Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық 5815 2 пікір 6 Тамыз, 2018 сағат 08:24

Кино-саясат. Қазақ тарихына тағы да озбырлық жасалмай ма?

Қытайдың композиторы Си Синхайға 1999 жылы Алматы қаласының Бостандық ауданында көше аты беріліп, ескерткіші орнатылған.

Маусым айында Қытайға барған ресми сапарында Елбасы Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен бірге екі ел бірлесіп түсірген фильммен танысты. Сол кезде аталған фильмнің биыл күзде екі ел көрермендерінің назарына ұсынылатыны хабарланды.

Қос елдің басшысы қатар назар аударып отырған бұл қандай фильм? Негізі бұл жобаның қолға алынатыны жайлы өткен жылы айтылған. Түсінгеніміз осы фильм арқылы екі елдің ерекше достығын бейнелемекші көрінеді. Анығырақ айтқанда, қос композитор Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың достығын арқау еткен «Композитор» атты көркем фильм қыркүйек айында прокатқа шықпақ.

Си Синхай деп отырғанымыз Қытайдың танымал композиторы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тағдыр айдап Алматыға келген. Өзіне мүлде бейтаныс шаһарға тап болған Си Синхайды сол кезде қазақ радиосында қызмет істейтін белгілі композитор Бақытжан Байқадамов қамқорлығына алып, қонақжайлылық танытқан екен.

Жарайды, бұл үлкен жүректі өнер адамдарының шынайы достығы делік. Бір-бірінің тілін түсінбесе де ортақ тілдері музыка арқылы түсінісіп, өзара көмектескені адамгершіліктің алтын қазығы екені шын. Алайда, арада жетпіс жыл өткенде осы оқиғаға байланысты фильм түсіру тек қос музыканттың мызғымас достығына мадақ айту үшін ғана қажет пе? Тіпті, жоба идеясын ұсынған да Қытай тарапы болса керек. Сонау 2013 жылы 7 қыкүйекте Астанадағы Назарбаев университетінде студенттермен кездескен Си Цзиньпин екі композитордың достығы жайлы сөз қозғаған.

- Көне Жібек жолының бойындағы байырғы қала Алматыда Си Синхай атындағы көше бар. Адамдар осы көшені көргенде өткен ғасырдағы ұлы достық жайлы еске алады. 1942 жылы Қытайдың атақты композиторы Си Синхай сұрапыл соғыстың салдарынан Алматыға келеді. Сол кезде Байқадамов оны қанатының астына алып, үлкен мейір сыйлаған еді, - деген болатын Қытай төрағасы.

Біз талантты музыканттың елімізді пана тұтып келгенін де, оған арнап көше беріліп, ескерткіш тұрғызылғанын да жоққа шығармаймыз. Тіпті, Бақытжан Байқадамовпен ұлы достығына да шек келтірмейміз. Бұны Бақытжан атамыздың туған қызы растап отыр. Бірақ, бізді таңғалдыратыны өз елімізде көп айтылмайтын осы тарихи оқиға Қытай жұртының құлағына шалынып, оларды әсерлендіріп, кино түсіру ойына жетелегені болып тұр. Әрине, бұл оқиғаны сонша тылсымдандырып, шешілмес сыр етіп көрсетуден аулақпыз. Екі ел арасындағы кезекті саяси ойынның бір көрінісі деп қабылдауға әбден болады. Алайда, осы көрініс арқылы көргені көп көршіміз нені көздеп отыр екен?

Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің кейбір зеттеушілері Қытайдың Ли Бай деген ақынын қазақ екен деп айды аспанға шығарған болатын. Ал сол кезде Қытайдың кейбір оқығандары осы сөзді жоққа шығарып, ақынына таласудың орнына қазақ ғалымдарын қолдап шықты. Ли Байдың Шу өңірінде өмір сүргеніне сенетіндіктерін жеткізді. Бірақ, көзғарақты ғалымдар бұл жорамалды жоққа шығарып, Ли Бай шығармашылығындағы «Чу» мен қазақ даласындағы «Шудың» айырмасын көрсетіп берген. Қытайлар сол кезде Ли Байдың Шуға өлең арнағанын шындыққа шығарып, Жетісу жерін Қытайдың байырғы жұрты екенінің дәлелі ете қойғысы келген көрінеді.

Міне, біздің маңдайымызға жазылған «құдайы көршіміз» қазақ тарихына келгенде осындай озбырлық танытатын кездері бар. Онсыз да Балқашқа дейін біздің жер деп өңешін соза беретін Қытайлар осы фильм арқылы Си Синхай ескерткішінің қасына Си Цзиньпин бейнесін қатар орнатқысы келіп жүрмесе болғаны.

Си Синхайдың 113 жылдығына орай маусым айында Гуанчжоу қаласында өткен музыка мерекесіне ұйымдастырушылар Бақытжан Байқадамовтың қызы Балдырған Байқадамованы да шақырыпты.  Осы кешке қатысу үшін 73 жастан асқан Балдырған апай неше мың шақырым жолды артқа тастап Гуанчжоуға, сосын Си Синхайдың қызы Нинаны көру үшін Ханчжоуға барған. Осы сапарында жергілікті қытай тілшілеріне әкесі мен Си Синхайдың достығы жайлы ұзағынан әңгімелеп беріпті.

Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық «Shineworks Pictures» және «China film coproduction corporation» компаниялары бірлесіп түсірді. Фильмге жұмсалатын қаржыны қос тарап елу-елу пайыздан шығарды. «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Серік Жұбандықов фильмнің 80 пайызы Алматыда, ал жиырма пайызы Қытайда түсірілетінін, дегенмен монтаждау, компьютерлік графика жағымен қытай тарапы айналысатынын айтқан болатын.

Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған фильм арқылы Қазақстан-Қытай қатынасын жаңа өреге көтермек екенін жеткізді. Сонымен қатар Ресей, Қытай, АҚШ сияқты елдермен бірлесіп өнім шығару арқылы ұлттық киномызды халықаралық деңгейге шығаруды көздеп отырғанын айтқан еді министр.

Айта кетейік, аталмыш фильмнің режиссері – Шеризат Яқұб, қоюшы режиссері – Сәбит Құрманбеков. Олардан бөлек басты рөлдерді Ху Джун, Берік Айтжанов және Алтынай Нөгербек қатарлы актерлер сомдайды.

Мемлекеттің мәдени саладағы әр қадамына сын айтып, мін тағудан аулақпыз. Өткенде 2016 жылы аяқастынан футболдан Қытай құрамасымен жолдастық кездесу өткізгенін жазған едік. Жоқ жерден ұйымдастырылған осы матчтың да екі елдің достығын көрсету үшін ұйымдастырылғанын жазған болатынбыз. Енді халық түгіл өздері де сенбейтін «ұлы достығымызды» бір ғасыр бұрынғы оқиға арқылы тағы бір дәлелдемек болып отыр.

Қуаныш Қаппас

Арнайы Abai.kz үшін

 

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061