Біз қытайға емес, қытай бізге қарыз шығар...
Төмендегі мына бір кесте әлеуметтік желілерді шарлап жүр. Аккаунт иесі – Асхат Демократ деген азамат. Асхат парақшасына кестені іліп, оған «Өз жерімізде қонақ боп жүргеніміз деген осы шығар» деп жазыпты. Желіде Асхатты қолдаушылардың қарасы өте көп.
Қытай Халық Республикасы, яғни, Жүңго мемлекеті бізбен ежелден көрші ел. Арамызда қидаласқан майдандар да болған, барыс-келіс, алыс-беріс те болған. Әйгілі «Ұлы Жібек» жолының бір тармағы көне ғасырларда қытайдан шығып, Ұлы даламызды басып өткен. Демек, қытаймен арадағы экономикалық қарым-қатынастан айналып өте алмайтынымыз бүгін де анық болса керек. Әйтсе де, «еліміздің қауіпсіздігі, мемлекетіміздің мызғымастығы, жалпы ұлттық тұтастығымыз, жеріміздің бүтіндігі, тау, өзен-су, экология мәселелері, мәдени құндылықтарымыз экономикадан бірінші орында тұруы тиіс» деген талап қойып отыр зиялы қауым. Бұл ретте «биліктің де бір ойлағаны бар шығар, қолынан қақпайық» деп жүргендер де жоқ емес. «Қытайдан қарыз алып жатырмыз, ертең борышымыз көбейіп, кіріптар болып қалмаймыз ба?» - дейтіндер де табылады. Алайда, Мемлекет басшысы Назарбаев ҚХР-ға барып қайтқан бетінде: «Қазақстан – мемлекеттік қарызы әлем бойынша ең төмен ел», - деп мәлімдеме жасады.
«Бүкіл әлем бойынша біздің мемлекеттік қарызымыз ең төмен. Америкалықтардың қарызы 14 трлн долларға тең. Бұл ішкі жалпы өнімнен де жоғары. Германияның қарызы жалпы ішкі өнімнің 90, Италияда - 120, Испанияда 100 пайызды құрайды. Ал біздің қарызымыз не бәрі 13 млрд доллар ғана. Яғни, жалпы ішкі өнімнің 10 пайызынан да төмен», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы еліміздің мемлекеттік қарызы ұлғайып кетпеуін үнемі жіті қадағалап отыратындығын да ескертті. Президент қытайлық компаниялардың жұмысы туралы да айта келіп, былай деді:
- Ал бұлар (қытайлық компаниялармен бірлескен жобалар) менің уағдаластығымның, жақсы қарым-қатынасымның арқасында орын алып жатыр. Бизнесмендерге жақсы жол ашып беріп отырмын. Оларға сенеді, өйткені мемлекетке сенім артады. Бұл жобалардың барлығы да коммерциялық, бизнес топтардың арасында жүзеге асырылады.
Президенттің қытай басшыларымен жақсы қарым-қатынасының арқасында бірлесіп қолға алынып жатқан жобалардың үлкен бір саласы – қазақ жерінің мұнайын игеру екені белгілі. Ендеше, кестеге назар аударайық:
Қарыз демекші...
Қытай компанияларының мынандай үлесіне қарап, біз қытайға емес, қытай бізге қарыз шығар деген ой келеді екен адамға. Өйткені, кейінгі 10-15 жылдағы қытайдың қара қазанына қазақтың мұнайы барып құйылып жатыр емес пе? Екінші сөзбен айтқанда, мұнай мен көгілдір отынымызды бере отырып, қытай экономикасының қарыштап өсуіне біз осылайша жағдай жасап келеміз. Ал, бұған кім не дейді?
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz