Сенбі, 23 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 9162 2 пікір 2 Мамыр, 2018 сағат 12:15

Қазақстандағы  ұйғыр әдебиетінің даму жолдары

 

Қазақстан ұйғыр әдебиеті ұйғырлардың тарихи отаны, яғни қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автоном районында   ғасырлардан бері өзінің барлық мүмкіндігімен дамып келе жатқан ежелгі және классикалық ұйғыр әдебиетінің мұрагері. Зерттеуші  ғалымдар бір ғасырлық тарихқа ие бұл әдебиеттің негізін өткен ғасырдың басынан, әсіресе, 20-30 жылдардан, яғни Жетісу жерінде орнаған Кеңес үкіметі дәуірінен басталатындығын атап көрсеткені мәлім. Өйткені кеңес идеясы көп ұлтты халықтар әдебиетінен өмірге жаңаша көзқараста болуды, біріншіден, социализмді мадақтауды, бұрынғы өткен әдебиетінен мүлдем өзгеше күйде дамуды талап етті. Солар қатарында ұйғыр әдебиеті өкілдері де бұл талаптарды назарға ала отырып, шығармашылықпен айналысты. ХIХ ғасырдың аяғында Шығыс Түркістанда қытай отарлауына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалысы, сол жердегі ұйғыр әдебиеті және оның уәкілдерінің санасына орнығып алған тәуелсіздік, еркіндік идеялары кеңес дәуірінің алғашқы сатысында әлі өшіп, ұмытылып үлгермеген еді. Бірақ кеңес саясатының қатты қысымынан олар бұл мақсатынан шегінуге, өз туындыларының идеялық мазмұнын өзгертуге, тіпті бұл елді тастап, басқа елдерге шығып кетуге мәжбүр болды. Сонда да  ұйғыр әдебиеті классикалық әдебиеттің кейбір әдет-ғұрыптарына бағынған күйде, сондай-ақ басқа да туыс халықтар әдебиеттерінің ең жақсы үлгілерін қабылдай отырып өркендеуге бастады.

Жетісудағы  ұйғыр әдебиеті  даму барысында бір қатар басқыштардан өткендігі мәлім. Ұйғыр зерттеушілері тәуелсіз Қазақстан дәуіріне дейінгі болған әдебиетті «20 жылдар әдебиеті», «30 жылдар әдебиеті», «Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі дәуірдегі ұйғыр әдебиеті», «50 жылдардағы әдебиет», «Заманауи ұйғыр әдебиеті (1960–1970 жылдар)» дегенге ұқсас бес дәуірге бөлген еді. Бұны «Ұйғыр кеңес әдебиетінің тарихы» деген ұжымды монографиядан (Uyghur sowét edebiyatining tarixi 1986) айқын көруге болады. Бұл кеңес дәуіріндегі ұйғыр әдебиетінің тарихы жүйелі түрде зерттелген алғашқы ғылыми еңбек болатын. Ерекше айта кететін жәйт, ұйғыр әдебиетінің өркендеген дәуірі 80 жылдарға тура келеді, өйткені бұл уақытта әдебиеттің барлық жанрлары мен тақырыптары, бағыттары мен тәсілдері жоғары жетістіктерге  жетті, жазушылардың қаламы өткірленді, жаңа есімдер пайда болды және тәрбиеленді.

80 жылдардың екінші жартысында бүкіл Кеңес Одағы аясында болған «қайта құру» немесе «өзгертіп құру» реформасы нәтижесінде қоғамда саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік өзгерістер жүзеге аса бастады. Соның нәтижесінде мемлекет демократияға қарай бағытталды. Бұл өз кезегінде бүкіл кеңес әдебиетінде, сонымен қатар ұйғыр әдебиетінде еркін шығармашылықпен айналысуға, өз ойын ашық айту  мүмкіндігіне алып келді.Ұйғыр жазушылары тарихи тақырыптарға көбірек негізделуге, әлі сыры ашылмаған «ақ таңдақтарды» игеруге, қоғамдағы теріс құбылыстарды сенімді түрде сынауға көңіл бөле бастады. Бірақ кейінгі жылдарда  ұйғыр әдебиетінің  өнімділігінің төмендеуі  байқалды. Бұл, біріншіден, жазушылар қатарының азаюымен байланысты болды. Ұйғыр әдеби үрдісінің негізіне айналып, бүкіл бір халықтың мақтанышы болып келген көркем сөз зергерлері  Һезмәт Абдуллин, Жамалидин Босақов, Хелил Һәмраев, Илия Бәхтия, Қурван Тохтәмов, Зия Сәмәди және басқа да көптеген әдіптердің дүниеден кетуі орны толмас қасірет болды. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері, яғни 90 жылдардан  бастап ұйғыр әдебиетінде тәуелсіздік, азаттық, еркіндік идеялары көрініс тауып, қазақстандық патриоттық  рухтағы жаңа қалам иелері шыға бастады. Бұның барлығы бауырлас қазақ халқының қолға келтірген жетістіктері, тәуелсіздік салтанатымен, достық пен бірлік қасиеттерімен тығыз байланыста болды.

Қазақстандағы саяси түзімнің өзгеруіне байланысты жетпіс жылдан көп уақыт ішінде ұйғыр әдебиеті тарихын кезеңдерге бөлу мәселесі күн тәртібіне қойылмады, яғни бұл маңызды мәселеге айланбады. Әдебиет тарихын кезеңдерге бөлу тек қана ұйғыр мектептері үшін түзілген «Ұйғыр әдебиеті» оқулықтарында белгілі дәрежеде өз орнын тапты, бірақ, оларда бұрынғы  ұсыныстардан өзге   өзгерістер болмады. Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін, 1991 жылдан кейінгі кезең «Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті» деп аталды. Бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда, бір ғасырға жақын тарихы бар ұйғыр әдебиетін «ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ұйғыр әдебиеті», «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ұйғыр әдебиеті», «Тәуелсіз Қазақстан дәуіріндегі ұйғыр әдебиеті» деген үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. 20 жылдардан 50 жылдардың аяғына дейін болған аралықтағы ұйғыр әдебиеті тарихи және саяси өзгерістерге байланысты бір бүтін дәуірді өз ішіне алады. 60 жылдардан кейін болса, ұйғыр әдебиетінде күрт бұрылыс орын алған еді.

Әсіресе, 50 жылдардың ортасында, сонан соң 60 жылдардың басында  ұйғырлардың тарихи отанынан Орта Азия республикаларына көптеген ақын, жазушылардың көшіп шығуы бұл жердегі әдеби мұхиттың жандануына, жаңа атақты есімдер мен салмақты шығармалардың пайда болуына алып келді. Қысқасы, бұл дәуірде Қазақстан ұйғыр әдебиеті тақырып, жанр, тіл-стиль, көркемдік тағы басқа да ерекшеліктері жағынан тез дами бастады. Ұйғыр әдебиеті басқа да халықтар әдебиеттерімен тығыз  байланыста өсті, шынықты.

Тарихтан жақсы мәлім, Қазақстан ұйғыр әдебиетінің қалыптасуы негізінен  20 жылдардан басталады. Одан бұрын, яғни қазан төңкерісіне дейінгі дәуірде кейбір шығармалар ортаға шықққан болса да, олар бір бүтін әдеби үрдісті құра алмайды. Алайда сол кезде өмір сүрген Нәзәрғожа Абудусемәтов, Абдулһәй Муһәммәдий, Абдулһемит Ғожамбәрдий, Һебиб Закирий, Өмәр Муһәммәдий, Нур Исрайилов, А. Мушрапилов, М. Адилов, Һезим Искәндәров, Турди Һәсән, Мөмүн Һәмраев сияқты ақын-жазушылардың шығармашылығы ұйғыр әдебиетінің кейінгі дәуірлерде өсуіне, баюына негіз жасады. Бұл кезде ұйғыр баспасөзінің өсуі де жазушылардың өз шығармаларын жариялау және әдеби процестің дамуына әсерін тигізді.

Ерекше айта кететін жәйт, ұйғыр әдебиетінің алғашқы жылдарында, әсіресе, поэзия саласы тез дамыды. Заман талабына сай, сол кездегі өзгерістерге тез жауап беру мүмкіндігіне ие әдебиеттің бұл түрінде көптеген ақындар шығармашылықпен  айналысты. Жарыққа шыққан шығармалардың бәрінде дерлік жаңа түзімді мадақтау ахуалы орын алды. Яғни азаматтық, саяси лирика ортаға шықты және дамыды. Бұл дәуір ұйғыр поэзиясында оның барлық түрлері, тіпті дастан жанры да ұйғыр ақындарының назарында болды. Бірақ бұл жерде ұйғыр ақындары ұлттық идеядан түгел шегінді деген қорытынды  шықпайды. Әсіресе Нәзәрғожа Абдусемәтов, Абдулһәй Муһәммәдий секілді осы дәуірдің көрнекті өкілдерінің шығармаларында тәуілсіздік, азаттық идеялары мәлім дәрежеде өз көрінісін тапты. «Ұйғыр баласы» атты лақаппен танылған ақын, жазушы және тарихшы Н. Абдусемәтов шығармашылығында ұйғырлардың тарихи отаны Шығыс Түркістан және онда жүргізілген азаттық күресі басым орынды иелейді. Ол бұл тақырыпты кеңес ұйғыр әдебиетіне алғашқы рет алып кірген жазушылардың бірі. Ақынның «Хан-тәңри», «Сал», «Оян», «Ұйғырым», «Назугум» шығармалары бұның жарқын дәлелі. Соған ұқсас Абдулһәй Муһәммәдийдің «Ашылмайды көңілім», «Жас жүрегім» атты өлеңдерінде азаттық, тәуелсіздік идеялары шоғырланған. Бұл тақырып Т. Һәсәннің көптеген өлеңдерінде, сондай-ақ Н. Исрайиловтың « ...Сыртында», Һ. Искәндәровтің «Ұйғыр қызы», «Хантәңрі» поэмаларында да жалғасын тапты. Өз дәуірінде бұл шығармалар кеңес үкіметі тарапынан ұлтшылдық деп танылып, олардың авторлары кейінірек сол түзімнің құрбандарына айналды.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ұйғыр әдебиетінің дамуында алғашқы өрлеу құбылысы байқалған болса, кейінгі жылдарда шегіну немесе бір жерде тұрып қалу күйін кешті. Бұған сол дәуірдің саяси, әлеуметтік, экономикалық жағдайлары себеп болды. Бүкіл Кеңес Одағы аясында болған ұжымдастыру саясаты, ашаршылық, 30 жылдардағы саяси қуғындау,  40 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру әрекеттері және басқалар халық мәдениетінің, әдебиетінің дамуына теріс әсерін тигізген еді. Нәтижеде ұйғыр әдебиетінің дамуы 40 жылдарға келгенде тоқтап қалды. Соғыс жылдарындағы ұйғыр әдебиетіне негізінен тек  ғана екі ақын: Исмайил Саттаров және Қадир Һасанов уәкілдік ете алды.Ұйғыр әдебиетінің құрылу жылдарының сондай қиыншылықтарын бастан өткізгеніне қарамай, ақын-жазушылар заманға сай туындыларды жазып шығаруға тырысты.

Әрине, бұл кезең әдебиетінде проза және драматургия салалары да дамып, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Ұйғыр әдебиетінде проза жанрының қалыптасу жолындағы алғашқы қадамдар Ө. Муһәммәдий, Н. Исрайилов, Т. Һәсән, М. Һәмраев тәрізді ұйғыр әдебиетінің көрнекті уәкілдеріне тиісті. Жазушылар бұл кезде кіші көлемдегі шығармалардан повесть, роман секілді көлемі үлкен, эпикалық жанрларға бет түзеді. Н. Исрайиловтың «Күндер», «Қызыл ту ордені», Турди Һәсәннің «Зұлым ошағы» повесттері, М. Һәмраевтың «Толқындар арасында» романы және басқа да туындыларда Жетісудағы  ұйғырлардың өмірінде болған әлеуметтік, мәдени өзгерістер, олардың тұрмыс-тіршілігі, өзара байланыстары,  әдептілік мәселелері суреттелді. «Толқындар арасында» туындысы кеңес ұйғыр әдебиетіндегі тұңғыш роман болып, оның авторының сондай-ақ «Алаңнан дауыс» атты тағы бір роман жазғандығы туралы мәліметтер барлығы белгілі. Бірақ осы романнан біршама үзінділері сол уақыттағы баспаларда шығарылса да, ол туынды кейбір себептерге байланысты жеке кітап ретінде жарық көрген жоқ. Бұл мезгілдегі жазушылар сонымен қатар Шығыс Түркістан тақырыбынан тыс қалмай, екі мемлекетте өмір сүріп жатқан ұйғырлардың тұрмысын, басынан өткізген қайғы-қасіреттерін кейде салыстыру мәнінде көрсетуді мақсат етті. Н.Исрайилов, Һ. Закирийдің жоғарыда аталған «Күндер», «Зұлым ошағы» туындылары соның бір айқын дәлелі. Бұл кезең әдебиетінде драматургия саласы да өзіне тән ерекшеліктерімен дами бастаған еді. А. Розибақиевтың «Мансапқор», З. Бәширийдің «Садыр хаңруқ», Б. Қасимовтың «Қырсық күндер», Ж. Асимов пен А. Садировтың «Анархан», И. Саттаров пен В. Дьяковтің «Ғерип-Сәнәм», Қ. Һасановтың «Тұман» атты драмалық туындыларының жарық көруі, 1934 жылы Ұйғыр театрының ашылуы ұлттық драматургияның қалыптасуы мен дамуында үлкен рөл атқарды. Бұл кезеңдегі поэзия, проза және драматургия салаларында да ұйғыр ақын-жазушылары халық ауыз әдебиетімен классикалық жазба әдебиетінің бай үлгілерін, әдет-ғұрыптарын пайдалана отырып, ұйғыр әдебиетін түр және тақырып жағынан көп байытты, және де кейінгі кезең жазушылары үшін үлкен  үлгі-өнеге бола алды.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ұйғыр әдебиеті жаңа даму кезеңіне көтеріліп, оның жанрлық және тақырып жағынан кеңейіп, басқа халықтардың әдебиеттерімен байланысы нығайды, жазушылардың өз шығармаларын шығаруға мүмкіншіліктер туды.Ұйғыр халқының мәдени өмірінде жүзеге асқан жаңалықтар, соның ішінде «Коммунизм туғи» және оның қосымшасы «Йеңи һаят» газеттерінің басылып шығуы, Қазақстан Жазушылар одағы жанында ұйғыр әдебиеті кеңесінің және оның құрамындағы «Жазушы» баспасында ұйғыр бөлімінің, және де республиканың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі Абай атындағы Қазақ педагогика институтында ұйғыр бөлімінің, радио және теледидарда  ұйғырша  бағдарламалардың  ашылуы да соның бір айқын дәлелі. Бұл дәуір әдебиетіне сай ерекшеліктердің бірі ұйғыр ақын-жазушыларының дастан және романға ұқсас эпикалық жанрларға жүгінуі және осы бағытта ұйғыр халқының өміріндегі маңызды кезеңдерді, өзгерістерді  суреттеуі болып табылады. Тарихи мазмұндағы шығармалардың жазылуы және оларды оқырмандардың қызығушылықпен  қарсы алуы да, жазушылардың өткен күндерге, халқының еркіндігі үшін болған ұлт-азаттық күреске арқа сүйеуінен көрінді. Ұйғыр және де қазақ зерттеушілері тарапынан ең нәтижелі кезең деп есептелген дәуір: 70–90 жылдар аралығындағы ұйғыр әдебиетіне Зия Сәмәди, Һезмәт Абдуллин, Жамалидин Босақов, Илия Бәхтия, Мәсимжан Зулпиқаров, Қурван Тохтәмов, Патигүл Сабитова, Йүсүпбәк Мухлисов, Йүсүп Илияс, Хелил Һәмраев, Махмут Абдурахманов, Савут Искәндәров, Шайим Шаваев, Савутжан Мәмәтқулов, Мирзахмәт Меримов, Муңлуқ Бақиев, Малик Садиров, Әкрәм Садиров, Долқун Ясенов, Мәмтимин Розибаев, Абдумежит Дөләтов, Илахун Жәлилов, Илахун Һошуров, Хуршидәм Илахунова, Абдуғопур Қутлуқов, Аблиз Һезимов, Рәһимжан Розиев және басқалар уәкілдік етті. Бұл кезең әдебиетінің ең басында тұрған Қазақстан халық жазушысы З.Сәмәдидің «Майимхан», «Жылдар сыры» шығармалары Қазақстан ұйғыр әдебиетінде романның эпикалық жанр ретінде қалыптасып, өзіне сай барлық ерекшеліктерімен  әйгіленді. Расында да З.Сәмәди, Ж. Босақов, Һ. Абдуллин, М. Зулпиқаров, Т. Тохтәмов секілді романшылар тарихи және заманауи тақырыптарға сүйене отырып, романның ұйғыр әдебиетіндегі жетекші жанрлардың бірі болғанын дәлелдеді.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдарда ұйғыр жазушыларының тарихи отан – қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автоном районындағы бауырластарымен болған байланыстары одан сайын кеңи  түсті. Өткен ғасырдың 50 жылдарынан кейін, Кеңес Одағы және Қытай арасындағы саяси қайшылықтарға байланысты екі елдің мәдени қатынастары 1980 жылдардың ақырына дейін үзіліп қалды. Көптеген ұйғыр, қазақ және басқа да ұлт зиялылары қытай үкіметінің қуғындық әрекеттерінің салдарынан Қазақстан және Орта Азия мемлекеттеріне қоныс аударуға мәжбүр болды. Тәуелсіздік жылдары ШҰАР және Қазақстан ұйғыр жазушылары арасында тығыз байланыстың орнауы, Абдуреһим Өткүр, Турди Самсақ, Зордун Сабир, Боғда Абдулла, Тейипжан Елиев, Турғун Алмас сияқты атақты ақын-жазушылар шығармаларының Орта Азияға кіруі, қайта баспадан шығуы бұл жердегі ұйғыр әдебиетінің дамуына өзінің оң ықпалын тигізді. Өз кезегінде Қазақстан ұйғыр жазушыларының шығармалары да Үрүмчи, Құлжа, Қашқар, Ақсу, Хотан, Жаркент секілді көптеген қалаларда баспадан шыққан газет-журналдарда, кейбір топтамаларда жарық көріп, өзара байланыстарды одан сайын жақсартты.

Қазақстан ұйғыр әдебиеті сонымен қатар Қырғызстанның Жамалдин Қасимов, Хәйринса Турдиева, Өзбекстанның Рәһиләм Һапизова, Һенипәм Салихова, Имин Һосман, Йәһия Тайиров, Ташполат Намәтов, Султан Жамал секілді көрнекті ақын-жазушыларымен тығыз байланыста болып, өзара тәжірибелер алмасты. Осы жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан ұйғыр әдебиеті Орта Азиядағы жетекші ұлттық әдебиетке айналды. Әрине, Қазақстан ұйғыр әдебиеті бауырлас қазақ халқының әдебиетімен де жақын байланыста, тарихи-саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерді бастан бірлесе  өткізген күйде дамыды. Әсіресе қазақ халқымен өмірдің ыстық-суығын бірге тартысып, әрқандай саяси қуғындарға, экономикалық дағдарыстарға, рухани күйзелістерге төтеп беріп келген ұйғыр жазушылары қазақ халқы тәуелсіздікке жеткеннен кейін, оның қуанышына ортақ болды, қиыншылықтарды бірге өткізді.Ұйғыр әдебиеті қазақ-ұйғыр әдеби достығы негізінде дамыды.

Тәуелсіздік кезеңіндегі ұйғыр әдебиеті бүгінгі күнде поэзия, проза, драматургия және балалар әдебиеті салалары бойынша дамып келе жатыр. Соның ішінде поэзия жетекші сала болып табылады. «Көп ұлтты Қазақстанның рухани және көркем дәулеті» (Xamraéw 2014, S. 3). Әхмәтжан Һаширов, Илахун Жәлилов, Илахун Һошуров, Хуршидәм Илахунова, Аблиз Һезимов, Абдуғопур Қутлуқов тәрізді үлкен ақын-жазушылардың жетекшілігінде ұйғыр әдебиеті экономикалық дағдарыстардан пайда болған қиыншылықтарды  басып өткен күйде дамуда. Ұйғыр ақын-жазушылары өз халқының өткен тарихын бейнелеуді негізгі міндеттерінің бірі етіп белгілеп, сонымен бірге жас Қазақстан мемлекетінің жеткен жетістіктерін, ондағы достық, келісім, бірлік идеяларын одан әрі кең түрде үгіттеу, замандастарының бүгінгі көрінісін, армандарын, ішкі сырларын, олардағы адами қасиеттерді және кейбір кемшіліктерді көркем шығармада шынайы көрсету мақсатында біршама жетістіктерге қол жеткізді. Әрине, ұйғыр әдебиеті көп жылдардан бері өзге ұлт  әдебиеттімен тығыз байланыста дамып келген және бүгінгі күнде де бұған ерекше көңіл аударуда. Бұл жерде сол әдебиеттерді жақындатуда, сол арқылы халықтар достығын орнатуда маңызды рөл атқарып келе жатқан аудармашылық өнерге ерекше айтуымыз керек. Өйткені әдеби байланыстарсыз, өзара тәжірибе алмасуларсыз ұйғыр әдебиетінің келешегі туралы сөз айтудың мүмкін еместігін жазушылар жақсы түсінеді.Олар сонымен бірге бүгінгі жаһандану  дәуірінде Қазақстан ұйғыр әдебиеті алдында шешуге тиіс мәселелердің жоқ еместігіне, оларды тек бірлесіп ғана шешуге болатындығына көз жеткізді.

Қазақстан ұйғыр әдебиетіндегі әдеби жанрлар, ол басып өткен жолдар, әдебиет алаңына шыққан ақын-жазушылар, дамыған әр түрлі бағыттар, жанрлар, тақырыптар, образдар, тіл ерекшеліктері және басқалар, әрине, өз кезегінде, жан-жақты зерттеу жұмыстарының жүргізілуін талап еткен еді. Бұл үлкен бір ғылыми сала болып, сол мәселелерді үйрену, сонымен бірге білімді, тәжірибелі зерттеулерге байланысты болды. Жалпы, Қазақстандағы ұйғыр әдебиеттану пәнінің негізденуі және дамуы шығыстану пәнінің ажырамас бөлігі ұйғыртану ғылымының тарихымен тығыз байланысты. Әрине, ұйғыртану пәнінің дамуына мемлекеттегі әлеуметтік-саяси өзгерістердің де әсері болды, өйткені кеңес дәуіріндегі әдебиетті сол түзім идеологиясынсыз, заң-қағидаларынсыз көз алдыңа келтіру мүмкін емес еді.

Ұйғыр әдебиеттану пәнінің алғашқы жемістері 20–30 жылдары пайда болған болса да, ол тек 60 жылдардан тартып ерекше пән ретінде дамыды.   Әдебиет дамуының кезеңдері мен бағыттарын, оның тақырыптық және жанрлық ерекшеліктерін анықтау міндеті ғылыми-зерттеу орындарының, жеке зерттеушілердің иығына түсті. Мұның алғашқы қадамдарында Абдулла Розибақиев, Нур Исрайилов, Қадир Һасанов, Абдулһәй Муһәммәдий, Низам Мәваев, Летип Әнсәри және басқалар айрықша көзге тұсті. Ұйғыр әдебиеті бойынша зерттеу жұмыстарының жандануына ұйғыр халқының перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері А. Розибақиевтың ұсынысымен 1918 жылы ашылған «Ұйғыр клубы», сонымен бірге «Революциялық ұйғыр қоғамы», «Алтышахар ұйғырларының одағы» секілді ұйымдар, 1921 жылы жұмыс істей бастаған «Кедейлер даусы», 1924 жылы жарық көрген «Бірінші қадам» әдеби және әлеуметтік-саяси журналы, және де «Құтылу, «Қызылтаң», «Қызыл оқушы», «Жас ұйғыр» сияқты газет-журналдар себеп болды. Осының нәтижесінде ұйғыр жазушылары зерттеушілермен бас қосып, ұйғыр әдебиетінің сол уақыттағы маңызды мәселерін шешу, жарық көріп жатқан шығармалар жайлы өз пікірлерін ортаға қою мүмкіншілігіне ие болды. Ұйғыр әдебиеттанудың міндеттерін белгілеуде А. Розибақиев көп күш шығарды. Мысалы, «Кәмбәғәлләр авази» («Кедейлер даусы») газетінде басылған «Бауырлас Сабиржанның сынына жауап» атты мақаласында ол былай деп жазады: «Жас ұйғыр әдебиеті және жазушылары негізгі, дұрыс, тілектес сынға мұқтаж, баспамызда әдеби сынға кең орын беру қажет. Бұдан әрі басылатын шығармалардың санына қарағанда, олардың сапасына артығырақ көңіл бөлу керек» (Kembegheller awazi 1926). А. Розибақиев әдебиеттану ғылымының ажырамас бөлігі болған әдеби сын арқылы ұйғыр әдебиетінің көркемдігін арттыру, тілін байыту, оның қазақ, ұйғыр, қырғыз, өзбек тәрізді бауырлас халықтар әдебиеттері қатарынан өзіне лайықты орын алуын  ерекше айтып өткен. Әрине, ол жай сөзбен ғана шектеліп қалмай, бұны ұйғыр жазушыларының шығармалары туралы ой-пікірлерін баспаларда басып шығару   арқылы дәлелдеді.

Ерекше айтып кететін жәйт, бұл жылдары баспаларда басылған әдебиеттануға сай мақалалар, рецензиялар және басқалар әдебиеттану ғылымының жеке мәселелерін көтерген болса да, оның бір бүтін даму бағыттарын көрсетуге әлі дайын емес еді. Ұйғыр әдебиетін жұйелі түрде зерттеу жұмыстары тек 60 жылдары арнайы қолға алынды. Қазақстан ұйғыр әдебиеттану пәні 1949 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институты құрамында «Ұйғыр-дүңген мәдениетін үйрену» секторының ашылуымен тез дами бастады. Қазақ халқының атақты ғалымы, Қазақстан ғылымының негізін салушысы Қаныш Сатпаевтың бастамасымен ашылған бөлім кейінірек тіл, тарих, этнографиямен бірлікте әдебиеттану мәселелерін де үйренуге кірісті. Аталған ғылым орнының дүниеге келуі бір топ ұйғыр әдебиеттану ғалымдарының тәрбиеленіп шығуына және ұйғыртану пәнінің тіл, әдебиет, өнер, тарих, этнография салалары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының жандануына себеп болды. Ұйғыр зерттеушілері тәжірибесінің аздығына қарамастан, әдебиет және өнердің біршама кезеңдеріне, заң-қағидаларына назар аударып, қысқа мерзімнің ішінде салмақты ғылыми еңбектерді дүниеге келтірді. «Егер осы уақытқа дейін бізде үлкен ортақ зерттеулер болмаған болса, енді ұйғыр әдебиеті мен өнерінің маңызды мәселелері бойынша бір докторлық және он жеті кандидаттық диссертация қорғалды. Оннан артық әдеби-сыни топтамалар және монографиялар жарық көрді, «Ұйғыр кеңес әдебиеті тарихының очерктері», «Ұйғыр әдебиетіндегі дәстүрлі және новаторлық мәселелер» ұжымдастық еңбектері жарық көрді» (Aktualnyé problémy sowétskogo uygurowédéniya 1983,  S. 29).Ұйғыр әдебиеттануының жеке пән ретінде дамуына алғашында 50 жылдарда, әсіресе, баспа бетінде жарық көрген мақалалар негіз болды. Бұл жағынан тек зерттеуші-ғалымдар ғана емес, сондай-ақ шығармашылықтың біршама салаларында көрінген Мурат Һәмраев, Һезмәт Абдуллин, Махмут Абдурахманов, Шавдун Кибиров, Қурван Тохтәмов, Қадир Һасанов секілді ғалымдар, ақындар, жазушылар, драматургтар ерекше көзге түсті.  Жалпы соғыстан кейінгі жылдардан бастап әдебиеттану зерттеулері халық ауыз әдебиеті, ежелгі, классикалық және заманауи ұйғыр әдебиеті, өнер, көркем аударма бағыттарында жалғасты. Мұнда, бірінші кезекте, ғылыми кадрлардың жетіліп шығуы, яғни әр түрлі білім және ғылым орындарында құрылып, арнайы ұйымдастырылған ғылыми кеңестер, әр жылдары өткен ғылыми конференциялар шешуші рөл атқарды. Олардың қызметі нәтижесінде ұйғыр әдебиетін зерттеуші ғалымдар қатарына Мурат Һәмраев, Батур Әршидинов, Савут Моллаудов, Маһинур Алиева, Қурван Тохтәмов, Патигүл Сабитова, Ришат Сабитов, Махмут Абдурахманов, Рабик Исмайилов, Әхмәтжан Қадиров тәрізді ғалымдар пайда болды. Кейінгі жылдары олардың қатарын А. Һәмраев, П. Мәхсәтова, Һ. Һәмраев, Г. Молотова, Р. Юсупов, Д. Райханов, Ш. Баратова секілді жас зерттеушілер толтырды.

Қазақстан ұйғыр әдебиеттанудағы зерттеу жұмыстары халық ауыз әдебиеті, ежелгі және классикалық әдебиет, кеңес дәуіріндегі және заманауи әдебиет бағыттарында жүргізілді. Бұл зерттеулер нәтижелері «Ұйғыр әдебиеті және фольклорындағы жанрлар» (1980), «Ұйғыр халық ауыз әдебиеті» (1983), «Ұйғыр әдебиетінің қысқаша тарихы»  (1983) атты коллективтік монографияларда және басқа да еңбектерде өз көрінісін тапты. Ұйғыр фольклоры үлгілерін жинау және жарыққа шығару жұмыстары ХIХ ғасырда Н. Пантусов, С. Малов, В. Радлов, Г. Ярринг сияқты  атақты зерттеушілер тарапынан басталып, міне бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ұйғыр фольклорының ертегі, бейіт, қошақ, мақал-мәтел, аңыз, жұмбақ және басқа да түрлерін жан-жақты зерттеу өткен ғасырдың 50 жылдары қолға алынып, алғашқы монографиялық еңбектер тек 70 жылдары жарық көрді (Aliéwa 1989, S. 5). Ұйғырлар шоғырлана орналасқан Панфилов, Ұйғыр, Шелек, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында, сонымен қатар Алматы, Есік, Жаркент, Ташкент, Фрунзе (қазіргі Бишкек), Пржевальск (Қарақол) қалалары және басқа да жерлерге жасалған ғылыми экспедициялар барысында көптеген материалдар жиналды. М. Алиева, М. Кәбиров, Җ. Мусаев, Һ. Ваһидов, Һ. Искәндәров, М. Һәмраев, З. Қаһһаров, Ғ. Сәдвақасов, Р. Сабитов, Б. Әршидинов сияқтылардың авторлығында көптеген топтамалар жарық көріп, солар негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, бұл салада М. Алиеваның «Уйгурская сказка», «Жанры уйгурского фольклора», Р. Сабитовтың «Ұйғыр халық ауыз әдебиетінде сатира және юмор» монографиялары, «Ұйғыр халық ауыз әдебиеті» ұжымдық  монографиясы басып шығарылды.

Қазақстан ұйғыр әдебиеттану пәнінің дамуында әдебиет мәселелеріне арналған докторлық және кандидаттық диссертациялар, ондаған монографиялар, жүздеген ғылыми мақалалар маңызды рөл ойнады. Бұл үлкен саланың басында көрнекті ғалым Мурат Һәмраев болды.Оның классикалық және заманауи әдебиеттің ең күрделі мәселелерінің бірі өлеңдік өлшем туралы жасаған зерттеулері нәтижесінде жарық көрген «Ұйғыр классикалық және қазіргі заман поэзиясындағы ұйқас», «Түркі поэзиясының негіздері», «Түркі поэзиясының очерктері» және басқа да еңбектері әлемнің атақты ақындары тарапынан жоғары бағаланған еді. Бұдан тыс ұйғыр классикалық әдебиетінің ежелгі, классикалық және одан кейінгі дәуірлердегі маңызды мәселелер, біршама ақын-жазушылардың шығармашылығы,  әдеби байланыстар,  жанр және тақырыптар, өлеңдік өлшемдер, басқа да маңызды мәселелердегі ерекшеліктер С. Моллаудов, М. Абдурахманов, П. Сабитова, Р. Исмайилов, А. Һәмраев, П. Мәхсәтова, Р. Юсупов сияқты  зерттеушілердің еңбектерінде, сондай-ақ арнайы әдебиет мәселелеріне арналған бір қатар ұжымдық монографияларда (2014, 2015) өз орнын тауып, бұл еңбектер ұйғыр әдебиеттану ғылымының дамуында маңызды рөл атқарды.

Қорытындап айтқанда, Қазақстан ұйғыр әдебиеті бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда, үш үлкен кезеңді басып өтті. Бұл кезеңдер тарихи, саяси, әлеуметтік, мәдени ерекшеліктері жағынан бір-бірінен айрықша болды. Соған қарамастан, ұйғыр әдебиеті жүз жылға жуық уақыт бойы үстемдік еткен коммунистік идеология, қоғам және қоғамдағы бұрылыстарға, өзгерістерге қарамай, ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға, халықтың армандарын жүзеге асыруға және ұзақ жылдардан бері келе жатқан әдеби әдет-ғұрыптарды жалғастыруға тырысты. Ол сондай-ақ басқа халықтар, бірінші кезекте, бауырлас қазақ халқының әдебиеті және оның жарқын өкілдерінің ұлы мұрасымен болған көпғасырлық байланыстарын сақтап қалу, заманға сай әдеби достықтың жаңа жолдарын табу мақсатында тыным таппай ізденуде.

 

Мақалаға пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Уйғур совет әдәбиятиниң тарихи. – Алмута, 1986. – 230 б.
  2. Хамраев А. Уйгурская поэзия независимого Казахстана. – Алматы, 2014. – 256 с.
  3. Кәмбәғәлләр авази, 1926-жил, 30-март.
  4. Тохтамов К., Алиева М., Маматахунов У. Развитие литературы и искусства советских уйгуров // Актуальные проблемы советского уйгуроведения. – Алма-Ата, 1983. – С. 27-34.
  5. Уйғур әдәбияти вә фольклоридики жанрлар. – Алмута 1980. – 228 б.
  6. Уйғур әдәбиятиниң қисқичә тарихи. – Алмута, 1983. – 188 б.
  7. Уйғур хәлиқ еғиз ижадийити. – Алмута, 1983. – 260 б.
  8. Алиева М. Жанры уйгурского фольклора. – Алма-Ата, 1989. – 176 с.
  9. Современная литература народа Казахстана. – Алматы, – 488 с., Уйгурская литература независимого Казахстана. – Алматы, 2015.

 

Рахметжан Юсупов,  

филология ғылымдарының кандидаты, ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов ат. Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері

Abai.kz

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349