабарлама. Қырғыз-қай­сақтар туралы және Әбілқайыр хан өлгеннен кейінгі Ресейдің Орта Азиямен қарым-қатынасы» атты кітабында жақсы көрсетілген. Онда былай деген: «Лама Дорчжи 1750 жылы мамыр айында өкіметті өз қолына басып алды. Бір інісін соқыр қылып, жер аударды. Бадемирдің бес ұлын тұншықтырып, өлтірді. Одан басқа да көптеген туыс­тарын сол әдіспен құртты.

Ұрыс-керіс және келіспеушіліктер тез арада оның сөзсіз құритын­ды­ғының белгісі еді. Мемлекет үшке бөлінді. Бір бөлігі Лама Дорчжиге қал­ды. Екіншісі Қытайға көшті, үшіншісі Сібірге, Ертіс өзеніне қарай ығысты. Енді елдің иесі жауыздықтың жаңа түрін қолдануға көшті. Даваци ең жа­қын таққа таласатын ізбасар болған­дықтан, оны бақталас деп есептеп тұн­шықтырып өл­тір­мекші болды. Оған мазасыздан­ған Да­ваци өзінің жиендерімен, Амурсана мен Сібір шекарасына кетуді ой­лады да Орта Орданың қырғыз­дарына қашып барды. Даваци екі ада­мын Абы­­лай сұл­танға жіберді. Одан рұқсат талап етті. Осы жерде қалайын ба, жоқ басқа жаққа барайын ба?» - деді.Осы екі арада айлакер Абылай сақ­тық шарасын қолданып үлгерген бо­латын». Міне, Абылай осы­лай болмаса, Абылай бола ма?

1757 жылы Абылай 10 мың сарбазбен Қашқария жерінде (1,0 млн.қал­мақтарды қытайлықтар қырғаннан кейін) қалған торғауыттарды қырды (бас­қарған батырлар: Арғын - Атығай - Кү­леке батыр - 2000 сарбазбен; Керей Мер­ген батыр - 2000 сарбазбен, Көкжал Барақ батыр (Найман) - 2000 сарбазбен; Абылай сұлтан - 2000 сарбазбен; Қара­керей Қабанбай батыр - 2000 сарбазбен), қалған қал­­­мақтардың бірде-бірін қал­­­­дырмай тұт­қын­дап, қазақ жеріне құл­­дық­қа таратты. 1760-1764 жыл­дар ара­лы­ғында Қа­­бан­бай ба­тыр­ды Абы­лай сұл­тан Зенгор жеріне бас қол­басшы етіп тағайындады. Қабанбай ба­тыр Қара­ке­рей наймандарды, Тө­лең­гіт Ра­йым­бек батыр (Албан Райым­бек­пен шатас­тыр­майық) Уақ, Керейлерді Зенгор жеріне көшірді. Бұл тек қана Абылай сұлтан­ның талабымен іске асты (қор 1, тізбе 1, іс 88, 1760 жыл, Омбы мұрағаты).

1760 жылы 20 мамырда князь поручик Иван Ораков генерал-майор және Сібірдің шекаралық әскери бас командирі Иван Иовемарнға жазған хатында былай депті:

«19 ақпан күні Абылай сұлтанның төлеңгіт қырғызы Райымбек былай деді: «Өткен күзде Абылай сұлтан өз атынан мені Орданың Қаракерей Найман руына жіберді. Олар Звенигорск қамалының жанында Қарата атты жайлаудағы көш­термен бірге жүр». Кейін қайтар кезде сол рудың бас старшыны Қабанбай Абылай сұлтанның атынан Райымбекке бұйрық береді. Ол Райымбекке өзінің ұлыстарын түгелімен алдағы жазда Зенгор хандығының жеріне көшуін, ондағы Зенгор ханы Қалдан Серен Урғаның тұрған жеріне барып тұруын бұйырды».

Абылай ханның батыл әрі ғажап қимылынан кейін Орск бағытының қол­бас­шысы, полковник Родестен генерал-майор Фонвейнмарнға 1760 жылы 22 қыркүйекте (№315) мынадай баянат келіпті:

«...20 шілдедегі хатты Абылайға оқып берген. Онда Зенгордан Тарба­ға­тайға де­йінгі жерлер Барабы татар­ларының жері, Уранхаевтардың қонысы деген. Абы­­лай: «Ешқандай Барабы татарларын естіген емеспін, білмеймін. Жер біздікі», - деп жауап береді. Жер дауын шешу үшін Абылай өзі шілдеде барып қай­тамын, содан кейін жауабын гене­рал-майорға жазамын дейді.

Поручик Гуляев Абылаймен кездескені туралы жоғарыдағы хатын былай жалғапты:

... «Абылай мені 22-сі күні жібермекші болды. Мен жердің алыстығына бай­ланыс­ты өтірік ауырған болып, бармай қалдым. Қытайдың елшісі келе жат­қанын да естідім. Абылай: «Олармен таяу арада кездесе алмаймын. Уақытым жоқ», - депті. Аз уақыт өткен соң, 23-і күні Қытай елшісі Абылайдың орда­сына 30 адаммен келді. Олар Абылайға кісі жіберіп, бүгін кездесуді талап етеді. Абылайдан сескеніп, басқа қырғыздар да (қазақ - Б.Н.) кездескілері келмепті. Қытай­лықтар қырғыздардың аударма­шы­сына риза болмай, хатты бермей, тек ауызша ғана өз талабын айтады. Абы­лай мен Жолбарыс сұлтан парсы тілі араласқан қалмақ тілінде жазылған хатты түсінбейді. «Қырғыздар уранхай және торғауыттардың жерлерін басып алған. Олардың тұтқындағы адамдары мен малдарын қайтарып беруге уәде беріңдер», - депті қытай­лықтар ха­тында. Егер қайтарма­саңдар, әскер жіберемін деп қорқытыпты. Олар Абы­лайды сыйлағандықтан ғана жіберген жоқпыз деді.

Міне, осындай жүздеген хаттар мұра­ғаттарда жатыр. Бұл сол заманның дипломатиясы. 1738-1781 жылдар ара­сында Қызылжар, Көкшетау, Кереку, Зайсан, Семей, Өскемен, тағы басқа да солтүстік, шығыс шекараларын қорғап, еліміздің бүгінгі күнге жетуін қам­тамасыз етіп, оңтүстікте Төле би, Шапырашты Наурызбайдың сарбаз­дары­мен қарым-қатынаста болып, олар­ға да қорған бола білгендігін дәлел­дейтін хаттар бар.

Абылай бастап барған жорықтар туралы да құжаттар жеткілікті. Әбіл­қайыр тірі тұрған кезінде Абылаймен қарым-қатынас жасаған. Әбілқайырды өлтіргенде оның балаларын аман алып қалған Абы­лай сұлтан. Ол туралы Әбілқайыр­дың зайыбы Бопай ха­ным­­ның канцлерге, ге­не­рал-гу­бер­на­торға жаз­ған хат­та­рын­да: «Абы­­­­­лай сұл­­танға көп рахмет. Ба­ла­ла­рым­­ды ажал­­дан құт­қарды», депті.

Абылай хан айтқан­да­рына көнбеген соң Сі­бірдің гу­бер­наторы Сай­мо­новтың Сыртқы істер мемлекеттік кол­легия­сына 1763 жылы 5 ақпанда, сон­дай-ақ 1764 жылы генерал-майор Фон­фрауен­дорфтың жазған хат­тарында Абы­лай сұлтанның абы­ройын төгіп, жамандап канцлерге жазыпты. Онда: «Абылай сұлтан бірде-бір руды бас­қармаған, ха­лық­тың арасында абы­ройы жоқ», деп, екіншісі «қытай­ларға жал­тақтық жа­сады» депті. Осы хат­тарды оқыған бірен-саран «тарих­шы-жа­зу­шыла­ры­мыз» Абылай хан туралы алып­қашпа әңгіме айтып жүр...

Абылай ханның Ресейге тәуелді болмай, олармен тең дәрежедегі одақтас мемлекеттің ханымын дегенін дәлел­дейтін тағы да генерал-поручик Иван Деколонгке, одан кейін генерал-поручик және губернатор Иван Реннедорфке жазған (1772 жылы 19 қыркүйекте) хатын мысалға келтірейік:

«...Генерал мырза, сізге айтарым, біздің Орда сіздің Ресейдей емес, өте шашыраңқы жатыр. Ұрыларды, бұзық­тарды табу, ұстау тез арада қолдан келмейді. Жеріміз өте үлкен. Сол себепті кімнің қайда көшіп жүргенін білу мүмкін емес.

Қытайдың Богдо ханына мен өз талабымды айтып былай дедім: «Қан­дай күші бар мемлекет болса да егер бізге қарсы шықса немесе дөрекілік білдірсе, онда біз оларға қарсы тұра аламыз». Егер де Қытайдан көмек сұрай қалсақ, ол ешуақытта көмек беруге дайын еместігін білдірді.

Осыған байланысты, егер де бізге біреулер көз алартып, соғыс ашу қаупі бола қалса, онда сіз бізге әскери көмек бе­руге дайынсыз ба? Осы туралы импе­раторға жеткізіп, маған жауабын хабар­ласаңыз.

Генерал мырза, сізден маған 1000 немесе 500, болмаса 300 әскери адам­дарды уақытша беруіңізді сұраймын. Ол біздің ішіміздегі ұрыларды ауыз­дықтап, тыю үшін керек.

Ұрыларды ұстап, жазаласақ, онда олар сіздерге де, біздерге де жаман­шылық жасай алмауы тиіс. Екі генералитет келісімге келуіміз керек (Бай­қадыңыз ба? Екі мемлекеттің генералитеті деген мағынада - Б.Н.).

Мен сіздің әскерді алысқа апар­маймын. Бес күн ұрылармен бірге болады. Ол жерге мен өзім барамын немесе балаларымның біреуін жіберемін. Содан кейін оларды қару-жара­қ­тарымен, киімдерімен өз елдеріне апарып саламыз. Бұл мәселені импе­раторға жеткізбей-ақ өзіміз шеше ала­мыз ғой (Өз күшімізбен орындау мүм­кін болмады. Қайда барса да қазақ «қарын бөле» болып шығады дегенді аңғартқан сияқты - Б.Н.). Әскер берсе­ңіздер де, бермесеңіздер де маған хабар беріңіздер. Соңында сізге көп жыл денсаушылық тілеуші - Абылай хан. Сенімді болу үшін өз мөріммен растаймын».

Елде тәртіп орнатпаса, старшын­дардың өзара бейбіт өмір сүрулері мүмкін еместігін Абылай хан түсінді.

Абылай ханға Ресейдің канцлері, Орынбор және Сібір губернаторлары сенімсіздік білдіріп, үнемі оның орда­сына жансыздарын жіберіп, бақы­лап отырған. Оның дәлелі ретінде 1760 жылы қаңтар айының 20-сы күні Омбы­дан Брегадир Фонфрауендорфтан полковник Лестокқа жіберілген хатпен таныссақ, көп құпияға қанық боларымыз анық.

«Құпия хат.

Қырғыз-қайсақтың жерінде мына жағдайларды барлап білу қажет:

1. Олардың жасырын әскерлері қай жерлерде орналасқан, қандай мекенде, саны қанша, Ресей жерінен қашық­тығы қанша?

2. Оның тұрақты әскері бар ма? Қанша, қай жерде? Оның бас стар­шын­дары кім?

3. Абылай сұлтанның негізгі мақ­саты не? Негізгі басшылары кім? Менің жіберген хатыма жауап бол­мады. Ол хат кімнің қолына берілген?

4. Ресейге шабуыл жасайтын әскерлері бар ма? Шабуыл жасау ой­лары бар ма? Егер болса, не үшін?

5. Қытайды жақтайтын қырғыз-қайсақтар немесе басқа халықтар бар ма? Қанша?

6. Қырғыздардың басқадай бөтен ойлары бар ма? Көрші елдермен қа­рым-қатынастары бар ма? Соғыс қау­пі туып тұрған жерлері жоқ па?

7. Бұқара, Қашғар, Жәркент, Ташкент, Түркістан, тағы басқа да жерлермен ұрыс-керістері бар ма? Олар өзара тату болса, тез арада олармен ымы­раласуға ниеттері бар ма?

8. Жазда Абылай сұлтан сырт жақ­қа, Көкшетау жағына көшіп бармақ­шы. Ол қайда барады, әрі қарай басқа жерге бармай ма?

9. Батырларды сыртынан бақылау керек.

10. Қабылан сұлтан Орынбордан жіберілген аудармашы Гуляевты қысым­ға алыпты. Ресей туралы ойын білу ке­рек. Олар­дың қулықта­рын ешкім бай­қа­мады ма? Абы­­лай сұл­тан, Күл­­­са­ры батыр, тағы бас­­қа­­лар­ды ба­қы­лауды өте құ­пия түрде жүр­­­гізу керек».

Міне, жо­ғары­да­ғы тап­сыр­маны оқыған адам Абылай ханның ресей­ліктердің ай­дауымен жүрген адам еместігіне көзі жетеді. Абылай ханның билік жүргізу жүгі аса ауыр болғанын байқайды.

Абылайдай дана патша әр елде болған жоқ. Кішігірім жауларды есепке алмағанда үш алыппен (Ресей, Жоңғар, Қытай) ортақ тіл табысу ол заманда ерен сабырлылық, білімділік, қайрат­тылық, жігерлілік, парасат­ты­лық, терең ойшылдықты тілейді. Бір сөзбен айт­қанда, ақылды дипломат болу керек.

Абылайдың Ресеймен карым-қа­тынасының сан қырын бір мақалада толық ашып беру мүмкін емес. Сол елдің мұрағаттарында жатқан баға жетпес қазыналар негізінде құрасты­рылған менің 2 томдық «Абылай хан» атты кітабымнан, биыл Алла бұйыртса, баспадан шығатын 3-ші томынан Абы­лай ханның, оның серіктерінің жүз­деген хаттарымен қалың жұрт таны­сады деген үміттемін.

Болатбек Нәсенов, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

«Егемен Қазақстан» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343