Жұма, 22 Қараша 2024
Тарих 7800 16 пікір 28 Тамыз, 2018 сағат 11:13

Ли Бо қытай ма, қырғыз ба, қазақ па?

Қазақ  тілінде  Елібай, бүкіл әлемге Ли Бо есімімен танылған, шығыстағы көрші  қытай  елі Ли Бай  немесе  «Періште  ақын» атап  аса  құрметпен  дәріптейтін  ұлы  ақынның  өмірі  Түркі  дәуірімен, сондай-ақ, түркінің  бір  бұтағы  қазақ ұлтының  тарихымен  етене  тығыз  байланысты  екені зерттеліп  анықталды. Енді  сөзіміз  түсінікті  болу үшін  әңгіменің  басын  Түркі дәуірінен  бастайық....

«Түркі» сөзі қытай  жылнамаларында  ең  алғаш  б.з. 542 жылынан бастап  таңбаланып келеді. Ал, «Түркілер кім болады?» десеңіз, кішкене артқа  шегінуге  тура  келеді, яғни,  даңқты  Тұмар патшайым жайлы  аңызбен, Есік  қорғанынан  табылған  «Алтын  адам» т.б. көптеген  археологиялық  деректерді  қалдырған, біздің түп-тегіміз болатын – Сақтар, одан  кейін  тарихта Еуразияны  дүр сілкіндіріп Мөде, Аттила есімді  қолбасшыларымен  әйгілі болған – Ғұндардың, бері  келе  Үйсін  елінің  тікелей  мұрагерлері.

Сөйтіп, б.з. 552 жылы  Орталық  Азия  аумағын  мекендеуші  дулулардың  басшысы  Ағын  шадтың  ұлы  Бумын  көктүріктерді  бастап  жужан (аварлар)  қағаны Анағұйға қарсы азаттық  күресін  бастайды. Нәтижесінде  жужандар  жеңіліп, масқаралыққа  шыдамаған  қағаны өзін-өзі  өлтіреді. Бумыннан  кейін  Қара Ыссық, одан  Мұқан қаған таққа  отырысымен әкесінің інісі  Істемиді тақ  мұрагері жариялап, оған жабғу лауазымын береді, бұл уақыттарда түркі  патшалығының  дәуірлеп  гүлденген  кезеңі болатын. Содан, б.з. VІ ғасырында тарих сахнасына шыққан Түрік қағанаты – Ғұндардан  кейінгі  көшпенді  түркі  руларының басын біріктірген екінші мемлекет еді. Міне, біздің арғы  бабаларымыз ежелгі түркілер  құрған осы бір алып  империя  шығысында  Қытаймен, оңтүстігінде  Парсы жерімен, ал батысында Рим империясының  шығыс бөлігі Византиямен шектесіп  жатты.

Б.з. 603 жылы  мемлекет екіге, Шығыс және Батыс болып  бөлінгенде  Істемидің  қарамағындағы  батыс  бөлігі «Он  оқ  елі» аталып, құрамы  бес нушиби,  бес дулу тайпаларынан  тұрды. Енді,  аталмыш осынау Ұлы  қағанаттың  біз  сөз  етіп  отырған  мақаламыздағы  негізгі  өзегі, ақынымыз Елібайға – (Ли Бай)  қалай  қатысы бар екеніне тоқталып  өтейік, ол  былай болған  еді: Ежелгі  дәуірден бергі  шығыстағы  көршіміз  Қытайда жүріп «Жыр періштесі» аталған Елібайдың  бесінші  атасы  осынау Түрік  қағанатының  құрамындағы  16 ханның  бірі  болған екен. Ол өзі  701 жылы  Шу өзенінің оңтүстік  жағасындағы  Суяб қаласында өзі  би, өзі бай  көпестің  шаңырағында  дүниеге келіп, ол бес жасқа  толғанда ата – анасы  қытайдың  Сычуань провинциясына қоныс аударған. Ал,  оның  туған  елді  мекені  туралы  «Қазақстан» ұлттық  энциклопедиясында (8 – том, 89 бет) Суяб қаласының  орны  Қырғызстанның  Тоқмақ  қаласынан оңтүстік – батысқа  қарай  8 шақырым  жердегі Шу  өзенінің  оңтүстік  жағасындағы көне  Ақбешім қала жұрты  екені  дәлелденді -  деген, мәліметтер  келтірілген.

Енді  тарихи деректерге  кезек  берер  болсақ, құрылған  сәтінен  бергі  бесінші  ханы  Тун  Шегудың  заманында  осы  мемлекеттік  бірлестік  атағы  дүркіреп,  шарықтау  шегіне  көтерілген  болатын. Бұны  сырттай  бақылап  отырған көрші  Қытайдың  саясаткерлері  өздерінің  үйреншікті  әдісі  «іштен  іріту  саясатын»  іске  қосады. Қағанды  ерекше  ықласпен  ішке  тартып, тай – тай жібек, түрлі  қымбат  сыйлықтар  мен  әйелдікке  қыздарын  беріп,  сеніміне  кірген  соң,  Шығыс  Түрік  қағаны  Хелиге  айдап  салады,  ол  аз  десеңіз жалғасын  тапқан  бұл  сұрқия  саясат  осындай  ішкі  қырқыстың  кезекті  құрбаны  Ашина  Хелуге тұтқындалуына  дейін тоқталмады. Нәтижесінде, енді  бос  қалған таққа  Тан  мемлекетіне  қалтқысыз  берілген  Ашина  руынан  шыққан  қуыршақ  қағандарды  билікке  отырғызуды  бастайды. Олардың  бәрі  бар  болмысымен  қытайланып  кеткен  аты  түрік,  заты  қытайланған   екіжүзділер  еді. Өстіп,  тарихта  күңгірт  кезең  басталып  Батыс  Түрік  қағанаты  Қытайдың  Таң  империясының  ықпалына  түсті. Бұл  үрдіс  біздің  жыл  санауымыздан  бұрынғы  дәуірден  басталған,  кезіндегі  Хуанхе  өзені  алқабындағы  көптеген  руларды күшейіп  алып  өзіне  бағындырған  Қытайлардың ата  тәсілі  болатын. Мәселен, сол  замандарда  аман  қалғаны – Монғолдардың  арғы  атасы  Дун –хулар, Тибеттіктердің  арғы  тегі «батыстағы  цяндар»  мен  Түркілердің бабасы  Ғұндар ғана. Ал,  аталмыш  кезеңдегі -  «оңтүстік  тағылар»  атанған  Сычуаньның,  Юннан  мен  Шығыс  Қытайдың  орман – тоғайы  мен  тауларындағы  біршама  рулар  құртылып – жойылып, аман  қалғандары  тегін  жоғалтып  қытайланып  кеткен – ді.

Бірақ түркілердің дербестікке, азаттыққа  деген  ұмтылыс  күрестері,  көтерілістері  үздіксіз  болып  тұрды. Соңғы бір  болған  көтерілісте  Үшлік  көсем  бастаған  түркеш  тайпасы  қытайларды ойсырата жеңіп, биліктен  айырылған  Батыс  Түрік  қағанатының  жұртында,  яғни  б.з. 704 жылы тәуелсіз  Түркеш  қағанатын  құрады. Тап  осы    кезде  тарих  сахнасына  шыққан  Үшлік,  Хысрау  Бөрі  шадтың  қарамағында  Баға – тархан  қызметін атқаратын. Осы мезет  Шығыс  Түрік  қағаны  Қапаған  тосыннан  шабуыл  жасап, оған  төтеп  бере  алмаған  қытай  билігі кезінде  жоғары  лауазым  иесі  болған  Хысрау Бөрі  шад  пен  сол  секілді біршама әкімдер  өздерімен  бірге  билігіндегі 60 – 70 мың  адаммен  шығысқа  үдере  көшіп  қоныс  аударып  бас  сауғалайды. Осы  сәтті  шебер  пайдаланған  Үшлік  мемлекет орталығы  Суябты, басып  алып,  одан  әрі  Шаш,  Турфан  мен  Бесбалықты дейінгі  бұрынғы  Батыс  Түрік  қағанатының  барлық  жерелерін  өз  билігіне  қаратады.  Бұндағы  біздің  айтпағымыз Елібайдың  әкесі  Алқа  бидің  отбасымен  бірге  VІІІ ғасырдың  басында шекара асып Сычуань  провинциясына  келіп  орналасуы  осынау бір дүрбелең кезеңдегі тарихи  оқиғамен  байланысты  болар  деп шамалаймыз,  оған  дәлел  Ли  Боның  701 жылы  дүниеге  келіп, бес  жасында  шекара  асуы. Осы  арада аталмыш Ли Бо (Елібай) туралы  зерттеуімізге, орыс  тілінде  жарық  көрген  кейінгі кітаптардан  үзінді  келтіре  кетуді  де  жөн  көріп  отырмын: «... в  пятилетнем  возрасте  он  приехал  туда  с  родителями  из  города  Суяб  в  тюркском  каганате на  юго – западной  границе  Китая, где  сегодня  лежит  киргизский г. Токмак  на  берегах  реки Чу»  (Ли  Бо.  Пейзаж  души. СПб. 2005, 9 - бет).  Егерде  Қырғызстанның  Тоқмақ  қаласында  туылса, біздің  ой – санамызда   «онда ол қырғыз  болуы  мүмкін – ау?» деген  сұрақтың  көлденеңдеп  шыға  келуі  заңды  құбылыс. Бірақ  оған  айтар  жауабымыз:  «Суяб – Қазақстан  жеріндегі іргесі  V – VІ ғасырларда  қаланған  көне қала. Қала  төрт  ғасыр  бойы  ерте  орта  ғасырдағы  үш  мемлекеттің: Батыс  Түрік,  Түргеш, Қарлұқ  қағандығының  астанасы  болды» деген  мәлімет «Ежелгі Қазақстан» (Аруна, 2004) энциклопедиясында  нақты  берілген. Оған қоса  айтарымыз бұл  өңірдің Батыс  Түрік  қағанаты  кезіндегі  этникалық  құрамында  да  «қырғыз» атауы  кездеспейді. Оған  тарихшы  З. Қинаятұлының  «Қырғыздар  ХІV ғасырдың  аяғына  дейін  Абакан,  Батыс  Монғолиядан  бері  аспаған» деген, зерттеу  пікірін қосымша  келтірер  болсақ   «қырғыз»  атауы  жайлы  сұрағыңыз  бұл  арада  өздігінен – ақ  айналымнан  түсіп  қалады.

Сөйтіп,  тағдырдың  тәлейімен  бес  жасында  атажұрттан  қоныс  аударған  Ли  Бо (Елібай)  зеректігі  мен  дарындылығының  арқасында  бөтен  елдің  тілін  тез  және жатық  меңгерумен  бірге, жазу – сызуды  да  өз  бетінше  үйінде  үйреніп, он  жасынан  бастап – ақ  естігенді  елең  еткізетін,  әсерлі  де  өрнекті  өлеңдер  жазған. Айналасындағыларды  таңдай  қақтырумен  қатар  есімі  көпке  мәшһүр  бола  бастаған  талантты  жас өзімен  бірге  өлең  жазудың  өзгеше бір  өрнегін (стилін) де ала  келді. Ақынның  қытай жұртының өлең  жанрына  енгізген  жаңалығы  жайында зерттеуші Н.Т. Федоренконың «Китайская классическая поэзия. Эпоха  Тан» (М., 1956) кітабының  13 – бетінде «Өзіне дейінгі  кең  тараған  қатарлас  сөздерді  қайталау  әдісінен  бас  тартып,  Ли  Бо (Елібай)  төрт  жолдық  және  жеті  буындық  өлең  жазу өрнегінде  бөлекше  шеберлікке  қол  жеткізді»  деп  атап  көрсетілген.

«Жыр  періштесінің» Қытай  жұртын  таң  қалдырған  тағы  бір  атап  өтерлік  ерешелігі – оның  суырып  салма  ақындығы  мен дастандарды  жатқа  айта білуі. Ал,  өлеңді  суырып  салып  шығару, хисса дастандарды  таңнан таңға  айту үрдісі,  тек  қазақ  ақындарына   ғана  тән  қасиет  екендігі және  де  ежелден  келе  жатқан  далалық жыр  өнерінің  дәстүрлі  жалғасының  айшықты  белгісі болып  табылатыны  баршамызға  аян.  Ақынның  өлеңдері  ойының  ұшқырлығымен,  сезімінің  тұнықтығымен, сөз  тіркестерінің  үйлесімділігімен  және  бейнелік  дәлдігімен  оқыған  адамды бірден  елітіп  тәтті  қиял  мен   ерекше  әсерге  бөлейді. Бойы  биік  алып  тұлғалы  Елібай  ақындық  қасиетімен  қоса  өз  заманындағы  қылыштасу  өнерінің  асқан  шебері  болған. Содан  болар  жауынгер  түркінің  ұрпағы  тегіне  тартып  қынындағы  семсерін  ешқашан  белінен  тастамаған  екен.

Сондай-ақ,  оның  бойындағы  билікке мойынсынбаушылық, салдық,  серілік  пен  еркіндік  сүйгіштік, жауынгерлік  мінездердің  әркез  байқалып  тұратындығы,  оның  көзқарасының  көшпенділер  дүниетанымымен  сәйкес  келетіндігі,  тегінің  түркі, оның  ішінде  қазақ екендігінің  бірден – бір  дәлелі  деп  айтуымызға  толық  негіз  бар. Тағы бір ерекше  тоқтала  кететін  жағдай: «Елібай (Ли Бо) ақынды  еш  жерде  де, еш  уақытта  да Қытайдың  өз  халқының  ұрпағы  деп  айтпаған  және  айтпайды  да  екен» Елібай  кітабы, Алматы «ҚазАқпарат» 2009.  5 – бет. Және  де «Періште  ақынның» император  сарайында  болғанда  шығарған  өлеңіне  көңіл аударсаңыз:

Шын ниетпен  адал  болам  патшаға, Бар  қиындық  жолда  үйіліп  жатса да.

Сіңбе демей,  маған  сенім  артты  ол, Болсам – дағы  арам  шөптей  бақшада.

Аударған:  Асқанбай  Ерғожа

Мінекей, ақын өз  өлеңі  арқылы  сол  қоғамдағы  жеке  өмірінің  бейнесін  төрт  жол  өлеңмен  жетесіне  жеткізе  сипаттап  айтып  тұр. Ащы  шындықты  біздің  де,  басқалардың  да мойындамасқа  шарамыз  жоқ. Елібайдың (Ли  Бо) тағы  бір  басқалардан  бөліп  тұратын  өзгеше  қыры – оның  жиһанкездігі, себебі,  Сычуаньнан  25 жасында  сапарға  шыққан  ол, 725 -742 жылдары  аралығында – қазіргі  Хубей, Цзянсу, Шаньси,  Шаньдун,  Аньхуей, Чжзцзян провинциялары  аймағын  түгелдей  аралап  шыққан.  Ел аралау  кезінде  өзі  шебер  музыкант, шешендігімен  қоса, жақсы  каллиграф, тамаша  қылышкер  бола білген  дарынды  «Жыр  періштесі» халық  арасында  сөз  зерегері  бола  білген  ақындық қасиеттің даралық  бейнесі  жайлы  жаңа  көзқарас  пен  бұрынғыдан  өзгеше  таным  түсінікті  де  қалыптастыра  білді.

Адам  жанының  көңіл – күйін, жүректің  қыл  сезімін  дөп  басып  тани білетін  талантты  ақын – ғалымдар  мен  ақындардың, монахтар  мен  шаруалардың  т. б. бұқараның  сүйікті  де  құрметті  адамына  айналды.Оның  шығармашылық  еңбектерінің  негізгі  тіні – жаһандағы  сұлулық  пен  нәзіктік  атаулыны  жандүниеңмен  сезіне  білуге,  өмірге  деген  ерекше құлшынысты  және  махаббаттың  бал  шырын  ләззатынан  тоят  табумен  қатар,  табиғатпен  етене  астасып  ғұмыр  кешуге  меңзейді. Оған  мысал  мына  өлеңі:

Төсегімнің  басына  ай  сәулесі  түсті  де,

Маржан шашып  жіберді  бүкіл  жердің  үстіне.

Қарап  едім, жанымды мұңға  орады  нұры  айдың,

Баба  мекен,  туған  жер еске  түсіп,  мұңайдым.

«...Нұрға  бөлеген  ай  сәулесі,  бүкіл  жер  үстінде  шашылған  маржандар, тұла  бойын  кернеген  туған елге,  жеріне  деген  сағынышы  мен  әдемі  мұң!» ақын  құдіреті  ғажайып суретті  көз  алдыңызға  елестетеді  емес  пе!?..  Енді мына  бір  өлеңге  зер  салып,  оқып  көріңіз:

Күй  шалқып  салқын  саяда, Тостақта  арақ  шүпілдеп.

Пау, шіркін,  аспан – аяда, Соғады  жүрек  лүпілдеп.

Ғұн  қызы  қандай әдемі,  Күлкісі – көктем  самалы.

Ерні  бал, пейіш,  ал  демі, Таусылды  жігіт амалы.

Тәтті  ұйып, қарың  талады, Барлығын  еске  салады.

Иә,  бұнда  да  «әдемі  әуен,  жабырқаулы  жанға  шырай  берер  бал  шарап, айдай  ару  ғұн  қызы т.б.»  табиғатпен  астасқан  тылсым  нәзіктік  күш  пен  ішкі  жандүниеңде  елес  беріп  тәтті  сезімге  бөлейтін  көз  сүрінер  сұлулық....

Міне,  осындайлық  тума  таланты  үшін  көрші  шығыс  елінің  ақындарының  өлеңдері  ішінде  ең  жиі  айтылатыны, тіпті  Корея  мен  Жапонияда  да  көптеген  рет  қайта  - қайта басылып  ел  аузынан  түспейтіні  осы  Ли Бай ақынның  жырлары  деседі. Қытай  жұрты  Ли  Боны (Елібайды)  күшті  өр  рухы  мен  шебер  суреткерлігі, жалын  атқан  жастық  жырлары  және ой  көкжиегінің  шексіздігі мен  еркіндікке,  Отанға  деген  сүйіспеншілігі  үшін әулиедей  қастерлеп,  құрметтейді екен. Иә,  асқақ  рухты, ұшқыр  қиялды, шарап  пен  өлеңді  отты  жанына  арқау  еткен,  Таң  дәуірінде  ғұмыр  кешіп  өмірге  өлердей  ғашық  болған  айбоз  ақынының  әсем  де  сыршыл  өлеңдерін  бүгінгі  қытай  халқы  жан - тәнімен  сүйіп, асылдай  ардақтайды. Енді осындай  өршіл  рухты  ақынның  «Қазақ  ұлтына  қалай  жақындығы  бар  екен?» деген  сұраққа  жауап  іздеп  көрелік. Біздің  бағымызға  орай   Елібай (Ли  Бай)  ақын  дүниеден  қайтқанда оның  шәкірттері  абыз  жыршының  ру – тайпасын,  арғы  ата – бабаларының  шежіресін   рет – ретімен  жүйелеп  жазып  кеткен. Ал,  шежіре  тарқату  тек  біздің  қазақ  ұлтына  ғана  тән  жағдаят екенін бәріміз  де  жатқа  білеміз.

Ондай  болса  әңгіменің  басын  «Періште  ақынның» өз  сөзіне  жүгінуден  басталық. Ол  өзін «мен  Дулат  бабаның  тоғызыншы  ұрпағымын»  деп,  өз  аузымен  айтып  кеткендігін  оқып  білдік. Енді  бұған: «Өзі  701 жылы  туса,  Дулат  бабаның  тоғызыншы  ұрпағы  болса, ғылыми  есеппен  әр  ұрпаққа  25 жылдан  берсек,  сөйтіп  701 жылдан  225 жылды  шегеріп  тастасақ,  Дулат  бабаның  өмір  сүрген  жылдары  476 жылдарға  келеді. Бұл  кісі  Бәйдібек  бабаның  немересі  болғандықтан,  Бәйдібек  бабаның  өмір  сүрген  уақыты  төртінші  ғасырдың  аяғы,  не  бесінші  ғасырдың  басы болып  табылады» (Елібай  кітабы, Алматы,  ҚазАқпарат, 2009,  9 - бет) деген,  деректі  қосыңыз. Бәйдібектің  әкесі  Қараша  би,  бабасы  Үйсін.

Енді  Асқар  Селеубаев  ағамыздың  «Бәйдібек  би» кітабындағы «...Қараша би  бүкіл  үйсін  елін билеген  ірі  тұлғалардың бірі болған. (131 - бет),  «...Майқы  би  жасап кеткен  елдің  билік  жүйесін  зерттеу, оны  жетілдіріп  жүзеге  асыру  жолында  да  Бабыралы  бабасының  жолын  ұстанды. Бәйдібек  би бүкіл  Үйсінді  билеген  би  болғандықтан  да  ұрпағын  тәрбиелеп  өсіруге,  ел  басқару  істеріне  жастай  араластырып  баулуға  аса  мән берді». (132 – бет) Алматы, «Онон»баспасы, 2017ж. – деген  деректері,  Елібай  ақынға айланысты  мәліметтерімізді  толықтырып, шырайын  келтіріп тұр. Назар аударарлық нәрсе – Бәйдібек  бабаның  Үйсін  заманында  өмір  сүргендігі.

Міне,  шежірені  қуалай  отырып  б.з.б. ІІІ – б.з. V ғасырында  өмір  сүрген  Үйсін  мемлекетінің  тарихынан  бірақ  шықтық. Тамаша  жаңалық  және  де  ежелден  бері ел  аузында  айтылып бүгінге  жеткен, күнделікті  өмірде  жиі қолданылатын  «Ұлы  Жүз  Үйсін» сөз  тіркесін  қоссақ, қазақ  «жүздерінің» (Ұлы,  Орта,  Кіші  жүз)  шығу  тарихының  тамыры  тым  тереңнен  бастау  алатынын  бірден  байқаймыз. Демек, Сақтар заманында да  жүзге  бөліну  болған деп, жорамалдауымызға әбден  болады... Бұл  дегеніңіз, зерттеуші  -  Н.А. Аристов  «жүздерге  бірігу  жоңғар  шапқыншылығы  кезінде  шыққан», В.В.Бартольд  пен  М.П.Вяткин «...ХVІ ғасырдың  соңында  қалыптасты», С. Аманжолов «Қазақ  елі, жері  үш  жүзге монғолдарға  дейінгі  кезеңде – Х – ХІІ ғасырларда  бөлінді»  деген  т.б. ғалымдардың  жорамал  пікірлерін  қайта  бір  қарап  шығуға  жетелейді – ау  ойларды  туындатады...

Тағы бір ерекше  мән берерлік  жағдай  Бәйдібек  бабаға  қатысты  аңыз – әңгімелердің  кейінгі ғасырларда  көптеген  өзгерістерге  ұшырағанын  бірден  байқаймыз,  мысалға, жаңағы  Асқар  ағамыздың  кітабында  Бәйдібек  бабаның  туған  жылына қатысты  біраз  сәйкессіздіктер  орын  алады, мәселен: «...Бабыралы  баласы  Қараша  584 жылы  туғанын, оның  баласы  Бәйдібек  609 жылы  туғаны  туралы  Қазыбек  бектің  айтып  кеткен  нақты  деректері  басқа  да  тарихи  оқиғалармен  де  сәйкес  келіп  отырады». – деген  мәліметтеріне  тоқталар  болсақ:

1. Бұл  кезең  тарихта  Түрік  қағанаты дәуірі, яғни  «Үйсін»  атауы  қолданыстан шығып қалған  кез.

2. «Түрік  қағанаты» атауының (552 ж. бастап) мықтап  орныққан  кезі.

8.jpg

Әуелі  десеңіз,  581 жылы  басталған  өзара  қырқыс  пен    таққа  таластың  дендеген  аласапыран заманы  еді. Ақыр  соңында  бұл әрекет  603  жылы  Түрік  қағанатының – Батыс  және  Шығыс  болып  екіге  бөлінуімен  тынды.  Ал,  609 жылы  бұрынғы  «Үйсін елі»,  Батыс  Түрік   қағанаты  аталып,  «Он  Оқ  елі» -  болған  кезең.  Бәйдібек  бабамыздың  «Он  Оқ  еліні  биі  болды»  немесе  одан  бергі  Түргеш,  Қарлұқ,  Қарахан,  Оғыз,  Қыпшақ  т.б.  дәуірлеріндегі  шежірелерде  ел  басқарған  деген  тарихи мәліметтерді мүлдем  кездестірген  емеспін. Оның  баласы -  Тілеуберді (Жарықшақ) одан  Дулат  VІІІ ғасырда  туылса,  араға  біршама  жылдар  қажет,  сонда  Албан,  Суан,  Дулаттардың  ру, тайпа, ел  болып  қалыптасуы  тарихы   Х  ғасырлардан  бастала  ма ..?!  Сонда  Үйсіндердің, бергі Он Оқ елінің  құрамында  болған бес  арыс ел  Дулаттардың т.б. тарихын  қайда  жасырып  қоямыз..?!  Сол  үшін  де  сөзімізді  қорыта  келе  Бәйдібек  бабаның «Елібай.  Ли Бай. Ли Бо» кітабындағы (ҚазАқпарат, Алматы, 2009) кітабындағы  осы  бір  тарихи  мәлімет  бойынша     б.з. ІV немесе  V ғасырының  басында  өмір  сүргендігі  жайлы  мәліметтердің  сәйкес  келуі   көңілге  қонатын  сияқты, әрине  бұл  іс  осымен  тәмәм  деген  сөз  емес, әлі  де  зерттей  түсуді  қажет ететін  дүние  екендігі  даусыз. Және де  «Әмір  Темірдің  замандасы  болған» деген  әңгімелердің  де  шындықтан  алшақ  жатқандығын  байқаймыз, себебі, ол  кісі  ІV –ғасырларда  ғұмыр  кешсе,   ислам  діні   б.з.VІІ ғасырында  Араб түбегінде  пайда  болды  емес  пе?...  т. с. с. уақыт  сәйкессіздігін  өзіңіз  де  байқап  отырған  боларсыз...? Сондай – ақ, Бәйдібек  баба  есімінің  «Үйсін»,  «Ұлы  Жүз» сөз  тіркестерімен  қабысып  бірге  айтылуы  көз  ұшында  көрінеген  шың басындағы  шынар  ағашты  елестетсе,  мың  құбылған   ой – санаңда «Аңыз  түбі – ақиқат!»  сөзін  еріксіз еске  түсіреді.

Сонымен, бұл  әңгімемізді  уақытша  тежей  тұрып, негізгі  тақырыбымыз  Елібай (Ли Бо) ақынның «Жыр  періштесі» деген  ғажайып  есімге  қалай  ие  болғандығына  тоқталайық. Бірде  ол  өзінің  «Шуға барар жол  ұзақ» атты  өлеңін,  жасы  да  үлкен  өнердегі  ағасы  Хе  Чжичжанға  нақышына  келтіре  зор шабытпен оқып береді. Бар ынтасымен тыңдап болған Хе:

– «Ғажап! Тегі менің жас  ақылман інім күнәсі  көп  жерге жіберілген  ажалсыз  әулие  шығар?  Жәй  адам  мынадай  өлең  жаза  алмайды.  Мүмкін  сіз  мына  әлемге  Тайбо (Шолпан) жұлдызынан  келген  боларсыз?» деп  өзінің  таңданысын жасыра алмай.

– «Сіз  бәрін  білесіз,  бауырым  Хе, – деп  сәл  жымиып  күлген  Ли Бо. –   Мен  бұрын  жұлдыз  болғанмын, мені  Яшма  императоры  мына  шаң – тозаңды  дүниеге  лақтырып  жіберді ғой» деген  екен.

Осы  оқиғадан  кейін – ақ,   Ли  Боны  замандастары  халық  арасына  «Жыр  періштесі»  атандырып  жібереді. Көп  ұзамай  бүкіл  аймаққа  Елібайдың  анасына,  ақын  өмірге  келерден  бұрын  Тайбо  жұлдызы  аян  берген  екен  деген  аңыз  да  жел  үрлеген  жалындай  тез  таралып  кеткен  екен. Және  де  Ли Байдың  қарындасы  Толғанай   да   дарынды  ақын,  асқан  биші  болыпты. Ақынға,  әкесі  Алқа  батырға  және  қарындасы  Толғанайға  арналған  мүсіндер  мен  кесенесі  қарындасының  атымен  аталатын  Чиң – Лиянь  ауылында орналасқан.  Тек  бұл  жерде  ғана  емес, Солтүстіктегі  Тай Бай ауылында, Сычуаньдағы  «Елібай  мекені» т.б. ақынның  жүріп  өткен  жерлерінің  көпшілігінде ескерткіштері,  мұражайы,  мәрмәр  тастарға  жазылған  өлеңдері, ақын  туралы ұлы  тұлғалар  мен  мемлекет қайраткерлерінің  жазған  қолтаңбалары  өте  ыждахаттылықпен,   ерекше  құрметпен  сақталынған.

Иә,  құрметті  ағайын,  уақыт  безбеніне  салсақ  шамамен  1300 жыл  бұрын  біздің  қасиетті  Шу  өңірінде  дүние  есігін  ашқан,  тегі  түркі, Қазақтың  Ұлы  Жүзіне жататын  Дулат  руының  ұрпағы,  дәм – тұзы  жат жерден  бұйырған,  Қытай  елінің  ең  ұлы  лирик  ақыны, поэзиясының мақтанышы  болған,  жырлары  әлем  әдебиетінің  жауһарына  айналған,  әлемдік  аренадағы  әдебиеттің  жарық  жұлдызы  атанған - Елібай – Ли Бай - Ли Боның өмір тарихы мен  шығармашылығы  туралы  қысқаша  мақаламыз  әзірге  осымен  тәмәм. Тегінде «Жақсының  аты  өлмейді,  ғалымның  хаты  өлмейді»  деген дана халқымыздың ғибратты нақыл сөзі осындай адамзат  данышпандарына  арналса  керек....

Қали Ибрайымжанов  

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297