Сенбі, 23 Қараша 2024
Ғибырат 5465 1 пікір 20 Тамыз, 2018 сағат 10:17

Құрбандық қалай шалынады?

Ертең қасиетті Құрбан айт мерекесі. Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Құрбан айт барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Ол ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Мұсылман жұртшылығы үшін мәні зор мереке алдында Құрбан айт құтты болсын дей отырып, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан құрбан шалу тәртібі жайлы қысқаша сөз етеміз.

Ұлық мейрамды ресми, мемлекеттік деңгейде атап өту қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін болды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылы 30 желтоқсанда қол қойған, «Еңбек туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып табылады. Құрбан айт мерекесінің мән-маңызына және оны дұрыс атап өтудің жөн-жосығына тоқталсақ. Құрбан айт мерекесі адамдардың бірі-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн. Сонымен қатар, адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақырады.

Тілімізге еніп кеткен «құрбан» сөзі араб тілінде – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасы: Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Басқаша айтқанда, жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді.

Құрбандық шалу. Бұл күні шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат - құрбандық шалынады. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан бұл құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады.

Ал құрбандық шалу төмендегідей төрт шартқа ие жандарға уәжіп болады: Мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Нисап мөлшері- 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Ерекше айта кетерлігі, кез-келген мал құрбандыққа жарай бермейді. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болу қажет: Құрбандыққа 5 жасар түйе, 2 жасар сиыр, 1 жасар қой-ешкінің еркегі де, ұрғашысы да шалынады.  Мал ақсақ-тоқсақ, арық, соқыр, құлағы жоқ болмауы керек. Айтпақшы, мүйізі де бүтін болған шарт. Разылыққа жету үшін дұрыс мал сойылуы тиіс. Енді осыны тарқатып айтар болсақ:

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді және тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз.

Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет.

Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады. Және біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек.

Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апарып, малды құбылаға қаратып сол жағымен жатқызады. Мал бауыздалмай тұрып аят оқылады. Аят білмесеңіз, дұға оқуға болады. Оқып болған соң «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһаиллаллаһ» деп малды абайлап бауыздайды. «Абайлап» дегеніміз пышақты жалаңдатпай, мадың көзінше пышақ қайрамайды. Оң қолмен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Малдың жаны шығып болғанға дейін оның терісін сыпырмайды және қаны толық ағып біткенін күтеді. Құрбан шалғанға дейін де, кейін де сол жер таза болуы тиіс.

Құрбандық шалу ғибадаты Алла Тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді.

Құрбандық шалушы бай болсын, кедей болсын өзінің құрбандығының етін жеуіне болады. Малдың еті үш бөлікке бөліп таратылады. 1- туыстарға, көршілерге.  2 – мұқтаж жандарға. 3- өз бала-шағасына. Дегенмен малдың етін кедей-мұқтаждарға таратып беруіне болады. Барынша ысырап жасамауға тырысып, құрбандықтың ішек-қарнына дейін пайдаға жаратуға тырысу керек. Ең абзалы малдың етінен бөлек мүшелерін сатып ақшасын мұқтаж жандарға беру.

Бүгінгі мынау әділдік пен адалдық азайып, мейірімділіктің мөлдір бұлағы тартыла бастаған қоғамда Құрбан айт сынды ұлық мереке бүгінгі ұрпаққа ұлылар салған жолды нұсқаса екен дейміз. Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етсін!

Мәліметтер Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтынан алынды.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443