"Жеті дүркін қыз"
Мені аға тұтып жүретін інім сырын ашты. Бір аруға өлердей ғашық екен. Тек ана қызы құрғыр кергіп жүрген көрінеді. Мұның жақсы көретінін білгесін тіпті асқақтап шыға келген. Жақында тура бұның көз алдында басқа бір жігіттің көлігіне отырып кетіпті. Ғашық жүрек сонда да жамандыққа қияр емес: «Мүмкін, ағасы шығар...»
...Мектепте оқып жүргенімде көршінің қызы қарамай қойып, менің де астан-кестен болғаным бар. Сабаққа әдеттегідей біздің үйдің жанынан емес, басқа жолмен кетіп бара жатқанын көргенде ішіме біреу кіріп алып, от жағып жатқандай күй кешкем. Біреуге айтқым келді. Тек кімге? Досыңа айтсаң, оның да досы бар... Аға-апаларыңа айтсаң, келемеж қылады. Әкеге айту деген біздің үйдің «салтында» жоқ нәрсе. Сосын шешеме айтқым келді. Себебі, ол кісі он ауыз сөзге бір ауыз сөзбен жауап қататын адам еді. Жұрт сыртынан «Үндемес» дейтін.
Шешем алақанымен аузын жауып, біраз күліп алды. Ол кісі осылай үнсіз күлетін. Сосын басымнан сипады: «Әлі талай қызға ғашық боласың, балам. «Бір жігіттің тұсында жеті дүркін қыз өтер...» — деген аталарың...».
Кейін де талай күйіп-жандық қой. Бірақ қанша өртеніп бара жатсам да, жадымның бір бұрышында шешем айтқан «жеті дүркін қыз» тұратын...
Сеп бола ма деп осы әңгімені біздің «Мәжнүнге» айтып көріп ем, шоршып түсті: «Жоқ, аға, осы қыздан басқа ешкімнің керегі жоқ! Егер оған қолым жетпесе...».
Беу, ғашықтық, жиырма жаста адамға не айтқызбайсың, сен?! Әйтпесе, қырықтан асқан ағасының да кейде әлгі «жеті дүркіннің» бәрі түгел өтіп болмағандай әлденеге алаңдай беретінін түсінер еді-ау, мына бала, ә?!
Бауыржан Бабажанұлының Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz