Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 7580 40 пікір 15 Тамыз, 2018 сағат 13:08

Лавров бұ ертегісін кімге айтып отыр?

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров тағы да бүйректен сирақ шығарды. АҚШ санкциялары Астана үдерісіне қарсы бағытталған деген мәлімдеме жасап, сонау қаңтардағы күн тәртібіндегі мәселе мен дәл бүгінгі санкциялар соққысын бір-бірімен қабыстырып жіберді. 

Лавровтың ойынша, АҚШ санкциялар арқылы Астанада өткен Сирия қақтығысын реттеу туралы келіссөзге кедергі жасамақ көрінеді. Ойбой-ау, сонда бұл келіссөздерге кедергі жасау үшін Трамп билігі алты ай ойланып,  жеті ай толғанып па?

Яғни, "АҚШ-тың Ресей, Түркия және Иранға жаңа шектеулер енгізуі Астана келіссөзін елеулі нәтижеге жеткізбейді" деп сәуегейсу күлкілі. "Батыс елдері бұл туралы тікелей айтпайды" деп Ресей билігінің саясатын ақтап алмақ болған Лавровтың ойлағаны не?

Ресей Сыртқы істер министрі "Ресей, Түркия және Иран Сирияға қатысты ұстанымдары сәйкес болмаса да, олар бұл мәселені  шешуде үлкен қадамдарға бара алатынын көрсетті. Бұл  Сириядағы қақтығыстың шешілуіне айтарлықтай әсер етті", - дей келіп, "бұл АҚШ-қа ұнамайды, сондықтан да санкцияның астында қалып отырмыз" дегенді меңзегісі келетіндей.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 23-24 қаңтар күндері Астанада Сирия келіссөзіне қатысты жиын өткен болатын. Кейбір сарапшылар ол кездесуді “Женеважағы негізгі келіссөздерді жандандыруы мүмкін” деп бағалаған. Астана келіссөзі қазақ елінің геосаясаттағы орнын белгілеп, бейбіт ел миссиясын атқаруына мүмкіндік туғызған еді.

Ал, АҚШ-тың соңғы аптадағы санкциялары Ресейдің сыртқы саясатына қарсы бағытталып  отыр.

Таратып айтар болсақ, кеше ғана АҚШ "Кремль агрессиясынан Америка қауіпсіздігін қорғау туралы заң" деп аталатын құжат қабылдады. Бұл заң АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей лидері Владимир Путинмен 16 шілдеде Хельсинкиде кездесуінен кейін әзірленген.

Заң жобасында Құрама Штаттар 1940 жылы қабылданған Совет Одағының Балтық елдерін аннексиялауын мойындамау жөніндегі декларация үлгісі бойынша Ресейдің Қырым аннексиясын мойындамайтыны айтылған. Сонымен бірге құжат АҚШ президенті әкімшілігіне елдің НАТО құрамынан шығуына бағытталған қадамдар жасауына тыйым салады.

Заң жобасының бөлек тарауларында химиялық қару қолданғаны үшін (Британияның Солсбери қаласында Сергей және Юлия Скрипальдың улануына қатысты), кибершабуыл және 2016 жылы АҚШ президенті сайлауына араласқаны үшін Ресейге жауапкершілік жүктеледі. Мұнда сонымен бірге Ресейдің Сирияда әскери қылмыс жасауы мүмкіндігі де айтылған.

Құжатта ол қабылданғаннан кейін, 180 күн ішінде АҚШ президенті "Ресей президенті Владимир Путиннің мүддесі үшін заңсыз және коррупциялық әрекетке барып жатқан саясаткерлер мен олигархтарға және Путинмен байланысы бар адамдар мен ұйымдарға қарсы санкциялар енгізілуі тиіс.

Енді қараңыз, АҚШ-тың өзі  санкцияларды не үшін салғанын заңмен шегелеп көрсетіп беріп отырған жоқ па? Оны тек Астана келіссөзіне байлап, көгендеп тастауға болмайды. Ресейдің кесірінен Қазақстан да экономикалық тұрғыда соққы алып жатыр. Лавров мұны біле тұра неге мәселенің тонын айналдыра қойды екен?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

40 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1445
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5204