Астанада үш күн бойы әлемдік экономиканың маңызды мәселелері талқыға түсті
Астананың төрінде үш күнге ұласқан Global Challenges Summit-2018 форумы өз жұмысын түйіндеді. Мемлекет басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын, он бірінші рет өткізіліп отырған форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналғанын айтқан еді. Әлбетте, биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырды.
Экономикалық форумдағы әйелдер мәселесі
Әйелдер көшбасшылығының әлемге әсері Форумның екінші күні ұйымдастырылған маңызды шаралардың бірі – «Артықшылық орнына құқық. Әйелдер көшбасшылығы қазіргі әлемге қалай әсер етуі мүмкін?» атты дөңгелек үстел. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «EXPO & Women» халықаралық ұйымы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлесіп ұйымдастырды. Оның жұмысына мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетелдік және ұлттық сарапшылар қатысты. Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова әлемнің дамыған мемлекеттері инклюзивті экономиканы әйелдер капиталын дамыту арқылы қалыптастыру қажеттігін түсінгенін айтты. «Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты басымдығының бірі – әйелдер құқығын қамтамасыз ету және ілгерілету, сонымен қатар олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері болып саналады», - деді Мемлекеттік хатшы.
Азаматтық қоғамның маңызы
Экономикалық форум аясындағы «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» тақырыбында өткен сессияда азаматтық қоғам институттарының рөлі талқыланды. Оған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев қатысып, сөз сөйледі. Ол Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы жөнінде бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. «Қазақстан әлемдік трендтермен бір бағытта даму үстінде. Мемлекет басшысы ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті.
Министр сондай-ақ, азаматтық қоғам жаңа трансформацияның қозғаушы күші болуы қажет екендігін атап өтті.
Мәселен, осы шара аясында «Hertie» мемлекеттік басқару жоғары мектебінің президенті, әлеуметтанушы Хельмут Анхейер азаматтық қоғамды ғаламдық процестерге, халықаралық және ұлттық деңгейдегі ашық диалог форматына тарту қажеттігін айтты. Германия әлеуметтану ғылымдарының профессоры мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара сенімнің маңыздылығын атап өтті. «Көптеген елдерде Үкімет азаматтық қоғамды оппозиция немесе қоғамға қарсы ықпал ететін ұйым ретінде көреді. Бірақ меніңше олар өздерінің қоғамдағы рөлін түсіне отырып тиімді ықпалдаса алады», - деді Х.Анхайер. Неміс сарапшысының айтуынша, азаматтық қоғамның болашақтағы дамуын болжау қиынға соғады. Біріккен Ұлттар Ұйымы азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл саласына соңғы рет 15-20 жыл бұрын шолу жасаған. Сондықтан халықаралық деңгейде ҮЕҰ-лердің дамуына бақылау жүргізу қажет. «Бүгінде біз әлемде болып жатқан түрлі геосаясаттың ықпалын бақылау үстіндеміз. Атап айтқанда, Қытай экономикасының өсуі, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық жағдайы, көші-қон дағдарысы, жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі орын алуда. Сондықтан қазір азаматтық қоғамды ғаламдық процестерге, халықаралық және ұлттық деңгейдегі ашық диалог форматына тарту қажет», деді Х.Анхейер.
Жұмыстың 40-50 пайызын роботтар атқарады
Елбасы атап көрсеткендей, бүгінде адамдардың ұзақ өмір сүруі, халық санының қарқынды көбеюі әлемдік экономиканың маңызды факторына айналып отыр. Бұл ретте адамдардың қартаюына байланысты зейнетақы жүйесін, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін түбегейлі қайта құру қажеттігі туындап отыр. Яғни жаһандық еңбек нарығының өзгеруі әлемдік өзгерістерге ықпал еткен бес негізгі үрдістің біріне айналды. Бұл ретте 100 жылдан кейін адамдар немен айналысады, жасанды интеллект пен роботтар өмірдің барлық саласына қашан толықтай енеді, деген сауалдардың туындауы заңды. Ал форум қатысушылары осы сауалдарға барынша жауап іздеп көрді.
«Сананы жүктеу және жасанды зерде. Жаңа респектеушінің этикалық және саяси аспектілері» атты панельдік пікірталаста әлем ғалымдары өз ойларын ортаға салып, келешекте жұмыстың 40-50 пайызын роботтар атқаратынын болжап отырғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ жаңа қызмет түрлері де пайда болуы ықтимал.
Цифрландырудың келешегі зор
Ұлыбритания үкіметінің технологиялар бойынша кеңесшісі Лиам Максвелл Қазақстан қалаларындағы цифрландыру барысы туралы пікір білдіріп, елдегі цифрландырудың келешегі зор екенін, себебі оған жетекшілік етуде өте дұрыс тәсілдер жасалып отырғанын айтты. Бұл ретте, қалалардағы цифрлы инфрақұрылымды жүзеге асыру үшін мықты мамандар даярлау керек. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік пен кадрлық саясат жұмыстары да өзекті. Цифрландыруды толық жүзеге асыру арқылы мемлекетке пайда әкелуге болады. Алдымен цифрлы үкімет қаражатты үнемдейді және шын мәнінде халық үшін жұмыс істейтін үкіметке айналады. Цифрлы экономика үнемі жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Ұлыбританияда орташа жалақы жылына 25 000-27 000 фунт стерлинг болса, цифрлы экономикада – 41 000 фунт. Осылайша, цифрлы экономикада жұмыс істеу арқылы көбірек қаражат табуға болады.
Болашақ журналистика қандай болуы керек?
Global Challenges Summit-2018 форумында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жалған ақпараттың әлемге қауіп төндіріп тұрғаны айқын екенін баса айтқан болатын. Бұл мәселеде АҚШ секілді алпауыт елдерде жалған ақпараттармен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Бұл жайында «Фейк-ньюс, фактчекинг және постақиқат дәуірінің басқа да болжалмаған салалары: болашақ журналистика қандай болуы керек?» панельдік пікірталас орталығында Флоридадағы «Tampa Bay Times» басылымының фактчекингті «Politifact» жобасының штаттағы жазушысы Джон Гринберг әңгімелеп берді. Оның айтуынша, саясаткерлер өз басқаруындағы мемлекеттің 20 жылдан кейінгі бейнесі туралы мәлімдеме жасаса, ондағы алынған мәліметтердің шынайылығын зерттеп, айқындалмаған тұстарын қамтымау керектігін айтты. «Politifact» сайтының мамандары талдау жүргізіп, мәлімдемелерді «анық», «анық емес» және «мүлде қате» деген санаттарға бөліп, баға береді. Осылайша, ақпараттық ағынды тазартып, анық емес мәлімдемелерді анықтау мүмкін болмақ.
2050 жылдарда ауыл мүлдем жойылуы мүмкін
Болашақта халық қалаға шоғырланады Елбасы атаған келесі мегатренд – урбанизация. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, 2050 жылға қарай әлемде қала тұрғындарының саны 7 млрд-қа дейін жетеді. Бұл дегеніміз, қазіргі уақытта 1 млн тұрғыны бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы адам саны алдағы 30 жылда 20 млн-ға жетеді деген сөз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия бөлімінің жетекшісі Уильям Томпсонның пікірі бойынша, алдағы 75-80 жылдың ішінде адамзат осыған дейінгі 4 мың жылдықта болмаған урбанизация үдерісіне куә болады. Адамдар белсенді түрде қалаға көше бастайды. Осы уақытқа дейін әлемде 3,5 млрд адам қалада тұратын болса, ал ғасыр соңында тағы осыншама халық шаһарларға қоныс аудармақ. Сондықтан жаңа қалалардың құрылысында осы жағдайды ескеру керек. Өкінішке қарай, қазір әлемнің көптеген елі мұны қаперге алмай, қателікке жол беріп отыр. Әлемде тек қала тұрғындары ғана емес, жалпы халық саны көбейеді. Форум қатысушысы Қытай халықтық достық қоғамының бас директоры Ли Синьюйдің өз баяндамасында 2050 жылға қарай ауылдар мүлдем жойылуы мүмкін екенін айтты. Бұған мысал, бүгінде қытай елі үлкен мегаполистерден бөлек, шағын қалашықтар салуға көшкен.
Ганс ТИММЕР, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша бас экономисі:
– Мен бұл форумнан үлкен әсер алдым. Астана экономикалық форумы әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшыларға өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасуға мүмкіндік туғызды. Жаһандық мәселелерді талқылауға жағдай жасап, халықаралық пікірталас алаңына айналған Астана экономикалық форумының жаһандық дамуға тигізер пайдасы зор. Әсіресе маған цифрлы экономика төңірегінде қозғалған тақырыптар өте қызықты әрі пайдалы болды деп айта аламын. Еуро бағасының түсуіне байланысты 2014 жылдан кейін екі жылға жуық Қазақстан экономикасында қиындықтар болды. Алайда бұл өз кезегінде көптеген реформаларды қайта жаңғыртып, экономиканы нығайту үшін септігін тигізді. Мұның барлығы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Сондай-ақ әлемдегі тұрақсыздық жағдайға қарамастан бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін Қазақстан макроэкономикалық саясатының тұрақтылығын нығайту және құрылымдық реформаны жүзеге асыруды жалғастыруы қажет. «Нұрлы жол» бағдарламасы инвестициялардың географиялық бағытталуына жағдай жасайды. Ал бұл өз кезегінде кедейлік деңгейінің қысқарып, ел экономикасын дамытуға айтарлықтай септігін тигізеді деп ойлаймын.
Григорий Асмолов, Лондон корольдігі колледжінің ғылыми-зерттеушісі:
– Мемлекет басшысының форумдағы көтерген мәселесі өте қызықты болды. Ол кісі айтқан бес мега тренд бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері саналады. Мен өзіме қатысы бар, айналысуға болатын жайттарды түртіп алдым. Мен қазір Лондон корольдігі колледжінде зерттеуші-ғалым болып қызмет етемін. Біріншіден, қазір білім беруде креативті ойлау арқылы студенттерге жаңаша білім беру мәселесін қолға алып жатырмыз. Осы орайда әлемдегі адами ресурстарды кемелдендіретін көптеген старт-ап жобалар бар екені, қазіргі мамандықтар әрдайым өзгеріп тұратынын айта кету керек.
Тағы бір өте маңызды тренд - цифровой экономика. Жаңа технология –жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұны мемлекет бақылауда ұстай алып отыр ма? Шектеулер бар ма? Жалпы, блокчейн мен криптовалютаға шектеу қоймай, оны терең мағынада түсіну керек. Сондай-ақ, кризистік оқиғалар кезінде фейк жаңалықтарға қатысты, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, интернетті дамыту мәселелері талқыланды.
Мен осы форумда көптеген танымал тұлғалармен тек трендке айналған мәселелерді талқылап қана қоймай, Астананы әлемдік мәселелер талқылайтын орталыққа айналғанын аңғардық. Мұндай алаңдар тек Еуропада, Америкада және Астанада ғана бар.
Жанболат Мелдешов, «Халықаралық бағдарламалар орталығының» жетекшісі:
– Өте керемет форум өтті. Мұндай форумға қатысқан кезде сен қайда келгеніңді түсінуің және әлемдік саясаттың адамдарымен өз еліңді салыстыруың қажет. Мәселен Премьер – министрдің қатысуымен өткен сессия өте салмақты, әрі қызықты өтті. Экономикалық революцияның 4 толқыны, яғни Қазақстандағы 4 өндірістік революцияның жайы сөз болды. Маған алдымен үлкендер кішкенелерді жұтып қойғаны, сосын баяу қозғалатындарды жегені, енді жұмсақтары қаттыларды жейтіні сөз болды. Қазақстанда қазір жұмсақ, иілгіш компаниялар аз емес. Қазақстанда жұмсақ болу керек, болмаған жағдайда оны жасау қажет. Барлық сессия отырысы негізінен ағылшын тілінде өтті. Осының өзі шет тілдерін меңгеру керектігін жастарға ұғындырды ғой деп ойлаймын.
Abai.kz