Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 7694 1 пікір 7 Маусым, 2018 сағат 12:39

Қуаныш Жиенбай. Жауапсыз сұрақтар

 

әңгіме

Ескі сарайдағы ағаш кереуеттің аяқ жағында екі тізесін құшақтап, бүрісіп отырған шынашақтай кісі көрші үйден шыққан кішкентай баланың шырылдаған дауысын анық естіді. Естігенде қандай, жүгіріп барып бауырыма  қыса салсам қайтер еді деп те оқталды. Жылағаны сап басылмаса мұнымен сонда сөйлесіңіз, жылы құшақ әлдебір құдіретімен сәби бойындағы кеселді жұлып түсірмесе сәлемдеспей-ақ қойыңыз. Мүлде ренжімейді және сіздің ауыз ұшымен айтылатын құрғақ рақметіңізді керек қылса не дейсіз. Бұл емес, ондайды шоттың тасына салып, есептеп, іштерінен күңкілдеп жүретін өзгелер ғой.

Оу, осы тұрғанда оны ойлайтын шама қайда. Қырсыққанда бір ауланың ішіндегі сән-салтанаты келіскен үш қабатты коттеджге де  рұқсатсыз кіре алмайды. Жеті қараңғы түнде қарманып жүріп, әлдебір тетікке сүрініп кетсе табанда дүниенің астаң-кестеңі шығады. Жұлдызды аспан астындағы тамылжыған тіршілік пәрше-пәрше; шартақтың басына ілінген қызылды-жасылды шамдар бір жанып-бір сөніп, төңіректі топан су алып жатқандай үсті-үстіне дабылдайды. Қораның арғы бұрышында қаннен-қарерсіз, керіліп-созылып ұйықтап жатқан екі овчарка қарғы бауын үзердей өре түрегеліп, үздіксіз шабалаңдайды. Соның әсерімен тағы бір жерлерде төтенше мазасыздық туындайды-мыс. Кенет коттеждің сыртқы есігі сырт етіп ашылады да, қолына фонар ұстаған күйеубаласы мәйке-түресишең жүгіре шығып, төңіректі түгел тінткілейді. Ары-бері жүгіреді, сәкімен шатырға шығады, төмен түседі. Ақыр соңында түк таппаған соң шырт түкіреді де, қалта телефонымен әлдекімдерге шұғыл хабар береді: – Сигнализацияға жабайы мысықтар тиіскен болар. Бәрі аман, алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Ұйықтай беріңдер, гуд бай!..

Апыр-ай, жабайы мысықтың пәлелі жерге тұмсық тығып несі бар еді. Аш құлақтан-тыныш құлақ. Десе де бала байғұстың шырылдағанына шыдамай, бойын әлдебір әлсіздік биледі. Шөл қысқандай тамағы қақсып, әзер жұтынды. Туған қызы болса қайтсін, Бибіажарға да аздаған өкпесі бар. Бала жағдайын білетін ол қайбір ұсынақты адам. Оның ертеңді-кеш ойлайтыны  байдың бабы. Ұяттары да шамалы, үйде үлкен кісі жүр-ау деп те айылдарын жимайды. Үстеріндегі киімдері де алқам-салқам, ашық-тесік. Күйеубаласы Салқымбай... Мейлі, мың жерден шірене берсін... осындайда айтып-айтып тастаса іші босап, аздап жеңілденіп қалмас па. Ал не істейсің, жақтырмайды. Жүрген-тұрғаны есеп. Тыстағы тірлігін кім біліпті, мәшинеден түсіп табалдырықтан бері аттады ма, шіреніп кісі бола қалады. Жанындағыларға төбеден қарайды. Сол қолдан жасалған ит мінез тура өзіне бағышталғандай мұның қабағы да кіржің ете түседі. Сосын коттеджде күйбеңдеп  көп жүріп алмай, оны-мұны сылтауратады да есік алдындағы ескі сарайға кіреді де кетеді. Сарайдағы жағдайы жақсы, тірі жаннан қуыстанбайды. Жата ма, тұра ма, атамзаманғы патефонның құлағын бұрап, дәстүрлі әндердің пластинкасын тыңдай ма, телевизор көре ме – еркі. Бір қиналатыны, күз ерте түспесе... Жаздың мынадай май тоңғысыз күндері тұра бере ме жадырап. Қарашаның алғашқы жұмасында төпелеп жауын жауады да, арты қарға айналады. Бітті. Шамшагүлдің қызық дәурені осымен тәмәм. Амалсыз коттедждің төменгі қабатындағы ауызғы бөлмеге көшіп алады. Ескі сарайды жылу жүйесіне қосу – бұлар үшін артық шығын. Оның үстіне жалғыз кемпірдің ыбырсыған қайбір дүниесі бар, кез келген қуысқа сияды да кетеді.

Ой-хой, сондағы жиен немерелерінің қуанышын көрсең! Құдай көпсінбесін, екі-үш қара домалақ қашан ес жиғанша жасырын түрде Шамшагүлдің шандыр емшегінің дәмін татып, өсіп-жетілді ғой. Сірә, олар соны ұмытпайтын болар. Шүйкедей кемпір құдды курорттан келгендей, біріне-бірі жымың-жымың ымдасып, айналсоқтап жанынан шықпас еді; әрнені айтып, Шамшагүлдің көңілін көтергенсіп, бірі шай қойып, бірі аяғына жылы шұлық кигізіп, асты-үстіне түсер еді. Бала неменің білмейтіні жердің астында, ене мен күйеубала арасындағы көзге көрінбес салқындықты сезе ме қайдам,  әкесі келгенде олар да жым бола қалады. Бірі сабағына дайындалғансып, бірі ойнағансып, тұс-тұсқа жүгіреді де жоғалады. Әлгі әсердің түпкі төркінін және түсінбейді, әкелерінен сұрауға да батпайды. Шамшагүл әжесі: «... жағдайым ханға сәлем бергендей» деп жуып-шайғанымен бәрібір кішкене реніштің салқынын сездіріп қояды. Расында ол қандай реніш?! Ертең өлмесе коттеджге қайта көшеді ғой. Басқа жаққа баратындай мүмкіндігі болса, бір күн түнер ме. Кетер еді басының ауған жағына. Кете алмайды. Он бір құрсақ көтергенінің пайдасы қайсы, бәрін сұм ажал жалмаған, қалғаны Бибіажар ғана. Бары да, нары да осы. Жалғыз қыздың көлеңкесінде күн көріп келеді итініп-сұғынып.

Кірпігіне іліккен ыстық тамшыны саусақ ұшымен сылып тастады. Мінекей, бұл да бір ғажап дүние. Жалғыздықты біреулер жер-жебіріне жеткізе жамандайды, небір келеңсіздікті соның басына үйіп-төгеді. Пах, ал  түн жабылып отыр ғой, Шамшагүлге оның кері әсері шамалы. Жалғыздан-жалғыз жылап алу да жетістік. Жетістік боп қайбір жарылқар, өз-өзін өстіп жұбатқысы да келетін шығар, білкім.

Түннің қай уағы болғаны белгісіз. Таң атып қалды ма, әлде... Желдің әсерімен бағана басындағы дөңгелек шамдар әрлі-берлі әткеншек тепкендей тербетіледі. Кіршеңдеу терезеге түскен солғын сәуле кемпірдің шынашақтай денесін сылағы түскен сызды қабырғаға бірде үлкейтіп, бірде кішірейтіп көлеңке түсіреді. Оны елеп жатқан кім бар. Қорқыныш атаулыдан мақұрым. Сәбидің қолды-аяққа тұрмай шырылдау себебін де бал ашқандай сезеді.  Ем-домы да көкірегінде сайрап тұр. Бармағымен ісінген тамақты екі-үш мәрте басып-басып жіберсе құдай да тыныш, құдағи да тыныш. Екінші емі аса құпия, оны өзінен басқа тірі жан байқамайды. Баланы бауырына басып, шандыр емшекті екі-үш мәрте сорғызсын. О жарықтықтан жарытып сүт шықпайтыны да белгілі. Не құдіретінің барын қайдам, одан соң байғұс баланың балғын жүзі жадырап, ары-арасында есінеп қойып, тәтті ұйқының құшағына күмп берер еді. Содан түске таяу бір-ақ оянады.

Әне, айтқаны айдай келді. Бибіажардың одан басқа табан тірейтін амалы қайсы?! Дереу «жедел жәрдем» шақыртады. Кнопкамен ашылып жабылатын ауыр есіктің шиық етіп «әндеткені» сол, үстеріне ақ халат киген екі медбике асай-мүсейлерін арқалап жетіп келді. Одан соңғысын несіне ежіктейді. Әлжуәз денеге аяусыз ине сұққылайды, удай ащы дәрі жұтқызады. Осы заманның дәрі-дәрмегімен сырқаттың бетін қайтару қайда? Уақытша алдарқату әншейін. Үй іргесінде осылардың тілеуін тілеп, түн баласына кірпік ілмей қалқайып отырған «балгер» кемпірдің бар-жоғын елемеген соң, олардан не үміт, не қайыр?!..

                                               ХХ

– Сендер үлкен жігіт болдыңдар ғой түге! Бұларың не, а, бұларың не?! – Шамшагүл ескі сарайға ентіге кірген үйелмелі-сүйелмелі екі немересіне сұраулы кейіппен назар жықты: – Мектепте тазалық жөнінде ешнәрсе оқытпай ма? Ілгеріде арнайы сабақ жүруші еді ғой, – деп сөзінің аяғын екіұштылау аяқтады. Аяқтағаны бар болсын, біртүрлі... жазықсыздан-жазықсыз балалардың бетін қайтарып тастағандай, екі қолын қайда сиғызарын білмей, абдырады да қалды. Көрші отырса да әке-шешесінің тірлігінен бейхабар кісіше көди-сөди бірнәрселерді түртпектеп сұраған болды.

– Бұл араның той-думаны тақияларына тар келіп, көрші облысқа қыдырыстап кетті деңдер. Ал қашан келеді? Әкелеріңнің жүйрік мәшинесі үйде ғой.

– Арнаулы ұшақ жалдапты.

– Бәли, сен оны қайдан білесің?

– Айтты ғой... – Жетінші сыныптағы Қарлығаш әжесінің бекерге уақыт өлтіргеніне риза болмағандай, жеңіл крассовкасының тұмсығымен ағаш кереуеттің аяқ жағын түрткіледі. Бесіншіге биыл барған Сандуғашы оған қарағанда пысық. Еті тірі, әжесін жанындай жақсы көреді. Жақсы көргендігін іспен де дәлелдей біледі. Шешесі Бибіажармен де тонның ішкі бауындай әмпей-жәмпей сырласпайды. Салқын. Көңілі қаламаған іске жуымайтындығы былай тұрсын, мың мәрте айналып-толғансаң да мойын бұрмайды. Ондай да ұзын кірпіктерін қағып-қағып, қолын бір сілтейді де орнынан тұрып жүре береді. Содан жұлқынып сыртқа шығып кетеді, не бөлмесін іштен бекітіп, тірі жанмен тілдеспей тым-тырыс жатып алады. Ана жолы әкесі пұлының аз-көптігіне қарамай, арнайы адам жалдап, би үйірмесіне қатысасың деп үгіттеген екен. Көңіл үшін екі мәрте барды ма, бармады ма, сосын «атақты бишімен» ұрыс-керіссіз қоштасқан. Мүлде жоламады. Ақша шіркін көздің құрты, «ұстазы» аптасына үш күн үйіңізге өзім-ақ барып тұрайын деп жалынғанымен одан да онды нәтиже шығара алмапты. Сол, солай, Сандуғаштың бөлмесі ішінен кілттеулі. Дыбыс  білінбейді. Әке-шешесінің көздері атыздай, шектен шыққан үнсіздік, томаға тұйықтықтың аяғы қайғылы оқиғаға ұласпаса... Оның жасындағылар психологиялық ауытқуларға бейім, терезеден секіріп жазым боп жатқандар аз ба?! Биі бар болсын, бисіз де өмір сүрер. Ақыры Сандуғаштың дегені болды. Кейін... бірнәрсенің ақ-қарасын түсінетіндей, ара-тұра көңілденген сәтінде әрі үйде күйеуі жоқта «көршісін» шайға шақырған Бибіажар шешесіне қалжыңдағансиды кәдімгі: – Осы қыздың кімге тартқанына таңым бар. Баланы кім ауыздандырса соған ұқсайды деуші еді бұрыңғылар. Бәрін емізген өзім...

«Өзің емес!» деп айта салуға сәл-ақ қалды Шамшагүл. Орынсыз жерге пышақ  ұрып несі бар. Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын. Ол «ұрлықты» өзімен бірге ала кетеді ана жаққа. Ойпыр-ай, шандыр емшектің құдірет-күшіне бас имей көріңіз! Түптеп келгенде бұл жарияға жар салатын да мақтаныш емес, әркімнің жүрек түкпірінде  сақталатын құпия ғой. Несін жасырады. Үлкен үйдің берекелі дастарханынан жылы-жұмсақты аса ептілікпен ескі сарайға жып еткізетін де осы Сандуғаш. Сонысын араға тықпалағандай, әжесіне тік қарап сөйлейтін де осы Сандуғаш.

– Егер оны әке-шешелерін сезіп қойса, осы күніме де зар болып қалармын. – Әдейі қитығады. Күйеубаласы мен қызының артынып-тартынып, көрші облыстағы кәделі қонаққа кеткендігінен Шамшагүл де хабардар:    – Сендер мені жаман жолға неге итермелейсіңдер, а?

– Ол қандай жаман жол? – Сандуғаш тағы да шап те қалды.

– Ертең пәле боп, ол бала ауырып қалса, әкелерің барлығын менен көрер. Онсыз да көшіріп жіберуге дымы құрып жүр.

– Қойыңызшы, – деп іштей аяныш білдіреді Қарлығаш. – Бәрі шешілген.

– Шешілгені қалай?

– Оны бізден басқа тірі жан білмейді. Дүкенші әйелді дүкенге жұмсадық сүт әкелуге.

– Иә,  жоспар құрып қойған екенсіңдер ғой алдын ала. Ендеше, бірақ... уәде – уәде. Осы жерде қалсын барлығы.

– Келістік.

Сарайдан бірі қалмастан жүгіріп сыртқа шықты. Екі-үш жасар Әбдіғаппар да Шамшагүлді көргенде жылағанын қоя сап, құйрығымен алға жылжиды. Көтер деп қолдарын ербеңдетеді.

Әбден сабындап жуынды. Біреу көріп қалатындай терезе пердесін бүркемеледі.

– Әлгі әйелі бар болғыр алқын-жұлқын жетіп келмесін.

– Одан қорықпаңыз.

– Жарайды, сендік сендерге.

Мұны естияр немерелеріне қайтіп түсіндіреді жазған-ау, тіпті ақылға сыймайтын жағдай! Сәбидің әлжуаз саусақтары шандыр емшекке тигенде басы айналып, есінен танып, құлап қала жаздайды. Тұла бойынан атойлаған қан қысымы айналып келіп, миын жарып жеберетіннен әрі-тін. Әлде,  шынымен... бітім-болмысы исініп, баяғыда... сонау баяғыда, ептеп естен ұмытыла бастаған аналық сезімді ойға қайта түсіргеннен сау ма?! Шамшагүлдің көз алдынан жанды суреттер елесі жүгіріп өтті. Кішкентай жиен немересінің емшекті бір-екі мәрте сорған соң толайым дүниеге ризашылығын  білдіргендей, жүзінен шуақ төгіліп, жымиған секілді боп, тәтті ұйқыға шомған түрін қараңыз! Оу, мұнда не құдірет бар, білсеңіздер айтсаңыздаршы?! Он бір құрсақ көтергені рас. Жаудай тиген қызылшадан аман қалғаны Бибіажар ғана. Көбісі құшағында жатып жан тапсырды. Бетін тырнап, тағдырға мың-миллион лағнет жаудырғаннан не пайда. Өз-өзіне келе алмай, қара судан басқа тамаққа тәбеті шаппай, әбден сілесі қатып, жылап-сықтаумен талай айларды артқа тастаған. Үлкендердің демеуі – бірде құлаққа кіріп, бірде кірмейтін, ұзақ сонар  көңіл жұбату. Ал сүт толы жұдырықтай емшек жаныңды көзіңе көрсетіп сыздағанда осы бейнетті көргенше асылып өлгенім артық деп, жан-жағыңа алақтап бір құлаш арқан іздейсің. Соның өзі көзге түспей қор қылады ғой кісіні. Өлмейсің, тура келмеген ажал сені сырт айналып, жөнін табады. Енді қайтіп жоламайды.

Сол сүт толы сыздаған емшектің сондағы обал-сауабын мына жаман немелер ақтап, есе қайтарып жатпасын! Бұл аралықты да анық ажырата алмады. Жетпістегі кемпірдің көкірегін керіп бара жатқан қайдағы сүт. Су татыр мықтаса. Ал бұлар болса осы үйдегі ағыл-тегіл тәттілерге назар жықпастан бірден Шамшагүлдің шандыр емшегіне жармасады. Үлкені де, кішісі де.

– Келістік қой, тістеріңнен шығармаңдар,– деп тағы ескертті кенже немересін төсегіне жатқызып жатып.

– Әже?

– Ау...

– Сіз мені де өстіп еміздіңіз бе? – Сандуғаштың сұрамайтыны болсайшы.

– Емізбегенде, сен тіпті шақар едің. Сүт шықпаған соң долданып, емшекті қыршып, тістеп алатынсың.

– Қойыңызшы.

– Не қоятыны бар. Бұл – шындық.

Дүкеннен оны-мұнысын арқалап, үйге діңкелеп жеткен күтуші келіншек табалдырық алдында қаннен-қаперсіз  ентіге демалып отыр.

                                                ХХХ

Шамшагүлдің қашаннан ұйқысы сергек. Кейде түн баласына көз ілмей шығатыны да бар. Таң біліне есік алдына оқыс тоқтаған мәшинеден домалап түсіп жатқандардың кімдер екені онсызда белгілі еді. Іші бір жамандықты сезгендей, қараптан-қарап саңырау болған кісіше түк естімей, тас бүреніп жатайыншы-ақ деген-ді. Сарайдың есігі әркез ашық қой, әкесінің өші қалғандай неменеге ұрғылайды, а?! Жау қуып келе ме. Көз үйренген таныс тіршілік. Күйеубаласының  өлгенше мастығына кімді куәге тартады, сірә, тәлтіректеп аяғына әзер мініп тұрған болар. Ертең еңгегердей кісі екі үйдің ортасында серейіп жатса, естияр қыздарынан ұят емес пе. Өйтіп-бүйтіп үйге кіргізіп алармыз деп түйді соңғы ойын.

– Сен, сен сұмпайы... жат осында! Бәлкім, шешеңнің емшегін де сағынған боларсың! Кімнің арқасында кісі боп жүргендеріңді неге ұмытасыңдар, а?! Өй, өңшең азғындар!..

Бибіажар желкеден тиген ауыр соққыдан есеңкіреп барып, ішке кірген соң ғана әзер есін жиды. Мас адамның дауысы барылдап барып  басылған. Мейлі, азғын десін, сұмырай десін, әйтеуір аман-есен төсегіне барып қисайса, қалғанын сосын-ақ көріп алар. Ұрыс-керістің неден тұтануы мүмкін, а? Жат жерде қызы оғаш қылық танытып, қу арақтың буымен әлдекімдермен жыртыңдап биледі ме; ортағы шығып ән салды ма; әлде не ішем, не кием демейтін жағдайға жеттік, үш қабатты коттеджде тұрамыз деп бөгде көздердің алдында бөсіп кетті ме?! Егер жағдай соған тірелсе, қызғаныштың қызыл иті төске шауып, ішкен-жегені кеңірдегіне тірелген кісіні ақыл-есінен айырып, алып ұрмасын-ай! Күйеубаласын әлі де жамандыққа қиғысы жоқ. Дұрыс оныкі, соның арқасында қалт-құлттап өмір сүріп келе жатқандары рас. Соны айтқызуға себепші болған қызы ақымақ.

Бибіажардың ит-терісін басына қаптағысы келіп, бір оқталды. Көрпеден басын қылтитып, есік жаққа көз тастады. Тілден айырылған  қызы ұяттан қара жердің тесігі табылса кіріп кетуге дайын тұрған-ды. Ағаш сәкідегі суыққа ұрынған торғайдай боп бүрісіп отырғаны тым аянышты еді. Екі иығы селкелдеп жылай ма, шешеме мына бетіммен не айтамын деп, өзін-өзі іштей кінәлап, дүниеден түңілгендей, әлем-тапырық күй кеше ме. Шамшагүл қайратына мініп, екі бүйірін таянып, кідімгі сот залындағы тергеушідей  «айдың-күннің аманында бастарыңа не күн туды, түгелер!» деп тіксініп шыға келмекші еді. Райынан қайтты. Әйтсе де «азғынды» бұл жалғанда ұмытпас. Екі-үш күннен соң үйреншікті тіршілік өз арнасына түсер ғой. Бибіажардың нұсқауымен бе, әлде құдай итеріп өзінің ақылымен бе, кейеубаласы да Шамшагүлдің алдында кінәлі кісідей ұялшақтап, жүріп-жүріп, орайы келгенде ант суын ішіп, артық кеткендігін  арақтың мойнына жүктеп, «жаздым, жаңылдым, бір ризашылығыңызды бере көріңіз» деп, аяғына жығылып, кешірім сұрар ғой. Дәмесінің зорын. Ал «көрген-баққаным осы шүйкедей кемпір ме еді, оған менің қашан күнім түсіп еді, қайта өстіп өмір сүргендеріне рақмет айтсын; кез-келгенге бас иіп мүләйімсігенді жек көрем, мен өз биігімнен төмендемейтін адаммын» деп, танауын одан бетер көкке көтеріп, оқтау жұтқандай сіресіп, көз алдында қаздаң-қаздаң жүріп алса...

«Жә-жә, дегендері болсын-ақ. Ешкімді айыптамаймын, жерлері кеңісін; тыныстарын тарылтып  бәріне мен кедергі боп жүрсем қарамды батырайын. Ерлі-зайыптылар бірде ұрысар, бірде татуласар – қашаннан ет үйренген жағдай; бүлдіршіндері аман, өздерінің үйреншікті тірліктерін жалғастыра берсін; айттым-бітті, мені іздеп те әуіре болмаңдар және азғын адамнан қайбір мейірім күтесіңдер» деп,  тастай бекінген Шамшагүл келесі күні ақ пен қызылдың арасында ешкімге білдірместен, асығыс-үсігіс үйден шығып кетті.

                                        ХХХ

Арадан бір апта өтті ме, өтпеді ме, үйіне кештете оралған Салқымбай алдынан нендей оқиға тосып тұрғандығын мүлдем сезген жоқ-ты. Жайбарақат,  жағасы жайлауда. Бірақ ә дегенше Бибіажардың жүзінен әлдебір жайсыздықтың ізін аңғарып қалды.

– Аманшылық па?

– Аманшылық... – Сәл бөгелді де дауысы дірілдеп, күйеуіне тіктеліп қарады: – Қыздарың жоқ!

– Не?! Жоғы қалай?

– Солай.

– Мектепте қосымша сабақ боп, соған кешігіп жатпасын.

– Бүйтіп кешікпейтін.

–Мектепке хабарластың ба?

– Хабарластым, бүгін сабаққа қатыспаған.

– Қалайша?

– Мен қайдан білейін. Үйде омалып отырған бейшара не білуші еді?!

Салқымбай сырт киімдерін шешпестен жоғары қабатқа көтерілді. «Үйде омалып отырған бейшара не білуші еді!» Тілінің сүйреңдеуін. Іштегі белгісіз бітеу жараның орны жанын көзіне көрсетіп, қинайды-ау шамасы. Бұрын-соңды мұндай мінезі жоқ-ты. Әлде қыздарының мектептен оралмағанына уәйім жеп, жүйкесі жүндей түтіліп, болдырып жүрмесін терісіне әрең ілініп. «Омалып отырғанша кірпік қақпастан балалардың жүрген-тұрғанын бақыламай ма; бос уақыттары кәкір-шүкірге рәсуә болмас үшін басқан іздерін аңдымай ма; маған қабақ шытқанша бар  мүмкіндігін бала тәрбиесіне бағыштамай ма?! Жалғыз өзім қай жақтарыңа қорған боламын, мұраттарыңа жетсеңдер жан-жақтан талап, қуырып жеңдер мені!» Әйелдің екі аяғын бір етікке тығып, үнін өшіріп, сілкіп-сілкіп алатын оңтайлы сәттің көрер көзге қолдан сусып бара жатқанын қараңызшы, әттең! Тістері қышырлады, жақ еттері жыбырлады. «Қалтасына ақшаны молырақ салып, селтеңдетіп қойса бұларды. Пах! Сені бір адам сыйласа, мендей-ақ сыйласын! Ал көңіліңнің маған деген кірі болса тартынба, айт, айтып қал! Байқаймын, ойда-жоқта өнер шығаруға шеберленіп келесің».

Бала неме ойын қызығына беріліп, көрші-қолаңның жүгірмектерімен әке-шешесінің уәйімдайтындығын ұмытып, әлдебір кафеде балмұздақ жеп отырмасын. Шығады олардан ондай-ондай қызықтар. Бой түзеп келе жатқан Қарлығашы болмаса, Сандуғашы әлі шіп-шикі бала ғой. Кафе нелерін алған, мұрындарын сүртіп алсын алдымен.

– Көршілердің  балалары үйлерінде ме? – Бибіажарға деген өкпе-ренішін ұмытқансып, сабырлы қалпымен баяу ғана үн қатты.

– Үйлерінде! – деді ол да жұлып алғандай.

– Сұрастырдың ба? – Үйреншікті ырғақты үзіп алмауға тырысты.

– Сұрастырдық, көрдік-білдік деген тірі жан жоқ.

– Жер жұтып кетті ме оларды! – Дауысы қатқылдана түсті. Терезе алдына барып, көше бойындағы тас жолға үздіге қарады. Келіп қалар деген үмітті өлтіргісі жоқ. Осыдан аман-есен қолға бір түсті бар ма, кешігудің көкесін сонда көрсетер! Қайда жүргені, қайда тұрғаны қалта телефоны арқылы тек өзіне ғана хабарланады. Әйелге сеніп  жетісті. «Қыдырыспа, сауық-сайранмен шекең шылқыса көрермін!»

Күтуші әйелдің кешкі асқа шақырғаны үнсіздікпен аяқталды. Мынадай жағдайда тамақтан өлі су өтсе, кәні! Бибіажар телефонның құлағында. Таныс-білістерімен мың қайтара сөйлескен. «Полицияға өтініш білдірдіңдер ме?» деп өздерінше қамқорсиды. Полицияға хабарлауды кім білмейді. Бірақ оның арты қалай болар екен деп содан қаймығады. Полицияға хабарласса міне, тұр ғой әкесі! Өзі оған бата алмады. Қаладағы белді бизнесменнің қыздары екі кештің арасында жоғалып кетеді екен, Салқымбайдың жанашырлары мен іштей жауласып жүретін бақталастары жерден жеті қоян тапқандай өре түрегелмей ме; әйелдері ұл тапқандай, не жыртық-тесіктері бүтінделгендей  өсек деген жарықтықты гулетіп кеп жібермей ме табан астынан?!. «Өзіне де сол керек!» деп шіренеді бір дауыс; екіншілері балалардың амандығын тілеп, айрандай ұйыған отбасының берекесі бұзылмаса деп, боямасыз игі ниеттерін жеткізер. Қолдан келер көмектерін аямас. «Жаңалық бар ма?» деп соңғылары үсті-үстіне қоңырау түсіреді.

Салқымбайдың да жаны тырнақ ұшында. Жұмыр басына науалап құйылып жатқан жағымды-жағымсыз ойларды санап тауыса алмай әуіре. Ақырында қайыры болғай деп тәубесіне жүгінеді. Жарлы-жақыбайларға көмек қолын созғаны көлбеңдеп көз алдына келеді. Ішінен болса да жауларым бар деп те, жоқ деп те ашық айта алмайды. Бар болуы да, жоқ болуы да бек мүмкін. Егер Салқымбайдың сағын сындырғысы келетіндер табылса, бесіктен белдері шықпаған балаларда нелері бар, өзімен бетпе-бет жүздессін. Әлде шетелдік киноларда кезігетіндей, баланы ұрлап, айырбас жасаймыз десе, кездесетін жерін айтсын. Салқымбай қандай шараға да тас-түйін дайын. Қыз баланың бас амандығы – басты байлық. Полицияның іс-әрекеттеріне де кісінің көңілі тола ма; айқай-ұйқай, аттандаған алаөкпе жүгіріс. Әне-міне дегенше, өздері де хабарласып қалар. Қыздары қой аузынан шөп алмайтын аса жасық, аса ынжық емес-ті. Әсіресе, Сандуғашының жөні бөлек.  Бибіажардың қалта телефоны зың етті бір кезде. Қарлығаш.

– Оу, қайдасыңдар, тірімісіңдер?! Бізді ана дүниеге тірілей аттандырып жібермекпісіңдер?! Әкең екеуміз өліп кетудің аржақ-бер жағындамыз. Әлде бізден ала алмай жүрген өштерің бар ма?!  Бармысыңдар?! – Бибіажар түкірігіне шашалып, бір сөйлемнің басын, екіншісінің аяғын айтып, әзер сөйлесті.

– Аманбыз, ауылда, әжеміздің қасындамыз. – Қарылғаштың дауысы нық.

Салқымбай әйелінің қолынан телефонды жұлып алды: – Ал-ло, ал-ло, мен сендердің әкелерің...

– Иә, естіп тұрмын, айта беріңіз.

– Сен кімсің?!

– Мен, мен Қарлығаш Салқымбайқызымын.

– Бүйткенше Салқымбайқызы болмай кет, білдің бе, болмай кет! Салқымбайдан садаға! Біз мұнда... Ауылға баруға сендерге кім рұқсат берді, а?! «Әжеміздің қасындамыз!» Немене, әжелеріңнің емшегін емесіңдер ме, түйедей болғанша! Одан еңбек қайтса... Бар болғырлар-ау, жүрген-тұрғандарыңды айтып кетсеңдер қайтеді ең болмаса?! Біз жүрміз мұнда дүниені дүрліктіріп... Ал бұлар әжелерінің емшегін ему үшін үн-түнсіз ауылға кетіп қалады. Тойсаңдар, кешкі автобуспен кері қайтыңдар! Әлде мәшине жіберейін бе?!..

– Керегі жоқ.

– Немене, түнеп қалмақсыңдар ма әжелеріңнің қасында?

– Ертең демалыс қой.

– Бәли, бәлкім ауыл мектебіне біржола көшіп аларсыңдар?!

– Оған да қарсы емеспіз.

– Не-е?! Бастырыңды дуалап қойғаннан сау ма сол кемпір?!  Емшек беремін деп алдап... Ал-ло, Ал-ло, неге үндемей қалдың?! Сен шынымен Қарлығашпысың?! Әлде перінің қызы секілді...

– Айтып болдыңыз ба?

– Айтып болғам жоқ, мынау қайтеді-ей, аузыма қақпақ қойып!..

– Әке, бір нәрсе сұрасам айыпқа бұйырмассыз?!

– Сұра, аспандағы айды әпер демейтін шығарсың, әйтеуір...

– Сіз жетім өстіңіз, ә?!

– Оу, менің жетім өскендігімнің қажеті қанша бұл араға? Керек болса, тағы мынаны қосақтайын. Туған анам бір жасымда жаман аурудан қайтыс болды. Ана сүтінің дәмін сезбей өстім. Өгей шешем емізген жоқ... Тағы нені білгілерің келеді, сұраңдар!..

– Е, сол екен ғой...

– Әй, қарғам, мұнымен не айтпақсың, а?! Жұмбақтамай айтсаңдаршы, тағы нені білгілерің келеді?!.. Әңгіменің тоқ етері былай, әжелеріңнің емшегін еміп болсаңдар, дереу кері қайтыңдар! Естіп тұрмысың?!. Кері қайтыңдар!..

Телефон  кілт үзіліп кетті.

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588