Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 65369 21 пікір 16 Маусым, 2018 сағат 12:09

Бір шөп бар Арқада киікоты, Иіскесең, лапылдайды көңіл оты

 

(Көкемарал хикаясы)
"Жарықтық киікоты-ай", - деп отырушы еді, марқұм нағашы шешем.
Арқада киікоты аса қадірлі шөп. Киікоты дəру болмайтын дерттің түрі кем де кем. Қаны тасыған адам киікоты шəйін демдеп ішсе, бірден қан қысымы қалпына келеді. Ас қорыту жүйесіне де баппен бұқтырылған киікоты шайы мың да бір ем. Тері ауруымен ауыратындар киікотының бұлауына түссе, құлантаза айығады. Белсіз қалған еркек, төсектен суыған ұрғашы киікотының қымызын құрғатпай ішсе, құштарлығы оянып, құмары қайта қозады... Қалғанын барынша қысқаша баяндайын.
....Кино түсіріп жүргенде талай қызыққа кезігеміз, кенелеміз... Осы жолғы Ақсу Жабағылыдағы қызығымыз киікотымен ысталған Иірсу мен Кемербұлақтың қымызы болды. Иə, қымызды кім ішпейді, қызға кім көз салмайды...
Келісер келіспессіздер, Алматыда қымыз жоқ, болса - Алматы базарларында сатылатын қымыздың дәрежесі шалаптан төмен.
Əлқисса, сəуірдің соңы, мамырдың басында ОҚО, Түлкібас ауданының Ақсу Жабағылы қорығының етегіне шатырымызды тігіп, шəпкімізді түзедік (Есімізді жидық, түсірілімге əзір болдық дегенім ғой). Айтары жоқ, тұмса табиғатын суреттеуге тіл жетпейтіндей ғажап сұлу өлке екен, тура Арабиядан оқып келген молдекеңдер уағыздайтын жұмбақтың төріне топ ете қалғандай болдық.

Биік, көркем таулар, аппақ қардан дағарадай сəлде ораған молда шыңдар. Сол таулардан жыландай ирелеңдеп, сарқырай аққан өзен сулар. Сауыры қызылды-жасылды гүлмен көмкерілген қоянжон жоталар. Əсіресе киікоты ырғын. Кешке жақынғы самалмен қышқылтым исі танау жарғанда, шерлі көкірегің күмбірлей жөнеледі...
Хош, бір-екі күннен кейін жан жақты шолуға кеткен жігіттер минерсудың баклашкесімен қымыз əкеле бастады. Алматы базарларының су қосқан сатқын қымызынан зəрезап болып қалған ғазез басым алғашқыда қомсына дəмін татқаным рас. Жоқ, су қосылмаған тəрізді, тіл үйіріп əкетіп барады. Киікотының дəмі! Сөйтсек, Түлкібас өңірі күбіні тек киікотымен ыстайды екен. Содан қаталап келген қымызқорлар үшін құдай берді! Азын-аулақ суточныйымызды кәнігі алқаштардай соңғы тиынына дейін қалдырмай қымызғы салатын болдық. Арқаның қымызына қарағанда таудың қымызы жуастау келеді. Дегенмен көңілге қунақы желік бітіруге жарап жатыр. Аз күнде көзіміз нұрланып, жүзімізге қан жүгіріп, кісі боп қалдық. Киікоты қосылған жұпар қымыз қанша ішсең де қан қысымын көтермейді. Қымызға бөгіп алған адам шаршамайды, жұмысты жапырып істейді. Əсіресе Əріби сияқты сайыпқыран жігіттеріміз ат үстінде шайқақтап, үзеңгісін таралғысының түбінен үзіп жіберердей шірей керіп, жер баспай, айдынданып, асқақтап, аспандап, шығандап кетті. Күніне бес ат болдыртады... Ұларбек ақының көзінен өлең оқитын күнге жеттік! Қайран алдияр қымыз-ай, жарықтық киікоты-ай деп қоямын іштей. Қырға шығып киікоты мен бозгүл теріп кеткен кезіміз де болды...


Бажайлай байқасаң, туған елдің қырында өскен шөптің тамырынан сыр тартып, жапырағына жыр жазуға болады. Гүлінен сүйгеніңнің дидарын көресің...
Киікоты да осындай қасиетті шөп.
Енді осы киікоты жайлы түйгендеріме келейін. Өткен жылы іні досым, тамаша қаламгер Қанағат Əбілқайыр ауылына апарып қонақ етті. Қырға шығып, қымыз ішіп дегендей біраз шалқыдық.Тау ішін күңірентіп əнге бастық. Қанағатжанның да ауылы асқақ Алатаудың қойнауына сұғына ірге тепкен берекелі-мерекелі ел екен. Айнала қарағайлы орман, құлпырған көкмайсасы - түрікменнің түкті кілеміндей. Кенет көзім көгілдір алаңқайға түскені. Жақындап барсам, о, ғажап, киікоты! Мынау киікоты ғой десем, жергілікті албандар: "Жоқ, бұл көкемарал", - деп бой бермейді. Сол сəт ақын Бақыт Беделханның 2000-ыншы жылдары жарық көрген "Көкемарал" деген пышақтың қырындай жұп-жұқа жыр жинағы есіме түсе кеткені. Бұдан кейін дауласып жату артық, "Көкемарал болса, көкемарал болсын" деп, əлгі киікотының бір талын жұлып алып құныға иіскедім де, төсқалтама сүңгіттім.
Енді мына қызықты қараңыз, көкемаралды Меркіден (Жамбыл облысы) бері қарайғы жұрт (дулаттар) киікоты дейді екен. Арқадағы арғындар да киікоты дейміз. Осы жайт мені кəдімгідей ойға қалдырды. Артынан мұның сырын аңғарғандай болдым. Бағзы заманда арғындар мен дулаттар Шудың бойын бір жайлаған ғой. Көш жолдары да түйісіп отырған. Тек, Төле би заманында жер дауында кісі өлімі болып, билер кеңесі Шудың түстік жағын - дулаттар, теріскейін - арғындар жайласын деп шешім еткен екен. Ежелден, содан бері де екі елдің төскейде малы, төсекте басы қосылып жатты. Тіпті мына Совет үкіметі құлағанша Жамбыл облысының қойшылары жайлауға Арқаға шығатын. Арқаның Бетпақпен шектесетін Ақтау, Қызылтау совхоздарының жастары Мойынқұмның жігіттермен көкпар тартысатын. Жаз бойы жолдас, құрбы болып, əңгімелері жарасып, бір-біріне бауыр басқан қыз-жігіттер келесі жазда сағынысып көрісіп, арты үйлену тойына ұласып жататын. Киікотының арқа жұрты мен өрдегі үйсінге (дулатқа) ортақ болуының бір сыры осы ғой деп ойлаймын. Ал Алатаудан төмен түспейтін албан, суан елі тауда оқшау жатқандықтан бұл өсімдікке көкемарал деп ат беріп, айдар тағып жеке атауымен иеленген сияқты. Жəне Алатауда киік жоқ, есесіне бұғы-марал тұқымдас жануарлар мол. Сол себепті көкемарал атанған тəрізді. Қалай десек те, киікоты аша тұяқты адал аңның сүйікті асы.

Киік жарықтық Бетпақтың сусыз шөлінен мамыр айында өтіп, аталған айдың 18 мен 25-і аралығында Арқаның түстігіне іліксімен төлін төгіп, лағын өргізеді. Бұл мезгіл Арқада "Құралайдың салқыны" аталады. Кей жылғы "Құралайда" тап бір ақпандағыдай алай-түлей боран соғады. Алайда мұндай боранды суықта киіктің лағы мұз боп қатып қалмайды, керісінше қатты салқында тез аяқтанып, жүгіріп кетеді. Бір жағынан жас төлге құрт түспейді, екіншіден суықта туған құралайдың бойында қысқы суыққа бой бермейтін иммунитет қалыптасады. Əйтеуір табиғат ана бауырындағы жандық біткенді аналық мейірімімен осылай ебін тауып жарылқап қойған.
Киіктер Арқадағы Атасу мен Сарысу өзендерінің бойына кеп лағын өргізіп жатқанда дүр етіп киікоты көтеріледі. Жасыл сабағы жерден сəл бой тартып, бүрленіп барып ұсақ, көкшіл гүл ашады. Ұзақ сүргін жолдан қажып жеткен, оның үстіне дүниеге ұрпақ əкеліп хал-күші кеміп, күш қуаты азайған аналық киіктер Ақтау, Ортау, Қызылтаудың таулары мен Атасу мен Сарысу өзендерінің бойындағы жаңа піскен жас киікотымен қоректеніп əл жияды, адыр-адырға ұйыса қалың өскен көдеге жайылып, тобылғылы жазықтың май жусанын ащылап бойын бекітеді. Сонан соң мамырдың аяғына таман дүрк көтеріліп Қорғалжын мен Құланөтпесті бетке алады. Бұл кездегі киік көшін көру бір ғанибет. Ұлы үйірлерде бес жүз мыңға дейін киік болады. Сағат күндізгі 11-лерде қалың киік Сарысуға құлайды. Кенет қалың киік дүр сілкініп, теріскейді бетке алып жөнеп береді. Қалың үйірді маңдайы жарқыраған мүйізі қарағайдай марғасқа теке бастайды. Қалғаны тəртіпті сарбаздай соңынан ереді. Бұл бір кешке дейін таусылып бітпейтін ғанибет! Жердің беті əжем өреге жайып тастайтын кепкен ірімшіктей күреңітіп қып-қызыл боп кетеді, күннің көзін қоп-қою қызыл шаң басады. Жер-көк қып-қызыл, қысқасы! Айналаны киіктің маңырамасы кернеп тұрады. Өміріңізде киіктің маңырамасын естіп көріп пе едіңіз?! Бұл бір жанында симфония біткен жіп есе алмас ұлы сарын!
Əлқиса, қызыл өрттей қаптаған киіктің соңы батар күннің жалқын шұғыласына малынып көзден ғайып болады. Күнімен киік тұяғы дүбірлеткен Арқаның құлан жон қырлары сабасына түседі. Қырдың момақан өмірі қайтадан өз арнасын табады. Бұл сурет қыркүйек-қазан айында тағы да бір мəрте қайталанады. Бұл жолы жазғытұрғы қызыл ішік киген киіктерді танымай қаласың. Қызылы сарыға көшіп, тегіс ақшулан тартқан; күнгей қазақтарында киіктің ақбөкенге айналатыны осы тұс... Еркек лақтарына тұқыл мүйіз шығып, қорықбас текеге айналған, ұрғашы құралайлардың ірілігі тушаға бергісіз, текесі бастап, ешкісі қостап таңдары жарқырап, Бетпаққа қарай маңдай түзеп, жел жетпес жылдамдықпен маңып бара жатады...
Қазір киіктің ұлы көші тоқтаған. 1988 жылғы төгілген гептилден Ұлытау даласында бір күнде бір табын киік (ресми дерек бойынша төрт жүз мың) бір сəтте қырылып қалды. Қалғанына 1990 жылдары белең алған қисық тіс, қысық көз қытайдың мүйіз саудасы жетті.
Киікпен бірге киікоты құрыды. Қазір Сарысу бойында киікоты өспейді. Киікпен бірге кетті. Марқұм əжемнің "Жарықтық киікоты-ай", - дейтіні осы кез еді...
...Əншейін, киікотын иіскегенде еске түсіп кеткені...

Ерлан Төлеутай

FB парақшасынан алынды

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602