Жексенбі, 6 Қазан 2024
Құйылсын көшің 5216 0 пікір 15 Мамыр, 2018 сағат 10:45

Қ. Тоқаев Халықаралық көші-қон ұйымының басшысын қабылдады

Сенат спикері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Бас директоры Уильям Лэйси Свингті қабылдады.

Сенат Төрағасы 2016 жылғы қыркүйегінде ХКҰ-ның БҰҰ құрамына енуі жөніндегі келіссөз үдерістеріндегі оның жеке рөлін жоғары бағалады. Бұл қадам көшіп-қонушыларға көрсетілетін көмектің уақытында болуы мен тиімділігін арттыруға және олардың өзекті мәселелерін шешуге арналған ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Қ. Тоқаев аймақтағы және дүние жүзіндегі көші-қон үдерістерін реттеу жөніндегі міндеттерді шешуде ХКҰ-ның маңызы зор екенін атап өтті. «Қазақстан ХКҰ-ның белсенді әріптесі болу және ұйыммен өзара іс-қимылын кеңейту ниетінде қала береді. Көші-қон мәселелерін реттеу таяу уақытта Қазақстанның күн тәртібіндегі басты салалардың қатарында болады», деді Қ. Тоқаев.

У.Л. Свинг өз кезегінде Қазақстанды ХКҰ-ның негізгі әріптесі ретінде атады және Орталық Азиядағы көші-қон үдерістерін басқару мәселелері бойынша белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды.

Айта кетейік, ХКҰ Бас директоры У.Л.Свинг ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен де кездесті.

Кездесу барысында көші-қон үдерістерін басқару, заңсыз көші-қонмен, адам саудасымен күрес, сондай-ақ, кез-келген статустағы мигранттарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласында КХҰ-мен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Abai.kz

0 пікір