Сенбі, 30 Қараша 2024
4394 0 пікір 1 Шілде, 2018 сағат 00:56

Депутаттар демалысқа кетті

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібінде бір ғана сұрақ. Ол алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті үшінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы.

Бірлескен отырыста Мәжіліс Төрағасы алтыншы сайланған Парламенттің үшінші сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңде өткенін айтып, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төраға болғанын, сондай-ақ, өткен жылы «ЭКСПО» халықаралық көрмесі ұйымдастырылғанын, Елордамызда Сирия жағдайы бойынша «Астана процесі» өтіп, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі келіссөздер алаңына айналғанына тоқталды.

«Осы барлық шаралар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық биік беделінің, ішкі және сыртқы саясаттағы ерен еңбегінің нақты көрсеткіші. Сонымен бірге, үшінші сессия кезінде елімізде тағы бір тарихи оқиға болды. Президентіміз осы Парламентте өзінің Бес әлеуметтік бастамасын жариялады. Бұл халқымыздың жағдайын күшейтуге арналған теңдесі жоқ, ерекше қадамдар. Депутаттарымыз осы бастамаларды заң жағынан қолдауға, әрине, белсене араласты. Елбасымыздың басқа да тапсырмаларын жоғары деңгейде, сапалы заңдармен қамтамасыз ету - Парламенттің осы сессиядағы ең негізгі, ең жауапты міндеті болды» - деді, Палата Спикері Н. Нығматулин.

Палата Төрағасы атап өткен санды мәліметтерге тоқталсақ, өткен сессияда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысында қос Палатаның 4 бірлескен отырысы, Мәжілістің 38, Сенаттың 25 жалпы отырыстары өтіп, онда 400-ге жуық маңызды мәселелер қаралған.

Үшінші сессия басталғанда екі Палатаның қарауында 129 заң жобасы болса, бүгінде олардың 84-і қабылданып, 65 заң жобасына Елбасының қолы қойылып, өз күшіне енген.

Маңызды заң жобаларының қатарында еліміздің басты қаржы құжаты республикалық бюджет туралы Заңды атап өту керек.

Осы Заңға депутаттар енгізген ұсыныстардың нәтижесінде – бюджеттің әлеуметтік бағыты одан әрі күшейтіліп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарына тиісті қаражаттар бөлінген.

Осы қатарда «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» және «Кедендік реттеу туралы» Кодекстер мен «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөнінде» Заңды, сондай-ақ, «Стандарттау туралы» және «Венчурлік қаржыландыру» туралы Заңдарды атап өтуге болады.

Парламент осы сессияда мемлекет құрылысын және азаматтық қоғамды дамыту бағытында «Қазақстан Халқы Ассамблеясы туралы» заңға, «Ақпарат және коммуникациялар» туралы, ал әлеуметтік - гуманитарлық бағытта «Тұрғын үй қатынастары мәселелері» және «Жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны мәселелеріне арналған тағы да көптеген Заңдарды қабылдады.

Ал Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру бойынша Парламент қабылдаған заңдардың ішінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің орны ерекше. Онда осы саладағы қатынастарды реттейтін барлық нормалар алғашқы рет бір ғана заңнамалық құжатқа жинақталып, жерді пайдаланушылар үшін де, инвесторлар үшін де қолайлы жасалған.

Н. Нығматулин Парламент өзінің негізгі міндеті саналатын заңдар шығарумен қатар, қоғамдық институттармен және халықпен өзара жұмыстарды да табысты жүзеге асырғанын айрықша атап өтті.

Осы ретте Парламентте 18 - үкімет сағаты, 6 - Парламенттік тыңдау, 27 - «дөңгелек үстел», комитеттердің 44 - көшпелі отырысы және 3 - халықаралық конференция ұйымдастырылды. Бұлардың барлығы маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды.

Осы жолда «Нұр Отан», «Ақ жол», «Халық коммунистері» парламенттік фракциялары және Қазақстан Халқы Ассамблеясының депутаттық тобы бірлесе жұмыс атқарды.

Алдағы сессияда да талқыланатын мәселелер, қабылданатын заңдар, бірлесіп атқаратын шаралар да өте көп екенін атап өткен Н. Нығматулин: -

Келесі, төртінші сессияда Парламент Елбасының Жолдауы мен Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға арналған жұмыстарды одан әрі жалғастыратын болады. Депутаттық корпус - Үкіметпен тығыз байланыс жасай отырып, отандық экономиканы күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға, елімізді одан әрі нығайтуға және демократияны дамытуға бағытталған заңдар қабылдайтын болады», - деді.

Қазіргі уақытта Парламент қарауында 45 заң жобасы, атап айтқанда, «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар» туралы, «Мемлекеттік статистика», «Мемлекеттік сатып алу» мәселелері жөніндегі және «Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу», «Кинематография» туралы заң жобалары бар.

Палата Спикері өз сөзінде депутаттардың заң шығару бастамашылығын, қоғамдық және халықаралық бағыттағы жұмыстарын, аймақтарға іс-сапарларын жан-жақты атап өтті.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы жаңа сессия басталғаннан кейін, қазан айында Астана қаласында «Инвестиция - Жастарға» деген халықаралық конференция ұйымдастыруға бастамашы болатынын айтып, бірлескен отырысқа қатысушыларды Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Халқымызда «Кемеге мінген, теңізге шығады»,-деген қанатты сөз бар. 20 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың депутаттар алдында жариялаған тарихи идеясы - бүгінде барша қазақстандықтардың мақтанышы болып табылады. Бүгін Астана – Елбасының ерен ерлігі. Бүгін Астана – Елбасының тарихи жеңісі. Бүгін Астана – Елбасының орындалған арманы», - деді.

Сөзін қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы сессия жұмысының нәтижесі Сенат пен Мәжілістің және Үкіметпен, барлық мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, ақпарат құралдарымен бірлесіп, атқарған елеулі еңбектерінің жемісі екенін айтып, алғысын жеткізді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1608
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3442
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6851