Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жалқы сұрақ 9670 18 пікір 23 Шілде, 2018 сағат 11:04

Гүлжан әже қазақтарды қаладан қумақ па?

Қазақтың маңдайалды ақыны Хамит Ерғалиевтің ерке қызы, белгілі қоғам қайраткері Гүлжан Ерғалиева тағы да бүйректен сирақ шығарды. Ол Денис Теннің мезгілсіз қазасына қатысты ойын айта келіп, Алматы қаласын бірнеше жыл жабық ұстау керектігін ұсынды.

"Шындықты жалаңаш шешініп тастап айтамын" деген желеумен лыпасын ыспырып, бейнероликке түсетін әжеміз бұ жолы тұрақты жұмысы мен тіркеуі жоқ азаматтарды Алматыдан қуып жіберу керек дейді.

Тұрақты жұмысы жоқ кімдер? Қазақтар! Тіркеуі жоқ ше? Тағы да ауылдан келген қазақтар!

Гүлжан әжей Алматыдан "жер аударылған" адамдарды "жергілікті әкімдер жұмыспен қамтып, тағдырына жауапкершілікпен қарау керек" деп көсемсиді. Жергілікті әкімдерде ондай мүмкіндік болса, қазіргіндей миграциялық дүмпу болмас еді. Бұл - бір.

Екіншіден, бұл кешегі мезгілсіз қазаға қарапайым ауылдан, шеттен келген қазақты тікелей айыпты деп кінәлау емес пе?

Үшіншіден, чемпионның қазасынан кейін неліктен ауылдан келіп қалалық болғалы жүрген миллиондаған қазақ жапа шегуі керек.

Төртіншіден, әжеміз айтып отырған "мемлекеттегі бақылаудан шығып кеткен миграцияны тоқтату" деген сөз қазақтың қалалық ұлт болуына тікелей қарсы болуды білдіреді.

Демек, орысша сөйлеп, орысша ойлайтын Гүлжандар ғана Алматы мен Астананы билеп-төстеуі керек те, қалғанымыз ауылға қайқаюымыз, олардың жақсы өмір сүруіне бөгет болмауымыз керек екен.

Алматының халқы екі миллион адамнан асып кетті деп "шырылдаған әжеміз" енді қазақтардың тууына қарсылық білдіретін шығар.

Түйін

Рас. Гүлжан әжеміз өз сөзінде қазақтар деген бір ауыз сөз айтпайды. Бірақ, сөздің ыңғайы, ымырасы - сол қазақтар екенін айтпай түсінуге болады. "Алматыны бірнеше жыл жабық қала ету идеясы" әжеміздің бет пердесін тағы бір ашып берді. 

Біз осындай өте-мөте ерекше ойлайтын әжелерімізден қашан ада болар екенбіз!

Нұршаш Нұрай

Abai.kz

 

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053