Сұлтанғазиннің есімі Қостанайдағы университетке берілетін болды
Ғылым Академиясы президенті Өмірзақ Сұлтанғазин және ғарышкер Тоқтар Әубәкіров
Қостанай топырағы облыстың ғана емес, бүкіл қазақ елін әлемге танытқан таланты ұл-қыздарынан кенде емес. Тек бір әттеген-айы солардың қадіріне жетіп, есімдерін әспеттеуге келгенде бөтендерден ұятты болған жайымыз бар. Атақты ғалым Манаш Қозыбаев бұл өмірден өткенде оның есімін есте қалдыру жөнінде ұзақ-сонар әңгіме етіп жүргенімізде, оны Солтүстік Қазақстан облысы иемденіп кетті. Қызылжарлықтар жедел қимылдап, елімізге белгілі осы академик ағамыздың атын пединститутқа беріп, қостанайлықтарға үлгі көрсетті.
Өңіріміздің мақтан тұтар ұлдарының бірі, атақты ғалым, кезінді елімізде ғана, бүкіл Одақта саусақпен санарлықтай математиктердің бірі Өмірзақ Сұлтанғазин өмірден өткенде де «ештеңе тындыра алмадық-ау» деген ой санамызды сан мәрте осқылап өткен-ді. Алайда «Ештен кеш жақсы» дегендей, жақында жақсы хабар есітіп, көңіліміздің бір серпіліп қалғанын жасыра алмадық. Өмірзақ Махмұтұлының есімі енді осында маңдайымызға біткен жалғыз Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетке берілетін болды.
- Университеттің ұжымы бізге Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімін беру туралы мәселені сонау 2015 жылы көтерген, - дейді аталмыш оқу орнының ректоры Еркін Әбіл бізбен болған әңгімесінде. - Ғалым кеңесінің арнайы отырысы да өтті. Енді жақында ғана осы мәселеде республикалық ономастика комиссиясынан қолдау таптық.
Алайда бір өкініштісі бұл қарқын кейін төмендеп қалған. Оған себеп, осы оқу орнының институттан университетке айналу жөніндегі заңдық құжаттарды әзірлеу секілді жұмыстың әсері еді.
- Енді бұл жұмысты одан әрі жандандырамыз, - дейді ректор. - Қазір біз Білім және ғылым министрлігімен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Амандық болса, атақты академиктің есімін беру жөніндегі мәселе де өзінің лайықты шешімін табатынына толық сенімдеміз.
Біз де осыған тілектеспіз.
Жайберген Болатов, Қостанай
Abai.kz