Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саяси портрет 17390 20 пікір 8 Тамыз, 2018 сағат 18:57

Батыр Жасұзақовқа обал болды-ау!

Кеше ғана еліміздің қорғаныс саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген сақа-маман Сәкен Жасұзақов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Ұзақ жылдар бойы еліміздің Қорғаныс саласында талмай тер төккен азамат енді еліміздегі жай ғана  бір университеттің  меңгерушісі лауазымын атқарады. 

Екі жыл Қорғаныс министрі болған Жасұзақовтың әскери саладағы тәжірибесі қандай еді? Жасұзақов деген кім?

Ол 21 жасында Алматыдағы жалпы әскери командалық училищесін бітірген. 1978-1987 жылдары Балтық бойы әскери округінде барлау взводының командирі, барлау ротасының командирі, жеке барлау батальоны штабының бастығы секілді қызмет баспалдағынан сатылай көтерілген азамат. Ауған соғысында "Қара майор" деген атпен бүкіл әлемді мойындатқан Борис Керімбаевтің қоластында жүріп, майданның өтін де көрген.

Жасұзақов 1990 жылы Мәскеудегі әскери академияны аяқтайды. Сосын төрт жыл қатарынан Алматы қаласындағы аудандық азаматтық қорғаныс штабы бастығы; ҚР Қорғаныс министрлігі штабының барлау бөлімінде аға офицер,  барлау басқармасының ғылыми-ақпарат бөлімінің бастығы болды.

1994 — 1996 жылдары Ресей Қарулы Күштері Бас штабы әскери академиясының тыңдаушысы, 1996 — 2000 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары сияқты лауазымды жұмыстарды абыроймен атқарды.

2000 жылдан бастап әскери құрама командирі болды.

Ал, 2016 жылдың қыркүйек айында ҚР Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалды.

Ол Министр болған тұста әскери гарнизондарда спорт кешендері, тұрғын үйлер мен жатақханалар салынды. Және біздің әскер далалық жерлерде жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден астам іс-шара өткізді.

Сонымен қатар, әскери бөлімшелердің мүмкіндіктерін іс жүзінде көрсету үшін жыл сайын әскери шерулер ұйымдастыру жұмысында ерекше көзге түсті.

Бақытбек Смағұлов, Ауған соғысының ардагері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы, Ауған соғысы ардагерлерінің ішінде бүгінгі таңда елдің, Елбасының сеніміне ие болып, Қазақстан Қарулы Күштерін басқарған генерал-полковник біреу. Ол – Сәкен Жасұзақов.

Екінші мәселе, ол қайдан шыңдалды? Сонау 1982-83 жылдары атақты "Қара мойордың" қарамағында барлау бөлімін басқарды. Штаб бастығы болды. Сол кездегі 177-арнайы жасақталған отрядтың ең сенімді барлаушы командирі ретінде көзге түсті. "Қара майордың" өзі шыңдап, мамандығын жақсы білгендіктен министр дәрежесіне дейін көтерілді. 

Мен Жасұзақовпен Қазақстан ардагерлері қауымдастығы сапында жүргенде, кейіннен түрлі әскери патриоттық саладағы жұмыстар кезінде істес болдым. Сонда ол кісінің нағыз іскер азамат екенін байқадым. 

Қазір Жасұзақовтың бастамасымен республикалық әскери партиоттық-спорттық клубтар федерациясы құрылған.

Оның министр болып тұрған  кезінде Қазақстан Қарулы күштері жаман болған жоқ деп айтуға толық хақымыз бар. Біздің әскер өзге мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекелесе білді.

Жалпы, саяси мәселеде  болсын, қауіпсіздік саласында болсын, бар күш-жігерін салды деп ойлаймын.

Қазір басқа мемлекеттерде әскери салада болмаған азаматтар да басшылық етіп жатыр ғой. Сондықтан, Ермекбаевтің қауіпсіздік саласындағы мол тәжірибесінен үміт күтемін. 

Солай бола тұра бірде-бір Ауған соғысына қатысқан ардагер Ертаев пен Жасұзақовтың деңгейіне жеткен жоқ. Сондықтан біз осы екі ағамыздың еңбегін бағалауымыз керек деп ойлаймын.

Біз, әрине, мемлекеттік деңгейдегі тағайындауға қарсылық танытып отырған жоқпыз. Сонда да, қызметінен кеткен адамның жақсылығын айту бізге парыз іспетті болаған соң, әскери ғылымдардың докторы, профессор,  полковник Ким Серікбаевқа хабарластық.

Ким Серікбаев, әскери ғылымдар докторы, профессор, полковник:

- Жоқ, ол туралы пікір айтпаймын. Білем, бірақ айтпаймын. Ол саясат қой. Қазір орнынан босап қалды. Болмайды.

Түйін

Мемлекеттің қорғаныс саласы мықты маманның қолында болуы керек. Себебі, cоңғы жылдардағы әлемдегі ахуалдар бұл саланы жіті қадағалау керектігін әйгіледі. Енді барлық жүк Нұрлан Ермекбаевбаевтің мойнында. Біздің ішкі ойымыз "Жасұзақов Иманғали Тасмағамбетовтің кезіндегідей министрдің орынбасары лауазымында қалса да болар ма еді?" дейді.

Сіз не дейсіз?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048