Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 6720 10 пікір 10 Тамыз, 2018 сағат 09:04

Еліміздегі «қара полковниктердің» қара ниеті

Пайдакүнемдік мақсатты көздеп, адамды әбден әуреге салып, жазықсыз қаматуды көздеген төмендегі оқиғаның жуан ортасында құқығымызды қорғайды, заңның сақталуын қадағалайды деген Ішкі істер министрлігінің екі бірдей полковнигі жүргендігі адамның тұла бойын түршіктіреді.

Әңгімені басынан басталық. Гүлнәр Құралова есімді келіншек (барлық кейіпкерлердің есімдері белгілі себеппен өзгертіліп алынды) өте іскер, жаңа заманға икемді, алымды жан екен. Түсімді бизнеспен айналысып, дәмхана да, стоматология да т.б. ашқан. Табысының молдығының арқасында Астанадағы Әл-Фараби шағын ауданындағы VIP учаскелерден бір емес, екі коттедж салдырған, тағы бір жер учаскесі де бар. Күйеуі М.Ақмаров полиция полковнигі болып, Астананың Ішкі істер департаментінде істеп  тұрғанда бұлардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еді...

Бірақ араға сайтан кіруі оңай ғой, Марат аяқ астынан әйелімен ажырасып, 2006 жылдан бері онымен некелерін сот арқылы сырттай бұзады. Бұл істі әйеліне білдірмейді. Екеуінің ортақ балалары жоқ, Гүлнәрдің бұрынғы күйеуінен бір баласы бар (Біздің соттарымыз да заң бұзуға бейім ғой, әйтпесе көзі тірі әйелін процесске шақыруы керек еді...). Осының өзінен жігіттің жаман ойлы екені көрініп тұр, өйткені ол әйелімен 2013 жылға дейін заң бойынша ажырасқанын айтпай, бірге тұра берген. Сондағы мақсаты - әйелінің барлық байлығын иемденіп кетудің амалы екен. Мақсатына жету үшін оның бизнесті жүргізу барысында заңды айналып өткен кейбір әрекеттерін алаяқтық деп сотқа беріп, оны түрмеге қаматуды көздейді. Бұл іске өзінің досы Қ.Бақыров деген полковникті де тартып, екеулеп отырып, бұрынғы әйелін әйтеуір темір тордың ар жағынан шығаруға тырысады.

Жуырда Астананың Сарыарқа аудандық сотында осы іске байланысты сот болып, ол екі айға созылды.

Гүлнәрға тағылған алғашқы айып - «ТұранӘлембанктен» жоғарыда аталған бір коттеджді кепілге қойып алған несие. Бизнесін жандандыра түсу үшін іскер адамдардың банктерден несие алуы заңды. Гүлнәр де сондай несиеге мұқтаж болады. Алайда біздің банктеріміз де қызық қой, бизнес жүргізуге тікелей, үлкен сомадағы несие бере алмайды. Бірақ ондағылар да адамдар, клиенттерін жоғалтпас үшін несие алудың заңды бұзбай, айналып өтетін жолдарын өздері айтып береді. Гүлнәрға да коттеджіңіздің бірін сенімді адамға сатқан болыңыз, ал біз оны кепілге қойып, сатып алушының атына қалған соманы ипотекалық несие ретінде берейік, ал ақшаны өзіңіз аласыз ғой деген кеңес береді. Бұл кеңес Гүлнәрға ұнай кетіп, ол өзінің үй қызметшісі А.Сақпаева деген әйелге үйін «сатып», одан алғашқы жарнасы 14 040 000 теңгені «алған болып»,  аталмыш банктен 32 760 000 теңге несие алады. Бұл қаражатты өзінің мақсатына жұмсайды, ал несиені өсімімен ай сайын төлеп тұрады.

Бұл оқиға 2005 жылы болып, келесі 2006 жылы мұндай ақшаны өңі түгіл түсінде көрмеген Сақпаеваға жал бітіп, Гүлнәрмен ат құйрығын кесіп, менің 14 млн. теңге ақшамды қайтар деген жала жауып, осы сотта жапа шегуші ретінде қатысты. Бұл жерде жоғарыда айтылған «қара ниетті полковниктердің» ықпалы болған сияқты. Әйтпесе бұл оқиға азаматтың іс ретінде сол жылдарда-ақ қаралып, мәселе шешілген екен. Енді сол іс Гүлнәрді алаяқ, «Тұранәлембанкты» алдап несие алды, Сақпаеваны алдап 14 млн. теңгесін бермей кетті деген айып болып, солардың ықпалымен қылмыстық істің бірінші эпизодына айналған.

Бірақ істі қараған судья В.Семенова өзінің біліктілігін көрсетіп, жаланы көп тергеуден кейін айпара етіп, әшкереледі. Сақпаеваның қарапайым жұмыс істейтін адам екенін білген соң ол: 14 млн теңгені қайдан алдыңыз дегенде анау айта алмай, 1-2 адамнан қарыз алғанын айтқанда сот оларды да шақыртып, ақша бергені туралы қолхатты талап етіп, ақыры бәрінің де өтіріктерін жария қылды. Сөйтіп бұл эпизодтан Гүлнәр таза шықты. Тіпті айыптау қорытындысын әкелген прокурордың өзі бұл айыптың негізсіз екенін мойындады. Банк те несиенің төленіп келе жатқанын айтып, айыптауға негіз жоқтығын білдірді.

Бірақ осы жаланың өзі айыпталушының қаншама жүйкесін тоздырып, түн ұйқысын бұздырып, ит әлекке салғанын түсінуге болады. Екі айдан артық уақытта созылған процесс барысында Гүлнәрдің қатты жүдеп, азып кеткенін көруге болатын.    

Екінші айып осы VIP қалашықтағы №1 участокқа қатысты. Бұл дүние Гүлнардың әкесінің атында екен. Отбасы осы участокты сату керек деп шешкенде алушыны күйеу бала М.Ақмаров іздеп табады. Оны Талабеков деген азамат сатып алмақ болып 13 млн. теңге төлейді. Сөйтсе, қу күйеу бала сатылған жердің үстінен тағы да 100 мың доллар таппақ болып, Талабековты осы сомаға өзіне қарыздар етіпті. Мұны естіген Талабековтың әйелі мәміледен күйеуін бас тартқызып, ал Ақмаровтан төленген 13 млн. теңгені қайтаруды талап етеді. Ол бере алмағанда Ішкі істер департаментінің қауіпсіздік қызметіне шағымданып, ақыры участокты өзінің досы Бақыровқа бермек болып, соның ақшасымен Талабековтан құтылады. Ал Бақыровтың өзіне Гүлнәрдің коттеджінде уақытша тұруға рұқсат береді. Өйткені, бұл кезде Гүлнәрдің өзі бизнесіне байланысты Алматыға баласының қасына ауысқан, ал күйеуінің қызметтен алған басқа пәтері болған. «Уақытша тұрады» деген Бақыровтың отбасы тамаша коттеджде содан бері 10 жыл тұрып келеді екен. Ол үйдің иесіне түк те төлемеген, ол түгіл Гүлнәрдің туысы Серіктің осы участокқа қосымша салған коттедждін де түрлі жолмен легализациядан өткізіп, иеленіп алған. Әрине, үйдің ақшасын төлемеген соң Бақыровпен арада кикілжің болып, ол ешқандай ақша төлемей, ал участок үшін төлеген ақшасын талап етіп, ақыры сотқа жүгініп, 2010 жылы сот шешімімен Гүлнәр оның 18 млн. теңге ақшасын қайтарады. Бұл туралы соттың үкімінде былай делінген: «Из материалов уголовного дела усматривается, что 19 февраля 2010 года по судебному приказу взыскано с подсудимой в пользу Бакирова К.А. 18 000 000 тенге (том 1 л.д. 10, 22, 68)». Соған қарамай полковник Бақыровтың Гүлнәрді «маған қарыз, алдап кетті» деп отырғаны қандай бетсіз жала екенін көре беріңіз.  

Ал жер учаскесін Гүлнәр Е.Сыздықов деген азаматқа 24 млн. теңгеге сатқан.

Осы жерде М.Ақмаровтың Бақыровты «бірге өскен досым, әйелі онкологиялық сырқатқа шалдыққан, коттеджде уақытша тұра тұрсын» дегені алдау сияқты, өйткені ол мерзімнің 10 жылға созылғаны күмән тудырады. Іс жүзінде екі полковниктің өзара келісіп, үйді заңды иесінің сыртынан иемденіп, бір-біріне келіскен ақысын төлеп, ал ақы иесін алаяқ деп соттатып жіберуді көздегені сезіліп тұр.

Гүлнәрді алаяқ деп айыптауды күшейту үшін бұрынғы күйеуі М.Ақмаров айыптау қағазында: «менен 2011-2012  жылдары 40 мың доллар алып, қайтармай қойды» деген айып таққан. Бұл кезде екеуі ажыраспаған, бірге тұрады. Бір үйде бірге тұрған ерлі-зайыпты адамдар бір-біріне ақша беріп, оны бергені алғанынан сот арқылы талап етуінің өзі ақылға қонымсыз екені көрініп тұр. Заңға жүгінсек бергені туралы тіпті ешқандай дәлел де жоқ... Бірақ соны полковник аузы-мұрны қисаймай, жариялап тұр. Содан-ақ бұл адамның қандай әрекеттен болса да бас тартпайтынын көре беріңіз. Сонымен бірге Әл-Фарабидегі коттеджді Бақыров 530 мың долларға сатып алған деуі де ақылға қонымсыз мәлімдеме. Осынша қаражатқа сатылған болса сатып алу келісімшарты болмас па еді, ол сотта көрсетілмес пе еді? Сондықтан бұл адамның ар-иманнан ада екенін тануға болады.

Осынау қылмысты істі қараған әділсот ақыры: «Суд приходит к выводу о необходимости признать подсудимую невиновной и оправдать её за отсутствием состава преступления» деген шешім шығарды. Тіпті бұл істің қылмыстық та емес азаматтық іс екені де айтылды. Оны қылмыстық іске айналдырып, Гүлнәрді «алаяқтықты» жазалайтын баппен көп жылға түрмеге қаматуды көздеген «қара ниет полковниктердің» ісі екені даусыз. Мұндайлар өздері қаражат табуға икемсіз болса да жазықсыз адамдарды осылай қаматып, табыс табуға үйренген сияқты. Біздің қоғамға алдымен осындайлардың қараниеттерін құрықтау керек.

Ж.Қуандық, журналист

Abai.kz

 

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057